114-тарау
Еске алу кеші
ШӘКІРТТЕРІНІҢ аяқтарын жуып болған соң, Иса Киелі Жазбадан Забур 40:10-ды келтіріп: “Менімен дастарқандас болып нан жеп жүрген кісі аяғын көтеріп, Мені теуіп жіберейін деп дайын тұр”,— деді. Сонан соң Иса іштей қатты толқып: “Араларыңдағы біреуің Маған опасыздық жасайды”,— деп айтты.
Елшілердің болса еңсесі түсіп, қатты абыржып, бірінен соң бірі: “Сол адам мен емес пе екенмін?” — деп сұрай бастады. Бұл сұрақты тіпті Яһуда Исқариот та қойды. Дастарқан басында Исаның қасында жантайып жатқан Жохан Исаға қарай еңкейіп: “Мырзам, сол адам кім?” — деп сұрады.
“Ол осы он екіңнің бірі, табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нан батырып алып жатқан біреуің,— деп жауап берді Иса.— Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады-ау! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді”. Осыдан соң Шайтан Яһуданың жүрегінің зұлымдыққа толып, өзіне ашылғандығын пайдаланып, оның көңілін тағы да билеп алды. Сол түні Иса Яһуданы ‘құрып кетуге тиісті адам’ деп орынды айтты.
Иса Яһудаға: “Не істегің келсе, соны тезірек істе!” — деді. Басқа елшілер Исаның неге бұлай дегенін түсінбеді. Кейбіреулері Яһуда ортақ қаржыны ұстайтындықтан, Иса оған “Мейрамға не керектің бәрін сатып ал!” немесе “Мүсәпірлерге садақа бер!” деп айтқан шығар деп ойлады.
Яһуда кеткеннен кейін, Иса өзіне адал елшілері үшін мүлдем жаңа мейрамды, немесе еске алу кешін, енгізді. Ол қолына нан алып, дұға етті де, нанды үзіп, елшілеріне беріп жатып: “Алып жеңдер”,— деді. Сонан соң: “Бұл — сендер үшін құрбандыққа берілмек денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!” — деп түсіндірді.
Бәрі де нанын жеп болған кезде, Иса шарабы бар тостағанды қолына алды. Бұл осы мейрам кезіндегі төртінші тостаған болса керек. Ол тағы да дұғада ризашылық білдіріп, шәкірттеріне беріп, одан ішуді ұсынды да: “Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа келісім”,— деді.
Сонымен, бұл — Исаның өлімін Еске алу кеші. Мұны жыл сайын 14 нисанда, Исаның өзі айтқандай, оны еске алу үшін атап өтеді. Бұл мейрам оны атап өтушілерге Иса мен оның көктегі Әкесі адамзатты өлімнің құрсауынан құтқару үшін не істегенін естеріне салатын болады. Мәсіхтің ізбасары болған еврейлер үшін бұл мейрам Құтқарылу мейрамының орнын алмастырады.
Исаның қанының төгілуімен күшіне енетін Жаңа келісім көне Заң келісімін алмастырады. Иса Мәсіх — Жаңа келісімнің екі жағын: Ехоба Құдай мен киелі рухпен майланған мәсіхшілердің арасын келістіруші. Бұл келісім тек күнәнің кешірілуін ғана емес, патша әрі діни қызметкерлерден тұратын көктегі халықтың құрылуын да қамтамасыз етеді. Матай 26:21—29; Марқа 14:18—25; Лұқа 22:19—23; Жохан 13:18—30; 17:12; 1 Қорынттықтарға 5:7.
▪ Араларында отырған біреуге қатысты Иса Киелі кітаптағы қандай пайғамбарлықты келтірді және оны қалай қолданды?
▪ Неліктен елшілердің еңселері түсіп кетті және олар жеке-жеке не деп сұрады?
▪ Иса Яһудаға не істе деп бұйырды және оны өзге елшілері қалай түсінді?
▪ Яһуда кеткеннен кейін, Иса қандай мейрамды енгізді және оның мақсаты қандай?
▪ Жаңа келісім кімдердің арасында жасалды және бұл келісім не үшін қажет?