Ехобаның жөнге салу шараларын әрдайым қабыл ал
“Тәңір сені тәрбиелегенде, Онысын ешқашан менсінбей жүрме” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 3:11).
1. Неге Құдайдың жөнге салу шараларын қабыл алуымыз керек?
ЕЖЕЛГІ Исраил патшасы Сүлеймен әрқайсымызға Құдайдың жөнге салу шараларын қабыл алуға келелі себеп бар екенін көрсетеді. Ол: “Балам, Тәңір сені тәрбиелегенде, Онысын ешқашан менсінбей жүрме, Ол сені жөнге келтіргенде, Лайым еңсең түсіп жүнжіме. Иеміз сүйетін әркімді Түзетіп тәрбиелейді де, Әке іспетті әр баласын да Жазалайды қажет болғанда”,— деген (Нақыл сөздер 3:11, 12). Иә, көктегі Әкеміз бізді сүйгендіктен жөнге салады.
2. “Тәрбиелеу” деген нені білдіреді және Ехоба бізді қалай тәрбиелеуі мүмкін?
2 Мұндағы “тәрбиелеу” деп аударылған сөз жөнге салу, жазалау, түзету, нұсқау және білім беру дегенге нұсқайды. “Кезінде әрбір жаза қуаныш емес, реніш туғызады. Ал соны басынан өткізіп тәрбиеленгенге ол кейінірек әділдік пен тыныштықтың игілікті жемісін береді”,— деп жазды елші Пауыл (Еврейлерге 12:11). Құдайдың тәрбиесін қабыл алғаның әділ жолда жүруіңе, сөйтіп, қасиетті Құдай Ехобаға жақындай түсуіңе көмектеседі (Забур 98:5). Ол бізді бір сенімдегілер, мәсіхшілер кездесулерінде білгендеріміз және Құдай Сөзін зерттеу мен “адал да ақылды құлдың” беріп отырған басылымдары арқылы түзетуі мүмкін (Лұқа 12:42, ЖД; 43, 44). Осылай назарымызды түзету керек нәрселерге аударғанда, қаншалықты риза боламыз десеңші! Ал ауыр күнә жасаған адамды қалай жөнге салуға болады?
Неге кейбіреулер қауымнан шығарылады?
3. Мәсіхші қай кезде қауымнан шығарылады?
3 Құдай қызметшілері Киелі кітап пен мәсіхшілердің басылымдарын оқып зерттейді. Сондай-ақ олар Ехобаның нормаларын қауым кездесулері мен конгрестерде қарастырады. Сондықтан да Ехобаның өздерінен нені талап ететінін жақсы біледі. Егер қауымның бір мүшесі ауыр күнә жасап, бірақ онысына өкінбейтін болса ғана қауымнан шығарылады.
4, 5. Қауымнан шығарылуға қатысты Жазбада қандай мысал келтірілген және неге қауымдағылар әлгі адамды қайта қабыл алулары керек еді?
4 Қауымнан шығарылуға қатысты Жазбалардағы бір мысалды қарастырайық. Қорынттағы қауым ‘тіпті басқа ұлт адамдары жасамайтын азғындыққа’, яғни ‘араларындағы біреуі әкесінің жұбайымен көңілдес’ болғанына төзіп отыра берген. Пауыл қорынттықтарды: “Әлгі адамды ескі күнәкар болмысын әлсірету үшін қауымнан шығарып, шайтанның қолына тапсыру керек,— деп шақырды.— Осылай ол теріс жолынан қайтып, жаны Иеміз қайта оралатын күні құтқарылсын” (Қорынттықтарға 1-хат 5:1—5). Сол күнәкар кісі қауымнан шығарылып, осылай Шайтанның қолына тапсырылғанда, ол қайтадан зұлым дүниенің бір бөлігі болды (Жоханның 1-хаты 5:19). Оның шығарылуы қауымды тәндік істер мен көзқарастардан арылтып, ‘жанын’, немесе Құдайға ұнамды рухын, сақтап қалды (Тімотеге 2-хат 4:22; Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13).
