Құдай Патшалығы құтқаратын уақыт жақын!
“Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” (МАТ. 6:10).
1. Исаның үйреткен басты ілімі қандай?
ТАУДАҒЫ уағызында Иса Мәсіх ізбасарларына дұға етуді үйретіп жатқанда, өзінің басты ілімін бір ауыз сөзбен жеткізіп: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!”— деді (Мат. 6:9—13). “Иса қалалар мен ауылдарды аралап, уағыз айтып Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды жариялады” (Лұқа 8:1). Ол ізбасарларын: “[Құдайдың] Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!”— деп жігерлендірді (Мат. 6:33). Осы мақаланы зерттеу барысында білгендеріңді қызметте қалай қолдана алатыныңды ойлан. Мысалы, келесі сұрақтардың жауабына назар аударуыңа болады: Патшалық туралы хабар қаншалықты маңызды? Адамзатты неден құтқару керек? Құдай Патшалығы қалай құтқарады?
2. Патшалық туралы хабар қаншалықты маңызды?
2 Иса: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады”,— деп алдын ала айтқан еді (Мат. 24:14). Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар — ең маңызды хабар. Тіпті жер жүзінде одан асқан маңызды хабар жоқ деуге болады! Дүниежүзінде Ехоба куәгерлерінің 100 000 аса қауымындағы жеті миллиондай қызметші бұрын-соңды болмаған уағыз ісіне қатысып, Құдай Патшалығының орнағанын жариялап жүр. Патшалықтың орнағаны ізгі хабар болып табылады. Себебі Құдай көктегі осы үкіметі арқылы жердегі істерді толық қадағалайды. Патшалықтың билік етуінің арқасында Ехобаның еркі көкте орындалғандай, жер бетінде де орындалады.
3, 4. Құдайдың еркі жерде орындалғанда, өмір қандай болады?
3 Ехобаның еркі орындалғанда, адамзаттың өмірі қандай болмақ? “[Құдай] барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4). Күнә мен кемелсіздік болмайтындықтан, адамдар ауырмайды және өлмейді. Киелі кітапта: “Әділетті және әділетсіз адамдар да қайта тіріледі”,— деп уәде етілгендей, Құдайдың жадында сақталған өлген адамдар мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болады (Ел. іс. 24:15, Тт). Соғыс, індет, ашаршылық болмайды. Жер беті жұмаққа айналады. Тіпті жыртқыш аңдар адам баласына да, бір-біріне де зиян келтірмейтін болады (Заб. 45:10; 71:16; Ишая 11:6—9; 33:24; Лұқа 23:43).
4 Мұндай керемет баталар — Патшалықтың жердегі билігінің жемісі, сондықтан Киелі кітапта сол кездегі өмір жайлы: “Момын адамдар жерге ие болады да әлем байлықтарының игілігін көреді”,— деп алдын ала айтылғаны бізді таңғалдырмайды. Ал зұлымдық жасаушылармен не болады? Киелі кітапта: “Шамалы шыда сонда ұждансыздар жоғалады; оның жоғалғанын көресің”,— делінген. Алайда “Жаратушыға сенгендер жерге иелік етеді” (Заб. 36:9—11).
5. Қазіргі зұлым дүниені не күтіп тұр?
5 Бұл сөздердің бәрі орындалу үшін, осы дүниедегі бір-біріне қарсы үкіметтер, діндер және коммерциялық жүйелер жойылу керек. Мұны көктегі үкімет жүзеге асырады. Даниял пайғамбар рухтың жетелеуімен алдын ала былай деген: “Сол патшалықтардың кезінде көктегі Құдай өмір-бақи құламайтын патшалық құрады әрі ол патшалық өзге бір халықтарға берілмейтін болады; ол барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды, ал өзі мәңгілік тұрады” (Дан. 2:44). Құдай Патшалығы — көктегі жаңа үкімет — жердегі жаңа қоғамға билік ететін болады. Бұл туралы Киелі кітапта: “Әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жердің пайда болуын күтудеміз”,— делінген (Пет. 2-х. 3:13).
Құтқарылуға қазір аса мұқтажбыз
6. Киелі кітапта осы зұлым дүние қалай сипатталған?
