“Әділдер күн сәулесіндей жарқырайтын болады”
“Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады” (МАТ. 13:43).
1. Патшалыққа қатысты қандай жайттарды Иса астарлы әңгімелер арқылы түсіндірді?
ИСА МӘСІХ Патшалыққа қатысты кейбір жайттарды түсіндіру үшін көптеген мысалдар мен астарлы әңгімелер қолданды. Киелі кітапта: “Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады”,— делінген (Мат. 13:34). Патшалық туралы шындықтың дәнін себуге қатысты әңгімеде ол Ізгі хабарды қабыл алуда адам жүрегінің қандай рөлі барын және Ехобаның рухани өсім беретініне баса назар аударды (Мар. 4:3—9, 26—29). Сондай-ақ уағыздау ісіміздің нәтижесі бірден байқалмаса да, Патшалық хабарын қабылдайтын адамдардың саны таңғалдырарлықтай көбейетінін астарлап түсіндірді (Мат. 13:31—33). Бұған қоса, ол Патшалық туралы хабарға құлақ асқандардың бәрі бірдей оның азаматы бола бермейтініне ерекше көңіл бөлді (Мат. 13:47—50)a.
2. Исаның бидай мен бидайық жайлы астарлы әңгімесіндегі жақсы тұқым кімді бейнелейді?
2 Ал тағы бір астарлы әңгімесінде Иса Патшалықта өзімен бірге билік ететіндерге назар аударды. Ол — Матай кітабының 13-тарауында жазылған бидай мен бидайық жайлы әңгіме. Басқа мысалда себілген тұқым “патшалық туралы хабарды” білдірсе, бұл мысалдағы жақсы тұқым “патшалықтың ұлдарын” бейнелейді (Мат. 13:19, 38 ЖД). Олар — Патшалықтың қол астындағы адамдар емес, оны мұра ететін “ұлдар” (Рим. 8:14—17; Ғалаттықтарға 4:6, 7 оқы).
Бидай мен бидайық жайлы астарлы әңгіме
3. Әңгімедегі жақсы тұқым сепкен адамның қандай қиындыққа тап болғанын және оны қалай шешуді ұйғарғанын түсіндіріңдер.
3 Иса былай деп әңгімеледі: “Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бір адам егіндігіне жақсы тұқым себеді. Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың тұқымын шашып кетеді. Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгі арам шөп те өсіп шығады. Сонда қызметшілері егін иесіне келіп: — Мырза, жеріңізге сепкеніңіз жақсы тұқым емес пе еді? Бидайық қайдан шықты?— деп сұрайды. Ол: — Мұны істеген дұшпан кісі,— деп түсіндіреді.— Ендеше, біздің сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба? — Жоқ,— деп жауап береді қожайын,— сендер бидайықты отаймыз деп бидайды бірге жұлып тастарсыңдар. Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар!— деп бұйырамын” (Мат. 13:24—30).
4. а) Астарлы әңгімедегі кісі кім? ә) Иса тұқымды қашан және қалай себе бастады?
4 Танапқа жақсы тұқым сепкен адам кімді бейнелейді? Бұл сұрақтың жауабын Иса шәкірттеріне: “Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші”,— деп түсіндірді (Мат. 13:37). Көктен келген Билеуші, Иса Мәсіх, жердегі үш жарым жылдық қызметі кезінде танапты тұқым себуге дайындады (Мат. 8:20; 25:31; 26:64). Содан кейін б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамы кезінен бастап “патшалықтың ұлдарын” бейнелейтін жақсы тұқымды себуге кірісті. Яғни ол Ехобаның өкілі ретінде шәкірттеріне киелі рух төгіп, оларды Құдайдың ұлдары ретінде майлай бастады (Ел. іс. 2:33)b. Көктеп шыққан жақсы тұқым пісіп жетіледі. Олай болса, жақсы тұқымды себудің мақсаты — ақыр соңында Исамен бірге билік ететін Патшалық мұрагерлерінің толық санын жинау.
5. Мысалдағы дұшпан және бидайық кімдерді бейнелейді?
5 Дұшпан және бидайықтың тұқымы деген кімдер? Исаның айтуынша, дұшпан — “шайтан”, ал бидайық — “әзәзілдің адамдары” (Мат. 13:25, 38, 39). Бидайық деп аталатын улы өсімдік пісіп жетілмейінше бидайға өте ұқсас келеді. Сондықтан өздерін Патшалықтың ұлдарымыз дейтін, бірақ оның жемісін бермейтін жалған мәсіхшілердің бидайыққа теңелгені өте орынды. Исаның ізбасарларымыз дейтін екіжүзді мәсіхшілер, шынында да, Шайтан “ұрпағының” бөлігі (Жар. 3:15).
