«Әр нәрсе өз уақытында»
«Әр нәрсе өз уақытында және аспан астындағы әр нәрсенің өз уақыты бар» (ЕККЛЕСИАСТ 3:1).
1. Кемелсіз адамдар қандай қиыншылықпен кездеседі және бұл жағдай кей кездерде неге әкеліп соғады?
АДАМДАР жиі: «Бұны ертерек істеуім керек еді»,— деп жатады. Кейінірек сол адамдардың: «Күте тұру керек еді»,— деп жатқандарын да естуге болады. Бұндай сөздер кемелсіз адамдардың кей кезде, іс-әрекет жасағанда уақытты дұрыс таңдай алмайтындығын көрсетеді. Кейде бұндай жағдайлар адамдардың қарым-қатынасын бұзады және бір-біріне көңілі қалып жабырқайды. Ең жаманы, осындай жағдайдың кесірінен кейбір адамдар Ехоба мен оның ұйымына деген сенімін әлсіретіп алады.
2, 3. а) Неліктен әр нәрсенің уақытын Ехобаның белгілейтінімен келіскеніміз ақылдылық болар еді? ә) Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалуына байланысты қандай байсалды көзқарасымыз болу керек?
2 Ехоба, егер қаласа, қай істің болмасын нәтижесін алдын ала біле алады. Өйткені ол, адамдарда жетіспейтін даналық пен көрегіндік қасиеттеріне ие. Ол «басында-ақ аяғында не болатынын» біле алады (Ишая 46:10). Демек ол, ойына алған нәрсесін орындауға ең қолайлы уақытты қатесіз анықтай алады. Сондықтан, уақыт жөніндегі өзіміздің кемелсіз түсінігімізге сенгеннен гөрі, әр нәрсенің уақытын Ехобаның белгілегенімен келіскеніміз дұрыс.
3 Мысалы, рухани жетілген мәсіхшілер, Киелі кітапта жазылған кейбір пайғамбарлықтардың орындалуы үшін Ехобаның белгілеген уақытын күтіп, өздерінің шын берілгендіктерін танытады. Олар Еремияның зары 3:26-да жазылған «кім, Тәңірдің құтқаруын төзімділікпен күтсе, сол игілікке жетеді» деген принципті ұмытпауға тырысып, Құдайға бар ынтасымен қызмет етуде. (Аввакум 3:16, салыстыр.) Сонымен қатар олар, Ехобаның айтқан үкімі «кешіксе де... міндетті түрде орындалады, өзгертілмейді» деп сенеді (Аввакум 2:3).
4. Амос 3:7 мен Матай 24:45-тегі тармақтар шыдамдылықпен Ехобаны күтуімізге қалай көмектеседі?
4 Ал егер, біз Киелі кітаптың қандай да бір тармағын немесе Күзет мұнарасы қоғамының әдебиеттерінде берілген түсіндірмелерді жете түсінбесек, онда шыдамсыздық танытуымыз керек пе? Бәрі түсіндірілетін, Құдай белгілеген уақытты күткеніміз ақылдылық болар еді. «Тәңір Құдай өз құлдары — пайғамбарларға сырын ашпай, ешнәрсе жасамайды» (Амос 3:7). Қандай керемет уәде! Бірақ біз, Ехобаның өзі керек деп шешкен уақытта ғана сырын ашатынын түсінуіміз керек. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін, Ехоба өз халқына «[рухани] ас-суын уақытында» беруді «адал және ақылды қызметшіге» сеніп тапсырды (Матай 24:45). Сондықтан да біз кейбір сұрақтардың толық түсіндірілмегеніне тым алаң болып, уайымдамауымыз керек. Егер шыдамдылықпен Ехобаны күтетін болсақ, ол «уақытында» ақылды қызметші арқылы қажетті мәліметті беретініне сенуімізге болады.
5. Екклесиаст 3:1—8 тармақтарды талқылағанымыздың қандай пайдасы бар?
5 Дана патша Сүлеймен әрқайсысының «өз уақыты» бар 28 нәрсе туралы айтты (Екклесиаст 3:1—8). Сүлейменнің айтқандарының нені білдіретінін және неге қатысты екенін түсінетін болсақ, онда уақытында және бейуақытта дегеннің Құдайдың көзқарасына сәйкес нені білдіретінін анықтауымызға көмек болады (Еврейлерге 5:14). Бұл, өз кезегінде, дұрыс өмір сүруімізге мүмкіндік береді.