6 Дұрыс пен бұрысты өздері шешуді қалаған Шайтан, Адам және Хауа Құдайға қарсы шықты. Сол уақыттан бастап адам баласы теріс жолға түсті. Дүниежүзілік Топан судың алдында, шамамен 1 600 жылдан кейін, “жер бетінде адамдар жасаған зұлымдықтар тым зор... жүрек қалаулары бойынша істегендерінің бәрі де жауыздыққа толы еді” (Жар. 6:5). Ал бұдан 1 300 жылдай уақыт өткен соң, Сүлеймен жер бетіндегі жағдайдың соншалықты жаман болып кеткенін көріп, былай деді: “Мен тірі жүргендерге қарағанда өліп кеткендерді бақытты санаймын. Ал әлі туылмағандар, күн астында болып жатқан зұлымдықты көрмегендер, олардан да бақытты” (Екк. 4:2, 3, ЖД). Енді, 3 000 жылдан астам уақыт өткізіп, біздің күнімізге келер болсақ, зұлымдық әлі де кең етек жаюда.
7. Неге қазір Құдайдың құтқаруына аса мұқтажбыз?
7 Жер бетінде зұлымдық ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқандықтан, құтқарылуға қазір аса мұқтажбыз. Соңғы ғасырда дүниедегі жағдай бұрын-соңды болмағандай күйге жетіп, әлі де нашарлауда. Мысалы, “Уорлдуотч” институтының мәлімдемесі бойынша, осы [XX] ғасырдағы соғыстың құрбаны болғандар бірінші ғасырдан 1899 жылға дейінгі барлық соғыстарда қаза болғандардан үш есе көп”. 1914 жылдан бері соғыстарда 100 миллионнан аса адам мерт болған. Бір энциклопедияда Екінші дүниежүзілік соғыста 60 миллионнан астам адамның қаза болғаны жазылған. Қазір бірнеше мемлекетте жер бетіндегі бүкіл адамзатты жойып жібере алатын ядролық қарулар бар. Сондай-ақ ғылым мен медицинаның дамығанына қарамастан, аштық пен індет жыл сайын 5 миллионға жуық баланың өмірін әкетуде (“Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 9-тарауын қара.).
8. Адамзаттың билігіне қатысты не дәлелденді?
8 Адам баласының ешбір әрекеті зұлымдықты тоқтата алмады. Осы дүниенің саяси, коммерциялық және діни ұйымдары адамзатқа ең қажетті тыныштық, табыс және денсаулық бере алмады. Олар қиындықтарды шешпек түгілі, көбейтіп жіберді. Шынында да, осындай жайт мыңдаған жылдар бұрын Киелі кітапта айтылған келесі сөздердің растығын дәлелдейді: ‘Өз бағыт-бағдарын белгілеу адам құзырында емес, жол жүріп бара жатқан пенденің табан тірер бағытты өзінің айқындауына шамасы жетпейді’ (Ерм. 10:23). Иә, ‘бір адам екінші адамға зиян келтіре отырып, әмір жүргізіп’ келеді (Екк. 8:9). Оның үстіне, ‘бүкіл жаратылыс толғақ азабы секілді бейнет шегіп, ыңқылдай күрсініп жатыр’ (Рим. 8:22).
9. Шынайы мәсіхшілер осы соңғы дәуірге қатысты нені біледі?
9 Біздің күндерімізге қатысты Киелі кітапта: “Соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады”,— деп пайғамбарлық етілген. Онда соңғы күндері адам баласының билігінің нәтижесінде болатын жағдайды айта келе: ‘Қара ниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасай бермек’,— делінген (Тімотеге 2-х. 3:1—5, 13 оқы). Мұның бәрі ‘бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отырғандықтан’ болып жатқанын мәсіхшілер біледі (Жох. 1-х. 5:19). Алайда Құдай өзін сүйетіндерді жақында құтқарады, яғни күн сайын нашарлап бара жатқан дүниеден құтқарады. Сондықтан бұл ізгі хабар болып табылады.
Құтқара алатын жалғыз Тұлға
10. Неге Ехоба ғана сенімді Құтқарушы?
10 Ізгі хабарды уағыздағанда, адамдарға жалғыз сенімді Құтқарушы — Ехоба екенін түсіндір. Қызметшілерін кез келген қиын жағдайдан алып шығуға Ехобаның ғана құдіреті жетеді, әрі ол мұны қалайды да (Ел. іс. 4:24, 31; Аян 4:11). Ехоба өз халқын әрқашан құтқаратынына және ниетін орындайтынына сенімді бола аламыз. Өйткені ол: “Мен қалай ойласам, дәл солай болады”,— деп сөз берген, ал сөзі өзіне “нәтижесіз оралмайды” (Ишая 14:24, 25; 55:10, 11).
