Жүрекке жазылған сүйіспеншілік заңы
“Өз заңымды ішкі дүниелеріне салып қоямын және олардың жүректеріне жазып қоямын” (ЕРЕМИЯ 31:33).
1, 2. а) Қазір нені қарастырамыз? ә) Синай тауында Ехоба күшін қалай паш етті?
АЛДЫҢҒЫ екі мақаладан Мұса Синай тауынан түскенде, бетінен Құдайдың салтанатты ұлылығының нұры жарқырап тұрғанын білдік. Сондай-ақ Мұса бетіне жауып жүрген перде жайында әңгіме еттік. Қазір осылармен байланысы әрі бүгінгі мәсіхшілер үшін мәнісі бар жайтты қарастырып көрейік.
2 Мұса тау басында Ехобадан нұсқаулар алды. Синай тауының етегіне жиналған исраилдіктер алдында Құдай өз күшін ғаламат түрде паш етті. “Күн күркіреп, найзағай ойнап, тау басын қалың бұлт басып, ғаламат қатты керней даусы естілді. Халықтың бәрі де қорыққаннан дірілдеп қоя берді... Тәңір Ие тау басына от жалынына оранып түскендіктен, Синай тауын түгел түтін жапты. Таудан балқыту пешінен шыққандай түтін шығып, бүкіл тау қатты шайқалып тұрды” (Мысырдан шығу 19:16—18).
3. Ехоба Исраилге Он өсиетті қалай берді және халыққа не түсінікті болды?
3 Ехоба періште арқылы халықпен сөйлесіп, Он өсиет деген атпен белгілі заңдарды берді (Мысырдан шығу 20:1—17). Олай болса, бұл заңдарды берген Құдіреті шексіз Құдай екеніне ешқандай күмән жоқ еді. Ехоба сол өсиеттерді тас тақташаларға жазып берді. Бұл исраилдіктер алтыннан жасалған жас бұқаға табынып жатқанда, Мұса быт-шытын шығарған тақташалар еді. Кейін Ехоба өсиеттерді тағы да тасқа жазып берді. Осы жолы, Мұса тақташаларды алып түсіп келе жатқанда, беті нұр шашып жарқырап тұрды. Сонда бәріне де бұл заңдардың орасан зор мәні бар екені түсінікті болды (Мысырдан шығу 32:15—19; 34:1, 4, 29, 30).
4. Неге Он өсиеттің маңызы орасан зор болды?
4 Он өсиет жазылған екі тақташа киелі шатырдың, ал кейінірек ғибадатхананың Ең қасиетті бөлмесіндегі келісім сандығының ішіне қойылды. Ондағы заңдар Мұса заңының негізгі принциптері болды және халықты теократиялық жолмен басқарудың негізін құрады. Сондай-ақ олар Ехобаның ерекше, таңдалған халқы бар екеніне куәлік етті.
5. Құдайдың Исраилге берген заңдары қалайша оның сүйіспеншілігін көрсетті?
5 Бұл заңдар Ехоба туралы, әсіресе оның өз халқына деген сүйіспеншілігі жайлы, көп нәрсе ашты. Сол заңдарға құлақ асқандар үшін олар қандай құнды сый болып табылды десеңші! Бір ғалым Он өсиеттің адам баласы жасаған кез келген құндылық жүйесінен әлдеқайда асып түсетінін айтқан. Ехоба толығымен алғандағы Мұса заңы туралы былай деген: “Егер айтқандарыма құлақ асып, Менің келісімімді ұстанып жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше меншігім боласыңдар. Бүкіл жер — Менің иелігім, ал өздерің Маған бағышталған қасиетті халқым болып, басқалардың игілігі үшін діни қызметкер мен патша секілді рухани билік жүргізетін боласыңдар” (Мысырдан шығу 19:5, 6).
