Әділдікті жан-тәніңмен сүй
“[Сен] әділдікті сүйесің” (ЗАБ. 44:8).
1. Әділ жолмен жүруге не көмектеседі?
ЕХОБА халқын өзінің Сөзі және киелі рухы арқылы “тура [яки әділ] жолымен жетелейді” (Заб. 22:3). Алайда кемелсіз болғандықтан біз бұл жолдан ауытқуға бейімбіз. Қайтадан дұрыс жолға түсу көп күш салуды талап етеді. Бірақ бізге не көмектеседі? Бұл үшін Иса сияқты дұрыс нәрсені істеуді жақсы көруіміз керек (Забур 44:8 оқы).
2. Әділ жол деген не?
2 Әділ жол деген не? Бұл — Ехобаның әділ талаптарына негізделген өмір жолы. “Әділдік” деген еврей және грек сөзі “тура, дұрыс” деген мағынаны қамтиды, әрі өнегелік принциптерін берік ұстануға нұсқайды. Ехоба әділдіктің “мекені”, сондықтан халқына жүрулері тиіс тура жолды — өнегелік жолын — нұсқап отырады, ал олар бұған қуанышты (Ерм. 50:7).
3. Құдайдың әділдігі жайлы қалай көбірек білуге болады?
3 Ехобаның әділ талаптарын ұстануға барынша тырыссақ қана, біз оған толықтай ұнамды бола аламыз (Заң. қ. 32:4). Бұл үшін Ехоба жайлы оның Сөзінен мүмкіндігінше көбірек білім алуымыз керек. Киелі кітапты күнделікті оқып, ол жайлы біле түскен сайын, оның әділдігіне деген сүйіспеншілігіміз де арта түседі (Жақ. 4:8). Өмірімізде маңызды шешімдер қабылдау керек болғанда да, біз рухтың жетелеуімен жазылған оның Сөзіндегі басшылықты ұстануымыз керек.
Құдайдың әділдігін бірінші орынға қой
4. Құдайдың әділдігін бірінші орынға қоюға не жатады?
4 Матай 6:33 оқы. Құдайдың әділдігін бірінші орынға қоюға Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ғана жатпайды. Қасиетті қызметіміз Ехобаға ұнамды болу үшін, күнделікті жүріс-тұрысымыз оның жоғары талаптарына сай келу керек. Олай болса, Ехобаның әділдігін бірінші орынға қоятындардың бәрінен не талап етіледі? Олар “Құдайдың еркіне сай жаратылған әрі шынайы әділдік пен адалдыққа сай келетін жаңа болмысқа ие болулары” керек (Ефес. 4:24).
5. Еңсеміз түскенде, онымен күресуге не көмектеседі?
5 Біз Құдайдың әділ талаптарына сай өмір сүруге тырысып бағамыз, сөйтсе де кемшіліктеріміздің кесірінен кейде ұнжырғамыз түсетін шығар. Ал “бақытсыздыққа ұшыраған күні еңсеміз түсетін болса, дәрменсіз болып” қалуымыз мүмкін (Нақ. с. 24:10 ЖД). Олай болса, бұдан аулақ болуға не көмектеседі? Сондай-ақ әділдікті сүюді және әділ әрекет етуді қалай үйренуге болады? Бұл үшін Құдайға “шын жүректен әрі берік сеніммен” әрдайым дұға етуіміз керек (Евр. 10:19—22). Мейлі, майланған мәсіхші болайық не жерде өмір сүруге үміттенейік, біз Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына және оның Бас діни қызметкер ретінде қызмет етіп жатқанына сенеміз (Рим. 5:8; Евр. 4:14—16). Исаның төгілген қанының қандай күші бар екені осы журналдың ең алғашқы санында суреттелген еді (Жох. 1-х. 1:6, 7). Ол жерден былай деп оқимыз: “Ал қызыл не қызғылт затты жарыққа қойып, оған қызыл әйнек арқылы қарайтын болсақ, ол ақ болып көрінетіні — белгілі жайт. Тап солай Құдай біздің ал қызыл не қызғылт күнәларымызға Мәсіхтің қаны арқылы қарағанда, олар ақ болып есептеледі” (1879 жыл, шілде 6-бет). Өзінің сүйікті Ұлын құрбан етуімен Ехоба біз үшін неткен керемет төлем берді десеңші! (Ишая 1:18).
Рухани қару-жарағыңды ұдайы тексеріп отыр
6. Рухани қару-жарағымызды тексеріп отыру неге аса маңызды?
