Исаның патшалыққа келгендігінің белгісін байқайсыз ба?
ЕШКІМНІҢ де қатты ауырғысы не тосыннан қандай да бір апатқа ұшырағысы келмейді. Сондықтан ақылды адам қауіпті көрсететін белгілерге байыппен қарап, тиісінше әрекет етеді. Иса Мәсіх біз түсіне білуіміз керек ерекше белгіні сипаттаған. Ондағы айтылғандардың бүкіл жер жүзіне және бүкіл адамзатқа әсері бар. Сіздің отбасыңыз да бұдан шет қалмайды.
Иса зұлымдықты құртып, жер бетін жұмаққа айналдыратын Құдай Патшалығы туралы айтқан. Исаның шәкірттері білуге құштар адамдар еді. Олар Патшалықтың қашан орнайтынын да білгілері келіп: “Сіздің келгендігіңіз бен заманның ақырын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрайды (Матай 24:3).
Иса өліп, қайта тірілгеннен кейін, көп ғасыр өткен соң ғана адамзатқа билік ету үшін Патша ретінде көктегі таққа отыратынын білген. Оның таққа отыруы көзге көрінбейтін болғандықтан, ол ізбасарларына өзінің “келгендігі” мен “заманның ақырын” түсінуге көмектесетін белгіні айтқан. Бұл белгі бірнеше ерекшеліктерден тұрады, әрі олардың бәрі бірігіп Исаның патшалыққа келгендігін көрсететін белгіні құрайды.
Інжіл жазушылары Матай, Марқа және Лұқа — үшеуі де Исаның жауабын егжей-тегжейлі жазып қалдырған (Матай 24, 25-тараулар; Марқа 13-тарау, Лұқа 21-тарау). Киелі кітаптың өзге жазушылары болса сол белгінің қосымша жайттарын келтірген (Тімотеге 2-хат 3:1—5; Петірдің 2-хаты 3:3, 4; Аян 6:1—8; 11:18). Бұл мақалада олардың бәрін қарастыру мүмкін емес болғандықтан, қазір Исаның айтқан белгісін құрайтын басты бес ерекшелікті қарастырайық. Сонда оның сіз үшін маңызды әрі өзіңізге тікелей қатысы бар екенін көресіз (Х-беттегі қоршауды қараңыз).
“Жаңа дәуірге бастау берген күрт өзгеріс”
‘Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады’ (Матай 24:7). Бір неміс газетінің мәлімдеуінше, 1914 жылға дейін адамдар “көбірек еркіндік пен жетістіктерге жетіп, өркендеген қоғам орнайтын алтын болашаққа сенген” (Der Spiegel). Бірақ кейін бәрі де өзгеріп шыға келді. Бір журналда (GEO): “1914 жылдың тамызында басталып, 1918 жылдың қарашасында аяқталған Бірінші дүниежүзілік соғыс әлемді дүр сілкіндірді. Ол ескі мен жаңаны бөлген тарихтағы күрт өзгеріс болды”,— делінген. Бұл қантөгіс соғысқа бес құрлықтан 60 миллионнан астам жауынгер қатысты. Орта есеппен алғанда, күніне 6 000-ға жуық жауынгер қазаға ұшыраған. Содан бері әрбір ұрпақтың және әр түрлі көзқарастағы тарихшылары “1914—1918 жылдарды тарихтағы аса күрделі өзгеріс жасаған жылдар” деп қарастыруда.
Бірінші дүниежүзілік соғыс адамзат қоғамында қалпына келмейтін өзгерістер жасап, адамзат осы зұлым дүниенің соңғы күндеріне аяқ басты. Сол ғасырдың кейінгі жылдарында соғыстар, қарулы қақтығыстар мен терроризм бұрынғыдан да көбірек орын алды. ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында да жағдай жақсарған жоқ. Белгінің соғыстан басқа да ерекшеліктері байқалуда.
Ашаршылық, індеттер мен жер сілкіністері
‘Түрлі жерлерде ашаршылық болады’ (Матай 24:7). Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Еуропаны аштық жайлап, содан бері адамзат оның азабын көріп келеді. Тарихшы Алан Буллок 1933 жылы Ресей мен Украинада “ашыққан тобырдың ауылдар мен елді мекендерде ары-бері сабылып жүргенін... Мәйіттердің көшенің екі жағында үйіліп жатқанын” жазды. 1943 жылы журналист Т. Х. Уаит Қытай провинциясы Хенанда болған аштықтың куәсі болған. Ол: “Аштық кезінде тіпті кез келген нәрсе жеуге жарамды болып, ұнтақталып, желініп, денеге әл-қуат беруі мүмкін. Бірақ адам өлімнен зәресі ұшқанда ғана, осыған дейін жеуге жарамсыз болып келген нәрсені жеуді ойлауы мүмкін”,— деп жазды. Өкінішке орай, соңғы онжылдықта Африкада аштық кәдімгі жайт болып отыр деуге болады. Жердің беретін өнімі адамдардың бәріне жеткілікті болса да, Біріккен Ұлттардың Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы дүние жүзінде 840 миллион адамның асқа жарымай отырғанын айтады.