5 Содан кейін көп ұзамай Пауыл қорынттықтарды күнә жасаған адамды қайта қабыл алуға шақырды. Неге? Елшінің айтуынша, ‘Шайтан олардан амалын асырмау үшін’. Сірә, әлгі күнәкар адам күнәсына өкініп, жаман істерінен арылған болу керек (Қорынттықтарға 2-хат 2:8—11). Егер қорынттықтар күнәсына өкінген адамды қабыл алудан бас тартса, Шайтан олардан амалын асырып кетер еді, яғни олар да Ібіліс қалағандай тасбауыр әрі кешіру дегенді білмейтін болып кетер еді. Сөйтіп, олар көп кешікпей-ақ күнәсына өкінген адамды ‘кешіріп, жігерлендірген’ болу керек (Қорынттықтарға 2-хат 2:5—7).
6. Қауымнан шығарудың қандай пайдасы бар?
6 Қауымнан шығару шарасының қандай пайдасы бар? Бұл Ехобаның киелі есіміне кір келтіруден сақтайды және оның халқының жақсы беделін қорғап қалады (Петірдің 1-хаты 1:14—16). Күнәсына өкінбеген адамды қауымнан шығару арқылы Құдайдың нормаларына құрмет көрсетіледі және қауымның рухани тазалығы сақталады. Оның үстіне, бұл күнәсына өкінбеген адамға есін жиюға көмектесуі мүмкін.
Күнәға өкінудің маңыздылығы
7. Күнәсін мойындамағаны Дәуітке қалай әсер етті?
7 Ауыр күнә жасағандардың көбісі шын жүректен өкініш білдіреді, сондықтан қауымнан шығарылмайды. Әрине, шын жүректен өкіну кейбіреулерге оңайға соқпайды. Мысалы, 31-Забур жырын жазған Исраил патшасы Дәуітті алайық. Бұл жыр Дәуіттің біраз уақыт бойы ауыр күнәсын, Барсабиямен болған күнәсы болса керек, мойындамағанын көрсетеді. Жаздың аптабы ағашты қуырып жіберетіні сияқты, күнәсынан тартқан азабы да оның күш-жігерін тауысты. Дәуіттің тәні де, жаны да қасірет шекті. Бірақ ‘Иесіне кінәсін мойындағанда, [Ол] барлық күнәсін кешірді’ (Забур 31:3—5). Сонда Дәуіт: “Иеміз мойнына кінә артпаған әрбір кісі бақытты!”— деп жырлады (Забур 31:1, 2). Құдайдың рақымын көргенде, Дәуіт өзін қандай бақытты сезінді десеңші!
8, 9. Өкінгендік қалай көрінеді және қауымнан шығарылған адамға қайта қабылдануы үшін бұл қаншалықты маңызды?
8 Ендеше, күнәкар адам Құдайдың рақымына ие болу үшін күнәсына өкінуге тиіс. Алайда ұялу не әшкере болам деп қорқу — өкінгендік емес. “Өкіну” деген күнәсына қынжылғандықтан, жаман жүріс-тұрысқа қатысты адамның өз ой-қалпын өзгертуі дегенді білдіреді. Күнәсына өкінген адамның ‘жүрегі жаралы және күйреген’ болады, сондай-ақ ол, мүмкін болса, ‘бәрін түзетуге’ барынша тырысады (Забур 51:17, ЖД, [50:19]; Қорынттықтарға 2-хат 7:11).
9 Қауымнан шығарылған адамның қауымға қайта қабылдануы үшін күнәсына өкінгені өте маңызды. Ол белгілі бір уақыт өткен соң қауымға бірден қабылдана салмайды. Бұның алдында оның бейнелі жүрегінде үлкен өзгерістер болу қажет. Ол күнәсінің қаншалықты ауыр екенін және Ехоба мен қауымға қаншалықты кір келтіргенін түсінуге тиіс. Ондай адам күнәсына өкініп, дұғада шын жүректен кешірім сұрап, сонан соң Құдайдың талаптарына сай әрекет ету керек. Қауымға қайта қосылуды өтінгенде, ол өкінгенін және ‘теріс жолдан қайтып, бұған лайықты іс істеп’ жатқанын дәлелдей білуі керек (Елшілердің істері 26:20).
Неге күнәны мойынға алу керек?
10, 11. Неге күнәны жасырып қалуға тырыспауымыз керек?