6. Бидайық қашан пайда болды және сол кезде жұрт қай мағынада “ұйықтап жатты”?
6 Бидайыққа ұқсас мәсіхшілер қашан себілді? Иса айтқандай: “Жұрт ұйықтап жатқанда” (Мат. 13:25). Бұл қашан болды? Жауабын елші Пауылдың Ефестегі ақсақалдарға айтқан сөздерінен табамыз. Ол: “Мен кеткен соң жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін: тіпті өз араларыңнан жалған ілімдерді уағыздап, Мәсіх жолымен жүргендерді теріс жолға азғырушылар шықпақ”,— деді (Ел. іс. 20:29, 30). Пауыл бұл сөздермен ақсақалдарды рухани сергек болуға шақырды. Қауымды жолдан таюшылықтан “ұстап тұрған” елшілердің көбісі өлім ұйқысына кеткеннен кейін, көп мәсіхші рухани ұйқыға бата бастады (Салоникалықтарға 2-хат 2:3, 6—8 оқы). Сол кезден жолдан таюшылық белең алып, бидайық іспетті мәсіхшілер пайда бола бастады.
7. Бидайдың кейбірі бидайыққа айналды ма? Түсіндіріңдер.
7 Иса бидайдың бидайыққа айналатынын емес, бидайықтың оның арасына себілетінін айтты. Сондықтан бұл астарлы әңгімеде шындық жолынан кеткен шынайы мәсіхшілер бейнеленбеген. Онда Шайтанның іріткі салу мақсатымен мәсіхшілер қауымына зұлым адамдарды ендіруге тырысып бағатыны көрсетілген. Соңғы елші Жоханның қартайған шағына таман жолдан таюшылық анық байқалды (Пет. 2-х. 2:1—3; Жох. 1-х. 2:18).
“Орылғанша бірге өсе берсін”
8, 9. а) Егін иесінің бұйрығы неліктен Исаның тыңдаушыларына түсінікті еді? ә) Орындалуына келсек, бидай мен бидайық қалайша бірге өсе берді?
8 Қызметшілері егін иесіне болған жағдайды хабарлап, одан: “Біздің сонда барып, [бидайықты] отап тастауымызды қалайсыз ба?”— деп сұрады (Мат. 13:27, 28). Сонда қожайын бидайықты орақ кезіне дейін отамауға бұйрық берді. Мұндай жауап бір қарағанда қызық болып көрінуі мүмкін, алайда оны Исаның шәкірттері жақсы түсінді. Себебі олар бидайдан бидайықты ажыратудың қиын екенін білетін. Сондай-ақ егін шаруашылығынан хабары бар адам бидайықтың тамыры бидайдікіне шырмалып кететінін, сондықтан оны тамырымен жұлғанда бидайды да қоса жұлып тастау қаупі барын біледіc. Олай болса, егін иесінің күте тұруды бұйырғаны таңғалдырмайды.
9 Осы астарлы әңгіменің орындалуына келсек, ғасырлар бойы мәсіхшілер әлемінің түрлі секталары — Рим католик пен православиенің, ал кейін кенеттен пайда болған протестанттардың сан қилы ағымдары — бидайық сияқты қаулап өсті. Сол уақытта бидайдың да аз ғана дәні осы дүниенің танабына себіліп, өсіп жатты. Мысалдағы егін иесі қысқа мерзімді орақ кезін тұқым пісіп жетілгенше шыдамдылықпен ұзақ күтті.
Көптен күткен орақ кезі
10, 11. а) Орақ кезі қашан басталды? ә) Бейнелі бидай қалайша Ехобаның қамбасына құйылды?
10 Иса: “Орақ кезі — ақыр заман, ал орушылар — періштелер”,— деп айтты (Мат. 13:39). Осы зұлым заманның соңғы күндерінде Патшалықтың ұлдары жиналып, бидайық іспетті адамдардан бөлінуде. Осыған байланысты елші Петір былай деп жазған: “Тәңірдің ең алдымен өз халқын соттай бастайтын уақыты келді. Ал сот бізден басталса, онда Құдайдың Ізгі хабарына бағынбайтындардың ақыры қандай болмақ!” (Пет. 1-х. 4:17).