Жүрекке жазылған заң
6. Тасқа жазылған өсиеттерге қарағанда қандай заң әлдеқайда құнды болып шықты?
6 Шындығында да, Құдайдың сол заңдары өте құнды болған. Алайда майланған мәсіхшілерде тасқа жазылған заңдардан да әлдеқайда құнды нәрсе бар екенін білесіңдер ме? Ехоба Исраил халқымен жасасқан Заң келісіміне ұқсамайтын жаңа келісім жасайтынын алдын ала айтқан. “Өз заңымды ішкі дүниелеріне салып қоямын және олардың жүректеріне жазып қоямын” (Еремия 31:31—34). Жаңа келісімнің Келістірушісі Иса ізбасарларына жазылған заңдар тізімін берген жоқ. Ол Ехобаның заңын айтқан сөздері мен істеген істері арқылы шәкірттерінің саналарына құйып, жүректеріне сіңдірген.
7. “Мәсіхтің заңы” алдымен кімдерге берілді, сондай-ақ кейінірек оны кімдер қабылдады?
7 Бұл заң “Мәсіхтің заңы” деп аталады. Ол Жақыптың үрім-бұтағы болған Исраил халқына емес, алдымен “Құдайдың рухани Исраил халқына” берілді (Ғалаттықтарға 6:2, сілтемені қараңдар; 16; Римдіктерге 2:28, 29). Құдайдың рухани Исраилі рухпен майланған мәсіхшілерден тұрады. Уақыт өте келе, оларға Ехобаға ғибадат етуді қалаған барлық халықтан шыққан ‘өте үлкен тобыр’ қосылды (Аян 7:9, 10; Зәкәрия 8:23). “Бір-ақ Бағушысы бар” “біртұтас отар” ретінде екі топ та “Мәсіхтің заңын” қабыл алып, әрбір істеріне ықпал етуіне жол беруде (Жохан 10:16).
8. Мұса заңының Мәсіх заңынан қандай айырмашылығы болды?
8 Туылғаннан Мұса заңын ұстанулары керек болған исраилдіктер сияқты емес, мәсіхшілер Мәсіхтің заңын ұстануды өздері шешеді, әрі бұған нәсілі, туылған жері деген сияқты жайттардың ешқандай қатысы жоқ. Олар Ехоба мен оның жолдары туралы біліп, еркін орындауды қалайды. Құдай заңы ‘ішкі дүниелерінде’ бар, бейнелеп айтқанда, “жүректеріне жазылған” майланған мәсіхшілер Ехобаға ол жазалайды деп қорыққандықтан ғана не мұны борыш деп есептегендіктен ғана мойынсұнбайды. Олардың мойынсұнушылығы тереңірек және әлдеқайда күштірек нәрсеге негізделген. Басқа қойлар да Құдайдың заңы жүректеріне жазылғандықтан, осылай мойынсұнады.
Сүйіспеншілікке негізделген заңдар
9. Ехобаның заңдарының түйіні сүйіспеншілік екенін Иса қалай көрсетті?
9 Ехобаның барлық заңдары мен ережелерінің түйінін бір-ақ сөзбен айтуға болады: ол — сүйіспеншілік. Бұл әрқашан да таза ғибадаттың аса маңызды бөлігі болып келген және бола да береді. Таураттағы ең ұлы өсиет қандай деп сұрағанда, Иса: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— деп жауап берген. Ал екіншісі мынадай еді: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” Сонан кейін ол: “Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген”,— деді (Матай 22:35—40). Иса осылай Он өсиет пен Таурат заңы ғана емес, бүкіл Еврей жазбалары сүйіспеншілікке негізделгенін көрсетті.
10. Мәсіхтің заңы сүйіспеншілікке негізделгенін қайдан білеміз?