«Жылайтын уақыт және күлетін уақыт»
6, 7. а) Бүгінгі күннің қамын ойлайтын адамдар неліктен «жылайды»? ә) Осы дүниелік адамдар өздері тап болып отырған жағдайдың қауіптілігін қалай кемітіп көрсеткісі келеді?
6 «Жылайтын уақыт және күлетін уақыт» бар болғанымен, соңғысын кім қаламас еді? (Екклесиаст 3:4). Өкінішке орай, біз өмір сүріп отырған қазіргі заманда көз жасын төгуге себеп анағұрлым көп. Бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі жанға бататын жаңалықтарды естудеміз. Жас өспірімдердің сыныптастарына оқ атып жатқанын, ата-аналардың балаларына зорлық көрсетіп жатқанын, лаң салушылардың (террорист) еш кінәсыз адамдарды өлтіріп немесе мертіктіріп жатқандарын, дүлей апаттардың жолындағысының бәрін жойып, адам өмірін алып кетіп жатқанын естігенде денеміз түршігеді. Көгілдір экран бетінен, біздің назарымызды өзіне тартып, аштықтан көзі ішіне кіріп кеткен балалар және туған жерін тастап қашуға мәжбүр болған босқындар түспейді. Бұрын белгісіз болған — этникалық тазарту, СПИД, бактериологиялық соғыс және Эль-Ниньо — қазір ойдан кетпей мазалап, үрей тудырып отыр.
7 Бүгінгі дүниенің қайғылы да жан ауыртарлық жағдайларға толы екені күмәнсыз. Сөйте тұра, көңіл көтеру саласындағылар жағдайдың қиындығын кемітіп көрсеткісі келгендей, әрқашан сауық-сайранның жеңілтек, өрескел, жиі азғын және мейірімсіз түрлерін ұсынады. Бұл сауық-сайрандар өзге адамдардың қайғы-қасірет шегіп жатқанын ойлатпай, көңілімізді алдандыру үшін арналған. Бірақ, осындай ойын-сауықтарға тән орынсыз әзіл мен бейқам, жеңілтек күлкіні шынайы қуанышпен шатастыруға болмайды. Өйткені Шайтанның дүниесі адамдарға Құдайдың киелі рухының жемісі болып табылатын қуанышты сыйлай алмайды (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Ефестіктерге 5:3, 4).
8. Мәсіхшілер үшін бүгін жылайтын уақыт па, күлетін уақыт па? Түсіндіріңдер.
8 Дүниенің қандай қайғылы халде екенін түсінгендіктен, бүгін күлкі жарасатын уақыт емес екенін ұғынамыз. Сауық-сайранды рухани нәрселерден жоғары қойып, тек қана демалып, көңіл көтеру үшін өмір сүретін уақыт емес. (Екклесиаст 7:2—4, салыстыр.) Елші Пауылдың сөздеріне байланысты «осы дүниенің қам-қарекетін істеп жүргендер оған тым беріліп кетпеулері» керек. Неліктен? Өйткені «дүниенің қазіргі қалпы жуырда сап болып, жойылмақ» (1 Қорынттықтарға 7:31). Біз өмір сүріп жатқан кезеңнің қаншалықты маңызды екенін шынайы мәсіхшілер ешқашан естерінен шығармайды (Філіпіліктерге 4:8).
Жыласа да шын мәнінде бақытты!
9. Топан судың алдындағы күндерде қандай қайғылы жағдайды бақылауға болатын еді және бұның бүгін біз үшін маңызы неде?
9 Топан судың алдында өмір сүрген адамдар өмірге жеткілікті мән берген жоқ. Олар өздерінің күнделікті күйбең тірліктерімен айналысып жатты, «жер бетінде адамдар жасаған жаманшылықтың ұлғайғанына» жылаған жоқ және «жер бетінің... зұлымдыққа толғанына» аса мән бермеді (Жаратылыс 6:5, 11). Иса сол қайғылы жағдайды есіне түсіріп, біздің уақытта да адамдардың өмірге сол сияқты қарайтынын алдын ала айтты. Ол: «Топан судың алдындағы күндерде, Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар жеп-ішті, әйел алды, күйеуге тиді; топан су басып бәрін қырып-жойғанға дейін аңғармады. Адам Ұлының келуі де солай болады»,— деп ескертті (Матай 24:38, 39).
