“Ехобаның ұлы күні жақын”
“Ехобаның ұлы күні жақын. Ол жақын қалды, әрі қатты асығып келеді” (СОФОНИЯ 1:14, ЖД).
1, 2. а) Мәсіхшілер қандай ерекше күнді күтуде? ә) Өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз керек және неліктен?
ҚУАНЫШТАН жүзі бал-бұл жанған қалыңдық тойын тағатсыздана күтуде. Аяғы ауыр ана сәбиінің дүниеге келуін қуанышпен күтіп жүр. Әбден қажыған жұмысшы көптен күткен демалысын аңсауда. Осылардың бәріне ортақ нәрсе бар ма? Иә, олардың бәрі де бір ерекше күнді, өмірлеріне әсер ететін күнді, күтуде. Олардың сезімдері терең, әйтсе де әр алуан. Асыға күткен күндері ақыры келеді. Сол күн келгенде, оған дайын болуға үміттенеді.
2 Тап солай бүгінде шынайы мәсіхшілер де бір ерекше күннің келуін асыға күтуде. Бұл — “Ехобаның күні” (ЖД) (Ишая 13:9; Жоел 2:1; Петірдің 2-хаты 3:12). Келе жатқан “Ехобаның күні” деген не және оның келуінің адамзатқа қандай қатысы бар? Сондай-ақ ол күннің келуіне дайын екенімізге қалай көз жеткізе аламыз? Осы сұрақтарға қазір жауап алғанымыз аса маңызды, өйткені айғақтар Киелі кітаптағы келесі сөздердің растығын көрсетіп отыр: “Ехобаның ұлы күні жақын. Ол жақын қалды, әрі қатты асығып келеді” (Софония 1:14, ЖД).
“Ехобаның ұлы күні”
3. “Ехобаның ұлы күні” деген не?
3 “Ехобаның ұлы күні” деген не? Бүкіл Жазбаларда “Ехобаның күні” деген тіркес Ехобаның өз жауларына шығарған үкімін жүзеге асырып, есімін дәріптеген ерекше уақыттарға нұсқайды. Құдай үкімдерін жүзеге асырғанда, Яһуда мен Иерусалимнің адалдық сақтамаған халқы болсын, Бабыл мен Мысырдың жәбір көрсетуші тұрғындары болсын — бәрі де ‘Ехобаның күнін’ бастан кешкен (Ишая 2:1, 10—12; 13:1—6; Еремия 46:7—10). Алайда Ехобаның ең ұлы күні әлі алда. Бұл — Ехоба өзінің есімін қаралағандардың үстінен үкімін жүзеге асыратын ‘күн’. Ол ‘Ұлы Бабылдың’, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясының, жойылуымен басталады да, Һар-Магедон шайқасында осы зұлым дүниенің қалған бөлігінің түгел жойылуымен шарықтау шегіне жетеді (Аян 16:14, 16; 17:5, 15—17; 19:11—21).
4. Неге адамдардың басым көпшілігі тез жақындап келе жатқан Ехобаның күнінен қорқулары керек?
4 Неге адамдардың басым көпшілігі осы тез жақындап келе жатқан күннен үрейленулері керек. Себебі Ехоба Софония пайғамбар арқылы былай деп жауап қатады: “Қаһар күні — сол күн, қайғы-қасірет пен қысымшылық күні, бүліншілік пен ойраншылық күні, түн мен түнек күні, бұлтты және бұлыңғыр күн”. Шынымен де, қандай қорқынышты! Пайғамбар тағы да: “Мен адамдарды қыспаққа аламын... өйткені Жаратушы Иенің алдында күнәға батқандары бар”,— дейді (Софония 1:15, 17).
5. Ехобаның күніне қатысты миллиондаған адамдардың көзқарасы қандай және неліктен?
