Барлық ұлттан шыққан адамдарға арналған ізгі хабар
“Жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 1:8).
1. Киелі кітапты үйретушілер ретінде неге мән береміз және не үшін?
ҚАБІЛЕТТІ ұстаз шәкірттеріне не айтатынына ғана емес, қалай айтатынына да назар аударады. Киелі кітаптағы шындықты үйретушілер ретінде біз де солай етеміз. Біз уағыздайтын хабарымызға да, қолданатын тәсілдерімізге де мән береміз. Біздің хабарымыз, яғни Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар, өзгермейді, бірақ қолданатын тәсілдерімізді өзгертіп отырамыз. Не үшін? Ізгі хабарды мүмкіндігінше көбірек адамдардың жүрегіне жеткізу үшін.
2. Уағыздау тәсілдерімізді бейімдегенде, кімге еліктейміз?
2 Уағыздауда тәсілдерімізді өзгерте отырып, Ехобаның ертедегі қызметшілеріне еліктейміз. Мысалы, елші Пауылды алайық. Ол: “[Яһудилердің] араларында яһуди сияқты өмір сүремін... Тауратты білмейтін басқа халықтарды әкелу үшін Тауратты білмейтіндей араларында өмір сүремін... Сенімі әлсіздерді әкелу үшін соларға ұқсап өмір сүремін. Әр түрлі адамдар арасында ең болмағанда бірсыпырасын құтқару үшін оларға бейімделудемін”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 9:19—23). Пауылдың осылай бейімделе білгені нәтижелі болған. Егер айтып жатқан ұсынысымызды адамға бейімдеп өзгерте білсек, біз де нәтижелі боламыз.
‘Жердің түкпір-түкпіріне’ дейін
3. а) Уағыздау ісімізде қандай қиындыққа кезігеміз? ә) Бүгінгі күні Ишая 45:22-гі сөздер қалай орындалуда?
3 Ізгі хабарды уағыздауда кезігетін үлкен қиындықтардың бірі — оның көлемі, яғни “күллі әлемге” уағыздалу керектігі (Матай 24:14). Соңғы ғасырда Ехобаның көп қызметшілері ізгі хабарды естімеген басқа елдерге тарату үшін көп тер төкті. Мұның нәтижесі қандай болды? Ізгі хабар дүние жүзіне тарады! ХХ ғасырдың басында уағыздау ісі аз ғана елде жүргізілген болса, қазір Ехоба Куәгерлері 235 елде еңбек етуде! Расында да, ізгі хабар тіпті ‘жердің түкпір-түкпіріне’ дейін жариялануда (Ишая 45:22).
4, 5. а) Ізгі хабарды таратуда кімдер маңызды рөл атқаруда? ә) Аумақтарында шетелден келіп қызмет ететіндер жайлы кейбір филиалдар не айтуда?
4 Осылай алға жылжуға не септігін тигізіп отыр? Көп нәрсе. Күзет Мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебі миссионерлер дайындады және соңғы жылдары Қызметті жетілдіру мектебінінің 20 000-нан астам бітірушілері орасан зор үлестерін қосты. Сонымен қатар көптеген Куәгерлер жариялаушыларға қажеттілік көбірек жерлерге өз қаражаттарына көшіп баруда. Осындай жанқияр мәсіхшілер — ерлер мен әйелдер, жастар мен қарттар, салт бастылар мен ерлі-зайыптылар — Патшалық туралы хабарды шартарапқа уағыздауда айтарлықтай рөл атқаруда (Забур 109:3; Римдіктерге 10:18). Олардың еңбегі аса бағалы. Қажеттілік көбірек аймақтарына шетелден келіп қызмет етіп жатқан бауырластар туралы кейбір филиалдардың не жазғанын қарашы.