10. Нағайдың кезінде өмір сүрген исраилдіктердің Ехоба белгілеген уақыттың маңыздылығын жете бағаламағандығын неден көруге болады?
10 Топан судан кейін шамамен 1850 жыл өткен соң, Нағай пайғамбардың кезіндегі исраилдіктердің де көбісі рухани нәрселерге аса мән бермеді. Бірінші кезекте өздерінің жеке бастарының қамын ойлап, Ехобаның еркін бірінші орынға қоятын уақыт екенін байқамады. Нағай пайғамбардың кітабында былай делінген: «Бұл халық: „әлі уақыт келген жоқ, Тәңірдің үйін соғатын уақыт емес“ дейді. Сонда Тәңірдің Нағай пайғамбар арқылы айтқан сөзі: ал сендердің өздеріңе безендірілген үйлеріңде тұратын уақыт па, бұл үй қараусыз жатқанда? Сол үшін, Тәңір Саваоф былай дейді қазір: жүректеріңді өз жолдарыңа бұрыңдар» (Нағай 1:1—5).
11. Біз өзімізге қандай сұрақтар қоюымызға болады?
11 Нағайдың күндеріндегі исраилдіктер сияқты, біздің де, Құдайдың алдында белгілі міндеттері бар және оның рақымына ие Ехоба Куәгерлері ретінде, өзіміздің жолымызға қарағанымыз, яғни қалай өмір сүріп жатқанымыз жайлы мұқият ойланғанымыз жақсы болар еді. Құдайдың атына кір келтіріп жатқан осы дүниедегі жағдайларды көріп «жылап жүрміз» бе? Біреулер Құдай жоқ деп айтқанда немесе оның әділ принциптерін елемейтіндіктерін ашықтан-ашық көрсеткенде жүрегіміз ауырады ма? Біз де бұл жағдайларға 2500 жыл бұрын Езекиелге берілген аяндағы таңба салынған адамдар сияқты қараймыз ба? Біз олар туралы былай деп оқимыз: «Тәңір... [хатшының құралы бар адамға] былай деді: Иерусалим қаласының ортасымен өт те, оның қақ ортасында болып жатқан сорақылықтарға жаны күйзеліп, қасірет шеккендердің маңдайына белгі қойып шық» (Езекиел 9:4).
12. Езекиел 9:5, 6-дағы сөздердің біз үшін бүгін қандай маңызы бар?
12 Бүгін, қолдарында жойқын қарулары бар алты ер кісіге не тапсырылғанын оқып, бұл үзіндінің мағынасын түсінуге болады. Оларға былай делінген болатын: «Қаланың ішімен оның соңынан еріңдер де, өлтіріңдер; жандарың да ашымасын, есіркемеңдер де; кәріні, бозбала мен бойжеткен қызды, нәресте мен әйелді өлгенше соғыңдар, бірақ таңбаланған адамдардың біріне де тимеңдер, Менің ғибадатханамнан бастаңдар» (Езекиел 9:5, 6). Күшті қарқынмен жақындап келе жатқан үлкен апат кезінде, аман қалу-қалмауымыз, қазір жылайтын уақыт екенін біздің қаншалықты түсінетінімізге байланысты.
13, 14. а) Иса қандай адамдарды бақытты деп атады? ә) Неге келтірілген сипаттаулар Ехоба Куәгерлеріне тура келеді деп санайтындарыңды түсіндіріңдер.
13 Ехобаның қызметшілерінің осы дүниеде болып жатқан істердің қайғылы жағдайына «жылауы» олардың бақытты болуына еш кедергі жасамайды. Керісінше, олар жер бетіндегі ең бақытты адамдар! Иса: «Құдай алдында жарлы болғандар [рухани мұқтаждықтарын сезінгендер, ЖД] бақытты... Қайғырып жүргендер бақытты... Кіші пейілділер бақытты... Әділдікке ашығып сусағандар бақытты... Қайырымдылар бақытты... Таза көңілділер бақытты... Татуластырушылар бақытты... Әділеттік үшін қудаланғандар бақытты»,— деп бақыттылықты анықтайтын белгіні көрсетті. (Матай 5:3—10). Осы жазылған сөздер басқа діни ұйымдардан гөрі Ехоба Куәгерлеріне дәл келеді, бұған көз жеткізерлік дәлелдер бар.