5 Алайда миллиондаған адамдар болса Ехобаның күнінің келуін тағатсыздана күтуде. Неліктен? Олар мұның азат етілетін және әділдер құтқарылатын уақыт екенін, сондай-ақ Ехоба өзінің мерейін үстем етіп, ұлы есімін қастерлі ететін күн екенін біледі (Жоел 3:16, 17; Софония 3:12—17). Ол күн адам үшін қорқынышты күн бола ма, жоқ әлде асыға күткен күн бола ма, негізінен, бұл оның қазір қалай өмір сүріп жатқанына байланысты. Сол күннің жақындап келе жатқанына қалай қарайсыңдар? Сол күнге дайынсыңдар ма? Ехобаның күні көкжиектен көрініп қалғаны дәл қазір күнделікті өмірлеріңе әсер ете ме?
‘Сендерді келемеждейтін адамдар шығады’
6. Адамдардың басым көпшілігі ‘Ехобаның күні’ туралы қандай ойда және неге шынайы мәсіхшілер бұған таңғалмайды?
6 Жағдайлары қауіпті болғанына қарамастан, жер тұрғындарының басым көпшілігі келе жатқан ‘Ехобаның күні’ жайлы ойлап, мазаланбайды. Олар сол күннің жақын екенін ескертіп жүргендердің үстерінен күліп, келеке-мазақ етуде. Шынайы мәсіхшілер бұған таңғалмайды. Себебі елші Петірдің жазған мынадай ескертуі естерінде: “Ең бастысы, осы соңғы заманда арам құмарлықтарына салынып, сендерді келемеждейтін адамдардың шығатынын біліңдер. Мұндайлар: — Оның қайтып келетіні жөніндегі уәдесімен не болды, ә? Аталарымыз қайтыс болғаннан кейін де барлық жайттар еш өзгеріссіз, жаратылыстың басталуынан бергі қалпында қалып келеді,— дейді” (Петірдің 2-хаты 3:3, 4).
7. Уақыттың тығылтаяң екенін сезінуге не көмектеседі?
7 Бізге осындай теріс көзқарастан сақтануға және уақыттың тығылтаяң екенін сезінуге не көмектеседі? Петір бізге: “Осы жайттарды естеріңе түсіре отырып, шындап ойлануларыңа түрткі салмақ болдым. Өткен замандарда Құдайдың қасиетті пайғамбарлары айтып кеткен сөздерін және Иеміз бен Құтқарушымыздың сендерге жіберген елшілері арқылы жеткізген өсиетін есте сақтауларыңды қалаймын”,— деген (Петірдің 2-хаты 3:1, 2). Пайғамбарлық ескертулерге ден қойғанымыз ‘шындап ойлануға’ көмектеседі. Бәлкім, бұл ескертулер жайлы қайта-қайта естіген шығармыз, бірақ оларға ден қойғанымыз әсіресе қазір маңызды (Ишая 34:1—4; Лұқа 21:34—36).
8. Неге көп адамдар Киелі кітаптағы ескертулерді елемейді?
8 Неге кейбіреулер бұл ескертулерді елемейді? Петір әрі қарай былай деді: “Олар мыналарды әдейі [“өздері солай қалағандықтан”, ЖД] ескермейді: Құдайдың бұйрығымен көк баяғыдан бері бар болған, ал жер судан шығып, сумен қалыпқа келтірілді. Тәңірдің бұйрығына сай топан су кенеттен көне заманғы дүниені басып, адамзатты жойып жіберді” (Петірдің 2-хаты 3:5, 6). Расында да, Ехобаның күнінің келгенін қаламайтын адамдар бар. Себебі олар өмір қалыптарының бұзылғанын қаламайды. Сондай-ақ тек қара бастарының қамын ойлап өмір сүргендері үшін Ехобаның алдында жауап бергісі келмейді. Петір айтқандай, олар өздері қалағандай өмір кешеді.
9. Нұх пен Луттың заманында адамдар қандай көзқарас танытты?
