Бағышталғаныңа сай киелі рухпен өмір сүр
“Киелі Рухпен өмір сүріңдер, сонда ескі күнәкар болмыстарыңның қалауы іске аспайды” (ҒАЛ. 5:16).
1. Алғашқы өнім мейрамы кезінде қандай шомылдыру рәсімдері орын алды?
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында Исаның ізбасарлары киелі рухпен шомылдыру рәсімінен өткеннен соң, басқа тілдерде сөйлей бастады. Бұл олардың киелі рух дарытатын қабілеттерге ие болғандарының дәлелі еді (Қор. 1-х. 12:4—10). Осы керемет жайт пен Петірдің баяндамасы қандай нәтиже берді? Көп адам күнәларына қатты өкінді. Петірдің талпындыруымен олар теріс жолдарынан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтті. Бұл жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Оның сөзін қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті. Осылайша бұл күні қауымға үш мыңдай адам қосылды” (Ел. іс. 2:22, 36—41). Исаның нұсқауына сай, олар Әкенің, Ұлының және киелі рухтың атымен суға шомылдыру рәсімінен өтті (Мат. 28:19).
2, 3. а) Киелі рухпен және киелі рухтың “атымен” шомылдырылудың айырмашылығын түсіндір. ә) Неліктен суға шомылдыру рәсімінен өту қазіргі кездегі шынайы мәсіхшілердің бәрінен талап етіледі?
2 Киелі рухпен шомылдырылу мен киелі рухтың атымен шомылдырылу дегендердің арасында айырмашылық бар ма? Иә, бар. Киелі рухпен шомылдырылғандар Құдайдың рухани ұлдары ретінде қайтадан туылды (Жох. 3:3). Олар болашақта Құдайдың Патшалығында діни қызметкер мен патшалар болуға, сондай-ақ Мәсіхтің рухани денесінің бір бөлігі болуға майланды (Қор. 1-х. 12:13; Ғал. 3:27; Аян 20:6). Осылайша Ехоба оларды Алғашқы өнім мейрамы кезінде киелі рухпен шомылдыру арқылы Мәсіхпен бірге Патшалықты мұра етуге тағайындады (Рим. 8:15—17). Ал бүгінде Ехоба куәгерлерінің конгрестерінде өтетін киелі рухтың атымен шомылдыру рәсімі жайында не деуге болады?
3 Суға шомылдыру рәсімінен өту шынайы мәсіхшілердің Ехоба Құдайға толықтай бағышталғандарының белгісі. Көкке шақырылғандар бұл рәсімнен өтуі тиіс. Алайда бұл маңызды қадамды жерде мәңгі өмір сүруге үміті бар миллиондаған адам да жасауы қажет. Демек, мәсіхшінің үміті қандай болмасын, ол Құдайдың мақұлдауына ие болу үшін Құдай Әкенің, рухани Ұлының және киелі рухының атымен шомылдыру рәсімінен өтуі керек. Құдай осы рәсімнен өткендердің бәрінен “Киелі Рухпен өмір сүреді” деп күтеді (Ғалаттықтарға 5:16 оқы). Бағышталуыңа сай киелі рухпен өмір сүріп жүрсің бе?
‘Киелі Рухпен өмір сүру’ нені білдіреді?
4. ‘Киелі Рухпен өмір сүру’ деген нені білдіреді?
4 ‘Киелі Рухпен өмір сүру’ дегеніміз оның өзіңе әсер етуіне жол беруді білдіреді. Басқаша айтқанда, күнделікті өмірімізде оның басшылығына сай әрекет етуіміз керек. Ғалаттықтарға арналған хаттың 5-тарауында киелі рухтың және өз қалауларымыздың әсері бір-біріне қарама-қайшы екеніне назар аударылады (Ғалаттықтарға 5:17, 18 оқы).
5. Киелі рух ықпал етсе, қандай істерден аулақ жүреміз?
5 Киелі кітапта күнәкар болмысымыздан туындайтын істер — “жеңіл жүріс, азғындық пен ұстамсыздық; жалған тәңірлерге табынушылық пен сиқыршылық; қаскөйлік, ұрыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, жеке бастың абыройын ойлау, ала ауыздық туғызу, жік салу, күншілдік, кісі өлтіру, маскүнемдік, жүгенсіздік” екені айтылған. Егер бізге киелі рух ықпал етіп жатса, мұндай қылықтардан аулақ жүруге тырысамыз (Ғал. 5:19—21). Былайша айтқанда, ‘Киелі Рухтың күшімен күнәкар болмыстың іс-әрекетін өлтіреміз’ (Рим. 8:5, 13 сілт.). Бұл бар ойымызды рухани нәрселерге аударуға және киелі рухтың басшылығына сай әрекет етуге көмектеседі. Сонда тәндік құмарлықтарға бой алдырмаймыз.