5 “Бұл аяулы Куәгерлер оқшау аудандарда уағыздауды қолға алуда, жаңа қауымдардың құрылуына көмектесуде және жергілікті бауырластардың рухани өсуіне ықпал етуде” (Эквадор). “Егер осы жерде қызмет етіп жүрген жүздеген шетелдіктер кетіп қалса, бұл қауымдардың тұрақтылығына әсер етер еді. Олардың бізбен болғаны — зор бата” (Доминика Республикасы). “Қауымдарымыздың көбісінде әйел бауырластардың саны көп, кейде 70 пайызға дейін жетеді (Забур 67:12). Олардың көбісі шындыққа жаңадан келгендер, бірақ өзге елден келген салт басты ізашар әйел бауырластар оларды үйретуде зор көмек болуда. Шет жерден келген бұл әйел бауырластар — біз үшін, шынында да, зор тарту!” (Шығыс Еуропадағы бір ел). Өзге елде қызмет ету туралы ойланып көрдің бе?a (Елшілердің істері 16:9, 10).
‘Әр түрлі тілде сөйлейтін он адам’
6. Зәкәрия 8:23-те уағыздау ісімізде тіл жағынан қиындық туатыны қалай көрсетіледі?
6 Тағы бір үлкен қиындық — жер бетіндегі тілдердің әр түрлі болуы. Құдай Сөзінде: “Сол күндері әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққан он адам Яһудидің етегіне жармасып: — Біз сенімен бірге барамыз, өйткені Құдай сендермен бірге деп естідік,— дейтін болады”,— деп алдын ала айтылған (Зәкәрия 8:23). Бұл пайғамбарлықтың қазіргі орындалуында он адам Аян 7:9-да алдын ала айтылған өте үлкен тобырды білдіреді. Алайда Зәкәрияның пайғамбарлығына сай, сол “он адам” әр түрлі халықтардан ғана емес, ‘әр түрлі тілде сөйлейтін халықтардан шыққанын’ байқашы. Пайғамбарлықтың сол маңызды бөлігінің орындалуын көрдің бе? Иә, әрине.
7. “Әр түрлі тілде сөйлейтін” адамдарға ізгі хабар жетіп жатқаны жөнінде статистика нені көрсетеді?
7 Кейбір статистиканы қарастырайық. Осыдан елу жыл бұрын әдебиеттеріміз 90 тілде басылып шығатын. Қазір 400-ден асады. “Адал да ақылды құл” тіпті салыстырмалы түрде аз ғана адам сөйлейтін тілдерде де әдебиеттер болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады (Матай 24:45, ЖД). Мысалы, қазір Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер гренланд (47 000 адам сөйлейді), палау (15 000 адам сөйлейді) және яп (7 000-нан аз жуық адам сөйлейді) тілдерінде бар.
Жаңа мүмкіндіктерге “есік айқара ашық”
8, 9. Қалайша бізге ‘есік айқара ашылды’ және бұған мыңдаған Куәгерлер қалай үн қатты?
8 Қазіргі таңда ізгі хабарды әр тілді адамдармен бөлісу үшін бізге міндетті түрде шетелге барудың қажеті жоқ. Соңғы жылдары экономикасы дамыған елдерде сырт елден қоныс аударып келгендер мен босқындар құрайтын әр түрлі тілде сөйлейтін көптеген топтар пайда болды. Мысалы, Парижде (Франция) адамдар 100-ге жуық, Торонтода (Канада) 125, ал Лондонда (Англия) 300-ден аса тілде сөйлейді! Өзге елдерден адамдардың осылай келуі көптеген қауым аймақтарында барлық ұлттың адамдарымен ізгі хабарды бөлісу үшін жаңа мүмкіндіктерге ‘есікті айқара ашуда’ (Қорынттықтарға 1-хат 16:9).
9 Мыңдаған Куәгерлер ізгі хабарды барлық ұлтпен бөлісуде туындаған қиындықты жеңу үшін өзге тілдерді үйренуде. Көпшілігіне бұл оңайға соқпайды, десе де, қоныс аударып келгендер мен босқындарға Құдай Сөзіндегі шындықты білуге көмектесуден алған қуаныштары бұл қиындықтарын ұмыттырып жібереді. Соңғы жылдардың бірінде Батыс Еуропаның бір елінде өткен облыстық конгрестерде шомылдыру рәсімінен өткендердің 40 пайызға жуығы өзге елден келгендер.