9 ‘Өздері қалағандықтан’, бұл келемеждеушілер Ехобаның бұрын адамзаттың ісіне араласқанын ескермеуді жөн көреді. Иса Мәсіх пен елші Петір осындай екі оқиға жайлы айтқан. Бұл ‘Нұх пайғамбардың заманы’ мен ‘Луттың заманы’ жайлы еді (Лұқа 17:26—30; Петірдің 2-хаты 2:5—9). Топан судың алдында адамдар Нұхтың айтқан ескертуіне көңіл аудармады. Сол сияқты Содом мен Ғомора жойылар алдында Лутты “күйеу балалары қалжыңдап тұр деп ойлады” (Жаратылыс 19:14).
10. Ескертуге мән бермейтіндерге Ехоба қалай қарайды?
10 Бүгінгі күні де жағдай тап солай. Алайда Ехоба ескертуге мән бермейтіндерге қалай қарайтынын байқаңдаршы: “Қазыналарын астарына басып: “Жаратушы Иеден жақсылық та жоқ, жамандық та жоқ” деп іштей пікір ұстап отырғандардың сазайын беремін. Сонда олардың байлығы олжаға түсіп, үйлері қаңырап бос қалады; олар үй салады, бірақ онда тұрмайды, жүзім өсіреді, бірақ одан шарап ішпейді” (Софония 1:12, 13). Адамдар, бәлкім, күнделікті “кәдімгі” істерімен айналыса берер, бірақ ауыр бейнеттерінің пайдасын ұзақ көрмейді. Неге? Өйткені аяқ астынан Ехобаның күні келіп қалады, ал жинаған байлықтарының ешқайсысы да оларды құтқара алмайды (Софония 1:18).
“Соны күт”
11. Қандай ескертуді есте ұстауымыз керек?
11 Осы зұлым дүниедегілер сияқты болмай, біз Аббақұқ пайғамбар айтқан ескертуді жадымызда ұстауымыз керек: “Бұл сәуе белгілі бір уақытқа қатысты және оның ақыры турасында айтады әрі алдамайды; бәлкім, баяуласа да соны күт, себебі ол міндетті түрде болады, өзгермейді [“кешікпейді”, ЖД]” (Аббақұқ 2:3). Кемелсіз адамның көзімен қарағанда ол күн кешігіп жатқандай болса да, Ехоба оны баяулатпайтынын есте ұстауымыз керек. Оның күні дәл өз уақытында, ешбір адам баласы күтпеген сәтте келеді (Марқа 13:33; Петірдің 2-хаты 3:9, 10).
12. Иса нені ескертті және оның адал ізбасарлары қалай әрекет етуде?
12 Ехобаның күнін күтуді доғармау маңызды екеніне баса назар аудара отырып, Иса кейбір ізбасарларының уақыттың тығылтаяң екендігін естен шығарып алатындарын ескерткен. Олар жайлы: “Егер әлгі қызметші жаман болып, іштей: “Қожайыным жуырда келе қоймас” деп, өзге қызметшілерді ұрып-соғып, маскүнемдермен бірге ішіп-жеуге салынса, онда қожайыны күтпеген күні, ойламаған сәтте келіп, оны аяусыз жазалап, екі жүзділердің кебінін кигізеді”,— деп алдын ала айтты (Матай 24:48—51). Ал “адал да ақылды құл” табы болса адалдық танытып, уақыттың тығылтаяң екенін естен шығармайды, сондай-ақ сергек әрі дайын. Иса оны жер бетіндегі ‘бүкіл меншігін қараушы етіп’ тағайындады (Матай 24:42—44; 45, ЖД; 46, 47).
Шұғыл әрекет етудің маңыздылығы
13. Иса уақыттың тығылтаяң екеніне қалай баса назар аударды?
13 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер уақыттың тығылтаяң екенін есте ұстаулары керек еді. Олар Иерусалим қаласын “әскерлер қоршап алғанын” көргенде, ол жерден шұғыл түрде қашулары керек-тін (Лұқа 21:20, 21). Бұл жайт б. з. 66 жылы орын алды. Иса сол кездегі мәсіхшілердің шұғыл әрекет етулері керектігіне қалай баса назар аударғанына қараңдаршы: “Кім үй төбесінде болса, бір нәрсесін алу үшін үйге кірместен, сыртқы сатымен төмен түсіп, дереу қашып құтылсын! Кім далада жүрсе, ол да шапанын алу үшін үйіне соқпастан қашып құтылсын!” (Матай 24:17, 18) Тарихтан көретініміздей, Иерусалим содан кейін төрт жылдан астам уақыт жойылмай тұрғанын ескерсек, мәсіхшілердің Исаның сөздеріне б. з. 66 жылы құлақ асқандары неге сонша маңызды еді?
