Момындар жерді мұра етеді
“Мен көз алдыма табиғаттың өзгеріп, қайта қалпына келетінін елестетем... Бірақ бұл ертең таңертең емес, сансыз көп жылдардан соң, яғни жаңа аспан мен жаңа жер орнағанда, болады” (Жан-Мари Пелт, қоршаған ортаны зерттеуші маман).
ҚОРШАҒАН орта мен жердегі әлеуметтік жағдайды көріп қынжылған көп адам планетамыздың жұмаққа айналғанын көруге қуанышты болар еді. Алайда бұл — ХХІ ғасырда ғана туған арман емес. Осыдан ұзақ уақыт бұрын Киелі кітапта жердің қайтадан Жұмаққа айналатыны уәде етілген болатын. Жазбадағы сондай уәделердің ішінде Исаның ‘момындар жерге мұрагерлік етеді’, “сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін” деген сөздері де бар (Матай 5:5, Тт; 6:10). Алайда бүгінде көп адам момындар өмір сүретін жер бетіндегі жұмақ жайлы іліммен келісе бермейді. Өздерін мәсіхшіміз деп атайтындардың көбісі үшін Жұмақ жоғалған.
“Ла Ви” француз апталық журналында жұмаққа деген сенімнің, мейлі аспанда не жерде болсын, мәселен католик шіркеуінде, неге жоғалғанын былай деп түсіндіреді: “Кем дегенде, 19 ғасыр бойы католик шіркеуінің ықпалы басым ілімдерінің бірі болған жұмақ туралы [түсінік] кейін рухани тынығу орындарында да, жексенбілік уағызда да, теологиялық курстар мен катехизис сабақтарында да ғайып болған”. Тіпті “жұмақ” деген сөздің өзі “тұманданып”, “құпия әрі шатастыратын” сөз болып отыр. Кейбір уағыздаушылар бұл сөзді қолданудан әдейі қашады, өйткені ол “көз алдыңа жердегі өмірдің көптеген қызығын елестетеді”.
Дін саласы бойынша маманданған әлеуметтанушы Фредерик Линор үшін жұмақ жайлы түсініктер “бір үлгідегі бейнелер” болып отыр. Сол сияқты тарихшы әрі осы тақырыпқа бірнеше кітап жазған Жан Делюмо Киелі кітаптағы уәделер негізінен бейнелі мағынада орындалады деп есептейді. Ол: “Жұмақ дегеннен не қалды?” деген сұраққа мәсіхшілер іліміне сай, әлі де “Құтқарушының қайта тірілуінің арқасында күндердің күнінде бәріміз бірге қол ұстасып, үмітіміздің ақталғанын көзімізбен көретін боламыз” деген жауап аласың”,— деп жазды.
Жердегі жұмақ жайлы хабардың әлі де мәні бар ма? Планетамызды шын мәнінде қандай болашақ күтіп тұр? Болашақ бұлыңғыр ма, жоқ әлде айқын ба? Келесі мақалада осы сұрақтар қарастырылады.