Оқырман сауалдары
Ехоба куәгерінің Куәгер емес туысы не танысының үйлену тойына баруына бола ма?
Үйлену тойы — өмірдегі қуанышты сәттердің бірі. Сондықтан мәсіхшінің отасқандардың қуанышына ортақ болғысы келетіні түсінікті-ақ. Кәмелет жасқа толмағандар үйлену тойына бару үшін ата-анасы не қамқоршысынан рұқсат сұрағаны жөн (Ефес. 6:1—3). Ал әйел бауырласымыздан Куәгер емес күйеуі жергілікті діни рәсімдерге сай өтетін үйлену тойына бірге баруды өтінсе ше? Әйел бауырластың ар-ұжданы оған діни рәсімдердің ешқайсысына қатыспай, жай ғана барып-қайтуға жол беруі мүмкін.
Негізінен, қандай да бір үйлену тойына бару-бармауды әркім өзі шешеді. Алайда Куәгер емес адамдардың тойына баруды шешпес бұрын әрбір мәсіхші Ехобаның алдында есеп беретінін ескергені және бұған қатысты Жазбаларға негізделген принциптерді қарастырып алғаны жөн.
Мәсіхші ең алдымен Құдайға ұнамды болуға тырысуы керек. Иса былай деді: “Құдайдың өзі — рух. Сондықтан оған сиынатындар оның рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс” (Жох. 4:24). Сол себептен Ехоба куәгерлері Киелі кітаптың шындығына қайшы келетін өзге діннің дұғаларына, рәсімдеріне не басқа да істеріне ортақтаспайды (Қор. 2-х. 6:14—17).
Мәсіхші қабылдаған шешімі өзгелерге де әсер етуі мүмкін екенін ескереді. Егер сен тойға баруды шешіп, бірақ тойдың салт-жораларына қатыспасаң, туыстарың ренжіп қалмай ма? Сондай-ақ қабылдаған шешімің бір сенімдегілерге қалай әсер ететінін есепке алу керек (Рим. 14:13). Тіпті өзің немесе отбасы мүшелері Куәгер емес адамның тойына барғанда тұрған ешнәрсе жоқ деп шешкен күнде де, мұның өзге бауырластарға кері әсер етуі мүмкін бе? Бұл олардың ар-ұждандарына нұқсан келтірмей ме?
Куәгер емес туысының некелесу рәсіміне қатысқан бауырлас қандай да бір ыңғайсыз жағдайларға кезігуі мүмкін. Егер сенен жолдас жігіт (қыз) болуды немесе басқалай қатысуды сұранса ше? Я болмаса, Куәгер емес жұбайың тойға толық қатысқаныңды қаласа ше? Егер некелесу рәсімін сот немесе мемлекеттік қызметкер өткізсе, ол жерде діни рәсімдер орын алмауы мүмкін.
Алайда некелесу рәсімі діни ғимаратта өтсе не дін қызметкері өткізсе, бұл мүлдем өзге жағдай. Киелі кітапқа сай тәрбиеленген ар-ұжданыңа және нанымдарыңа қайшы әрекет еткің келмейтіндіктен, әрі тойдағы адамдарды ыңғайсыз жағдайға қалдырмау үшін бұған қатысудан бас тартуды ұйғарарсың (Нақ. с. 22:3). Егер алдын ала туыстарыңа Киелі кітапқа негізделген нанымыңды түсіндіріп, қайсы рәсімге қатысып, қайсысына қатыса алмайтыныңды айтсаң, өзіңді және отбасы мүшелерін ыңғайсыз жағдайда қалдырмайсың.
Барлық мән-жайды таразылап болған соң, мәсіхші Куәгер емес адамның тойының ешбір салт-жораларына қатыспай, жай ғана барып-қайтуды шешуі мүмкін. Алайда мәсіхші тойға барғанда Киелі кітаптың принциптеріне қайшы әрекет жасауға азғырылуым мүмкін деп ойласа, бұл той қуаныштың орнына, уайым әкеледі деген тоқтамға келер. Некелесу рәсіміне қатыспай, кейін болатын отырысқа баруды ұйғарса, “бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеуге” белін бекем буғаны жөн (Қор. 1-х. 10:31). Бұған қатысты шешім қабылдағанда “әркім өз жүгін өзі көтеретінін” түсінуі керек (Ғал. 6:5 ЖД). Сондықтан қандай шешім қабылдасақ та, Ехобаның алдында ар-ұжданымыздың таза болғаны маңызды екенін есімізден шығармайық!