14, 15. Неге бірінші ғасырдағы мәсіхшілер Иерусалимді әскерлер қоршап алғанын көргенде, тездетіп әрекет етулері керек еді?
14 Рим әскері Иерусалимді б. з. 70-ші жылына дейін жоймағанын рас, десе де сол аралықтағы жылдарда елде тыныштық болған жоқ. Тыныш болмақ түгіл, зорлық-зомбылық пен қантөгіске толы болды! Бір тарихшы сол кездегі Иерусалимдегі жағдайды “сұмдық қатыгез әрекеттер жасалған жан түршігерлік қанды азаматтық соғыс” деп сипаттаған. Жас жігіттерді бекіністерді күшейтуге, қолдарына қару ұстатып, әскерде қызмет етуге мәжбүрлеген. Оларды күнделікті әскери дайындықтан өткізетін. Олардың аса қатаң шараларын жақтамағандар сатқын боп есептелді. Егер мәсіхшілер қаладан тезірек кетпей жүріп алғанда, жағдайлары аса қауіпті болар еді (Матай 26:52; Марқа 12:17).
15 Айта кететін жайт, Иса тек Иерусалимдегілер ғана емес, ‘Яһудея аймағындағылардың’ да қашу керектігін айтқан. Бұл өте маңызды еді, өйткені Рим жасақтары Иерусалимнен шегінгеннен кейін, бірнеше айдың ішінде соғыс әрекеттеріне қайта кірісті. Алдымен, б. з. 67 жылы Ғалилеяны басып алып, келесі жылы біртіндеп Яһудеяны жаулап алды. Осының салдарынан ауыл аймақтардың бәрі қасірет шекті. Сондай-ақ яһудилердің қай-қайсысына да Иерусалимнің өзінен қашу барған сайын қиындай түсті. Қаланың қақпаларына күзет қойылып, қашуға әрекеттенген әркімге римдіктерге сатылмақшы болды деген айып тағылды.
16. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сол кездегі азаптан құтылу үшін қандай көзқарас танытулары керек еді?
16 Осы жайттардың бәрін ескерер болсақ, Иса неліктен жағдайдың қауіпті екеніне баса назар аударғанын түсіне аламыз. Мәсіхшілер дүние-мүліктеріне алаңдамай, құрбандықтарға баруға дайын болулары керек еді. Олар Исаның ескертуіне құлақ асу үшін ‘бар нәрселерінен бас тартуға’ дайын болулары керек-тін (Лұқа 14:33). Дереу құлақ асып, Иорданның арғы жағына қашып кеткендер аман қалды.
Уақыттың тығылтаяң екенін есте ұстайық
17. Неге уақыттың тығылтаяң екенін одан бетер сезінуіміз керек?
17 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар осы зұлым дүниенің ең соңғы уақытында өмір сүріп жатқанымызды көрсетеді. Сондықтан әсіресе қазір уақыттың тығылтаяң екенін одан бетер сезінуіміз керек. Жауынгер әдетте тыныш кезде босаңсып, ұрыс қаупін сезінбейді. Нәтижесінде, ол сергек болуды маңызды деп есептемейді де, аяқ астынан шайқасқа шақырылғанда, дайын болмай қалып, қайғылы жайтқа душар болуы мүмкін. Рухани соғыс жайлы да осылай деуге болады. Егер уақыттың тығылтаяң екенін бірте-бірте ұмыта бастасақ, онда жолымызда кезіккен шабуылдарға төтеп беруге дайын болмай қалуымыз мүмкін. Сондай-ақ Ехобаның күнінің келгенін де аңғармай қалуымыз ықтимал (Лұқа 21:36; Салониқалықтарға 1-хат 5:4). Егер кімде-кім ‘Жаратушы Иеден безіп’ кеткен болса, қазір олар үшін Құдайды қайта іздейтін уақыт (Софония 1:3—6; Салониқалықтарға 2-хат 1:8, 9).