11, 12. Ехоба қызметшілеріне қандай кепілдік берді?
11 Зұлымдарды соттағанда, Ехоба өз қызметшілерін құтқаратынына кепілдік берген. Ол Еремия пайғамбарға сөзін батылдықпен күнәкарларға жариялауды бұйырғанда, оған: “Қорықпа: өйткені сені пәле-жаладан құтқару үшін Мен сенің қасыңда боламын”,— деген (Ерм. 1:8). Сондай-ақ Ехоба Содом мен Ғомораны жоймақ болғанда, Лут пен отбасын сол аймақтан аман алып шығу үшін екі періштесін жібереді. Содан соң ‘Жаратқан Ие Содом мен Ғомораның үстіне аспаннан от аралас күкірт жаудырады’ (Жар. 19:15, 24, 25).
12 Тіпті жер жүзін жою керек болса да, Ехоба өз еркін орындап жүргендерді құтқара алады. Ежелгі зұлым дүниені топан сумен жойғанда, Ехоба ‘әділдікті уағыздаушы Нұх пайғамбар мен оның отбасы, барлығы сегіз-ақ адамды’ құтқарып қалған еді (Пет. 2-х. 2:5). Сол сияқты осы зұлым дүниені жойғанда, Ехоба тағы да әділдерді құтқаратын болады. Сондықтан оның Сөзінде былай делінген: “Жердегі күллі момындар, Ехобаны іздеңдер... әділдікті іздеңдер, момындықты іздеңдер. Сонда Ехобаның қаһарлы күні құтқарылуларың мүмкін” (Соф. 2:3, ЖД). Ақыр соңында “әділдер елді мекендейді,.. ал зұлымдар елден аластатылады” (Нақ. с. 2:21, 22).
13. Ехоба өліп кеткен қызметшілерін қалай құтқарады?
13 Алайда Құдайдың көптеген қызметшілері аурудан, қуғын-сүргіннен және басқа да себептерден өліп кетті (Мат. 24:9). Сонда, Құдай оларды қалай құтқарады? Жоғарыда айтылғандай, ‘әділетті... адамдар қайта тірілетін’ болады (Ел. іс. 24:15, Тт). Сондықтан Ехобаға өз қызметшілерін құтқаруға еш нәрсе кедергі бола алмайтынын білу қандай жұбаныш!
Әділ үкімет
14. Неліктен біз Құдай Патшалығының әділ үкімет екеніне сенімдіміз?
14 Уағыздап жүргенде, адамдарға Құдай Патшалығының әділ үкімет екенін түсіндір. Бұл солай да, өйткені Құдай — әділдік және сүйіспеншілік сияқты керемет қасиеттердің иесі (Заң. қ. 32:4; Жох. 1-х. 4:8). Ол өз Патшалығының Патшасы етіп Исаны тағайындады, себебі ол ғана жерге билік етуге лайықты. Сондай-ақ Ехоба 144 000 майланған мәсіхшілерді таңдап алып, оларды Мәсіхпен бірге жерге билік жүргізу үшін көктегі өмірге қайта тірілтуді ниет етті (Аян 14:1—5).
15. Құдай Патшалығының адамзат билігінен айырмашылығы қандай?
15 Иса мен 144 000 серіктесінің билігі мен кемелсіз адамдардың билігінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Жиі осы дүниедегі басшылар қатыгездікпен билік етеді, әрі қол астындағыларды соғысуға итермелейді, нәтижесінде миллиондаған адамның қаны төгіледі. Сондықтан да Жазбалардың “Құтқарылуы неғайбыл адамзат баласына” сенім артпауға кеңес бергені бізді таң қалдырмайды (Заб. 145:3). Бірақ Иса сүйіспеншілікпен билік ететін болады. Ол: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, Еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, Жуас, кіші пейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда жандарың. Себебі ыңғайлы — билігім Менің, Әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім”,— деген (Мат. 11:28—30).
‘Ақыр заман’ бітетін уақыт жақын!
16. ‘Ақыр заман’ қалай бітеді?
16 ‘Ақыр заман’ деп аталатын кезең 1914 жылдан бері жалғасып келеді (Мат. 24:3). Таяуда Иса “ауыр азап” деп атаған жағдай орын алады (Матай 24:21 оқы). Бұрын-соңды болмаған мұндай азап Шайтан дүниесінің жойылуына әкеп соғады. Ауыр азап қалай басталып, қалай аяқталады?
