‘Мырза! мінажат етуді бізге үйретіңізші’
‘Шәкірттерінің бірі Оған: — Мырза! Мінажат етуді бізге үйретіңізші,— деді’ (ЛҰҚА 11:1).
1. Неге шәкірттерінің бірі Исадан дұға етуді үйретуін өтінді?
БІРДЕ б. з. 32 жылы шәкірттерінің бірі Исаның дұға айтып жатқанын бақылап тұрады. Дұға іштей айтылса керек, сондықтан ол Исаның Әкесіне не айтып жатқанын ести алмайды. Сөйтсе де, дұға айтып болған соң Исадан: “Мырза!.. Сіз де бізге үйретіңізші”,— деп өтінеді (Лұқа 11:1). Бұндай өтініш жасауға не түрткі болды? Дұға айту яһуди халқының күнделікті өмірінің де, Құдайға ғибадат етуінің де ажырамас бөлігі болған. Еврей жазбаларындағы Забур жырлары мен басқа да кітаптарда көптеген дұғалар жазылған. Сондықтан шәкірт бұрын-соңды көрмеген, білмеген нәрсені үйрет деп өтініп тұрған жоқ еді. Ол яһуди дінбасыларының жаттанды түрде айтатын дұғаларын жақсы білгені сөзсіз. Алайда Исаның қалай дұға еткенін көріп, оның дұғасы мен өзін құдайшыл етіп көрсететін яһуди дінбасыларының дұғасының арасында үлкен айырмашылық барын байқаса керек (Матай 6:5—8).
2. а) Иса үлгілі дұғаны сөзбе-сөз қайталап айтудың қажеті жоқ екенін қалай көрсетті? ә) Неге біз дұға етудің дұрыс жолын білгіміз келеді?
2 Осыдан шамамен он сегіз ай бұрын, Таудағы уағызында Иса шәкірттеріне Құдайға мінажат етудің немесе дұға етудің үлгісін көрсеткен еді (Матай 6:9—13). Сол жолы әлгі шәкірті араларында болмаған болса керек, сондықтан Иса жылы ықыласпен үлгілі дұғаның басты ойларын қайтадан айтып береді. Ескеретін бір жай, ол дұғаны сөзбе-сөз қайталап шыққан жоқ. Бұдан Исаның діни рәсім етіп жаттанды түрде айтатын дұға үйретпегенін көреміз (Лұқа 11:1—4). Есімі белгісіз сол шәкірті сияқты біз де Ехобаға жақындайтындай дұрыс дұға етуді үйренгіміз келеді. Олай болса, елші Матайдың кітабында жазылған үлгілі дұғаны тереңірек қарастырайық. Онда жеті түрлі өтініш жазылған: үшеуі Құдайдың ниетіне қатысты, ал төртеуі тәндік және рухани қажеттіліктерімізге қатысты. Осы мақалада оның алғашқы үшеуін қарастырамыз.
Сүюші Әке
3, 4. Ехобаны Әкеміз деп шақырғанымыз нені білдіреді?
3 Иса бастапқы сөздерімен дұғаларымыздан Ехобаны өте жақын тартатынымыз, сонымен қатар құрмет тұтатынымыз байқалу керек екенін көрсетті. Ең алдымен, таудың баурайында қасына жиналған шәкірттерінің қамын ойлап, оларға Ехобаны “Көктегі Әкеміз” деп шақыру керектігін айтты (Матай 6:9). Исаның “Әке” дегенді — кең тараған еврей диалектісінде ме, әлде арамей ме — қай тілде айтқаны белгісіз. Қандай болған күнде де, ол — бір теологтың айтуынша, әдетте “кішкене баланың айтатын сөзіне” жақын сөз. Біздің Ехобаны “Әкеміз” деп шақырғанымыз оған деген ыстық сезіміміз бен сенімімізді көрсетеді.
