Киелі рухқа қарсы күнә жасау деген не?
“Өлімге апаратын күнә да бар” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 5:16).
1, 2. Құдайдың киелі рухына қарсы күнә жасау мүмкін екенін қайдан білеміз?
“КИЕЛІ РУХҚА қарсы күнә жасадым деген ой маған маза бермеді”. Бұл — Құдайға қызмет етіп жүрсе де, осындай ойдан арыла алмаған Германияда тұратын бір әйелдің сөздері. Мәсіхшінің шынымен Құдай рухына, немесе әрекет етуші күшіне, қарсы күнә жасауы мүмкін бе?
2 Иә, адам Ехобаның киелі рухына қарсы күнә жасауы мүмкін. Иса Мәсіх былай деген: “Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркімге кешірім беруге болады, бірақ Құдайдың Киелі Рухын қорлаушыға кешірім болмайды” (Лұқа 12:10). Сондай-ақ Киелі кітап былай деп ескертеді: “Егер шынайы хабарды естіп-білгеннен кейін де әдейі күнә жасай берсек, онда бізді күнәмыздан арылта алатын ешқандай құрбандық жоқ. Қайта, қиямет сотын... үрейленіп күтуден басқа бізге түк те қалмайды” (Еврейлерге 10:26, 27). Ал елші Жохан: “Өлімге апаратын күнә да бар”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 5:16). Ауыр күнә жасаған адам күнәсі “өлімге апаратын күнә” ма, жоқ па, соны өзі шеше ме?
Өкінген адам кешіріледі
3. Жасаған күнәміз үшін қатты қайғырғанымыз ненің белгісі болуы мүмкін?
3 Ехоба — күнәкарларға соңғы шешім шығаратын Қазы. Барлығымыз да оған өз ісіміз үшін есеп береміз, ал ол әрқашан әділ әрекет етеді (Жаратылыс 18:25; Римдіктерге 14:12). Кешірілмейтін күнә жасаған-жасамағанымызды Ехоба шешеді және ол бізден киелі рухын алып қоюы мүмкін (Забур 50:13). Алайда жасаған күнәміз үшін қатты қайғыратын болсақ, бұл біздің шындап өкінгенімізді көрсетер. Бірақ шындап өкіну деген не?
4. а) Өкіну деген не? ә) Забур 102:10—14 дейінгі тармақтардағы сөздерден қандай жұбаныш таба аламыз?
4 Өкіну деген жасаған не жасамақ болған күнәға қатысты көзқарасымызды өзгертуді білдіреді. Сондай-ақ ол опынып, қайғырып, күнәкар жолдан қайтуды білдіреді. Ауыр күнә жасап қойып, бірақ шындап өкінгенімізді көрсету үшін қажетті қадамдар жасаған болсақ, забур жыршысының келесі сөздерінен жұбаныш таба аламыз: “[Ехоба] бізді күнәмызға қарап жазаламайды, Жаман ісіміздің есесін қайтармайды. Аспан жерден қанша жоғары болса, Жаратқанның Өзін сыйлағандарға Жаудыратын рақымы сонша мол да! Шығыс батыстан қашық болғаны сияқты, Күнәмызды бізден шексіз қашықтатты. Әкенің сәбиіне жаны ашығанындай, Иеміз де Өзін қастерлегендерге Дәл сондай жанашырлық танытады. Неден жаратылдық, соны біледі, топырақтан екеніміз Оның есінде” (Забур 102:10—14).
5, 6. Жоханның 1-хаты 3:19—22 дейінгі тармақтардағы негізгі ой қандай және елшінің осы сөздерін қалай түсінуге болады?
5 Елші Жоханның мына сөздері де жұбаныш береді: “Сөйтіп өзіміздің шынайы жолда екендігімізді біліп, Құдай алдында жүрегіміз орнығады. Себебі егер жүрегіміз бізді айыптаса да, Құдай жүрегімізден жоғары ғой, Ол бәрін де біледі. Сүйікті бауырластарым, жүрегіміз бізді айыптамағанда Құдай алдында нық сеніміміз болады [“еркін сөйлейміз”, ЖД] және Одан не сұрасақ та, аламыз. Өйткені Тәңірдің өсиеттерін орындап, Ол не қаласа, соны істейміз” (Жоханның 1-хаты 3:19—22).