10 Мәсіхшілердің жүректеріндегі заң да Құдайға және маңайындағыларға деген сүйіспеншілікке негізделген бе? Әрине! Мәсіхтің заңы Құдайды шын жүректен сүюден және жаңа өсиеттен, яғни мәсіхшілер бір-біріне жанқиярлық сүйіспеншілік көрсету керек деген өсиеттен, тұрады. Олар достары үшін өмірін даярлықпен қиған Иса сияқты сүюлері керек. Иса шәкірттерін өзі қалай сүйген болса, оларға да Құдайды және бір-бірін солай сүюді үйреткен. Олардың бір-біріне көрсететін зор сүйіспеншілігі — шынайы мәсіхшілерді анықтауға болатын басты қасиет (Жохан 13:34, 35; 15:12, 13). Иса тіпті жауларын да жақсы көруді үйреткен (Матай 5:44).
11. Иса Құдай мен адамзатқа деген сүйіспеншілігін қалай көрсетті?
11 Иса сүйіспеншілік көрсету жағынан кемелді үлгі қалдырды. Көкте құдіретті періште болса да, Әкесінің жердегі мүддесін алға жылжыту мүмкіндігін қуана қабыл алды. Ол өзгелер мәңгі өмір сүре алуы үшін өмірін құрбан етуімен қатар, адамдарға қалай өмір сүру керек екендігін көрсетті. Ол кішіпейіл, мейірімді әрі өзгелерге мұқият болып, жәбір көргендер мен еңсесі түскендерге көмектесті. Сонымен қатар өзгелерге Ехобаны білуге талмастан көмектесіп, ‘мәңгілік өмірге жеткізетін сөздермен’ бөлісті (Жохан 6:68).
12. Неге Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік өзара тығыз байланысты деуге болады?
12 Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік өзара тығыз байланысты. Елші Жохан: “Сүйіспеншілік Құдайдан... Біреу: “Құдайды сүйемін”,— дей тұра, бауырласын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?”— деген (Жоханның 1-хаты 4:7, 20). Ехоба — сүйіспеншіліктің қайнар көзі әрі нақ бейнесі. Оның істейтін нәрсесінің бәрінде сүйіспеншілік көрініс табады. Оған ұқсас етіп жаратылғандықтан, біз де сүйіспеншілік көрсете аламыз (Жаратылыс 1:27). Маңайымыздағыларға сүйіспеншілік көрсетуімізбен Құдайға деген сүйіспеншілігімізді білдіреміз.
Сүю деген мойынсұнуды білдіреді
13. Құдайды сүйгіміз келсе, алдымен не істеуіміз керек?
13 Көре алмайтын Құдайды қалай сүйе аламыз? Ең басты қадам — оны танып білу. Біз бейтаныс біреуді шын жақсы көріп, оған сенім арта алмаймыз. Сондықтан Құдай Сөзі бізді Құдайды танып білуге шақырады. Бұған Киелі кітапты оқу, дұға айту және Ехобаны білетін әрі сүйетін адамдармен араласу көмектеседі (Забур 1:1, 2; Філіпіліктерге 4:6; Еврейлерге 10:25). Төрт Ізгі хабар әсіресе құнды болып табылады, өйткені онда Иса Мәсіхтің өмірі мен қызметінен көрінетін Ехобаның болмысы ашылады. Құдайды біліп, оның бізге көрсеткен сүйіспеншілігіне ризашылығымыз артқан сайын, Құдайды тыңдау мен оған еліктеуге деген ықыласымыз күшейе түседі. Иә, Құдайды сүюге мойынсұну жатады.
14. Неге Құдайдың заңдары ауыртпалық емес деуге болады?