10 Күнә жасап қойған біреу, бәлкім: “Егер жасаған күнәм жайлы өзге біреуге айтсам, ыңғайсыз сұрақтарға жауап беруіме тура келер және қауымнан шығарар. Ал егер тіс жармасам, бұдан құтылам және қауымда ешкім де ешнәрсе білмейтін болады”,— деп ойлауы мүмкін. Адам бұлай ойлағанда, кейбір маңызды жайттарды есепке алмайды. Ол қандай жайттар?
11 Ехоба — “Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, Сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады; Ол сүйіспеншілігін мыңдағандарға ұдайы көрсетеді... Күнәға батқан адамды да кешіруге дайын”. Алайда ол халқын ‘шамалы түрде [“жөнімен”, ЖД] жазалайды’ (Мысырдан шығу 34:6, 7; Еремия 30:11). Егер әлдекім ауыр күнә жасап қойып, әрі оны жасыруға тырысып бақса, Құдайдың рақымына қалай ие болмақ? Ехобаға оның күнәсі аян, әрі оған көз жұма салмайды (Нақыл сөздер 15:3; Аббақұқ 1:13).
12, 13. Күнәны жасырып қалуға тырысу неге әкеп соғуы мүмкін?
12 Егер сен ауыр күнә жасап қойған болсаң, оны мойныңа алғаның қайтадан таза ар-ұжданға ие болуыңа көмектеседі (Тімотеге 1-хат 1:18—20). Ал күнәны мойындамау ар-ұжданды сезімсіз етіп, одан да ауыр күнә жасауға апарады. Күнә жай ғана басқа біреуге не қауымға қарсы емес, Ехобаға қарсы жасалғанын ұмытпа. Забур жыршысы: “Жаратушы — Оның тағы аспан төрінде тұр, Оның жанарлары жіті бағуда, Оның кірпіктері адамдарды бағуда. Жаратушы Ие тақуаға [“әділге”, ЖД] сынай қарайды, ал ұждансыз бен озбырлықты ұнататындарды Оның жан-дүниесі жаратпайды”,— деген (Забур 10:4, 5).
13 Ехоба күнәсін жасырып, мәсіхшілердің таза қауымында қалуға тырысатын адамға батасын бермейді (Жақып 4:6). Сондықтан егер күнә жасап қойып, бірақ бұдан былай дұрыс әрекет еткің келсе, адалдықпен күнәңді мойныңа алудан тартынба. Әйтпесе, ар-ұжданың сені, әсіресе күнәңа ұқсас жайттар туралы естігенде, кінәлап, мазалайтын болады. Ал егер Ехоба Саул патшаның жағдайындағыдай киелі рухын алып қойса ше? (Патшалықтар 1-жазба 16:14) Құдайдың рухынсыз одан да ауыр күнә жасап қоюың мүмкін.
Адал бауырластарға сенім арт
14. Неге күнә жасаған адам Жақып 5:14, 15-тегі кеңеске құлақ асуы керек?
14 Сонымен күнәсына өкінген адам не істеу керек? “Қайсыбіреуің ауырып қалса, қауым жетекшілерін шақыртсын. Олар маңдайына Жаратқан Иенің атынан май жағып, оның үстіне қолдарын жайып сиынсын. Сеніммен сиынғандарыңа бола Иеміз науқастың денсаулығын қайтадан қалпына келтіріп, сауықтырмақ. Егер ол күнә жасаған болса, кешірілмек” (Жақып 5:14, 15). Ақсақалдарға бару — адамға ‘теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіп, соған лайықты іс істеудің’ бір жолы (Матай 3:8). Бұл адал да мейірімді ер кісілер ‘маңдайына Жаратқан Иенің атынан май жағып, оның үстіне қолдарын жайып сиынады’. Ауырсынуды басатын май сияқты олардың Киелі кітаптан берген кеңестері де күнәсына шын жүректен өкінген адамды жұбатады (Еремия 8:22).
15, 16. Мәсіхші ақсақалдар Езекиел 34:15, 16-да айтылған Құдайдың үлгісіне қалай еліктейді?
