Құдайға толығымен арқа сүйейсің бе?
‘Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлаңдар!’ (МАТАЙ 6:33).
1, 2. Бір жас жігіт не істеді және неліктен?
БІР жас жігіт өз қауымына көбірек пайдасын тигізгісі келеді. Бірақ жұмысы қауым кездесулеріне үзбей келіп тұруына кедергі жасайтын. Ол не істеді екен? Қарапайым өмір кешуді шешкен ол бұл жұмысын тастап, уақыт өте келе мәсіхшілер ісіне атсалысуына мүмкіндік беретін басқа жұмыс тауып алады. Қазір бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз табыс табады, бірақ мұнысы отбасын қамтамасыз етуіне жетеді, сондай-ақ қауымға да әлдеқайда көбірек қолғабыс етуіне мүмкіндік береді.
2 Бұл жігіттің неге осындай қадам жасағанын түсінесің бе? Егер осыған ұқсас жағдайға тап болсаң, сен де солай ете алар ма едің? Мақтауға тұрарлық бір жайт, осылай етіп жатқан мәсіхшілер көп, әрі олардың әрекеттері Исаның: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді”,— деген уәдесіне сенім артатындарын көрсетеді (Матай 6:33). Олар осы дүниеде болашаққа берік негіз қалауға болады деген ойдан аулақ, қайта, Ехобаға толығымен арқа сүйейді (Нақыл сөздер 3:23, 26).
3. Неге кейбіреулер бүгінде Құдай Патшалығын бірінші орынға қою тиімді екеніне күмәндануы мүмкін?
3 Қазіргі заманымыздың қиын екенін ескерер болсақ, кейбіреулер әлгі жас жігіт дана шешім қабылдады ма деп ойлайтын шығар. Бүгінде қоғамның бір табы қатты жоқшылықта өмір сүрсе, ал өзге бір табы бұрын-соңды болмағандай аса бақуатты тұрмыс кешуде. Кедей елдерде тұратындардың басым көпшілігі жағдайларын сәл де болса жақсарту үшін кез келген мүмкіндікті қалт жібермес еді. Әл-ауқатты елдерде тұратындар да экономиканың тұрақсыздығы, еңбек нарығындағы өзгерістер, жұмыс берушілердің талаптары бұрынғыдан күшейіп жатқанының салдарынан бақуатты тұрмыс жағдайларын сақтап қалуға көп күш салуға мәжбүр. Күн көру оңай емес екенін ескерсек, кейбіреулер: “Қазір де ең алдымен Патшалықтың қамын ойлау тиімді ме?”— деп сұрайтын шығар. Бұл сұраққа жауап беру үшін, Исаның бұл сөздерді кімге айтқанын қарастырайық.
“Уайымдамаңдар!”
4, 5. Құдай халқының күнделікті тіршілік қамын тым уайымдамағандары дұрыс екенін Иса қалай көрсетті?
4 Иса Ғалилеяда болғанда, түрлі жерден келген қалың жұртқа сөйлеген (Матай 4:25). Оның ішінде байлар жоқтың қасы еді, басым көпшілігі кедей болғанға ұқсайды. Сөйткенмен де Иса оларды дүние-мүлік емес, одан әлдеқайда құнды рухани байлық жинауды бірінші орынға қоюға шақырды (Матай 6:19—21, 24). Ол: “Не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой!”— деді (Матай 6:25).
5 Сол жердегілердің көбісіне Исаның сөздері өмірде қолдануға тиімсіз болып көрінген шығар. Өйткені олар егер ауыр еңбек етпесе, отбастары қиналып қалатынын білетін. Бірақ Иса олардың естеріне құстарды салады. Құстар бір күндік тамағын ғана тауып жейді, бірақ Ехоба оларды асырайды. Иса сондай-ақ Ехоба Сүлейменнің сән-салтанатынан да асып түсетін дала гүлдерінің де қамын ойлайтынын еске салды. Егер ол құстар мен гүлдердің қамын ойлайтын болса, біздің қамымызды одан да бетер ойламай ма?! (Матай 6:26—30) Иса айтқандай, біздің жанымыз бен тәніміз ішер ас пен киер киімнен әлдеқайда артық. Егер бар күшімізді тек қана тамақ пен киім табуға жұмсайтын болсақ, Ехобаға қызмет етуге шамамыз келмей, нәтижесінде өмірдің басты мақсатын жоғалтып аламыз (Екклесиаст 12:13).