14 Біз әлдекімді жақсы көрсек, онда, әрине, оның нені ұнататынын, нені ұнатпайтынын білеміз және мұны ескере отырып, әрекет етеміз. Жақсы көретін адамдарымызды ренжіткіміз келмейді. Елші Жохан: “Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 5:3). Құдайдың өсиеттері ауыр да, тым көп те емес. Сүйіспеншілік жолымызға бағыт береді. Бізге әрбір жағдайда қалай әрекет ету керектігімізді нұсқап отыратын ережелердің ұзақ тізімін жаттап алудың қажеті жоқ; бізді Құдайға деген сүйіспеншілігіміз жетелейді. Егер Құдайды сүйсек, оның еркін қуана орындаймыз. Осылай Құдайдың ықыласына ие боламыз және оның нұсқаулары үнемі біздің игілігімізге жарайтындықтан, олар өзіміз үшін пайдалы (Ишая 48:17).
15. Ехобаға еліктеуге бізді не талпындырады? Түсіндіріңдер.
15 Құдайға деген сүйіспеншілік бізді оның қасиеттеріне еліктеуге талпындырады. Егер әлдекімді жақсы көрсек, оның қасиеттеріне сүйсініп, соған ұқсауға тырысамыз. Ехоба мен Исаның арасындағы қарым-қатынасты қарастырайықшы. Олар көкте, бәлкім, миллиардтаған жылдар бойы бірге болды. Олардың арасында терең де шынайы сүйіспеншілік дамыды. Исаның көктегі әкесіне қатты ұқсағаны сонша, ол шәкірттеріне: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— деп айта алды (Жохан 14:9). Ехоба мен оның Ұлы жайлы білім алып, оларға деген ризашылығымыз артқан сайын, соларға ұқсауға талпынамыз. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміздің, сондай-ақ оның киелі рухының көмегінің арқасында ‘ескі күнәкар болмыстарымыздың іс-әрекетін тастап, жаңа ізгі болмысқа ие бола’ аламыз (Қолостықтарға 3:9, 10; Ғалаттықтарға 5:22, 23).
Сүйіспеншілікті іс жүзінде көрсету
16. Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік уағыздау мен тәлім беру ісінен қалай көрінеді?
16 Мәсіхшілер ретінде Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік бізді Патшалықты уағыздау мен шәкірттер дайындау ісіне қатысуға талпындырады. Осылай етуімізбен ‘барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайтын’ Ехоба Құдайға ұнамды боламыз (Тімотеге 1-хат 2:3, 4). Өзгелерге жүректеріне жазылатын Мәсіхтің заңын қабыл алуға көмектесуден зор қуаныш аламыз. Сондай-ақ Ехобаның қасиеттерін таныту үшін, олардың өз болмыстарын өзгертіп жатқанын көру де қандай қуанышты! (Қорынттықтарға 2-хат 3:18) Шынында да, Ехобамен танысуға көмектесу — өзгелерге бере алатын ең құнды сыйымыз. Ал Ехобамен достасқысы келетіндер бұл достықты мәңгі бақи сақтап қала алады.
17. Неге дүние-мүліктен гөрі Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілікті дамытқанымыз ақылдылық болар еді?
17 Біз дүние-мүлікті қатты бағалайтын, тіпті жақсы көретін, дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ дүние-мүлік — мәңгілік емес. Олар ұрланып не шіріп, жоқ болып кетуі мүмкін (Матай 6:19). Киелі кітап бізге: “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деп ескертеді (Жоханның 1-хаты 2:16, 17). Иә, Ехоба — мәңгі Құдай, олай болса, оны сүйіп, қызмет ететіндер де мәңгі өмір сүреді. Онда тек уақытша ғана болып табылатын осы дүниедегі нәрселердің соңына түсудің орнына, Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншілік дамытқанымыз әлдеқайда ақылдылық болмас па еді?
18. Бір миссионер қалай жанқиярлық сүйіспеншілік көрсетті?