11 Соңғы күндер немесе “ақыр заман” деп аталған кезең басталғаннан көп ұзамай-ақ шынайы мәсіхшілерміз деп жүргендерге сот басталды. Олардың шын мәнінде кім екені тексерілді: “патшалықтың ұлдары” ма, әлде “әзәзілдің адамдары” ма. Орақ кезі басталғанда “алдымен” Ұлы Бабыл құлады, содан бері патшалықтың ұлдары жиналуда (Мат. 13:30). Бейнелі бидай қалайша Ехобаның қамбасына құйыла бастады? Олар Құдайдың ықыласы мен қорғанышына ие болып, қайта құрылған мәсіхшілер қауымына жиналуда, я болмаса көктегі сыйларын алып жатыр.
12. “Орақ кезі” қашанға дейін созылады?
12 Сот қанша уақыт жүргізіледі? Исаның “орақ кезі” деген сөздері белгілі бір уақыт аралығына нұсқайды (Аян 14:15, 16). Демек, жердегі майланған мәсіхшілердің әрбір мүшесіне ақыр заман деп аталатын кезең бойы сот жүргізіледі. Сот олардың бәріне соңғы таңба салынбайынша бітпейді (Аян 7:1—4).
13. Бидайық іспетті адамдар қалайша басқалардың сеніміне нұқсан келтірді әрі заңсыздық жасады?
13 Билеуші өз Патшалығындағы кімдерді жинайды және олар қалайша адамдардың сеніміне нұқсан келтірді әрі заңсыздық жасады? (Мат. 13:41 ЖД). Мәсіхшілер әлемінің бидайыққа теңелген басшылары ғасырлар бойы миллиондаған адамды адастырып келді. Олар тозақ оты мен құпия Үшбірлік секілді Құдайды қорлайтын ілімдерімен “адамдардың сеніміне нұқсан келтірді”. Көптеген дінбасылары осы дүниемен достасуымен әрі азғын әрекеттерге салынуымен отарына кері әсер етті (Жақ. 4:4). Бұған қоса, мәсіхшілер әлемі шіркеу мүшелерінің азғындықтарына барған сайын көз жұмып қарауда (Яһуда 4 оқы). Осының бәріне қарамастан, дінбасылары жұртқа құдайшыл болып көрінуге тырысады. Патшалықтың ұлдары бидайық іспетті адамдардың ықпалынан және сенімге нұқсан келтіретін ілімдерінен аулақ болғанына қуанышты!
14. Бидайық іспетті адамдар қалайша зар еңіреп жылауда және қинала тістенуде?
14 Бидайық іспетті адамдар қалайша зар еңіреп жылауда және қинала тістенуде? (Мат. 13:42). Патшалықтың ұлдары “әзәзілдің адамдарының” рухани жағынан улы әсері мен ілімдерін әшкереледі. Олардың жанына батып жатқаны да осы. Сондай-ақ бидайық іспеттілер шіркеу мүшелерінің қолдауынан және оларға жүргізіп келген билігінен айырылып жатқандығына күйінеді (Ишая 65:13, 14 оқы).
15. Бидайық қандай мағынада өртеледі?
15 Қандай мағынада бидайық жиналып, өртеледі? (Мат. 13:40). Бұл теңеуден ақыр соңында бидайықпен не болатынын көреміз. Оның бейнелі мағынада отқа тасталынуы біржолата жойылатынын білдіреді (Аян 20:14; 21:8). Сол сияқты мәсіхшілердің атын жамылып жүрген бидайық іспеттілер ауыр азапта түп-тамырымен жойылады (Мат. 24:21).
Олар “күн сәулесіндей жарқырайтын болады”
16, 17. Малахи ғибадатханаға қатысты қандай пайғамбарлық жазды және ол қашан орындала бастады?
16 Бидай іспеттілер қашан “күн сәулесіндей жарқырайтын болады”? (Мат. 13:43). Ғибадатхананы тазартуға қатысты Малахи пайғамбар былай деп жазған: “Міне, Мен Өзімнің Періштемді жұмсап отырмын, ол Менің алдымнан жолымды ашады, сөйтіп сендер іздеп жүрген Жаратушы Ие мен сендер құмар болып жүрген Періштесі [“келісімнің хабаршысы” ЖД] ойда жоқта Жаратушы Иенің ғибадатханасына сап ете түседі; міне, Ол келе жатыр,— дейді Жаратушы Ие Саваоф.— Содан ол күмісті қорытуға және тазартуға отырады әрі Левийдің ұлдарын тазартып, шындығы арқылы Жаратушы Иеге құрбандығын берсін деп оларды алтын мен күмісше қайта қорытады” (Малх. 3:1—3).
