Лұқа
11 Бірде Иса дұға етіп отырды. Ол аяқтағанда, шәкірттерінің бірі: “Ием, Жақия өз шәкірттеріне дұға етуді үйреткендей, сіз де бізге үйретіңізші”,— деді.
2 Сонда Иса мынаны айтты: “Дұға еткенде, былай деңдер: — Әке, сенің есімің киелі болсын*+! Сенің Патшалығың келсін+! 3 Күн сайын қажетті нанымызды бере көр+. 4 Біздің күнәларымызды кешіре көр+, өйткені біз де өзімізге қарыздар әркімді кешіреміз+. Азғырылуымызға жол бере көрме+”.
5 Иса сөзін жалғап былай деді: “Араларыңдағы біреуіңнің досы бар делік. Ол түн ортасында сол досына барып: —Досым, маған үш нан бере тұршы. 6 Жолаушылап бір жолдасым келіп қалған еді, соған беретін ештеңем болмай тұр,— дейді. 7 Сонда үй иесі іштен: —Мені мазаламашы! Есік бекітулі, бала-шағамызбен жатып қалдық. Енді тұрып, саған ештеңе бере алмаймын,— деп жауап береді. 8 Сендерге мынаны айтамын: ол оған қажетін досы болғаны үшін бермесе де, қадалып сұрап тұрып алғандықтан+ береді. 9 Сондықтан сендерге мынаны айтамын: сұрай беріңдер+, сонда беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда ашылады+. 10 Себебі сұрай берген әркім алады+, іздей берген табады, қаға бергенге есік ашылады. 11 Қандай әке баласы балық сұраса, жылан берер еді+? 12 Ал жұмыртқа сұраса, шаян берер еді? 13 Демек, сендер күнәкар бола тұра, балаларыңа жақсы сый беруді білсеңдер, көктегі Әкенің өзінен сұрағандарға киелі рух беретіні еш шүбәсіз+!”
14 Кейінірек Иса бір кісінің бойынан адамды мылқау ететін жынды қуып шығарды+. Жын қуылған соң, әлгі мылқау сөйлей бастады. Бұған жұрт қайран қалды+. 15 Бірақ кейбіреулері: “Ол жындарды жындардың әміршісі Белзебүлдің* күшімен қуып шығарады”,— деді+. 16 Басқалары болса оны сынау үшін көктен белгі көрсетуін талап етті+. 17 Олардың ойын білген+ Иса былай деді: “Жікке бөлінген әрбір патшалық күйрейді, жікке бөлінген отбасы да ойран болады. 18 Сол сияқты, Шайтан өзара жікке бөлінсе, оның патшалығы қалайша берік тұра алады? Ал сендер мені жындарды Белзебүлдің күшімен қуып шығарады дейсіңдер. 19 Егер мен жындарды Белзебүлдің күшімен қуып шығаратын болсам, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен шығарады? Сондықтан қателесіп тұрғандарыңды өз шәкірттерің әшкерелейді. 20 Ал мен жындарды Құдайдың рухымен*+ қуып шығаратын болсам, онда Құдай Патшалығының сендерге келіп қалғаны+. 21 Жақсы қаруланған күшті адам үйін күзетіп жүрсе, дүние-мүлкіне ешкім тиіспейді. 22 Бірақ одан да күшті біреу келіп, оны жеңсе, әлгінің сеніп жүрген бүкіл қару-жарағын тартып алады да, қолға түскен олжаны басқаларға бөліп береді. 23 Кім менің жағымда болмаса, сол маған қарсы. Кім менімен бірге жинамаса, сол шашады+.
24 Жын адамнан шыққаннан кейін, шөл даланы кезіп, баспана іздеп, таппайды да: —Шыққан үйіме қайта барайын,— дейді+. 25 Қайтып келгенде, үйдің тазартылып, сәнделіп қойылғанын көреді. 26 Содан ол барып, өзінен де зұлым тағы жеті жынды ертіп келеді де, сол жерге кіріп, тұрақтап алады. Сонда әлгі адамның кейінгі жағдайы бастапқысынан да мүшкіл болады”.
27 Иса осы сөздерді айтып тұрғанда, халық арасынан бір әйел қатты дауыстап: “Сені құрсағында көтерген әрі емізген әйел бақытты!”— деді+. 28 Бірақ ол: “Жоқ, Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты!”+— деді.