6. Киелі рухтың жемісін дамыту үшін не қажет екенін көрсететін мысал келтіріңдер.
6 Киелі рух саған әсер ететін болса, өміріңде Құдайға ұнамды қасиеттерді, яғни киелі рух жетілдіретін “жемісті”, таныта аласың (Ғал. 5:22, 23). Алайда сенің тарапыңнан да әрекет қажет. Бұған бір мысал келтірейік. Адам жерін өңдеп, егін егеді. Енді оның өсіп шығуына күн сәулесі мен су қажет, онсыз егінші өнім аламын деп үміттене алмайды. Киелі рухты күн сәулесімен салыстыруға болады. Онсыз біз киелі рухтың жемісін дамыта алмаймыз. Бірақ өнім алу үшін егінші еңбек етуі де керек (Нақ. с. 10:4). Сол сияқты, біз де жүрегіміздің “топырағын” жақсылап өңдеп, еңбек етпесек, киелі рухтың жемісін қалағанымызша дамыта алмаймыз. Олай болса, өзімізден “Киелі рухтың әсер етуіне жол берумен қатар, оның басшылығына сай әрекет етіп жүрмін бе?” деп сұрайық.
7. Киелі рухтың жемісін дамыту үшін неліктен зерттеу мен ой жүгірту маңызды?
7 Жақсы өнім алу үшін егінші егіндігін суғарады. Киелі рухтың жемісін дамыту үшін бізге де Киелі кітап шындығының таза суы керек. Оны біз мәсіхшілер қауымынан ала аламыз (Ишая 55:1). Өздерің жақсы білетіндей, Киелі кітап киелі рухтың жетелеуімен жазылған (Тім. 2-х. 3:16). Сондай-ақ адал да ақылды құл таза суға теңелетін Киелі кітап шындығын түсіндіретін қажетті әдебиеттермен қамтамасыз етуде (Мат. 24:45—47). Демек, киелі рух бізге әсер етуі үшін, Құдай сөзін оқуымыз және оның үстінен ой жүгіртуіміз керек. Осылай етіп жүрген болсаң, мұқият ізденіс жасап, қолда бар мәліметті зерттеген пайғамбарлардың үлгісіне еліктеп жүргенің. Кезінде періштелер де уәде етілген Ұрпақ пен майланған мәсіхшілердің қауымына қатысты рухани шындықтарды білуге ұмтылған (Петірдің 1-хаты 1:10—12 оқы).
Киелі рухтың әсері
8. Ехобадан киелі рухты сұрау неге маңызды?
8 Киелі жазбаларды зерттеу және ой жүгіртумен қатар, Ехобадан көмек пен басшылық сұрай беру қажет. Сонда ол сен үшін ‘сұрағаннан немесе ойлағаннан әлдеқайда көп нәрселерді істейді’ (Ефес. 3:20; Лұқа 11:13). Алайда біреу: “Құдай сұрамай тұрып-ақ, бізге не керек екенін білсе, сұрай берудің не қажеті бар?”— деуі мүмкін (Мат. 6:8). Ехобадан киелі рух сұрауымыздың бір себебі — бұл оған сенім артатынымызды көрсетеді. Мысалы, саған біреу көмек сұрап келсе, сен мүмкіндігінше көмектесуге тырысасың. Бұлай етуіңнің себебі — ол саған арқа сүйеп келді (Нақ. с. 3:27). Ехоба да өзінен киелі рух сұрағаныңа қуанады әрі оны саған молынан береді (Нақ. с. 15:8).
9. Қауым кездесулері Құдай рухының әсерін сезінуге қалай көмектеседі?
9 Құдай рухының әсерін қауым кездесулері мен конгрестерде сезіне алатынымызды жақсы түсінеміз. Сол кездесулерге бару және бағдарламаға мұқият ден қою өте маңызды. Бұл ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ ұғуға көмектеседі (Қор. 1-х. 2:10). Кездесулерде үнемі түсініктеме беру де пайдалы. Соңғы айда барған кездесулерің жайлы ойлап көрші. Қанша рет қол көтеріп, жауап бердің? Әлі де жақсарту керек жақтарым бар деп ойлайсың ба? Олай болса, келесі апталарда не істеу керектігін нақты шешіп ал. Ехоба сенің осы талпынысыңды көріп, саған киелі рухын береді. Ал оның көмегімен сен қауым кездесуінің пайдасын барынша көре аласың.