17 Бұл пайғамбарлықтың біздің кезімізде орындалуы 1918 жылы Ехоба “келісім хабаршысы” — Иса Мәсіхпен бірге рухани ғибадатхананы тексеруге келгенде басталса керек. Ғибадатхана тазарғаннан кейін қандай жайт орын алатыны туралы Малахи пайғамбар былай деген: “Міне, сонда тақуа мен күнәһардың арасында, Құдайға құлшылық етуші мен Оған құлшылық етпеушінің арасында қандай айырмашылық бар екенін тағы да көресіңдер” (Малх. 3:18). Жаңадан күш алған шынайы мәсіхшілердің белсенділігінің күрт өскені орақ кезінің басталғанына нұсқады.
18. Даниял біздің уақытымызда қандай жайттың орын алатынын айтты?
18 “Саналылар тұғыры берік шамшырақтай боп жарқырайды, талайлардың көзін ашып шындыққа шығарғандар жұлдыздарша мәңгілік сәуле шашады”,— деп, Даниял біздің уақытымызға қатысты пайғамбарлық айтқан (Дан. 12:3). “Шамшырақтай жарқырайтындар” кімдер? Олар — Исаның астарлы әңгімесіндегі бидайды бейнелейтін майланған мәсіхшілердің дәл өзі. Қой іспеттілердің үлкен тобыры бидайық іспетті мәсіхшілердің ‘жиналып’ жатқанын анық көруде. Сондықтан Патшалықтың болашақ азаматтары ретінде рухани Исраилдің қалдығымен қызметтесіп, олар да осы қараңғы дүниеде сәулесін төгуде (Зәк. 8:23; Мат. 5:14—16; Філіп. 2:15).
19, 20. “Патшалықтың ұлдары” нені аңсап күтуде және келесі мақалада қандай сұрақ қарастырылады?
19 Бүгінде “патшалық ұлдарының” қалдығы көкте салтанатты ұлылыққа бөленіп, сыйларын алатын уақытты аңсап күтуде (Рим. 8:18, 19; Қор. 1-х. 15:53; Філіп. 1:21—24). Ал соған дейін олар адалдықтарын сақтауы, жарқырай беруі және “әзәзілдің адамдарынан” аулақ болулары керек (Мат. 13:38; Аян 2:10). Біздің заманымызда бейнелі бидайықтың “жиналғанын” көргенімізге қуаныштымыз.
20 Патшалықтың ұлдары мен мәңгі жерде өмір сүруге үміттенетін күннен күнге саны өсіп жатқан үлкен тобырдың арасында қандай байланыс бар? Бұл сұрақтың жауабын келесі мақалада қарастырамыз.
[Сілтемелер]
a Осы астарлы әңгімелер “Күзет мұнарасының” 2008 жыл 15 шілдедегі санының 12—21 беттерінде егжей-тегжейлі қарастырылған.
b Бұл әңгімедегі тұқым себу майланған мәсіхші болатын адамдарды жинайтын уағыздау мен шәкірт дайындау ісін білдірмейді. Себебі Иса: “Жақсы тұқым — патшалықтың ұлдары”,— деп, олардың кейін патшалықтың ұлдары болатынына емес, болып қойғанына нұсқады. Бұл әңгімедегі тұқым себу дүниежүзіндегі патшалық ұлдарын киелі рухпен майлауды білдіреді.
c “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.) 1-том, 1178-бет.
Естеріңде ме?:
Исаның бидай мен бидайық жайлы астарлы әңгімесінің келесі бөліктері нені білдіреді?
• Жақсы тұқым
• Тұқым сепкен кісі
• Тұқымды себу
• Дұшпан
• Бидайық
• Орақ кезі
• Қамба
• Зар еңіреп жылау және қинала тістену
• Бидайықты өртеу
[20-беттегі суреттер]
Б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамында жақсы тұқымды себу басталды
[23-беттегі сурет]
Бүгінде бейнелі бидай Ехобаның қамбасына құйылуда
[Түпдерек]
Pictorial Archive (Near Eastern History) Est.