Байсалды көзқарас
6. а) Мәсіхшілер не істеуге міндетті? ә) Мәсіхшілер кімге толығымен арқа сүйейді?
6 Әрине, Иса тыңдаушыларын жұмыс істемей, Құдай өзі асырайды ғой деп, қол қусырып отыруға шақырған жоқ. Тіпті құстар да өздерін және балапандарын асырау үшін тамақтарын іздеулері керек қой. Олай болса, мәсіхшілер де ішіп-жегілері келсе, еңбектенулері қажет еді. Олар отбасындағы жауапкершіліктерін атқаруға тиіс-тін. Мәсіхші болған басыбайлы қызметшілер мен құлдар қожайындарына ынта-жігермен жұмыс істеулері керек болатын (Салониқалықтарға 2-хат 3:10—12; Тімотеге 1-хат 5:8; Петірдің 1-хаты 2:18). Елші Пауыл күнін көру үшін, жиі еңбек етіп, шатыр жасаумен айналысқан (Елшілердің істері 18:1—4; Салониқалықтарға 1-хат 2:9). Десе де сол мәсіхшілер осы дүниелік жұмысқа емес, Ехобаға арқа сүйеді. Осының нәтижесінде олар өзгелерге беймәлім жан тыныштығын сезінген. Забур жыршысы: “Құдайға арқа сүйейтіндер Сион тауы сияқты мызғымайды, мәңгі бақи қалады”,— деген (Забур 124:1).
7. Ехобаға толығымен арқа сүйемейтін адамдар қандай көзқараста болуы мүмкін?
7 Ехобаға толығымен арқа сүйемейтін адамдар басқаша ойлауы мүмкін. Олардың басым көпшілігі байлыққа қол жеткізу болашақтың берік негізі деп есептейді. Сондықтан да ата-аналар балаларын ертеңгі күні жақсы табыс табатын маман иесі болып шықсын деген үмітпен жастық шағының көп уақытын жоғары білім алуға арнауға талпындырады. Өкінішке орай, кейбір мәсіхші отбасыларының мұның қаншалықты қымбатқа түсетініне көздері жетті, өйткені балаларының назары рухани нәрселерден тайып, дүние табудың соңына түсіп кетті.
8. Мәсіхшілер қандай байсалды көзқарас сақтайды?
8 Сол себепті де ақылды мәсіхшілер Исаның берген кеңесінің дәл бірінші ғасырдағыдай құны бар екенін түсінеді, әрі байсалды көзқарас сақтауға тырысады. Киелі кітапта айтылған міндеттерін атқару үшін тіпті жұмысқа көп уақыттарын кетіруге тура келсе де, олар ақша табудың әлдеқайда маңызды рухани істерді назарларынан тыс қалдыруына ешқашан жол бермейді (Екклесиаст 7:12).
Тым уайымға салынбаңдар
9. Ехобаға толығымен арқа сүйейтіндерді Иса не нәрсеге сендіреді?
9 Иса өзінің Таудағы уағызында тыңдаушыларын мынаған шақырды: “Не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! Тәңірге мойынсұнбағандар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой” (Матай 6:31, 32). Неткен көңілге жігер беретін сөздер! Егер Ехобаға толығымен арқа сүйейтін болсақ, ол барлық уақытта қол ұшын беруге дайын. Дегенмен де Исаның сөздері ойландырып тастайды. Олар мынаны есімізге салады: егер материалдық нәрселерге “тынымсыз” ұмтылатын болсақ, онда Ехобаға мойынсұнбайтын адамдар сияқты ойлайтын болғанымыз.
10. Жас жігіт Исадан кеңес сұрағанда, оның нені көбірек жақсы көретінін Иса қалай көрсетті?
10 Бірде өте бай жас жігіт Исадан мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеу керектігін сұрайды. Иса сол уақытта әлі де күшінде болған Таурат заңындағы кейбір талаптарды айтады. Жас жігіт бұлардың бәрін де жастайынан орындап келе жатқанын айтады да, Исадан: “Маған тағы не нәрсе жетіспейді?”— деп сұрайды. Исаның қайтарған жауабы көбісіне тиімсіз болып көрінген болса керек. Ол: “Егер мүлтіксіз болғың келсе, барып, мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер, сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер!”— дейді (Матай 19:16—21). Жас жігіт байлығын қимай, еңсесі түсіп, қапаланып кетіп қалады. Ол Ехобаны қаншалықты жақсы көргенімен, мал-мүлкін одан да артық көрген.
11, 12. а) Иса байлыққа қатысты адамды ойландырып тастайтын қандай сөздер айтты? ә) Дүние-мүлік Ехобаға қызмет етуге қалай кедергі болуы мүмкін?
11 Бұл оқиға Исаның ешкім күтпеген нәрсені айтуына түрткі болды. Ол: “Байлардың Құдай Патшалығына кіруі тым қиын... Байдың Құдай Патшалығына кіруінен гөрі түйенің ине көзінен өтуі оңай”,— деді (Матай 19:23, 24). Иса мұнымен бай адамдардың ешқайсысы да Патшалықты мұра ете алмайды дегісі келді ме? Жоқ. Өйткені ол әрі қарай: “Құдайдың қолынан бәрі де келеді”,— деді (Матай 19:25, 26). Шынында да, кейбір бай адамдар Ехобаның көмегімен майланған мәсіхшілер қатарына қосылды (Тімотеге 1-хат 6:17). Онда Иса осы таңғаларлық сөздерді қандай мақсатпен айтқан? Ескерту ретінде айтты.
12 Егер адамның әлгі бай жас жігіт сияқты бар көңілі мал-мүлікте болса, онда онысы Ехобаға бар жан-тәнімен қызмет етуіне кедергі болуы мүмкін. Мұның бұрыннан бай адамдарға да, ‘баюға ұмтылып’ жатқандарға да қатысы бар (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Адам дүние-мүлікке тым арқа сүйеп кетсе, дәл бұрынғыдай ‘рухани мұқтаждықтарын мойындаудан’ қалады (Матай 5:3, ЖД). Осының нәтижесінде Ехобаның көмегіне мұқтаж екенін бұрынғыдай сезінбейді (Заңды қайталау 6:10—12). Тіпті қауымдағылар өзіне ерекше қарайды деп күте бастауы да ықтимал (Жақып 2:1—4). Сондай-ақ ол көп уақытын Ехобаға қызмет етуге емес, байлығының қызығын көруге жұмсауы мүмкін.
Дұрыс көзқарас дамытыңдар
13. Лаудікидегілер қандай дұрыс емес көзқараста еді?
13 Бірінші ғасырдағы Лаудікидегі қауым мүшелерінің дүние-мүлікке деген көзқарасы дұрыс емес еді. Иса оларға: “Мен баймын, ауқаттымын, еш нәрсеге мұқтаж емеспін”,— дейсің. Ал өзіңнің шынында сорлы бейшара, рухани жарлы, жалаңаш әрі соқыр екеніңді білмейсің!”— деген. Лаудікидегілерді осындай рухани бейшара халге жеткізген байлықтың өзі емес, Ехобадан гөрі байлықтарына арқа сүйегендері еді. Осының нәтижесінде олар Иса жуырда ‘аузынан түкіріп тастайтындай’ рухани жылымшы күйге жеткен болатын (Аян 3:14—17).
14. Неге еврей мәсіхшілер Пауылдың мақтауына лайық болды?
14 Ал Пауыл болса еврей мәсіхшілерді бастарына түскен қудалаудың бастапқы кезінде дұрыс көзқарас танытқандары үшін мақтаған. Ол: “Тұтқынға түскендерге жандарың ашып, жәрдем бердіңдер. Мал-мүліктеріңді талан-таражға салғанда, бұны тіпті қуана қабылдадыңдар! Себебі көкте өздеріңе арналған, одан әлдеқайда құнды, мәңгілік дәулеттің бар екенін білдіңдер”,— деді (Еврейлерге 10:34). Бұл мәсіхшілер мал-мүліктен айырылып қалғандарына қамыққан жоқ. Олар қуаныштарын жоғалтпады, өйткені ‘әлдеқайда құнды, мәңгілік дәулеттерін’ сақтап қалған еді. Исаның астарлы әңгімесіндегі бір інжу-маржан үшін өзінде бардың бәрін құрбан еткен саудагер сияқты, олар да қаншама құрбандықтарға баруға тура келсе де, Патшалыққа деген үміттерін жоғалтпауға бел буған болатын (Матай 13:45, 46). Қандай керемет көзқарас!
15. Либериядағы бір бауырлас қалай Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойды?
15 Бүгінде осындай керемет көзқарас дамытқандар көп. Мысалы, Либерияда бір жас бауырласқа университетте оқу ұсынылады. Ол елде мұндай ұсыныс ертеңгі күні көйлек көк, қарын тоқ өмір кешудің кепілі деп есептелетін. Бірақ ол толық уақытты ізашар еді, әрі уақытша арнайы ізашар болып қызмет етуге шақырылған болатын. Бауырлас Патшалықты бірінші орынға қойып, толық уақытты қызметте қалуды шешеді. Ол өзінің жаңа міндетіне кірісіп, үш айдың ішінде 21 Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды. Осы жас бауырлас және басқа да мыңдаған бауырластар, тіпті қол жеткізулері мүмкін материалдық игіліктерден бас тартуға тура келсе де, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюда. Оларға жұрттың бәрі байлықтың соңына түскен дүниеде осындай көзқарастан таймауларына не көмектесуде? Олар керемет қасиеттерді дамытуда. Қазір солардың кейбірін қарастырып көрейік.
16, 17. а) Ехобаға арқа сүйеуіміз үшін неге қарапайымдылық қажет? ә) Неге Құдайдың уәделеріне сенім дамытуымыз керек?
16 Қарапайымдылық. Киелі кітапта: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда ол тура жолмен жетелер сені. Паңданып өзіңді “данышпанмын” деп ойлама”,— делінген (Нақыл сөздер 3:5—7). Кейде қандай да бір нәрсе осы дүниенің көзқарасымен тиімді болып көрінер (Еремия 17:9). Бірақ шынайы мәсіхшілер Ехобадан басшылық іздейді (Забур 47:15). Ол ‘бар жағдайда’ — қауымға қатысты жайттарда болсын, жұмысқа, демалу мен тағы да басқа жайттарға қатысты болсын — қарапайымдылық танытып, Ехобаның кеңесіне жүгінеді (Забур 72:24).
17 Ехобаның уәделеріне деген сенімділік. Пауыл: “Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс”,— деген (Еврейлерге 11:6). Ехобаның уәделерін орындайтынына күмәнданатын болсақ, осы ‘дүниені барынша қолдану’ жайлы ой біз үшін қисынды көрінер (Қорынттықтарға 1-хат 7:31, ЖД). Ал, егер сеніміміз берік болса, ең алдымен Патшалықтың қамын ойлау шешімімізден таймаймыз. Бірақ осындай берік сенімді қалай дамытуға болады? Бұл үшін ұдайы әрі шын жүректен дұға ету, сондай-ақ үнемі жеке зерттеу арқылы Ехобаға жақындауымыз керек (Забур 1:1—3; Філіпіліктерге 4:6, 7; Жақып 4:8). Дәуіт патша сияқты біз де: “Мен Саған, Тәңірім, сенім артам; Сен менің Құдайымсың,— деймін. Сенің игі істерің қаншалықты көп десеңші!”— деп дұға етуімізге болады (Забур 30:15, 20).