15 Бұған қатысты Бақташымыз Ехоба қандай керемет үлгі көрсеткен десеңші! Ол б. з. б. 537 жылы яһудилерді Бабыл тұтқындығынан құтқарып, ал б. з. 1919 жылы рухани Исраилді ‘ұлы Бабылдан’ азат еткен болатын (Аян 17:3—5; Ғалаттықтарға 6:16). Осылай өзінің: “Мен өз қойларымды бағатын боламын және Оларды дамылдатып жусатамын... Жоғалғанын іздеп табамын және қолды болғанын қайтарамын, жараланғандарын таңып байлаймын, және де ауырғандарын сауықтырамын”,— деген уәдесін орындады (Езекиел 34:15, 16).
16 Ехоба, бейнелеп айтқанда, өзінің қойларын тамақтандырды, оларды қауіпсіздікте дамылдатып жусатты және жоғалғандарын іздеді. Тап солай мәсіхші ақсақалдар да Құдайдың отарының рухани жақсы тамақтануын және қауіпсіздікте болуын қадағалайды. Олар қауымнан адасып қалған қойларды іздейді. Құдай ‘жараланғанды таңып байлағаны’ сияқты, ақсақалдар да әлдекімнің сөзінен не өздерінің әрекеттерінен жараланған қойларды ‘таңып байлайды’. Сондай-ақ ‘ауырғандарды сауықтырған’ Құдай іспетті ақсақалдар да рухани ауырғандарға (өз күнәсынан болуы мүмкін) көмектеседі.
Бақташылар қалай көмектеседі?
17. Неге ақсақалдардың көмегіне жүгінуден тартынбауымыз керек?
17 Ақсақалдар мына кеңеске дайындықпен құлақ асады: ‘Мейірімділік танытуды доғармаңдар, мұны қорқынышпен істеңдер’ (Яһуда 23, ЖД). Кейбір мәсіхшілер азғындық жасап, ауыр күнәға батқан. Алайда олар күнәсына шындап өкінетін болса, рухани жағынан көмектесуді қатты қалайтын ақсақалдар мейірім мен сүйіспеншілік көрсететініне сенімді болуларына болады. Пауыл осындай ақсақалдар жайлы, оның ішінде өзі жайлы да, былай деген: “Сенімдеріңе өктемдік еткіміз келмей, қуаныштарың үшін өздеріңмен бірге еңбектенеміз” (Қорынттықтарға 2-хат 1:24). Сондықтан олардың рухани көмегіне жүгінуден ешқашан тартынба.
18. Ақсақалдар күнә жасаған мәсіхшілерге қалай көмектеседі?
18 Егер ауыр күнә жасап қойған болсаң, ақсақалдарға неге сенім артуыңа болады? Өйткені олар бірінші кезекте Құдай отарының бақташылары (Петірдің 1-хаты 5:1—4). Қамқоршы бақташының ешқайсысы да өзін жаралап алған момын да маңыраған қозыны ұрып-соқпайды. Олай болса, ақсақалдар бір сенімдегілерге көмектескенде, оларға қандай жаза қолдануды емес, мүмкін болса, қалай рухани жағынан айығуға көмектесуге болатынын ойлайды (Жақып 5:13—20). Ақсақалдар отарды әділ соттап, оларға аяушылықпен қараулары керек (Елшілердің істері 20:29, 30; Ишая 32:1, 2). Барлық мәсіхшілер сияқты олар да ‘әділ әрекет етіп, мейірімділікті сүйіп және Құдай алдында қарапайымдылықпен жүреді’ (Миха 6:8, ЖД). Мұндай қасиеттер Ехобаның қойларының өмірі мен қасиетті қызметіне қатысты шешім қабылдағанда әсіресе қажет (Забур 99:3).
19. Мәсіхші ақсақалдар адамды түзетуде қандай көзқарас ұстанады?
19 Мәсіхші ақсақалдар киелі рухпен тағайындалады, әрі оның басшылығын іздеуге тырысады. Егер абайсызда ‘біреу күнә жасап қойса’, рухани толысқан ер бауырластар ‘оны ілтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға’ тырысады (Ғалаттықтарға 6:1; Елшілердің істері 20:28). Ақсақалдар жұмсақтықпен, сөйте тұра, Құдайдың принциптерін берік ұстана отырып, оның ой қалпын түзетуге тырысады. Бұл тәжірибелі дәрігердің адамның сынған жерін ауыртып алмай әрі жазылып кетуі үшін орнына абайлап салғаны сияқты (Қолостықтарға 3:12). Ақсақалдар рақым көрсетпес бұрын дұға айтып және Жазбаларды қарастырып шығатындықтан, олардың шешімі Құдайдың көзқарасын көрсетеді (Матай 18:18).