17. Ауыр азаптың қалай басталатыны жайлы Киелі кітапта не айтылған?
17 Ауыр азап аяқ астынан басталады. Шынында да, “Ехобаның күні (ЖД)” “жұрт “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деп жүргенде” күтпеген жерден келіп қалады (Салоникалықтарға 1-хат 5:3 оқы). Алдын ала айтылған ауыр азап халықтар өздерінің күрделі проблемаларын шешуге жақындап қалдық деп ойлаған кезде басталады. Дүниежүзілік жалған діндер империясы — ‘Ұлы Бабылдың’ кенеттен жойылғаны осы дүние үшін күтпеген жайт болады. Оның сотталғанын көрген патшалар мен басқалар таңғалады (Аян 17:1—6, 18; 18:9, 10, 15, 16, 19).
18. Ехоба халқына қарсы шабуыл жасалғанда, қалай әрекет етеді?
18 Ақыр соңында ‘күнде, айда, жұлдыздарда ғажайып белгілер пайда болады’ және Исаның ‘билеуші ретінде қайтып келуінің ғажайып белгісі аспаннан көрінетін болады’. Сонда біз ‘бастарымызды көтеріп, жоғары қараймыз, себебі құтқарылуымыз жақын!’ (Лұқа 21:25—28; Мат. 24:29, 30). Шайтан, немесе Гог, бар күшін Құдайдың халқына қарсы қояды. Бірақ адал қызметшілеріне жасалған шабуылға қатысты Ехоба былай дейді: “Кім сендерге тисе, менің көзіме тигені” (Зәк. 2:8, ЖД). Сондықтан Шайтанның шабуылы сәтсіз болады. Неге? Өйткені Әлемнің Әміршісі Ехоба қызметшілерін құтқару үшін бірден әрекет етеді (Езек. 38:9, 18).
19. Неге Құдайдың үкімін жүзеге асырушы әскері Шайтанның дүниесін жоятынына сенімді бола аламыз?
19 Құдай халықтарға қарсы шыққанда, ‘олар оның Ехоба екенін білетін’ болады (Езек. 36:23, ЖД). Ол үкімін жүзеге асырушы әскерін — Иса Мәсіх басқарған сансыз рухани жаратылыстарын — Шайтан дүниесінің қалған бөлігін жоюға жібереді (Аян 19:11—19). Бір періштенің Құдайдың “жүз сексен бес мың” жауын бір түнде жойып жібергені туралы оқиғаны есте ұстасақ, ауыр азаптың шарықтау шегі Һар-Магедонда көктегі әскер Шайтан дүниесінің түгін қалдырмай жоятынына сенімді боламыз (Пат. 4-ж. 19:35, ЖД; Аян 16:14, 16). Шайтан мен оның жын-перілері мың жыл түпсіз тұңғиыққа тасталып, ақыр соңында жойылатын болады (Аян 20:1—3).
20. Ехоба Патшалығы арқылы нені жүзеге асырады?
20 Осылайша жер жүзі зұлымдықтан тазарып, онда әділ адамдар мәңгі өмір сүретін болады. Ехоба өзінің Ұлы Құтқарушы екенін дәлелдейді (Заб. 144:20). Ол Патшалығы арқылы бүкіләлемдік билігі мен киелі есімін ақтайды және жерге қатысты ұлы ниетін жүзеге асырады. Адамдарға осы ізгі хабарды қуанышпен жариялап, “мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандарға” Құдай өзінің Патшалығы арқылы құтқаратын уақыты жақын екенін түсінуге көмектесе бер! (Ел. іс. 13:48, ЖД).
Естеріңде ме?
• Иса Патшалықтың маңызды екенін қалай көрсетті?
• Неге құтқарылуға қазір аса мұқтажбыз?
• Ауыр азап кезінде қандай оқиғалар орын алмақ?
• Ехоба өзінің Ұлы Құтқарушы екенін қалай дәлелдейді?
[12, 13-беттердегі суреттер]
Бүгінде бұрын-соңды болмаған уағыз ісі жүретіні Құдай Сөзінде алдын ала айтылған
[15-беттегі сурет]
Ехоба Нұх пен оның отбасын құтқарғандай, бізді де құтқара алады
[16-беттегі сурет]
Ехоба “барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады... қайтып өлім... болмайды” (Аян 21:4).