6 Бауырластарға сүйіспеншілік танытқанымыз және күнәкар істерден аулақ жүргеніміз біздің “шынайы жолда екендігімізді” көрсетеді (Забур 118:11). Ал қандай да бір себеппен өзімізді кінәлайтын болсақ, ‘Құдайдың жүрегімізден жоғары’ екенін әрі ‘бәрін де білетінін’ есте ұстағанымыз жөн. Ехоба ‘бауырластарға деген нағыз сүйіспеншілігімізді’, күнәға қарсы күресімізді және оның еркін орындауға тырысып жатқанымызды білгендіктен, бізге мейірімділік танытады (Петірдің 1-хаты 1:22). Ехобаға сенім артып, бауырластарға сүйіспеншілік танытсақ және әдейі күнә жасап жүрмеген болсақ, жүрегіміз бізді ‘айыптамайды’. Сондай-ақ дұға еткенде, ‘Құдай алдында еркін сөйлей’ алатын боламыз, ал ол дұғамызға жауап береді, өйткені біз оның өсиеттерін орындап жүрміз.
Олар киелі рухқа қарсы күнә жасады
7. Күнәнің кешірілетіні не кешірілмейтіні неге байланысты?
7 Қандай күнәлар кешірілмейді? Бұл сұраққа жауап беру үшін Киелі кітаптағы кейбір мысалдарды қарастырып көрейік. Жасаған үлкен қателіктеріміз үшін өкініп, бірақ сонда да қатты уайымдап жүрген болсақ, осы мысалдардан жұбаныш алуымызға болады. Сондай-ақ күнәнің кешіріліп-кешірілмейтіні адамның қандай күнә жасағанына емес, оның ниетіне, жүрек күйіне және күнә әдейі істелді ме, жоқ па, соған байланысты екенін көреміз.
8. Бірінші ғасырдағы кейбір яһуди дінбасылары қалайша киелі рухқа қарсы күнә жасады?
8 Бірінші ғасырда Иса Мәсіхке қарсылық көрсеткен арам ниетті яһуди дінбасылары киелі рухқа қарсы күнә жасады. Иса Ехобаға мадақ әкелген кереметтер жасағанда, олар Құдайдың киелі рухының әрекетін көрген болатын. Сөйтсе де Мәсіхтің жаулары бұл күшті Шайтан Ібілістен деді. Исаның сөздеріне сай, Құдайдың киелі рухын осылайша қорлағандар бұл ‘заманда, не келешекте кешірім болмайтын’ күнә жасады (Матай 12:22—32).
9. Иса киелі рухты қорлауға қатысты не деді?
9 Киелі рух Құдайдан бастау алатындықтан, оған қарсы қаралайтын, ғайбат не қорлау сөздер айтқанымыз Ехобаның өзін қорлағанмен пара-пар. Еш өкініш білдірмей осылай сөйлеу — кешірілмейтін күнә. Исаның осындай күнәға қатысты айтқан сөздерінен оның Құдайдың киелі рухының әрекетіне біле тұра қарсы шыққандар жайлы айтқаны көрінеді. Ехобаның рухы Исада әрекет етіп жатқаны анық болса да, қарсыластары оны Шайтанның күші деуімен киелі рухты қорлап, күнә жасады. Сондықтан Иса былай деген: “Құдайдың Киелі Рухын қорлайтынға ешқашан кешірім болмайды, сол күнәсы мәңгі мойнында қалады” (Марқа 3:20—29).
10. Неге Иса Яһуда жайлы ‘құрып кетуге тиісті адам’ деген?
10 Яһуда Исқариоттың да мысалын қарастырып көрейік. Ол өзіне тапсырылған қаржы салынған жәшікке қол сұғып, опасыздық жасап жүрді (Жохан 12:5, 6). Кейінірек Яһуда дінбасыларына барып, Исаны 30 күміс теңгеге ұстап беруге келісті. Ол сатқындығы үшін өзін кінәлі сезінгенмен, әдейі жасаған күнәсына өкінген жоқ. Олай болса, Яһуда қайта тірілуге лайық емес. Сондықтан Иса ол жайлы ‘құрып кетуге тиісті адам’ деген (Жохан 17:12; Матай 26:14—16).
Олар киелі рухқа қарсы күнә жасаған жоқ
11—13. Дәуіт патша Барсабиямен қандай күнә жасады және Құдайдың оларға қалай қарағанынан қалайша жұбаныш алуымызға болады?
11 Кезінде ауыр күнәсын мойындап, қауым ақсақалдарынан рухани көмек алған мәсіхшілер Құдай заңын бұзғаны жайлы ойланып, әлі де қатты мазасызданатын шығар (Жақып 5:14). Егер біздің жағдайымызда да осылай болса, Киелі жазбалардағы күнәлары кешірілген адамдардың мысалын қарастырғанымыз пайдалы болады.