Иса тыңдаушыларына: “Көктегі Әкелерің кемелді, сондықтан сендер де кемелді болыңдар”,— деген. Бүгінде адамдар қалайша “кемелді” бола алады? (Мат. 5:48 ЖД).
Бұл сұрақтың жауабын алу үшін “кемелді” және “кемелділік” деген сөздердің Киелі кітапта қалай қолданылатынын анықтап алуымыз керек. Жазбаларда “кемелді” деп аталған нәрселердің бәрі толық мағынада кемелді бола бермейді. Әрине, Ехоба толық мағынада кемелді. Ал адамдар және қандай да бір нәрселер белгілі бір шамада ғана кемелді бола алады. Киелі кітаптағы “кемелді” деп аударылған еврей және грек сөзі жиі билігі бар тұлғаның қойған талаптарына сай “толықтай атқарылған”, “толысқан” және “мінсіз” дегенді білдіреді.
Адам ата мен Хауа ана моральдық, рухани және тәндік жағынан кемелді болып жаратылған болатын. Олар Жаратушының талаптарына кемелді түрде сай келетін. Кейін Құдайдан бас тартқандықтан олар бұдан былай оның талаптарына сай келмей, өздері де, болашақ ұрпақтары да кемелділіктен айырылды. Осылайша Адам ата арқылы адамзат күнә, кемелсіздік және өлімді мұра етті (Рим. 5:12).
Алайда Иса таудағы уағызында тіпті кемелсіз адамдар да белгілі бір шамада кемелді бола алатынын айтқан. Иса сол баяндамасында сүйіспеншілікті кемелді түрде танытуға қатысты талаптар орнатты. Құдай адамзатқа осындай сүйіспеншілік көрсетіп отыр. Иса былай деді: “Жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Тәңір Иеге сиынып мінажат етіңдер! Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар. Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады” (Мат. 5:44, 45). Сүйіспеншілікті осындай шамада таныту арқылы Исаның шәкірттері Құдайдың кемелді үлгісіне еліктейді.
Бүгінде дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлері осындай жоғары талаптарға сай келетін сүйіспеншілікті танытуға тырысады. Олар Киелі кітаптағы шындықты әртүрлі ортадан, нәсілден және діннен шыққан адамдарға жеткізуді қалайды. Бүгінгі таңда Куәгерлер 236 елде қызығушылық танытқан 7 000 000-нан астам адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізуде.
Иса былай деп сұрады: “Ал егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, онда сендерге қандай сый берілмек? Тіпті күнәкар салықшылар да солай етпей ме? Сондай-ақ, өз бауырластарыңмен ғана жарқын жүзбен амандассаңдар, онда басқаларға қарағанда қандай ерекше іс істейсіңдер? Тіпті Құдайға мойынсұнбайтындар да солай етпей ме?” (Мат. 5:46, 47). Шынайы мәсіхшілер адамдарды білімі мен шығу тегіне қарап алаламайды, сондай-ақ сүйіспеншілікке сүйіспеншілікпен жауап беретін адамдарды ғана жақсы көрмейді. Қайта, олар материалдық жағдайы нашар, ауру-сырқау, жас не қарт демей, барлық адамдарға көмектеседі. Осылайша мәсіхшілер Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктеп, қандай да бір шамада кемелді бола алады.
Ал Адам ата жоғалтқан кемелділікке ие болуымыз мүмкін бе? Иә, Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде, “Құдайдың рухани Ұлы шайтанның ісін талқандағанда”, Исаның төлем құрбандығына сенім білдірген тілалғыш адамзат толық мағынада кемелділікке жетеді (Жох. 1-х. 3:8).