6 Біз әрқашан әділдік сауытын киіп жүруіміз керек. Себебі ол — Құдай берген рухани қару-жарақтың маңызды бөлігі (Ефес. 6:11, 14). Мейлі, Ехобаға таяуда ғана бағышталған болайық не қасиетті қызметті ондаған жылдар бойы атқарып жүрген болайық, рухани қару-жарағымызды күнделікті тексеріп отырудың маңызы аса зор. Неге? Өйткені Ібіліс пен оның жын-перілері жерге тасталды (Аян 12:7—12). Шайтан ашулы, әрі уақытының аз қалғанын біледі. Сондықтан ол бар күшін Құдай халқына шабуылдауға жұмылдырған. Олай болса, “әділдікті сауыт қылып киюдің” қаншалықты маңызды екенін түсінеміз бе?
7. “Әділдікті сауыт қылып киюіміз” керектігін түсінсек, қалай әрекет етеміз?
7 Сауыт адамның жүрегін қорғайды. Кемелсіз болғандықтан бейнелі жүрегіміз қулық пен жамандыққа бейім (Ерм. 17:9). Ол бізді бұрыс нәрсеге итермелеп тұратындықтан, оны тәрбиелеу маңызды (Жар. 8:21). “Әділдікті сауыт қылып киюіміз” керектігін түсінсек, Құдай жек көретін көңіл көтеру түрлерін таңдап не бұрыс қылық жасауды армандап, былайша айтқанда, сауытымызды уақытша шешіп тастаудан аулақ боламыз. Сондай-ақ теледидар алдында ұзақ отырып, бағалы уақытымызды сарп етпейміз. Қайта, Ехобаға ұнайтынды істеу үшін күш салудан талмаймыз. Ал бір сәтке тән әлсіздігіне беріліп, сүрініп қалсақ, Ехобаның көмегімен қайта тұрамыз (Нақыл сөздер 24:16 оқы).
8. Неге бізге “сенімнің үлкен қалқаны” қажет?
8 Рухани қару-жарағымызға “сенімнің үлкен қалқаны” да кіреді. Осы қалқанның арқасында “Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай аламыз” (Ефес. 6:16). Ал сеніміміз бен Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз әділ әрекет етуге және мәңгілік өмірге апаратын жолдан ауытқып кетпеуге көмектеседі. Ехобаны жақсы көруді үйрене түскен сайын, оның әділдігін бағалай түсеміз. Ал ар-ұжданымыз жөнінде не деуге болады? Ол әділдікті сүюге күш салуымызға қалай көмектеседі?
Ар-ұжданыңды таза сақта
9. Ар-ұжданымызды таза сақтаудың қандай пайдасы бар?
9 Шомылдыру рәсімінен өткенде, біз Ехобадан “таза ар-ұждан сұрағанбыз” (Пет. 1-х. 3:21). Өйткені төлем құрбандығына сенгендіктен, Исаның қаны арқылы күнәларымыз кешіріліп, Құдай алдында таза болып есептелдік. Алайда осы күйімізден айырылып қалмау үшін, ар-ұжданымызды таза сақтауымыз керек. Арагідік ар-ұжданымыз кінәлайтын не ескерту жасайтын болса, оның дұрыс жұмыс істейтініне қуануымызға болады. Себебі бұл — ар-ұжданымыздың сезімсіз болып кетпегенінің белгісі (Тім. 1-х. 4:2). Әділдікті сүюді үйренгісі келетіндер үшін ар-ұжданның атқаратын тағы бір рөлі бар.
10, 11. а) Ар-ұжданымызды Киелі кітапқа сай тәрбиелеуіміз керектігін көрсететін мысал айтып бер. ә) Әділдікті сүйгеніміз қалай бізді зор қанағатқа бөлейді?
10 Қателік жасаған кездерде, ар-ұжданымыз бізді айыптауы не мазалауы мүмкін. Әділ жолдан ауытқып кеткен бір жасөспірімнің мысалын қарастырайық. Ол порнографияға елігіп кетеді, марихуана да шеге бастайды. Қауым кездесулерінде ол өзін кінәлі сезінеді, ал уағызға қатысқанының екіжүзділік екенін түсінеді, сондықтан мәсіхшілердің ісіне атсалысуды доғарады. Ол: “Істеген істерім үшін ар-ұжданым есеп беруді талап ететінін мен түсінбеппін”,— дейді. Оның айтуынша, ол төрт жыл бойы ақымақтық істеп жүрген. Бірақ осыдан кейін шындық жолына қайта оралуды ойлай бастайды. Ол Ехоба дұғасына құлақ салмайды деген ойда болғанымен, бәрібір одан кешірім сұрап дұға етеді. Он минут өтпей-ақ оған анасы келіп, қауымға оралуға талпындырады. Содан ол Патшалық сарайына барып, бір ақсақалдан өзімен зерттеу сабағын бастауды өтінеді. Уақыт өте келе, шомылдыру рәсімінен өтеді. Бұл бауырлас өмірін сақтап қалғаны үшін Ехобаға дән риза.