4 Сонымен қатар Ехобаны біздің “Әкеміз” дегенде, оның Өмір беруші екенін мойындайтын үлкен адамзат отбасының мүшесі екенімізді дәлелдейміз (Ишая 64:8; Елшілердің істері 17:24, 28). Киелі рухпен майланған мәсіхшілерді ‘Құдай рухани балалары’ еткендіктен, олар “Абба, Әке!” деп шақыра алады (Римдіктерге 8:14, 15, сілтемеге қара). Ал миллиондаған адамдар олардың адал серігі болып, өз өмірлерін Ехобаға бағыштады, әрі мұны шомылдыру рәсімінен өту арқылы білдірді. Сондықтан осы “басқа қойлар” да Ехобаны Иса арқылы “Әкеміз” деп шақыра алады (Жохан 10:16; 14:6). Дұға арқылы біз үнемі көктегі Әкемізге жасаған бар игілігі үшін мадақтап, ризашылық білдіре аламыз және қамымызды ойлайтынына күмәнданбай, уайымымызды сеніп тапсыра аламыз (Філіпіліктерге 4:6, 7; 1 Петір 5:6, 7).
Ехобаның есіміне деген сүйіспеншілік
5. Үлгілі дұға қандай өтініштен басталды және неліктен ол орынды?
5 Үлгілі дұғадағы алғашқы сөздер бірден ең маңызды жайтқа көңіл бұрады: “Сенің киелі есімің қастерлене берсін” (Матай 6:9). Иә, Ехобаның есімінің қастерленуі біз үшін ең маңыздысы болу керек, өйткені біз оны сүйеміз және оның есімін қорлайтын нәрселердің бәрін жек көреміз. Шайтанның бүлік шығаруы және тұңғыш адам жұбының тілазар болуына ықпал етуі Ехобаның бүкіләлемдік билігін дұрыс жүргізіп жатқанына күмән тудырып, есіміне кір келтірді (Жаратылыс 3:1—6). Оның үстіне, Ехобаның есіміне қаншама ғасырлардан бері өздерін құдайшыл деп есептейтіндердің масқара істері мен ілімдері кір келтіріп келді.
6. Ехобаның есімінің қастерленуін өтініп дұға ететін болсақ, неден аулақ боламыз?
6 Құдай есімінің қастерленуін өтініп дұға еткеніміз біздің бүкіләлемдік даулы мәселеде кімнің жағында тұрғанымызды, яғни Ехобаның бүкіл әлемге билік етуге құқылы екенін толық қолдайтынымызды, көрсетеді. Ехоба бүкіл әлемде өзін және өзінің есіміне байланыстының бәрін сүйгендіктен, әділ билігіне ықыласпен, қуана мойынсұнатын саналы жаратылыстардың ғана тіршілік еткенін қалайды (1 Шежірелер 29:10—13; Забур 8:2; 148:13). Ехобаның қасиетті есіміне деген сүйіспеншілігіміз оны қорлауы мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуымызға көмектеседі (Езекиел 36:20, 21; Римдіктерге 2:21—24). Бүкіл Әлемнің және онда тіршілік етушілердің тыныштығы — Ехобаның есімінің қастерленуі мен оның бүкіләлемдік билігіне сүйіспеншілікпен мойынсұнуына байланысты. Сондықтан “есімің қастерлене берсін” деген дұғамыз Ехоба өз ниетін есімі мадақталатындай етіп жүзеге асыратынына сенімді екенімізді білдіреді (Езекиел 38:23).
Патшалығың осында орнасын!
7, 8. а) Иса үйреткен дұғадағы Патшалық деген не? ә) Даниял мен Аян кітаптарынан осы Патшалық туралы не білдік?