14 Әсіресе 1919 жылы шынайы мінажат қайта қалпына келген мезгілден бері Ехобаның бақытты халқы үшін «шаттануға» себеп бар. Рухани жағынан оларды да б. д. д. VI ғасырда Бабылдан қайта оралған иудейлерді билегендей сезім биледі. Ол кездегі исраилдіктер туралы былай деп жазылған: «Тәңір Сионды құлдықтан босатып алып келе жатқан кезде, біз бұны түсімізде көргендей болдық: ол кезде біздің үніміз шаттыққа толы болды және айтқанымыз ән болды... Тәңір біз үшін ұлы іс атқарып, біз шаттандық» (Забур 125:1—3). Бірақ, Ехоба Куәгерлері рухани шаттық күйді сезінсе де, қазіргі уақыттың өте маңызды екендігін ұмытпай, ақылдылықпен іс-әрекет жасайды. Жаңа дүние орнап, жердің тұрғындарының бәрі мәңгілік өмірге ие болғанда, расында да, жылаудың орнын біржола шаттық пен күлкі басатын уақыт болады (1 Тімотеге 6:19; Аян 21:3, 4).
«Құшақтайтын уақыт және құшақтан бас тартатын уақыт»
15. Неліктен мәсіхшілер достарды мұқият таңдайды?
15 Мәсіхшілер достарды мұқият таңдайды. Олар Пауылдың ескертуін ұмытпайды: «Алданып қалмаңдар! „Араммен араласқан адал әдетінен айырылады“» (1 Қорынттықтарға 15:33). Ал, дана патша Сүлеймен болса былай деген: «Ақылдымен араласқан ақылды болады, ал кім ақымақпен дос болса — азғындық жолға түседі» (Нақыл сөздер 13:20).
16, 17. Ехоба Куәгерлері достыққа, біреудің көңілін табуға және некеге қалай қарайды және неліктен?
16 Ехоба Куәгерлері Ехобаны сүйіп, оның әділ нормаларын ұстануға тырысатын адамдармен дос болады. Олар достар арасындағы қарым-қатынасты бағалайды және оған қуана да біледі. Ал, кездесуге келгенде, олар қазір кейбір елдерде кеңінен тараған тым жеңіл көзқарасты қолдамай, ақылдылық танытады. Олар кездесуді залалсыз жағымды ермек санамайды, керісінше, некеге тұруға бастайтын маңызды қадам деп қарастырады. Бұндай қадамды некеге тұруға тәні, сана-сезімі және рухани жағынан дайын және Жазбалардың принциптері бойынша некеге тұруға ешқандай кедергісі жоқ адамдар ғана жасай алады (1 Қорынттықтарға 7:36).
17 Кейбіреулер, мүмкін, кездесуге және некеге деген бұндай көзқарасты ескірген деп санар. Бірақ, Ехоба Куәгерлері дос таңдағанда және біреудің көңілін табу мен некеге байланысты шешім қабылдағанда, олардың шешіміне айналадағылардың қысымының әсер етуіне жол бермейді. Олар «даналықтың істер арқылы ақталатынын» біледі (Матай 11:19). Ехоба әрқашан да ненің жақсы екенін білетін болғандықтан, олар Ехобаның: «„тек... Иемізбен тығыз байланыста“ тұрған адамдармен некеге тұрыңдар»,— деген кеңесіне аса мән береді (1 Қорынттықтарға 7:39; 2 Қорынттықтарға 6:14). Ажырасу немесе бөлек тұру отбасындағы қиыншылықты шешудің дұрыс тәсілі деген қате көзқарасты қолдамайды, сондықтан да олар некеге тұруға асығыстық жасамайды. Өмірлік серікті асықпай таңдайды, өйткені некелік ант берген соң Ехобаның «Сөйтіп, олар енді екеу емес, бір ғана дене болады. Солай болғандықтан, Құдай біріктіріп қосқандарды адам баласы ажыратпасын» деген заңының күшіне енетінін түсінеді (Матай 19:6; Марқа 10:9).
18. Бақытты отау құру үшін бірінші қадам қандай?
18 Неке — өмірлік бітім, сондықтан некеге тұрмас бұрын бәрін терең ойластырып алу керек. Ер адамның: «Шын мәнінде ол менің теңім бе?» — деп өзінен сұрағаны ақылға қонымды. Бірақ, өзінен: «Шын мәнінде мен оған теңмін бе? Оның рухани қажеттіліктерінің қамын ойлай алатын рухани жетілген мәсіхшімін бе?» — деп сұрағаны да маңызды. Болашақ ерлі-зайыптылар Құдайдың талаптарына сай некені баянды етіп сақтай алатындай рухани жағынан берік болуға Ехобаның алдында міндетті. Ал, бақытты отбасын құрудағы бірінші негізгі қадам — толық уақытты қызмет екенін некеде тұрған мыңдаған мәсіхшілер растай алады. Өйткені бұндай қызмет алғаннан гөрі берген бақытты екендігін түсінуге көмектеседі.