11 Дұрыс нәрсені істегеніміз бізді зор қанағатқа бөлейді емес пе? Әділдікті жақсы көруді үйреніп, көбірек әділ әрекет еткен сайын, көктегі Әкемізге ұнайтынды істеуден алатын қуанышымыз арта түседі. Ойлап көрші, ар-ұждандарына сай жасаған әрекеттері барлық адамдарға тек қанағат сыйлайтын күн туады! Өйткені олар Құдайға кемелді түрде еліктейтін болады. Сондықтан әділдікке деген сүйіспеншілікті жүрегімізге терең ұялатып, Ехобаны қуанта берейік (Нақ. с. 23:15, 16).
12, 13. Ар-ұжданымызды қалай тәрбиелеуге болады?
12 Ар-ұжданымызды қалай тәрбиелеуге болады? Жазбаларды және оған негізделген әдебиеттерді оқығанда, “әділ жан жауабын ойлап берер” деген сөздерді есте ұстағанымыз маңызды (Нақ. с. 15:28). Жұмыс мәселесіне келгенде мұның қаншалықты пайдалы екеніне көңіл бөлейік. Қандай да бір жұмыс Жазбалардағы принциптерге тікелей қайшы келетін жағдайларда басым көпшілігіміз бірден адал да ақылды құл беріп отырған кеңестерге жүгінеміз. Ал қайшы келетін-келмейтіні айқын болмаса, біздің жағдайымызға сай келетін Киелі кітап принциптерін тауып, оларды дұға ете отырып қарастырғанымыз абзалa. Бұған өзгелердің ар-ұжданына нұқсан келтірмеуге қатысты принциптерді ескеру де жатады (Қор. 1-х. 10:31—33). Сондай-ақ Құдаймен қарым-қатынасымызға қатысты принциптерге ерекше көңіл бөлгеніміз жөн. Ехоба біз үшін тірі Құдай болса, ең алдымен өзімізден: “Бұл жұмысты істесем, Ехоба қапаланып, қайғыға бата ма?”— деп сұрайтын боламыз (Заб. 77:40, 41).
13 “Күзет мұнарасын” зерттеу не қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуіне дайындалғанда, талқыланатын мәлімет жайлы ой жүгіртуіміз керек екенін ұмытпаған дұрыс. Біз қалай дайындаламыз, сұрақтардың жауабын тауып, астын сыза сала, келесі абзацқа өтуге асығамыз ба? Бұлай еткеніміз әділдікке деген сүйіспеншілігімізді арттыруы не ар-ұжданымызды анағұрлым сезімтал етуі екіталай. Әділдікке деген сүйіспеншілігімізді арттырғымыз келсе, терең зерттеу жүргізіп, Құдай Сөзінен оқығанымыз туралы ой жүгіртуіміз керек. Әділдікті жан-тәнімізбен жақсы көруді үйренудің төте жолы жоқ!
Әділдікті аңсап зарыққандар
14. Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх қасиетті қызметімізді қандай сезіммен атқарғанымызды қалайды?
14 Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх қасиетті қызметімізді атқарғанда, өзімізді бақытты сезінгенімізді қалайды. Ал бақытты болуымызға не ықпал етеді? Әділдікті сүйгеніміз. Таудағы уағызында Иса: “Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты, өйткені олар толықтай қанағаттандырылады”,— деген (Мат. 5:6). Әділдікті сүюді қалайтындар үшін бұл сөздердің қандай мәні бар?
15, 16. Әділдікті аңсап зарыққандар қалай қанағаттандырылады?
15 Біз Шайтан билік етіп отырған дүниеде өмір сүрудеміз (Жох. 1-х. 5:19). Қай елде болмасын газеттерден қатыгездік пен зұлымдықтың өте кең тарағанын білуге болады. Адамдардың бір-біріне жасап жатқан қиянаты әділ кісіні ойландырмай қоймайды (Екк. 8:9). Ехобаны сүйетіндер әділдікті аңсап зарыққандардың рухани аштығы мен шөлін тек сол ғана қанағаттандыра алатынын біледі. Құдайдан безгендер көп ұзамай жоқ болады, ал әділдікті сүйетіндер бұдан былай солардың заңсыздығы мен зұлымдығының зардабын тартпайтын болады (Пет. 2-х. 2:7, 8). Бұл неткен жеңілдік болады десеңші!