7 Үлгілі дұғадағы екінші өтініш: “Патшалығың осында орнасын!” (Матай 6:10). Бұл өтініш алғашқысымен тығыз байланысты. Өйткені Ехоба қасиетті есімінің қастерленуі үшін өз Ұлын, яғни Иса Мәсіхті патшасы етіп тағайындаған Патшалықты, немесе көктегі үкіметті, қолданады (Забур 2:1—9). Даниял пайғамбар Мәсіхтің Патшалығын “таудан” бөлінген “тас” ретінде бейнеледі (Даниял 2:34, 35, 44, 45). Тау Ехобаның бүкіләлемдік билігін білдіреді, олай болса, тас болып бейнеленген Патшалық — сол билігінің басқалай көрініс алған түрі. Пайғамбарлық бойынша, “тас алып тауға айналып, бүкіл жер жүзін толтырып жіберді”. Бұл Мәсіхтің Патшалығы бүкіл жер жүзіне Құдайдың билігін орнататынын білдіреді.
8 Бұл Патшалықта Исамен бірге “адамзат арасынан төлемдері өтеліп” алынған 144000 діни қызметкерлер мен патшалар болады (Аян 5:9, 10; 14:1—4; 20:6). Даниял олардың “Құдай Тағаланың қасиеттілері” ретінде басшылары Мәсіхпен бірге “патшалық пен білікті, аспан астындағы патшалық ұлылықты” қабылдайтынын және ‘олардың патшалығы мәңгілік’ болатынына және ‘барлық билеушілер оларға қызмет етіп, мойынсұнатынына’ нұсқайды (Даниял 7:13, 14, 18, 27). Иса шәкірттеріне үйреткен дұғадағы көктегі үкімет осындай.
Неге Патшалықтың орнауын сұрап дұға ете беру керек?
9. Құдай Патшалығының орнауын сұрап дұға ету неге орынды?
9 Үлгілі дұғада Иса Құдай Патшалығының орнауын сұрап дұға етуді үйреткен. Киелі кітап пайғамбарлықтарының орындалуы осы Патшалықтың 1914 жылы көкте орнағанын көрсетеді.a Олай болса, бүгінгі күні Патшалық “орнасын” деп дұға ету орынды ма? Орынды. Өйткені Даниял пайғамбарлығы бойынша Мәсіхтің Патшалығын білдіретін тас адамзат басшыларын бейнелейтін мүсінді келіп соғуы керек. Ол тас мүсінге қарсы әлі жылжып келеді, соқтығысқанда оны күл-талқан етеді. Бұл жайында: “Бұл патшалық басқа халыққа берілмейді; ол барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады”,— делінген (Даниял 2:44).
10. Неге Құдай Патшалығы орнайтын уақытты асыға күтеміз?
10 Құдай Патшалығы Шайтанның зұлым дүниесіне қарсы шығатын уақытты асыға күтудеміз, себебі осы әрекеттің арқасында Ехобаның есімі қастерленеді және оның билігіне қарсы шыққандардың бәрі жойылады. Біз бар ықыласымызбен: “Патшалығың осында орнасын” деумен қатар, елші Жоханмен бірге “Иеміз Иса, келе гөр!” — деп дұға етеміз (Аян 22:20). Забур жыршысының: “Ехоба есімді Сен ғана бүкіл жер бетіндегілердің барлығынан да Ең Жоғарғы екеніңді білсін”,— деген сөзі орындалу үшін Исаның Ехобаның есімін қастерлеу және оның билігін ақтау үшін келгенін қалаймыз (Забур 83:18, ЖД; [82:19]).
‘Сенің еркің орындала берсін!’
11, 12. а) Құдайдың ‘еркі көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін’ деп дұға еткенде, біз нені өтінеміз? ә) Ехобаның еркінің орындалуы туралы дұға еткеніміз тағы нені білдіреді?
11 Исаның келесі үйреткені: “Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” — деп дұға ету (Матай 6:10). Бүкіл Әлем Ехобаның еркімен бар болған. Құдіретті аспан жаратылыстары: “Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді”,— деп дауыстайды (Аян 4:11). Ехобаның ‘көк пен жердегілердің бәріне’ қатысты ниеті бар (Ефестіктерге 1:8—10). Құдай еркінің орындалуы туралы дұға еткеніміз, шын мәнінде, Ехобадан өз ниетін жүзеге асыруы туралы өтінгеніміз болып табылады. Оның үстіне, Құдайдың еркі бүкіл Әлемде орындалатын уақытты асыға күтетінімізді көрсетеміз.