12 Дәуіт патша Ұрияның әйелі Барсабиямен ауыр күнә жасайды. Шатырында тұрған Дәуіт төменде шомылып жатқан сұлу әйелді көріп, оны өзіне алдырады да, жыныстық қатынасқа барады. Кейінірек оның жүкті болып қалғанын естігенде, әйелімен түнеп шығу үшін Ұрияны шақыртып, жасаған азғындығын жасырмақ болады. Ойындағысы іске аспаған соң, ол Ұрияны соғыста өлтірудің қамын жасайды. Осыдан кейін Барсабия Дәуіттің әйелі болады. Ол ұл табады, бірақ нәресте шетінеп кетеді (Патшалықтар 2-жазба 11:1—27).
13 Ехоба Дәуіт пен Барсабияға қатысты не істейді? Ол Дәуітті кешіреді, өйткені оның өкінгенін және онымен жасаған Патшалық келісімін ескерген болу керек (Патшалықтар 2-жазба 7:11—16; 12:7—14). Барсабия да күнәсына өкінген болса керек, сондықтан ол Сүлеймен патшаның шешесі әрі Иса Мәсіхтің арғы анасы болады (Матай 1:1, 6, 16). Егер біз күнә жасаған болсақ, Ехобаның шын көңілден өкінгенімізді ескеретінін есте ұстағанымыз жөн.
14. Манаса патшамен болған оқиғадан Құдайдың қаншалықты кешірімді екені қалай көрінеді?
14 Ехобаның қаншалықты кешірімді екені Яһуда патшасы Манасаның мысалынан да көрінеді. Ол Ехобаның көз алдында зұлым істер жасаған болатын. Манаса Бағалға арналған құрбандық үстелдерін орнатып, “аспан денелеріне” табынады, тіпті ғибадатхананың екі ауласында жалған тәңірлерге арналған құрбандық үстелдерін салады. Ол ұлдарын өртеп, құрбандыққа әкеледі, сиқыршылықпен айналысады. Нәтижесінде, Яһуда мен Иерусалим тұрғындарынының ‘арам қылықтары Жаратқан Ие жойып жіберген халықтардың жасағандарынан да бетер болады’. Олар Құдай жіберген пайғамбарлардың ескертулеріне құлақ аспайды. Ақыр соңында, Ассур патшасы Манасаны тұтқынға әкетеді. Тұтқында болған кезінде ол өкініп, кішіпейілдікпен Құдайға жалбарынумен болады. Ехоба оны кешіріп, Иерусалимдегі патша тағына қайта отырғызады. Ол жерде Манаса шынайы ғибадатты қалпына келтіре бастайды (Шежірелер 2-жазба 33:2—17).
15. Елші Петірдің өміріндегі қандай оқиғадан Ехобаның “кешірімі шексіз” екені көрінеді?
15 Көп ғасыр өте, елші Петір Исадан танып, ауыр күнә жасайды (Марқа 14:30, 66—72). Алайда Ехоба оны ‘шексіз кешіреді’ (Ишая 55:7). Неге? Өйткені Петір шын жүректен өкінген болатын (Лұқа 22:62). Құдайдың оны кешіргені 50 күннен соң, Алғашқы өнім мейрамында, оған Иса туралы батылдықпен куәлік ету мәртебесі берілгенінен айқын көрінеді (Елшілердің істері 2:14—36). Бүгінде де Құдай күнәсына шын жүректен өкінген мәсіхшіні дәл солай кешіреді деу қисынды емес пе? Забур жыршысы: “Егер Сен, Жаратқан, заңсыздықты байқап қалсаң — Жаратқан! бұған кім төтеп береді? Бірақ сенің рақымшылығың мол”,— деген (Забур 129:3, 4).
Күнәға қатысты қорқыныштан арылу
16. Құдай ненің негізінде кешіреді?
16 Жоғарыдағы мысалдар киелі рухқа қарсы күнә жасап қойдым деген уайымнан арылуға көмектеседі. Олардан Ехоба күнәсына өкінгендерді кешіретіні көрінеді. Ең бастысы, Құдайға шын жүректен дұға ету керек. Күнә жасап қойсақ, Ехобаның мейірімділігі мен Исаның төлем құрбандығының негізінде Құдайдан кешірім сұрай аламыз. Сондай-ақ дұғамызда мұра еткен кемелсіздігіміз бен адал қызметімізді ескеруін өтінуімізге болады. Ехобаның рақымды екенін білгендіктен, бізді кешіретініне сенімді бола аламыз (Ефестіктерге 1:7).