10. “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” кітапшасын қалай қолдандың? (32-беттегі “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” кітапшасының ерекшеліктері” деген қоршауды қараңдар.)
10 Рас, көпшілігіміздің шет тілін үйренуге жағдайымыз келе бермейді. Сөйтсе де, жуырда басылып шыққан, Киелі кітаптағы тартымды хабар көптеген тілдерде жазылған “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар”b деген кітапшаны тиімді қолдану арқылы сырттан қоныс аударып келгендерге көмектесе аламыз (Жохан 4:37). Осы кітапшаны қызметте қолданып жүрсіңдер ме?
Адамдар ықылас білдіре қоймағанда
11. Кейбір аумақтарда тағы қандай қиындық тууда?
11 Жер бетінде Шайтанның ықпалы күшейген сайын, жиі өзге бір қиындық тууда. Кейбір аумақтарда адамдар тыңдауға ықылас білдіре қоймайды. Әрине, бұл жайт бізді таңғалдырмайды, өйткені Иса осылай болатынын алдын ала айтқан. Біздің күндеріміз туралы айта отырып, ол: “Көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді”,— деген (Матай 24:12). Шынында да, Құдайға сенушілер мен Киелі кітапты құрметтейтіндердің саны азайды (Петірдің 2-хаты 3:3, 4). Нәтижесінде, дүниенің кей бөліктерінде кейбір елдермен салыстырғанда Мәсіхтің шәкірті болып жатқандар аз. Алайда бұндай жағдай ықылас білдіре қоймайтын аумақтарда адалдықпен уағыздап жүрген аяулы мәсіхші бауырластарымыздың еңбегі зая кетіп жатыр дегенді білдірмейді (Еврейлерге 6:10). Неге? Келесі жайтты қарастырайық.
12. Уағыздау ісіміздің қандай екі мақсаты бар?
12 Матай жазған Ізгі хабар уағыздау ісіміздің екі мақсатына назар аударады. Оның бірі ‘күллі халықтарға барып, шәкірттер’ дайындаймыз (Матай 28:19). Ал өзгесі Патшалық туралы хабарды жұртқа “куәлік болу” үшін айтамыз (Матай 24:14, ЖД). Бұл екі мақсат та маңызды, бірақ соңғысының мәні әсіресе зор. Неге?
13, 14. а) Мәсіхтің патшалыққа келіп отырғандығын көрсететін белгінің бір керемет ерекшелігі қандай? ә) Әсіресе адамдар ықылас білдіре қоймайтын аумақта уағыздағанда, нені есте ұстауымыз керек?
13 Киелі кітап жазушысы Матай елшілердің Исадан: “Бізге айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің қайта келуіңіз бен ақыр заманның жақындап қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрағанын айтқан (Матай 24:3). Иса жауабында сол белгінің керемет ерекшелігінің бірі дүниежүзілік уағыздау ісі екенін айтады. Ол шәкірттер дайындауды айтты ма? Жоқ. Ол: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу [“куәлік болу”, ЖД] үшін күллі әлемге уағыздалатын болады”,— деген (Матай 24:14). Осылай Иса Патшалықты уағыздау ісінің өзі белгінің маңызды ерекшелігі болатынын көрсеткен.
14 Сондықтан Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздағанда, шәкірттер дайындау ісінде барлық уақытта табысты болмасақ та, “куәлік” беруде табысты болатынымызды есте ұстаймыз. Адамдар қалай қабыл алмасын, олар біздің немен айналысып жатқанымызды біледі. Біз осылай Исаның пайғамбарлығының орындалуына атсалысамыз (Ишая 52:7; Аян 14:6, 7). Батыс Еуропадағы жас Куәгер Джорди былай дейді: “Матай 24:14-гі сөздердің орындалуына өз үлесімді қосу үшін Ехобаның мені қолданып жатқанын білгенім зор бақытқа бөлейді” (Қорынттықтарға 2-хат 2:15—17). Сен де өзіңді осылай сезінетінің шүбәсіз.