12 Сондай-ақ бұндай дұға Құдайдың еркіне сай өмір сүруге дайын екенімізді көрсетеді. Иса: “Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған нәр болады”,— деген (Жохан 4:34). Өз өмірін Құдайға бағыштаған мәсіхшілер ретінде біз де Иса секілді Құдайдың еркін орындаудан қуаныш табамыз. Ехоба мен оның Ұлына деген сүйіспеншілігіміз өмірімізді ‘ескі күнәкар болмыстарымыздың құмарлықтарына сай емес, Құдайдың еркіне бағынып өткізуге’ талпындырады (1 Петір 4:1, 2; 2 Қорынттықтарға 5:14, 15). Ехобаның еркіне қайшы келетін іс-әрекеттерден қашық болуға тырысамыз (1 Салониқалықтарға 4:3—5). Киелі кітапты оқып, зерттеуге қолайлы уақытты босату арқылы, “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды” құлшына жариялау да жататын, ‘Ехобаның еркін ұға түсеміз’ (Ефестіктерге 5:15—17, ЖД; Матай 24:14).
Ехобаның көктегі еркі
13. Шайтанның бүлігінен ұзақ уақыт бұрын Құдайдың еркі қалай орындалып жатқан еді?
13 Ехобаның еркі бір рухани ұлының бүлік шығарып, Шайтанға айналуынан көп уақыт бұрын көкте орындалып жатқан болатын. Нақыл сөздер кітабында Құдайдың тұңғыш Ұлы даналықтың бейнесі ретінде суреттелген. Сондай-ақ Құдайдың жалғыз Ұлының есепсіз ұзақ уақыт бойы Әкесінің ‘көз алдында әрдайым шаттанып’, оның еркін қуана орындағаны айтылған. Нәтижесінде ол “көктегі, жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін нәрселердің бәрін” жаратып, Ехобаның “шебер жұмысшысына” айналған (Нақыл сөздер 8:22—31, ЖД; Қолостықтарға 1:15—17). Ол Ехобаның Сөзі немесе Өкілі болған (Жохан 1:1—3).
14. Забур 102-ден періштелердің көкте Құдайдың еркін қалай орындайтыны жайлы не білеміз?
14 Ехобаның билігі бүкіл жаратылыстарына жүреді және қыруар періштелер Құдайдың басшылығы мен бұйрығына құлақ асады. Оны забур жыршысы былай көрсетеді: “Жаратқан көкте орнатты өз тағын, Оның Патшалығы билейді барлығын. Иенің сөзіне құлақ салатын, Оның айтқанын іске асыратын құдіреті күшті періштелері, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар! Тәңір Иенің еркін орындайтын қызметшілері, көктегі топтары, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар! Тәңір Иенің билігі астында Жүретін барлық жаратқандары, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар” (Забур 102:19—22).
15. Исаның Патшалық билікке келуі Құдай еркінің көкте орындалуына қалай ықпал етті?
15 Бүлік шығарғаннан кейін Шайтанның көкте қалуына тиым салынған жоқ, бұл Әйүп кітабынан белгілі (Әйүп 1:6—12; 2:1—7). Алайда Аян кітабында Шайтан мен оның жын-перілерінің көктен қуылатын уақыты келетіні алдын ала айтылған. Бұл уақыт Иса Мәсіхтің 1914 жылы Патшалық билігін алғаннан кейін көп ұзамай келгенге ұқсайды. Сол кезден бастап бүлікшілер үшін көкте орын жоқ. Енді тек Жердің төңірегінен басқа жерге жол жабылды (Аян 12:7—12). Енді көкте дауласқандардың емес, тек “Тоқтыны”, Иса Мәсіхті, қарсы алғандар мен Ехобаның билігіне мойынсұнып, оны мадақтағандардың ғана даусы естіледі (Аян 4:9—11). Ехобаның еркі көкте шынында да орындалып жатыр.