‘Түрлі жерлерде індеттер болады’ (Лұқа 21:11). “Кейбір деректерге қарағанда, 1918 жылы испанка тұмауы 20—50 миллионға дейін адамның өмірін алып кетті. Бұл оба ауруынан не Бірінші дүниежүзілік соғыста өлгендердің санынан көп”,— деп мәлімденеді бір неміс газетінде (Süddeutsche Zeitung). Содан бері сансыз көп адам безгек, шешек, туберкулез, полиомиелит және тырысқақ сияқты аурулардың құрбаны болды. Сондай-ақ дүние ЖИТС-тың өршуінен шошынып отыр. Медицинаның керемет жетістіктеріне қарамастан, осындай ырыққа көнбес аурулардың болуы бізді тұйыққа тіреп отыр. Осындай қайшылық біздің өте ерекше заманда өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді.
‘Жер сілкіністері’ (Матай 24:7). Соңғы 100 жылда жер сілкінісінен жүз мыңдаған адам опат болды. Бір мәлімет көзіне сай, 1914 жылдан бері ғимараттарды қирататын және жерде ашық жарықтар жасайтын жер сілкіністері орташа есеппен жылына 18 рет болған. Ал бұдан да қорқынышты, яғни ғимараттарды жермен-жексен ететін дүмпулер шамамен жылына бір рет болған. Технологияның дамығанына қарамастан, өлім-жітім саны жоғары болып отыр, өйткені тез өсіп жатқан көптеген қалалар жер қыртысының жарылымдары бар аймақтарда орналасқан.
Қуанышты хабар!
Көріп отырғандай, белгіні құрайтын ерекшеліктердің басым көпшілігі жан түршіктірерлік. Бірақ Иса қуанышты хабар жайлы да айтқан.
“Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады” (Матай 24:14). Исаның өзі бастап берген Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісі осы соңғы күндерде зор қарқын алуы керек. Бұл осылай болып та жатыр. Ехоба Куәгерлері Киелі кітаптағы хабарды уағыздауда және қабыл алған адамдарды білгендерін күнделікті өмірлерінде қолдануға үйретуде. Қазір 6 миллионнан астам Куәгер 235 елде, 400-ден аса тілде уағыздауда.
Бірақ Иса дүниеде болып жатқан жан түршігерлік жағдайлардың кесірінен тіршілік тоқтайды деп айтпағанын байқаңызшы. Сондай-ақ ол бүкіл дүние жүзінде белгінің бір ғана ерекшелігі орын алады деген жоқ. Ол дүниенің кез келген жерінен адамдар көре алатын әрі барлығы бірігіп белгіні құрайтын көптеген оқиғалар мен құбылыстарды айтқан.
Әрбір оқиғаны немесе жағдайды өз алдына бөлек деп қарастырмай, дүниежүзілік маңызы бар белгі екенін байқайсыз ба? Жер бетінде болып жатқандардың сізге де, отбасыңызға да қатысы бар. “Бірақ неге мұны көп адамдар түсінбейді”,— деп сұрайтын шығармыз.
Бірінші кезекте өз мүдделері
“Шомылуға болмайды!”, “Кернеуі жоғары!”, “Жылдамдықты азайт!” Бұлар біз көріп жүрген, бірақ жиі елеп-ескере бермейтін белгілер мен ескертулердің кейбірі. Неге біз оларды байқамағансимыз? Біз өзіміз үшін жақсы деп есептейтін нәрселердің ықпалына тез берілеміз. Мысалы, көлікті жылдамырақ, яғни заң рұқсат етпейтін жылдамдықпен жүргізгіміз келетін шығар, я болмаса шомылуға тыйым салынған орындарда шомылуды қатты қалайтын болармыз. Бірақ тыйым салған белгілерді ескермегеніміз ақылдылыққа жатпайды.
Мысалы, Австрия, Франция, Италия мен Швейцариядағы Альпі тауларындағы қар көшкінінен кейде туристер опат болып жатады. Олар шаңғыны қауіпсіз жерлерде ғана тебу керек деген ескертулерге құлақ аспайды. Бір газеттің (Süddeutsche Zeitung) айтуынша, мұндай ескертулерді елемейтін туристердің көбісі: “Қатерге басыңды тікпесең, несі қызық?!”— деген ережені ұстанады екен. Өкінішке орай, ескертулерге құлақ аспағанның салдары қайғылы болады.