Хабарымызға қарсы болғанда
15. а) Иса елшілеріне не деп ескерткен? ә) Қарсылықтарға қарамастан уағыздауға не көмектеседі?
15 Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауда кезігетін тағы бір қиындық — қарсылық көру. Иса ізбасарларына: “Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады”,— деп алдын ала ескерткен (Матай 24:9). Ертедегі мәсіхшілер сияқты Исаның ізбасарлары бүгінгі күні де жек көрінішті болып, қарсылыққа кезігіп, қудалануда (Елшілердің істері 5:17, 18, 40; Тімотеге 2-хат 3:12; Аян 12:12, 17). Қазір кей елдерде үкімет оларға тыйым салған. Әйтсе де, мұндай елдерде шынайы мәсіхшілер Құдайға мойынсұнып, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауды жалғастыруда (Амос 3:8; Елшілердің істері 5:29; Петірдің 1-хаты 2:21). Бұлай етулеріне оларға, сондай-ақ дүние жүзіндегі өзге де Куәгерлерге не көмектеседі? Ехоба оларға киелі рухын береді (Зәкәрия 4:6; Ефестіктерге 3:16; Тімотеге 2-хат 4:17).
16. Иса уағыздау ісі мен Құдай рухының арасындағы байланысты қалай көрсетті?
16 Иса ізбасарларына: ‘Сендер Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар, сөйтіп жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар’,— дегенде, Құдай рухы мен уағыздау ісінің өзара тығыз байланысты екеніне баса назар аударған болатын (Елшілердің істері 1:8; Аян 22:17). Бұл тармақтағы оқиғалардың реті маңызды-ақ. Алдымен, шәкірттер киелі рухты қабылдайды, сонан кейін жер жүзі бойынша уағыздау ісін қолға алады. Олардың ізгі хабарды ‘барлық ұлттарға паш етуде’ табанды болуларына тек Құдай рухының арқасында ғана күштері жетер еді (Матай 24:13, 14; Ишая 61:1, 2). Сол үшін де Иса киелі рухты қамқоршы деп орынды атаған (Жохан 15:26). Ол Құдай рухының шәкірттерін үйрететінін және басшылық беретінін айтқан (Жохан 14:16, 26; 16:13).
17. Қатты қарсылыққа кезіккенде, киелі рух бізге қалай көмектеседі?
17 Бүгінде ізгі хабарды уағыздауда қатты қарсылықтарға кезіккенде, Құдай рухы бізге қалай көмектеседі? Құдай рухы бізді нығайтып, әрі қудалаушыларға қарсылық көрсетеді. Мұны көру үшін Саул патшаның өмірінде болған оқиғаны қарастырайық.
Құдай рухы қарсылық көрсетеді
18. а) Саулдың бойында қандай жаман өзгеріс болды? ә) Дәуітті қудалау үшін Саул қандай амалдарды қолданды?