29 Айналасына көп жұрт жиналғанда, Иса былай деп сөзін бастады: “Осы ұрпақ — зұлым ұрпақ. Ол белгі көрсетілгенін қалайды, бірақ оған Жүніс пайғамбардың белгісінен басқа белгі көрсетілмейді+. 30 Жүніс+ ниневиялықтар үшін белгі болғанындай, Адам Ұлы да осы ұрпақ үшін белгі болады. 31 Сот күні оңтүстік патшайымы+ осы ұрпақтың адамдарымен бірге қайта тіріліп, оларды айыптайды. Өйткені ол Сүлейменнің дана сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келген еді. Бірақ мұнда Сүлейменнен де зор біреу бар+. 32 Сот күні ниневиялықтар осы ұрпақпен бірге қайта тіріліп, оны айыптайды. Өйткені Жүністің уағызын естігенде, олар күнәларына өкінген еді+. Бірақ мұнда Жүністен де зор біреу бар. 33 Шам жаққан адам оны жасырын жерге немесе ыдыспен бүркеп қоймайды. Қайта, үйге кіргендер жарықты көре алу үшін шамдалға қояды+. 34 Дененің шамы — көз. Сондықтан көздеріңді бір-ақ нәрсеге тіксеңдер, бүкіл денелерің де жарық болады. Жаман нәрсеге қарасаңдар*, бүкіл денелерің қараңғы болады+. 35 Сондықтан байқаңдар, бойларыңдағы жарық қараңғылық болып жүрмесін! 36 Егер денелерің түгелдей жарық болып, еш қараңғы жері қалмаса, онда ол сәулесін шашып тұрған шам іспетті түгелдей жарық болады”.
37 Иса сөзін аяқтағанда, бір парызшыл оны тамаққа шақырды. Иса оның үйіне барып, дастарқан басына жантайды. 38 Парызшыл оның тамақ ішер алдында қолын жумағанын* көріп, таңғалды+. 39 Алайда Иеміз Иса былай деді: “Парызшылдар, сендер ыдыс-аяқтың сыртын тазалайсыңдар, бірақ ішкі дүниелерің ашкөздік пен зұлымдыққа толы+. 40 Түйсіксіздер! Сыртын жаратқан ішін де жаратты емес пе? 41 Ішкі дүниелеріңде бар нәрседен қайыр-садақа беріңдер. Сонда барлық жағынан таза боласыңдар. 42 Парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! Өйткені жалбыз, рута және осы сияқты басқа да шөптердің оннан бір бөлігін бересіңдер+, бірақ әділдік пен Құдайға деген сүйіспеншілікті елемейсіңдер. Біріншісін де істеп, екіншісін де елеусіз қалдырмауларың тиіс еді+. 43 Парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі мәжілісханаларда алдыңғы орындарда отырғанды, базар алаңдарында жұрттың өздеріңе құрмет көрсетіп сәлем бергенін жақсы көресіңдер+. 44 Сендер қасіретке қаласыңдар! Өйткені белгісі жоқ молаларға ұқсайсыңдар+, адамдар оларды байқамай, үстін басып өтеді”.
45 Сонда Мұса Заңын жетік білетін бір кісі: “Ұстаз, бұл сөздеріңізбен бізді де ренжітіп жатырсыз”,— деді. 46 Бұған Иса: “Мұса Заңын жетік білетіндер, сендер де қасіретке қаласыңдар! Өйткені адамдарға тым ауыр жүк артасыңдар, ал өздерің оған саусақтарыңды да тигізбейсіңдер!”+— деді.
47 “Сендер қасіретке қаласыңдар, өйткені пайғамбарларға арнап мола саласыңдар, бірақ оларды өлтірген — өз ата-бабаларың+. 48 Сендер ата-бабаларыңның істерін білесіңдер, сөйте тұра оларды мақұлдайсыңдар: олар пайғамбарларды өлтірді+, ал сендер сол пайғамбарларға молалар салып жатырсыңдар. 49 Сондықтан Құдай өзінің даналығымен былай деген: “Мен оларға пайғамбарлар мен елшілерді жіберемін. Бірақ олар біреулерін өлтіріп, біреулерін қудалайды. 50 Осылайша дүниенің негізі қаланғаннан* бері барлық пайғамбардың төгілген қаны үшін осы ұрпақ жауап береді+. 51 Олар Әбілдің қанынан бастап+, құрбандық ошағы мен ғибадатхананың арасында өлтірілген Зәкәрияның қанына дейін+ жауапты болады”. Иә, сендерге мынаны айтамын: олардың қаны үшін осы ұрпақ жауапты болады.
52 Мұса Заңын жетік білетіндер, сендер қасіретке қаласыңдар! Өйткені білімнің кілтін тартып алдыңдар. Өздерің де кірмедіңдер, кіргісі келетіндерге де кедергі жасайсыңдар+!”
53 Иса сол жерден кете бергенде, дін мұғалімдері мен парызшылдар жан-жақтан қыспақтап, көптеген сұрақтар жаудырып, 54 оны сөзден ұстау үшін әрбір сөзін аңдыды+.