10. Киелі рухпен өмір сүру адамдарға қандай шақыруды жеткізумен байланысты?
10 Киелі рухпен өмір сүруге Аян 22:17-дегі шақыруға құлақ асу да жатады. Онда былай делінген: “Киелі рух пен қалыңдық: “Келе гөр!”— деп шақырады. Мұны естіген әркім де “Келе гөр!” десін. Жаны сусаған әркім сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдасын!” Қалыңдық табы арқылы әрекет етіп жатқан рух адамдарды өмір суын алуға шақырады. “Келе гөр!” деген шақыруды қабыл алған болсаң, мұны басқа адамдарға да жеткізуге белді бекем будың ба? Өмірлік маңызы бар осы іске қатысу қандай мәртебе десеңші!
11, 12. Қалайша киелі рух уағыз ісіне септігін тигізуде?
11 Бүгінде осы маңызды іс киелі рухтың басшылығымен атқарылып жатыр. Киелі кітаптан білетініміздей, киелі рух І ғасырдағы миссионерлердің жаңа аумақтарда ізгі хабарды уағыздауына септігін тигізді. Елші Пауыл мен оның серіктестеріне ‘Киелі Рух... Азия аймағында уағыздауға’ тыйым салды, сондай-ақ Бітүнияға кіруге рұқсат бермеді. Киелі рухтың оларға қалай тыйым салғанын білмейміз. Бірақ оның Пауылды Еуропаның үлкен аумағына қалай бағыттағаны белгілі: оған македониялық кісі туралы аян берілді (Ел. іс. 16:6—10).
12 Қазіргі кезде де Ехоба Құдай киелі рухы арқылы дүниежүзілік іске бағыт беруде. Бірақ аян арқылы емес, майланғандарға киелі рух беру арқылы басшылық етеді. Сондай-ақ киелі рух бауырластарды уағыздау мен тәлім беру ісіне бар күшін салып қатысуға талпындырады. Осы маңызды іске сенің де атсалысып жүргеніңе күмән жоқ. Қызметтегі қуанышыңды одан сайын арттыру үшін не істей аласың?
13. Киелі рухтың басшылығына қалайша мойынсұна аламыз? Мысал келтіріңдер.
13 Киелі рухтың басшылығына мойынсұнатынымызды Құдай халқына беріліп жатқан мәліметті қолдану арқылы көрсете аламыз. Жапонияда тұратын Михоко есімді қыз бауырластың мысалын қарастырайық. Ізашарлық қызметті жаңадан бастағандықтан, ол адамдарға қайта барып, қызығушылығын оятатындай әңгімелесуді үйрену керек деп есептейтін. Сөйтіп жүргенде, “Біздің патшалық қызметімізде” осыған қатысты жақсы кеңестер берілді. Бұған қоса “Қанағаттандырарлық өмір. Оған қалай қол жеткізуге болады?” деп аталатын кітапша шықты. Бұл кітапша әсіресе Жапония танабында қолдануға тиімді еді. Михоко адамдарға қайта барғанда кітапшаны ұсынып, қысқаша сөйлесуге қатысты кеңестерді қолдана бастады. Нәтижесінде, қысқа мерзімнің ішінде ол бірнеше адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын бастай алды. Олардың ішінде бұрын одан бас тартқандар да бар еді. Ол былай деп есіне алды: “Зерттеу сабағына көп адам келісті. Тіпті саны он екіге дейін жетіп қалатын. Сондықтан тізім жасап, оларды кезекке қоюыма тура келді”. Шынында да, киелі рухпен өмір сүріп, Ехобаның қызметшілеріне беріліп жатқан басшылықты ұстансақ, мол батаға кенелеміз.
Құдайдың киелі рухына арқа сүйе
14, 15. а) Қалайша кемелсіз адамдар бағышталуына сай өмір сүре алады? ә) Ең жақсы достарды қалай таба аламыз?
14 Сен Құдай тағайындаған қызметші болғандықтан ізгі хабарды уағыздауың керек (Рим. 10:14). Бәлкім, мұндай жауапкершілікті алып жүре алмайтындай сезінетін шығарсың. Дегенмен де, Құдай майланғандарға қажетті қабілет бергендей, саған да қабілет береді (Қорынттықтарға 2-хат 3:5 оқы). Қолыңнан келгеннің бәрін істесең және Құдайдың киелі рухына арқа сүйесең, бағышталуыңа сай өмір сүре аласың.