Ехобаның жерге қатысты еркі
16. Үлгілі дұғадағы сөздер адамзаттың үмітіне қатысты христиан әлемінің ілімін қалай жоққа шығарады?
16 Христиан әлемінің шіркеулері барлық жақсы адам өлгенде аспанға кетеді деп оқытып, Құдайдың жерге қатысты еркін жоққа шығарады. Алайда Иса: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” — деп дұға етуді үйреткен (Матай 6:10). Қазір жер беті зұлымдыққа, әділетсіздікке, ауру-сырқау мен кісі өліміне толы болып жатқан уақытта Құдайдың еркі жер бетінде орындалып жатыр деуге бола ма? Әрине, жоқ! Олай болса, Құдайдан өз уәдесіне сай еркін жерде де орындауын бар ықыласымызбен өтініп дұға етуіміз керек. Сол уәде жөнінде елші Петір былай деді: “Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан [Мәсіх басқарған үкімет] мен жаңа жердің [әділ адамзат қоғамы] пайда болуын күтудеміз” (2 Петір 3:13).
17. Ехобаның жерге қатысты ниеті қандай?
17 Ехоба жерді белгілі бір ниетпен жаратқан. Оның рухының жетелеуімен жазылған Ишая пайғамбарлығында былай делінген: “Аспанды жасаған Жаратқан Ие — шынайы Құдай. Ол жерді де қалыптастырып, нығайтты. Оны ретсіз, бос тұру үшін емес, мекендеу үшін жаратты. Құдай былай дейді: — Мен Жаратқан Иемін, Менен өзге құдай жоқ!” (Ишая 45:18). Құдай алғашқы адам жұбын жұмақ бағына орналастырып, оларға: “Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар!” — деген тапсырма берді (Жаратылыс 1:27, 28; 2:15). Бұдан Ехобаның о бастағы ниеті жер бетін өзінің билігіне қуана мойынсұнып, Иса жерге келгенде уәде еткен жұмақта мәңгі өмір сүретін кемелді әрі әділ адамзатқа толтыру екені анық көрініп тұр (Забур 36:11, 29; Лұқа 23:43, ЖД).
18, 19. а) Құдайдың еркі толығымен орындалмас бұрын қандай жайт болуға тиіс? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
18 Ехобаның билігіне қарсыласатын адамдар жер басып жүргенде, оның жерге қатысты еркі ешқашан толық орындалмайды. Құдай Иса басқарған құдіретті рухани күштер арқылы ‘жерді құртқандардың өздерін құртпақ’. Шайтанның зұлым дүниесі жалған діндерімен, жемқорлыққа салынған саясатымен, ашкөз әрі алаяқ сауда-саттық жүйесімен, жойқын әскери күштерімен қоса біржола жоқ болады (Аян 11:18; 18:21; 19:1, 2, 11—18). Ехобаның бүкіләлемдік билігі ақталып, есімі қастерленеді. Біздің: “Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін, Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!” — деген дұғамыз осының бәрін қамтиды (Матай 6:9, 10).
19 Алайда Иса үлгілі дұғада жеке басымызға қатысты нәрселер жайлы да дұға етуге болатынын көрсетті. Соған байланысты не нәрсеге үйреткені келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл аударыңдар!” (ор.) кітабының 6-тарауын қараңдар.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Неге Ехобаны “Әкеміз” деп шақырған орынды?
• Неге Ехобаның есімінің қастерленуін өтініп дұға ету ең маңыздысы?
• Неге Құдай Патшалығының орнауын өтініп дұға етеміз?
• Құдай еркінің көкте орындалғанындай, жерде де орындала беруін өтініп дұға ету нені білдіреді?
[19-беттегі сурет]
Исаның дұғалары екі жүзді парызшылдардікіне мүлдем ұқсамайтын
[20-беттегі сурет]
Мәсіхшілер Құдай Патшалығының келуін, есімінің қастерленуін және еркінің орындалуын өтініп дұға етеді