18, 19. ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін’ есте мықтап ұстауға не көмектеседі?
18 Елші Петір бізді ‘Құдайдың алдын ала белгілеген күнін’ есте мықтап ұстауға шақырады. Мұны қалай істей аламыз? Мұның бір жолы — ‘жүріс-тұрыстарымыздың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуы’ арқылы (Петірдің 2-хаты 3:11, 12). Осындай істерден қол үзбегеніміз ‘Құдайдың күнін’ асыға күтуге көмектеседі. Біз Ехобаның күніне дейін қалған уақытты тура мағынада тездете алмаймыз. Дегенмен де сол күнді күте отырып, Құдайға қызмет етуден еш қол үзбей, белсенді болсақ, уақыт әлдеқайда жылдам өте шығады (Қорынттықтарға 1-хат 15:58).
19 Құдай Сөзінің үстінен ой жүгірту мен ондағы ескертулер жайлы ойланғанымыз да сол күннің келуін ‘сағына күтіп, оны тезірек келтіруге’ көмектеседі (Петірдің 2-хаты 3:12). Осы ескертулердің ішінде Ехобаның күнінің келетіні жайлы ғана емес, ‘Ехобаны күтіп жүргендер’ кенелетін көл-көсір баталар жайлы айтылған сансыз пайғамбарлықтар да бар (Софония 3:8, ЖД).
20. Қандай шақыруға құлақ асуымыз керек?
20 Қазір бәріміз де Софония пайғамбар арқылы айтылған мынадай шақыруға құлақ асатын кез: “Өздеріңе Жаратушы Иенің жалын шашқан қаһары жеткенше, Жаратушы Иенің кекті күні бастарыңа түскенше... Жаратушы Иеден өтініңдер [“Ехобаны іздеңдер”, ЖД], Оның заңдарын орындаушы жер бетіндегі күллі момындар; шындықтан өтініңдер, момақан құлшылықтан өтініңдер [“әділеттілікті іздеңдер, момындықты іздеңдер”, ЖД]; мүмкін сонда Жаратушы Иенің қаһарлы күнінде бас сауғаларсыңдар” (Софония 2:2, 3).
21. 2007 жылы Құдай халқы не нәрсеге бел буады?
21 Ендеше, 2007 жылға таңдап алынған: “Ехобаның ұлы күні жақын”,— деген жылдық тармақ қаншалықты орынды десеңші! Құдай халқы сол күннің ‘жақын қалғанына, қатты асығып келе жатқанына’ сенімді (Софония 1:14, ЖД). “Ол кешікпейді” (Аббақұқ 2:3, ЖД). Сол күнді күте отырып, осы пайғамбарлықтардың соңғы орындалуы жақын екенін түсініп, осы өмір сүріп жатқан уақытымызда әрдайым сергек болып жүргейміз!
Жауап бере аласыңдар ма?
• “Ехобаның ұлы күні” деген не?
• Неге көп адамдар уақыттың тығылтаяң екенін ескермейді?
• Неге бірінші ғасырдағы мәсіхшілер шұғыл әрекет етулері керек еді?
• Уақыттың тығылтаяң екенін одан бетер сезінуге не көмектеседі?
[11-беттегі сөздер]
2007 жылға арналған жылдық тармақ: “Ехобаның ұлы күні жақын” (Софония 1:14, ЖД).
[8, 9-беттегі суреттер]
Ехобаның әрекетке кіріскені келемеждеушілерге Нұхтың күніндегідей төбеден жай түскендей болады
[10-беттегі сурет]
Мәсіхшілер Иерусалимді “әскерлер қоршап алғанын” көргенде, дереу әрекет етулері керек еді