18 Саулдың Исраилдің патшасы ретінде бастамасы жап-жақсы болатын, бірақ кейінірек ол Ехобаға бойсұнбай кетеді (Патшалықтар 1-жазба 10:1, 24; 11:14, 15; 15:17—23). Нәтижесінде, Құдай рухы патшаны бұдан былай желеп-жебемей қойды. Саул өзінен кейін патша болып тағайындалған, әрі Құдай рухының қолдауына ие болып отырған Дәуітке қатты қаһарын төгеді (Патшалықтар 1-жазба 16:1, 13, 14). Оған Дәуітті жайрата салу оп-оңай болып көрінеді. Өйткені Дәуіттің қолында тек қана жетіген бар еді, ал Саулдың сүңгісі болатын. Бірде Дәуіт күй тартып отырғанда, “Дәуітті қабырғаға қадап тастайыншы!” деген оймен патша сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Бірақ Дәуіт жалтарып үлгерді, екінші рет те солай болды” (Патшалықтар 1-жазба 18:10, 11). Кейінірек Саул ұлы Жонатанға, Дәуіттің досына, құлақ асып, “Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шындықты айтамын: Дәуіт өлтірілмейді!”— деп ант етеді. Бірақ кейін ол тағы да “Дәуітті қабырғаға қадап өлтірмек болып, сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Дәуіт жалтарып үлгеріп, аман қалды. Сүңгі қабырғаға қадалды”. Дәуіт қашып кетеді де, Саул соңына түседі. Сол қиын сәтте Құдай рухы Саулдың қарсыласына айналады. Қалайша? (Патшалықтар 1-жазба 19:6, 10).
19. Құдай рухы Дәуітті қалай қорғады?
19 Дәуіт Самуил пайғамбарға қашып барады, бірақ Саул оны ұстап әкелу үшін адамдарын жібереді. Алайда олар Дәуіттің жасырынып жатқан орнына келгенде, ‘Құдайдың Рухы Саулдың адамдарына қонып, солар да ерекше күйге түседі’. Олардың Құдай рухына кенелгендері сонша, не үшін келгендерін мүлдем ұмытып кетеді. Саул Дәуітті алдыру үшін адамдарын тағы екі рет жібереді, әр жолы да олармен солай болады. Ақырында, Дәуітке Саул патшаның өзі барады, бірақ Құдай рухына қарсы тұруға еш шамасы келмейді. Киелі рух “күні және түні бойы” оны тырп еткізбейді, ал Дәуіттің қашып кетуге уақыты болады (Патшалықтар 1-жазба 19:20—24).
20. Саулдың Дәуітті қудалаған оқиғасынан қандай сабақ алуымызға болады?
20 Саул мен Дәуіт туралы бұл оқиғада бізді нығайтатын сабақ бар: Құдай қызметшілерін қудалаушылар Құдай рухына қарсыласқанда, табысты бола алмайды (Забур 45:12; 124:2). Ехобаның ниеті Дәуітті Исраилдің патшасы ету еді. Ешкім де оның бұл ниетін өзгерте алған жоқ. Бүгінде Ехоба ‘Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар уағыздалатын болады’ деп шешкен. Мұның жүзеге асуына ешкім де кедергі бола алмайды (Елшілердің істері 5:40, 42).
21. а) Кейбір қарсыластар бүгінде қалай әрекет етеді? ә) Біз неге сенімдіміз?
21 Кейбір діни және саяси басшылар өтірік айтып, тіпті зорлық-зомбылық көрсетіп, бізге кедергі жасауға тырысады. Алайда Ехоба Дәуітті рухани жағынан қорғағанындай, бүгін де өз халқын солай қорғайды (Малахи 3:6). Сондықтан біз де Дәуіт сияқты: “Құдайға сенім артам, қорықпаймын; адам баласы маған не істей алады?”— деп сеніммен айтамыз (Забур 55:12; 120:1—8; Римдіктерге 8:31). Олай болса, Ехобаның көмегімен Оның барлық ұлттарға Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау тапсырмасын орындағанда кезігетін қиындықтардың бәрін әрі қарай да жеңе берейік.
[Сілтемелер]
a 28-беттегі “Зор қанағат сезімі” деген қоршауды қараңдар.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• Неге уағыздау тәсілдерімізді өзгертеміз?
• Қандай жаңа мүмкіндіктерге ‘есік айқара ашылды’?
• Уағыздау ісінде, тіпті адамдар аз ықылас білдіретін аймақтарда да, не нәрсеге қол жеткізіледі?
• Неге Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауды ешбір қарсылас тоқтата алмайды?