17. Күнә жасап, рухани көмекке мұқтаж болсақ, не істеуіміз керек?
17 Жасаған күнәміздің кесірінен рухани әлсіреп, дұға ете алмай қалсақ ше? Бұндай жағдайға қатысты шәкірт Жақып былай деп кеңес берген: “[Ондай адам] қауым жетекшілерін шақыртсын. Олар маңдайына Жаратқан Иенің атынан май жағып, оның үстіне қолдарын жайып сиынсын. Сеніммен сиынғандарыңа бола Иеміз науқастың денсаулығын қайтадан қалпына келтіріп, сауықтырмақ. Егер ол күнә жасаған болса, кешірілмек” (Жақып 5:14, 15).
18. Адам тіпті қауымнан шығарылса да, неге бұл оның міндетті түрде кешірілмейтін күнә жасағанын білдірмейді?
18 Тіпті күнә жасаған адам өкінбей, қауымнан шығарылған болса да, бұл оның міндетті түрде кешірілмейтін күнә жасағанын білдірмейді. Күнә жасап, қауымнан шығарылған Қорынттағы майланған мәсіхшіге қатысты Пауыл былай деп жазған: “Мұндайға көпшіліктен алған жазасы жеткілікті. Ендеше шексіз қайғыға батпасын деп, оны кешіріп, жігерлендіргендерің дұрыс болар” (Қорынттықтарға 2-хат 2:6—8; Қорынттықтарға 1-хат 5:1—5). Дегенмен аяғын шалыс басқандар рухани сауығу үшін қауым ақсақалдарының Киелі кітапқа негізделген көмегін қабыл алып, шын өкінетіндерін көрсетулері керек. Олар өкінгендеріне ‘лайықты іс істеулері’ қажет (Лұқа 3:8).
19. ‘Сенімімізді берік’ етіп сақтауға не көмектеседі?
19 Неге бізде киелі рухқа қарсы күнә жасадық деген ой пайда болуы мүмкін? Бұған адамның өзіне шектен тыс талап қоюы немесе денсаулықтың нашарлауы себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда дұға айтып, көбірек тынығу пайдалы болар. Әсіресе Шайтанның ұнжырғамызды түсіріп, Құдайға қызмет етуімізді тоқтатуына жол бермеуіміз керек. Ехоба тіпті зұлымдардың өлімін қаламайды, ендеше, оның өз қызметшілерін жоғалтқысы келмейтіні сөзсіз. Сондықтан киелі рухқа қарсы күнә жасап қойдым деп қорқатын болсақ, Құдай Сөзін, оның ішінде жұбаныш беретін Забур жырларын, оқуды тоқтатпағанымыз жөн. Сонымен қатар қауым кездесулерінен қалмай, Патшалықты уағыздау ісіне үнемі атсалыса беруіміз керек. Бұл ‘сеніміміздің берік’ болуына және кешірілмес күнә жасап қойдым деген күмәннан арылуға көмектеседі (Титке 2:2).
20. Адамға киелі рухқа қарсы күнә жасамағанын түсінуге не көмектеседі?
20 Киелі рухқа қарсы күнә жасадым деп ойлайтын адам өзінен былай деп сұраса болады: “Киелі рухты қорладым ба? Мен күнәма шын жүректен өкіндім бе? Құдайдың кешіретініне сенемін бе? Рухани жарықтан бас тартқан жолдан таюшымын ба?” Осы сұрақтардың арқасында адам Құдайдың киелі рухын қорламағанын және жолдан таймағанын түсінер. Ол күнәсына өкінеді әрі Ехобаның кешіретініне кәміл сенеді. Олай болса, бұл оның Ехобаның киелі рухына қарсы күнә жасамағанын білдіреді.
21. Келесі мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
21 Киелі рухқа қарсы күнә жасамағанымызды білгеніміз зор жұбаныш береді. Келесі мақалада осы тақырыпқа қатысты кейбір сұрақтар қарастырылады. Мысалы, өзімізден: “Мен Құдайдың киелі рухының басшылығына мойынсұнамын ба? Өмірімде киелі рухтың жемісін танытамын ба?”— деп сұрауымызға болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге киелі рухқа қарсы күнә жасау мүмкін деуге болады?
• Өкіну деген не?
• Иса жерде болғанда, кімдер киелі рухқа қарсы күнә жасады?
• Кешірілмейтін күнә жасадым деген уайымнан қалай арылуға болады?
[8-беттегі сурет]
Петір Исадан танса да, кешірілмейтін күнә жасаған жоқ