18, 19. а) Ынта-жігермен қызмет еткеніміз қалай Ехобаға одан бетер арқа сүйеуімізге көмектеседі? ә) Неге мәсіхшілер құрбандықтарға баруға дайын болу керек?
18 Ехобаға қызмет етудегі ынта-жігер. Пауыл Ехобаға сенім артуды ынта-жігермен байланыстырып: “Әрқайсыларыңның үміттеріңді соңына дейін берік ұстануларың үшін де осындай ынта-жігер танытқандарыңды аңсап тілейміз”,— деп жазды (Еврейлерге 6:11). Ехобаға қызмет етуде белсенді болсақ, ол бізге қолдау көрсетеді. Оның қолдауын көрген сайын, оған одан бетер арқа сүйеп, ‘табанды, сенімімізден айнымайтындай’ боламыз (Қорынттықтарға 1-хат 15:58). Сеніміміз қатайып, үмітіміз берік болады (Ефестіктерге 3:16—19).
19 Құрбандықтарға баруға деген дайындық. Пауыл Исаның соңынан жүру үшін көп нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін дәрежеден бас тартқан. Кейде материалдық жағынан қиындық көрсе де, оның дұрыс шешім қабылдағаны анық (Қорынттықтарға 1-хат 4:11—13). Ехоба қызметшілеріне шалқып өмір кешесіңдер деп уәде етпейді, олардың мұқтаждық көретін кездері де болады. Біздің қарапайым өмір кешуге және құрбандықтарға баруға дайын болғанымыз Ехобаға қызмет етуге деген шешіміміздің берік екенін көрсетеді (Тімотеге 1-хат 6:6—8).
20. Ең алдымен Патшалықтың қамын ойлайтындар үшін неге шыдамдылық аса қажет?
20 Шыдамдылық. Шәкірт Жақып мәсіхшілерді: “Ендеше, бауырластарым, Иеміз қайтып келетін кезге дейін шыдаңдар”,— деп шақырды (Жақып 5:7). Осы адамды қарбаластырып қойған дүниеде шыдамды болу оңай емес. Біз барлық нәрсенің тезірек бола қойғанын қалаймыз. Бірақ Пауыл бізді ‘сенім мен шыдамдылық көрсетіп, уәде етілген игіліктерді иемденгендерден үлгі алуға’ шақырады (Еврейлерге 6:12). Ехобаны күтуге дайын бол. Жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүру — сөз жоқ, күтуге тұрарлық нәрсе!
21. а) Ең алдымен Патшалықтың қамын ойлауымызбен нені көрсетеміз? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
21 Өзіміз көріп отырғандай, Исаның ең алдымен Патшалықтың қамын ойлаңдар деген кеңесі өте тиімді. Егер Патшалықты бірінші орынға қоятын болсақ, Ехобаға шынымен арқа сүйейтінімізді, сондай-ақ мәсіхшілерді аман алып қалатын жалғыз жолды таңдағанымызды көрсетеміз. Алайда Иса бізге (ЖД) “[Құдайдың] әділдігін іздеуді жалғастыра беруді” де кеңес еткен. Келесі мақалада неге бұл шақырудың әсіресе қазір маңызы зор екенін көреміз.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Материалдық нәрселерге қатысты Иса қандай байсалды көзқарас танытуға шақырды?
• Исаның түйе мен иненің көзі жайлы мысалынан қандай сабақ алуымызға болады?
• Ең алдымен Патшалықтың қамын ойлауға қандай қасиеттер көмектеседі?
[25-беттегі сурет]
Исаның сөзін тыңдағандардың көпшілігі кедей еді
[26-беттегі сурет]
Бай жас жігіт Құдайдан гөрі мал-мүлкін көбірек жақсы көрді
[26-беттегі сурет]
Исаның астарлы әңгімесіндегі саудагер бір құнды інжу-маржан үшін өзінде бардың бәрін құрбан етті
[27-беттегі сурет]
Егер Ехобаға қызметімізде белсенді болсақ, ол бізге қолдау көрсетеді