Не себептен адамдар Иса сипаттап берген белгіге немқұрайды қарайды? Бәлкім, кейбіреуін дүниеқұмарлық соқыр еткен болар, ал өзге біреуі бейқамдыққа салынған шығар. Тағы біреулері үнемі екі ойлы болып, өзгесі күнделікті күйбең тірліктен бас көтере алмауы немесе беделімді жоғалтып алам деп қорқуы мүмкін. Осылар Исаның патшалыққа келгендігін білдіретін белгіні ескермеуіңізге себеп болып жатқан жоқ па? Белгінің мәнін ұғып, тиісінше әрекет еткен әлдеқайда ақылдылық емес пе?
Жұмақ орнаған жердегі өмір
Исаның келгендігін көрсететін белгіге ден қойып жатқан адамдардың саны күн санап өсуде. Германиядағы Кристиан атты үйленген жас жігіт былай деп жазады: “Қазір дүниені қайғы-мұң басқан уақыт. Біздің “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымызда еш күмән жоқ”. Ол әйелі екеуі өзгелермен Мәсіхтің Патшалығы жайлы сөйлесу үшін көп уақыт бөледі. Франк та сол елде тұрады. Әйелімен бірге олар да өзгелерге Киелі кітаптағы ізгі хабарды айтып жұбаныш беруде. “Дүниеде болып жатқан жағдайларға қарап, адамдар келешегін ойлап уайымдайды. Оларға Киелі кітаптағы жерде болатын жұмақ туралы пайғамбарлықтарды айтып, жігерлендіруге тырысамыз”,— дейді ол. Осылай Кристиан мен Франк Иса айтқан белгінің бір бөлігінің орындалуына, яғни Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауға, атсалысуда (Матай 24:14).
Осы соңғы күндер шарықтау шегіне жеткенде, Иса осы ескі зұлым дүние мен оны қолдайтындарды жояды. Кейін Мәсіхтің Патшалығы алдын ала айтылған Жұмақты орнату үшін іс-шаралар қолданады. Адамзат ауру мен өлімнен құтылып, өлгендер жер бетіндегі өмірге қайта тіріледі. Қандай заманда өмір сүріп жатқанын көрсететін белгіні түсінгендерді осындай қуанышты болашақ күтіп тұр. Олай болса, сол белгі туралы көбірек біліп, әрі осы зұлым дүниенің соңы келгенде аман қалу үшін, адам не істеу керектігін біліп алғаны жөн емес пе? Бұл әрбір адам үшін, сөз жоқ, шұғыл қолға алатын өте маңызды іс болу керек (Жохан 17:3).
[4-беттегі сөздер]
Иса дүниенің кез келген жерінен адамдар көре алатын әрі барлығы бірігіп белгіні құрайтын көптеген оқиғалар мен құбылыстарды алдын ала айтқан
[6-беттегі сөздер]
Дүниежүзілік маңызы бар құрамдас белгіні байқайсыз ба?
[6-беттегі қоршау/суреттер]
СОҢҒЫ КҮНДЕРДІ КӨРСЕТЕТІН ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Бұрын-соңды болмаған соғыстар (Матай 24:7; Аян 6:4).
Ашаршылық (Матай 24:7; Аян 6:5, 6, 8).
Індеттер (Лұқа 21:11; Аян 6:8).
Әділетсіздіктің көбеюі (Матай 24:12).
Жер сілкіністері (Матай 24:7).
Қиын-қыстау күндер (Тімотеге 2-хат 3:1).
Ақшақұмарлық (Тімотеге 2-хат 3:2).
Ата-анаға бағынбау (Тімотеге 2-хат 3:2).
Бауырмалдықтың жоқтығы (Тімотеге 2-хат 3:3, ЖД).
Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көру (Тімотеге 2-хат 3:4).
Ұстамсыздық (Тімотеге 2-хат 3:3).
Жақсылықты жек көру (Тімотеге 2-хат 3:3).
Төніп келе жатқан қауіпке мән бермеу (Матай 24:39).
Мазақтаушылардың соңғы күндердің айғақтарын жоққа шығаруы (Петірдің 2-хаты 3:3, 4).
Құдай Патшалығының жер жүзіне уағыздалуы (Матай 24:14).
[5-беттегі түпдерек]
WWI soldiers: From the book The World War—A Pictorial History, 1919; poor family: AP Photo/Aijaz Rahi; polio victim: © WHO/P. Virot