19. Кейбір мәсіхшілер неге отау құрмайды?
19 Кейбір мәсіхшілер ізгі хабар үшін некесіз болғанды артық көріп, «құшақтан бас тартады» (Екклесиаст 3:5). Басқалары болса, өзінің теңі болар деген адамға ұнайтын рухани қасиеттерді дамытқанын сезінгенше отау құруды кейінге қалдыра тұрады. Бақытты ерлі-зайыптылық өмірді аңсайтын, бірақ әзірге өзіне жар таба алмай жүрген мәсіхшілер туралы да ұмытпайық. Олардың қайткен күнде де отау құрам деген ниетпен Киелі кітаптың отау тігуге байланысты принциптерін бұзудан аулақ болуға бекінгендері Ехобаны қуантатындығына сенімді бола аламыз. Біз олардың Ехобаға шын берілгендіктерін бағалап, қолдау көрсеткеніміз жөн. Өйткені олар оған лайық.
20. Неліктен кей кездерде ерлі-зайыптылар да «құшақтан бас тартады»?
20 Ерлі-зайыптылардың да кейде «құшақтан бас тартуы керек пе»? Кей жағдайларда керек екендігі айқын. Өйткені елші Пауыл былай деген: «Мен сендерді хабардар етемін, бауырластарым: уақыт аз қалғандықтан әйелі барлар үйленбегендей болулары керек» (1 Қорынттықтарға 7:29). Сондықтан, ерлі-зайыптылық өмірдің қуанышы мен баталары кей уақытта теократиялық міндеттерден кейін тұруы қажет. Бұл мәселеге деген байсалды көзқарас некеге нұқсан келтірмейді, керісінше нығайта түседі, өйткені ерлі-зайыптыларға олардың бір-бірімен қатынасын нығайтатын негізгі тұлға Ехоба болуы керек екенін ұмытпауға көмектеседі (Екклесиаст 4:12).
21. Ерлі-зайыптылардың балалы болу-болмауға байланысты қабылдаған шешімдерін неліктен айыптамауымыз керек?
21 Сонымен қатар, кейбір ерлі-зайыптылар Құдайға қызмет атқаруға көбірек уақыт бөлу үшін, балалы болуды жоспарламайды. Бұл олардың Ехобаға деген құрбандығы болғандықтан, ол оларға батасын береді. Бір айта кететін нәрсе, Киелі кітап ізгі хабар үшін некесіз болуды қолдағанмен, онда ізгі хабар үшін баласыз болу керектігі туралы айтылмайды (Матай 19:10—12; 1 Қорынттықтарға 7:38; салыстыр: Матай 24:19 және Лұқа 23:28—30). Сондықтан ерлі-зайыптылар жағдайларына қарай, сезімдерін ескере отырып, өздері шешім қабылдайды. Қандай шешім қабылдаса да, оларды кінәлауға болмайды.
22. Біз үшін нені анықтап алған маңызды?
22 Иә, «әр нәрсе өз уақытында және аспан астындағы әр нәрсенің өз уақыты бар». Тіпті «соғысатын уақыт және бейбітшілік уақыт» бар (Екклесиаст 3:1, 8). Келесі мақалада қазір ненің уақыты екенін анықтау біз үшін неліктен маңызды екендігі түсіндіріледі.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
◻ Неліктен «әр нәрсе өз уақытында» екенін білу маңызды?
◻ Неліктен бүгін негізінде «жылайтын уақыт»?
◻ Неге мәсіхшілер «жылап» жүргеніне қарамастан шын мәнінде бақытты?
◻ Кейбір мәсіхшілер бүгінгі уақыттың олар үшін «құшақтан бас тартатын уақыт» екенін өздерінің іс-әрекеттері арқылы қалай көрсетуде?
[17-беттегі сурет]
Толық уақытты қызмет — бақытты отбасын құрудың керемет негізі.
[18, 19-беттегі суреттер]
Мәсіхшілер осы дүниедегі жағдайға «жылап» жүрсе де . . .
. . . олар жер бетіндегі ең бақытты адамдар.