15 Әрине, кемелсіз болғандықтан, кемелді Құдайымыз Ехобаға бағышталуымызға сай өмір сүру оңай емес. Мұны қиындататын бір жайт — бұрын араласып жүрген кейбір адамдардың жаңа өмір салтымызды түсінбей налып, ‘бізді жамандауы’ (Пет. 1-х. 4:4). Бірақ осы уақытқа дейін қандай достар тапқаның жайлы ойлап көрші. Достарыңның ішінде ең жақсысы Ехоба мен Иса Мәсіх (Жақып 2:21—23 оқы). Сонымен қатар дүниежүзілік бауырластықтың бөлігі болып табылатын жергілікті қауымның мүшелерімен де жақынырақ таныса аласың (Пет. 1-х. 2:17; Нақ. с. 17:17). Ехоба киелі рухы арқылы саған жақсы жағынан ықпал етіп, жігерлендіріп отыратын достар табуға көмектеседі.
16. Пауыл сияқты, әлсіздік сезінгенде қуануыңа қандай себеп бар?
16 Қауымда көмектесетін достарың болса да, күнделікті өмірдің қиындықтарымен күресу ауыр шығар. Кейде шыр айналдырған проблемалардан ес жинай алмай, өзіңді әбден қажып біткендей сезінерсің. Осындай кезде Ехобаға дұға айтып, киелі рух сұрау әсіресе маңызды. Елші Пауыл: “Күшсіз болғанымда Ол арқылы күштімін”,— деген (Қорынттықтарға 2-хат 4:7—10; 12:10 оқы). Себебі ол Құдай рухының кез келген адам әлсіздігін жеңе алатын құдіреті бар екенін білген. Демек, Құдайдың әрекет етуші күші әлсіз әрі көмекке мұқтаж кезіңде сені аяққа тұрғыза алады. Пауыл әлсіздік сезінгенде қуанған, өйткені мұндай кезде оның бойында киелі рух әрекет еткен. Киелі рухтың бойыңда әрекет еткенін сен де сезіне аласың! (Рим. 15:13).
17. Киелі рух көздеген мақсатыңа жетуге қалай көмектеседі?
17 Киелі рух Құдайға бағышталғанымызға сай өмір сүру үшін қажет. Мысалы, сен желкенді кеменің капитанысың делік. Мақсатың — көздеген жеріңе аман-есен жету. Бұл үшін желкенді саған керек бағытта соғып тұрған желдің ыңғайына бұру керек. Сол сияқты, біздің рухани мақсатымыз — Ехобаға мәңгілік қызмет ету. Бұл үшін бізге Шайтан дүниесінің адастыратын рухының ығына берілмей, киелі рухтың бағытын тауып, ұстану қажет (Қор. 1-х. 2:12). Киелі рух бізді Құдайдың сөзі және ұйымы арқылы дұрыс бағытта алып жүреді.
18. Сен не істеуге белді бекем будың және неге?
18 Сен Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, қауым жиналыстарына барып, рухани ортаның игілігін көріп жүрген шығарсың. Бірақ бағышталу мен шомылдыру рәсімі сияқты маңызды қадамдар жасамаған болсаң, өзіңнен “Маған не кедергі болып тұр?” деп сұрап көр. Сен Құдай еркінің орындалуында киелі рухтың қандай рөл атқаратынын түсінсең, әрі оның әрекетін бағаласаң, онда дұрыстығына көзің жеткен қадамдарды жаса. Сонда Ехоба саған көл-көсір батасын береді, әрі киелі рухын молынан төгеді. Ал егер сен шомылдыру рәсімінен бір не бірнеше жыл бұрын өтіп қойған болсаң, киелі рухтың әсерін сезініп жүргенің сөзсіз. Сондай-ақ өз өміріңнен Құдайдың сені киелі рухы арқылы қолдайтынын білесің. Мұндай көмек саған әрі қарай да, тіпті мәңгілік бойы қажет болады. Олай болса, киелі рухпен өмір сүре беруге беліңді бекем бу.
Қалай жауап берер едіңдер?
• “Киелі рухпен өмір сүру” нені білдіреді?
• “Киелі рухпен өмір сүруге” саған не көмектеседі?
• Қалайша сен бағышталуыңа сай өмір сүре аласың?
[15-беттегі сурет]
Жүрегіміздің “топырағын” өңдеу үшін еңбек ету керек
[16, 17-беттердегі суреттер]
Құдай рухының әсер етуіне жол беріп жүрсің бе?