20. Әлдекімге сөгіс берілгені жайлы қай кезде қауымға хабарлау керек болады?
20 Егер жасалған күнә туралы көпшілікке мәлім болса немесе мәлім болатыны анық болса, қауымның жақсы атын сақтау үшін хабарландыру жасалғаны жөн болар еді. Сондай-ақ қауым сөгіс берілгенін білу керек деп есептеген жағдайда да хабарландыру жасалады. Ауру адам әдетте сырқатынан айыққанша уақытша істерін шектей тұрады. Сол сияқты сөгіс алған адам да рухани қайта аяққа тұрғанша осылай етеді. Біраз уақыт бойы оның кездесулерде түсініктеме бермей, тек тыңдағаны жөн болады. Ақсақалдар бір бауырластың онымен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуіне шара қолдануы мүмкін. Бұның мақсаты — қайтадан ‘сенімі берік болу’ үшін оның әлсіз жерлерін нығайту (Титке 2:2). Мұның бәрі күнәкарды жазалау үшін емес, оны сүйгендіктен жасалады.
21. Күнә жасалған кейбір жағдайларда қандай шаралар қолданылуы мүмкін?
21 Ақсақалдар әр түрлі жолмен рухани көмек көрсете алады. Мысалы, бұрын ішімдікпен проблемасы болған бауырлас жалғыз қалғанда, бір-екі рет тым көп ішіп қойды делік. Я болмаса темекіні тастағанына көп уақыт болған адам әлсіреп қалған кезінде, бір-екі рет оңашада темекі шеккен болсын. Ол дұға етіп, Құдай өзін кешірді деп есептесе де, мұндай күнә әдетке айналып кетпеуі үшін ақсақалдан көмек іздеуі керек. Сөйтіп, бір не екі ақсақал онымен сөйлеседі. Алайда бұл жерде басқа да жайттар болуы мүмкін болғандықтан, ақсақал(дар) төрағалық етуші бақылаушыны да хабардар етеді.
Құдайдың жөнге салу шараларын қабыл ала бер
22, 23. Неге әрдайым Құдайдың жөнге салу шараларын қабыл алу керек?
22 Әрбір мәсіхші Ехобаның ықыласына ие болу үшін оның жөнге салу шараларына ден қоюы керек (Тімотеге 1-хат 5:20). Сондықтан Жазбаларды және әдебиеттерді зерттегенде кездестірген түзететін ойларға немесе қауым кездесулері мен конгрестерде естіген кеңестерге құлақ ас. Ехобаның еркін орындауда үнемі мұқият боп жүр. Сонда Құдайдың жөнге салу шаралары рухани күшті қорғанышқа ие болуыңа көмектесіп, күнә жасаудан қабырға сияқты қорғайды.
23 Құдайдың жөнге салу шараларын қабыл алғаның сондай-ақ оның сүйіспеншілігінен айырылмауға көмектеседі. Кейбіреулердің мәсіхшілер қауымынан шығарылғаны рас, бірақ ‘жүрегіңді сақтасаң’ әрі ‘парасатты өмір кешсең’, сен бұған ұшырамайсың (Нақыл сөздер 4:23; Ефестіктерге 5:15). Ал қазір қауымнан шығарылған болсаң, қайтадан қабылдану үшін неге қадамдар жасамасқа? Құдай өзіне бағышталғандардың бәрінің де адал болғанын және қуанышқа толы жүрекпен ғибадат еткендерін қалайды (Заңды қайталау 28:47). Егер Ехобаның жөнге салу шараларын қабыл алатын болсаң, сен оған мәңгілік бойы осылай ғибадат ете аласың (Забур 99:2).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге кейбір мәсіхшілер қауымнан шығарылады?
• Шындап өкінуге не жатады?
• Неге ауыр күнәны мойынға алу керек?
• Күнәсына өкінгендерге мәсіхші ақсақалдар қалай көмектеседі?
[17-беттегі сурет]
Ежелгі бақташылар сияқты мәсіхші ақсақалдар да Құдайдың жараланған қойларын ‘таңып байлайды’