[28-беттегі қоршау]
Зор қанағат сезімі
“Ехобаға бірлесіп қызмет етіп жатқандарына қуанышты әрі бақытты”. Бұл сөздер Испаниядан Боливияға көшіп барған бір отбасының жағдайын суреттейді. Алдымен ол жаққа бір оқшау топқа қолдау көрсету үшін сол отбасының бір ұлы барған болатын. Оның жүзіндегі қуанышы ата-анасына әсер еткені сонша, көп ұзамай-ақ олар бүкіл отбасымен — 14 пен 25 жас аралығындағы төрт баласымен бірге — сол жерге барып қызмет етеді. Қазір ұлдарының үшеуі ізашар, ал сол жаққа бірінші барған ұлдары болса жақында Қызметті жетілдіру мектебінде оқып қайтты.
“Қиындық деген толып жатыр”,— дейді Канададан Шығыс Еуропаға келіп қызмет етіп жүрген 30 жастағы Анжелика. “Бірақ қызметте адамдарға көмек қолын созғаннан қанағат аламын. Сондай-ақ маған жергілікті Куәгерлердің өздеріне көмектесу үшін келгеніме ризашылық білдіріп, алғыс жаудырғандары қатты әсер етеді”.
“Бұл жерде көп әдет-ғұрыпты үйрену керек болды”,— дейді Құрама Штаттарынан келген, Доминика Республикасында қызмет ететін жастары 30-ға жақындап қалған, ағайынды екі әйел бауырлас. “Алайда біз қызметімізде табанды болдық, қазір Киелі кітапты зерттеушілердің жетеуі қауым кездесулеріне келеді”. Бұл екі бауырлас бірде-бір қауым жоқ қалада Патшалықты жариялаушылар тобын ұйымдастыруда күшті құрал болды.
Жасы 30-ға жақындап қалған Лаура шетелде төрт жылдан аса қызмет етуде. Ол: “Мен әдейі қарапайым өмір қалпын кешуге тырысам. Бұл жариялаушыларға қарапайым өмір кешу кедейліктің емес, талғам екенін әрі естіліктің белгісі екенін көруге көмектеседі. Өзгелерге, әсіресе жастарға, көмек бере алу шетелдегі танапта кездесетін қиындықтардың орнын толтыратын қуаныштың қайнар көзі болып табылады. Бұл жердегі қызметімді басқа ештеңеге де алмастырмас едім, сондай-ақ Ехоба жол беріп тұрғанда, осы қызметте қала беремін”.
[32-беттегі қоршау/сурет]
“Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” кітапшасының ерекшеліктері
“Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” кітапшасында 92 тілде жазылған бір беттік хабар бар. Хабар бірінші жақтан жазылған. Сондықтан үй иесі хабарды оқығанда, сенімен сөйлесіп тұрғандай болады. Кітапшаның өзге де пайдалы ерекшеліктері бар:
Мұқабаның ішкі бетінде дүние жүзінің картасы бар. Оны үй иесімен жылы қарым-қатынас жасау үшін қолдан. Бәлкім, өзің тұрып жатқан елді көрсетерсің, сонан соң оның қайдан келгенін білгің келетінін көрсет. Осылайша онымен ой бөлісуге мүмкіндік болып, достық көңілде әрі адам өзін еркін сезінетіндей жағдай жасауың мүмкін.
Кітапшаның алғы сөзінде біз түсінбейтін тілде сөйлейтіндерге жақсылап көмек бере алу үшін ескеруіміз керек бірнеше қадам келтірілген. Сол қадамдарды мұқият оқып шығып, шын ниетпен қолдануыңды өтінеміз, өйткені адам өмірі осыған байланысты.
Мазмұны жазылған тізімде тілдер ғана емес, олардың белгіленуі де көрсетілген. Бұл саған әр түрлі тілдегі трактаттар мен басылымдардағы көрсетілген тілдің белгіленуін анықтауға көмектеседі. Осылай басылым қай тілде екенін оңай біле аласың.
[Сурет]
Бұл кітапшаны қызметте қолданып жүрсің бе?
[31-беттегі сурет]
ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