18 Сүйіспеншілікке ұмтылатындар Ехобаны мадақтайды. Сенегалдағы миссионер Сонияның мысалын алайықшы. Ол Хайди есімді әйелмен Киелі кітапты зерттеген. Хайди Ехобаға сенбейтін күйеуінен АИТВ (ВИЧ) жұқтырып алған болатын. Ол күйеуі қайтыс болған соң, шомылдыру рәсімінен өтеді. Бірақ көп ұзамай оның денсаулығы нашарлап, ЖИТС кеселімен ауруханаға түседі. Сония былай дейді: “Аурухана қызметшілері қолдарынан келгеннің бәрін істеді, бірақ олар аз болатын. Сондықтан Хайдиға ауруханада қарасуға қауымдағыларға өтініш жасалды. Ауруханада жатқан екінші күнінің түнінде мен оның төсегінің жанындағы төсеніште жатып, оған көз жұмғанынша көмектестім. Оған қарап жүрген дәрігер: “Біздегі ең үлкен қиыншылық — адамның ЖИТС-пен ауырғанын білсе, тіпті туысқандары да жиі бауырларын тастап кетеді. Ал сіз оның туысқаны да, жерлесі де емессіз, тіпті бір нәсілге де жатпайсыз, қалай осындай қатерге бас тігуге келістіңіз?”— деді. Мен Хайди екеуміздің бір әке-шешеден туған апалы-сіңлідей болып кеткенімізді түсіндірдім. Біле келе, бауырымдай болған Хайдиге қамқорлық көрсету мен үшін қуаныш еді”. Айта кететін жайт, сүйіспеншілікпен Хайдиге қамқорлық көрсеткен Сонияның денсаулығына еш зиян келген жоқ.
19. Жүрегімізде Құдай заңын сақтай отырып, нені қалт жібермеуіміз керек?
19 Ехобаның қызметшілерінің арасынан жанқиярлық сүйіспеншіліктің көп мысалдарын табуға болады. Бүгінде Құдайдың халқын ерекшелендіретін қандай да бір жазбаша заң емес. Қайта, біз Еврейлерге 8:10-да айтылған сөздердің орындалуын көрудеміз: “Менің Исраил халқымен кейінгі заманда Жасайтын келісімім мынадай болмақ: Мен тағылымымды [заңдарымды] ой-саналарына құямын, олардың жүректеріне жазып та қоямын. Сонда Мен олардың Құдайы болам, ал олар өз халқым болады дейді Жаратқан”. Олай болса, Ехобаның жүрегімізге жазып қойған сүйіспеншілік заңын аса жоғары бағалап, сүйіспеншілікті көрсетудің әрбір мүмкіндігін қалт жібермейік.
20. Неге Мәсіхтің заңы баға жетпес қазына?
20 Осындай сүйіспеншілік көрсетіп жүрген дүние жүзіндегі бауырластармен бірге Ехобаға қызмет ету қандай қуаныш! Жүректерінде Мәсіхтің заңы бар адамдар сүйіспеншілік жоқ осы дүниеде баға жетпес қазынаға ие. Олар тек Ехобаның сүйіспеншілігіне ғана емес, бауырластықтың берік сүйіспеншілігіне бөленуде. “Бауырлардың ынтымақта тұрғандары Қандай тамаша жарасымды!” Ехоба Куәгерлері көп ұлттан шыққан, әр түрлі тілде сөйлейтін және мәдениеттері әр түрлі адамдар болса да, олардың арасында теңдесі жоқ діни ынтымақ-бірлік бар. Ал мұндай бірлік Ехобаның жарылқауын әкеледі. Забур жыршысы: “Сонда [сүйіспеншілікпен біріккен адамдар арасында] Тәңір жарылқауын — шын өмірді Мәңгі бақи сыйлауға ұйғарған еді”,— деп жазған (Забур 132:1—3).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Он өсиет қаншалықты маңызды еді?
• Қандай заң жүрекке жазылған?
• “Мәсіхтің заңында” сүйіспеншіліктің рөлі қандай?
• Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілікті қалайша көрсете аламыз?
[20-беттегі сурет]
Сония сенегалдық қызбен бірге. 2004 жылдың облыстық конгресі