16 Ехобаның қызметшілері әрі Иса Мәсіхтің ізбасарлары ретінде біз әділдікті аңсап зарыққандардың “қанағаттандырылатынын” білеміз. Олар Құдайдың шарасы, яғни әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жер, арқылы толықтай қанағаттандырылады (Пет. 2-х. 3:13). Ендеше Шайтанның дүниесінде қысым мен зұлымдықтың әділдікті ысырып тастағанына көңіліміз түспесін әрі бұған таңданбайық (Екк. 5:8). Ең жоғарғы Ехоба Құдай бәрін көріп тұр және жақында әділдікті сүйетіндерді құтқарады.
Әділдікті сүйетіндердің алатын сыйы
17. Әділдікті сүйетіндер қандай сыйлар алады?
17 Забур 145:8-де әділ жолмен жүретіндер керемет сыйға ие болатыны айтылған. Онда: “Иеміз [Ехоба] әділдерді жақсы көреді”,— делінген. Ойлап көрші, әділдікті сүйгеніміз үшін бізді Әлемнің Әміршісі жақсы көреді! Бұл болса Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойып жүрген біздердің қажеттілігімізді Ехобаның қамтамасыз ететініне сенімділік береді (Забур 36:25; Нақыл сөздер 10:3 оқы). Ал ақыр соңында бүкіл жер шарын әділдікті сүйетіндер иеленеді (Нақ. с. 13:22). Әділ әрекет еткендерінің сыйы ретінде Құдай халқының басым көпшілігі жердегі ғажап жұмақта қуанышқа толы мәңгі өмір кешеді. Құдайдың әділдігін сүйетіндер тіпті қазірдің өзінде отбасы мен қауымда ынтымақ болуына септігін тигізетін жантыныштығына ие (Філіп. 4:6, 7).
18. Ехобаның күнін күте жүріп не істеуді тоқтатпағанымыз дұрыс?
18 Ехобаның ұлы күнін күте жүріп, біз оның әділдігін іздеуді тоқтатпауымыз керек (Соф. 2:2, 3). Олай болса, Ехоба Құдайдың әділ жолдарына деген шынайы сүйіспеншілігімізді паш етейік. Бұған бейнелі жүрегімізді қорғау үшін әрдайым “әділдікті сауыт қылып киіп” жүру жатады. Сонымен қатар ар-ұжданымызды өзімізге қанағат, ал Құдайымызға қуаныш әкелетіндей етіп таза сақтауымыз керек (Нақ. с. 27:11).
19. Біз не істеуге бел бууымыз керек және келесі мақалада не қарастырылады?
19 Өзіне бар жүрегімен берілгендерді қолдау үшін Ехобаның көзі күллі жерді шолып тұрады (Шеж. 2-ж. 16:9). Күн санап қатыгездік пен жауыздық жайлап бара жатқан қазіргі аумалы-төкпелі заманда дұрыс нәрсені істеп жүргендерге бұл сөздер жұбаныш береді емес пе?! Рас, біздің әділ жолмен жүргеніміз Құдайдан безген адамдарды таңғалдыратын шығар. Алайда Ехобаның әділдігінен таймасақ, мұның зор пайдасын көреміз (Ишая 48:17; Пет. 1-х. 4:4). Ендеше алған бетімізден таймай, қанағатқа бөлейтін әділдікті жан-тәнімізбен сүйіп, әрі соған сай әрекет ете берейік. Бірақ әділдікті жан-тәнімізбен сүю дегеніміз әділетсіздікті жек көруді де білдіреді. Келесі мақалада бұған не жататынын қарастырамыз.
[Сілтеме]
a Жұмыс мәселесіне қатысты кейбір принциптерді “Құдайдың сүйіспеншілігі” кітабынан табуға болады (15-тарау, 14—17 абзацтар).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Төлемнің аса құнды екенін түсінгеніміз әділдікті сүюге қалай көмектеседі?
• “Әділдікті сауыт қылып кию” қаншалықты маңызды?
• Ар-ұжданымызды қалай тәрбиелей аламыз?
[26-беттегі сурет]
Тәрбиеленген ар-ұждан жұмысқа қатысты мәселелерде дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі