Мәсіхтікіндей ой қалып сақтаңдар
“Сендердегі ой қалып Мәсіх Исаныкіндей болсын” (РИМ. 15:5 ЖД).
1. Неге Исаның ой қалпын қабыл алуға тырысу керек?
“МЕНІҢ қасыма келіңдер... үйреніңдер Өзімнен, Жуас, кіші пейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда жандарың”,— деді Иса Мәсіх (Мат. 11:28, 29). Бұл жүрекке жылы тиетін шақырудан оның адамдарға сүйіспеншілікпен қарағаны байқалады. Ешбір адам бізге Исадан артық үлгі көрсете алмайды. Ол Құдайдың құдіретті Ұлы болса да, адамдарға, әсіресе қиналғандарға, жанашырлық пен мейірімділік танытқан.
2. Исаның ой қалпының қандай қырларын қарастырамыз?
2 Осы және келесі екі мақалада біз Исаның ой қалпын қалай дамытуға әрі сақтауымызға болатынын қарастырамыз (Қор. 1-х. 2:16). Исаның ой қалпының бес қырына ерекше көңіл бөлеміз. Олар: момындық пен кішіпейілділік, қайырымдылық, бойсұнушылық, батылдық пен айнымас сүйіспеншілік.
Мәсіхтікіндей момындық танытуды үйрен
3. а) Иса кішіпейілділіктің қандай үлгісін көрсетті? ә) Иса шәкірттерінің әлсіздіктеріне қалай қарады?
3 Құдайдың кемелді Ұлы Иса өз еркімен жерге кемелсіз әрі күнәкар адамдардың арасында қызмет етуге келді. Солардың кейбіреуі өзін өлтіретінін білсе де, Иса әрқашан қуанышты да сабырлы болып қала берді (Пет. 1-х. 2:21—23). Исаның үлгісіне ‘бар назарымызды аударғанымыз’ басқалардың кемшіліктері мен кемелсіздіктеріне Иса сияқты қарауға көмектеседі (Евр. 12:2). Ол шәкірттерін ‘қамытын қатар киіп’, өзінен үйренуге шақырды (Мат. 11:29 сілт.). Нені үйренуге? Мысалы, олар Мәсіх сияқты момын немесе жуас болып, басқалардың қателіктеріне шыдауды үйрене алар еді. Өлер алдындағы түні Иса шәкірттерінің аяғын жуып, кішіпейілділіктің ұмытылмастай үлгісін көрсетті (Жохан 13:14—17 оқы). Кейінірек Петір, Жақып пен Жохан ұйықтап қалғанда, Иса олардың бұл әлсіздігіне түсінушілікпен қарап: “Шимон, ұйықтап жатырсың ба?.. Азғырылмау үшін сергек болып сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал”,— деді (Мар. 14:32—38).
4, 5. Басқалардың кемшіліктеріне дұрыс қарауға Исаның үлгісі қалай көмектеседі?
4 Бауырластың бақталастық рух танытуы, тез өкпелей салатыны немесе ақсақалдың не “адал да ақылды құлдың” берген кеңесін қабылдауға асықпайтыны бізге қалай әсер етеді? (Мат. 24:45—47). Бұл дүниелік адамдардың қателіктерін кешіре алғанымызбен, бауырласымызға келгенде бұлай ету қиынға соғуы мүмкін. Басқалардың кемшіліктеріне тез ашулансақ, өзімізден: “Қалай Мәсіхтің ой қалпын жақсырақ таныта аламын?”— деп сұрайық. Шәкірттері қандай да бір шамада рухани әлсіздік танытқанда да Исаның оларға наразы болмағанын есте ұстайық.
5 Петірмен болған жағдайға көңіл бөлейік. Иса оны өзіне шақырғанда, ол қайықтан түсіп, су бетімен біраз жүрді. Бірақ Петір қатты соққан дауылға қарады да, суға бата бастады. Сонда Иса ашуланып: “Сауап, саған сол керек!”— деді ме? Жоқ! Ол “дереу қолын созып, ұстап қалды да: — Сенімі аз-ау! Неліктен күдіктендің? — деді” (Мат. 14:28—30, 31 ЖД). Егер бауырлас сенімінде әлсіздік танытқандай көрінсе, бейнелеп айтқанда, дереу қол созып, сенімін нығайтуға көмектесе аламыз ба? Исаның Петірге жұмсақтық танытқанынан дәл осындай сабақ аламыз.
6. Иса жоғары дәрежеге ұмтылған елшілеріне не үйретті?
6 Араларында кім жоғары деген елшілердің дауына Петір де қатысты. Жақып пен Жохан Патшалықта бірі Исаның оң жағына, екіншісі сол жағына отыруды қалады. Мұны білгенде Петір мен басқа елшілер қатты ызаланды. Иса шәкірттерінде бақталастық рухының қалыптасуына өскен орталары әсер еткенін түсінген. Елшілерін қасына шақырып: “Билеушілерінің қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелерінің де соларға қатаң әмір жүргізетінін білесіңдер. Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін, қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін!”— деді. Сосын өзіне нұсқап: “Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім”,— деп қосты (Мат. 20:20—28).
7. Қауымның ынтымағына әрқайсымыз қалай үлес қоса аламыз?
7 Иса көрсеткен кішіпейілділіктің үстінен ой жүгірткеніміз бізді бауырластардың арасында “ең кішігі” болып әрекет етуге талпындырады (Лұқа 9:46—48). Осылайша ынтымағымыз нығая түседі. Ехоба, үлкен отбасының әкесі іспетті, балаларының ‘ынтымақта тұрғандарын’ қалайды (Заб. 132:1). Иса Құдайға: “Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жету үшін маған сенетіндер толық бірлікке жетсін”,— деп дұға еткен (Жох. 17:23). Демек, біздің мәсіхші екеніміз өзара бірлігімізден көрінеді. Осындай бірлікті сезіну үшін, басқалардың кемелсіздігіне Мәсіх сияқты қарау қажет. Өзі кешірімшіл болған Иса кешірімге ие болғысы келетін адамның басқаларды кешіруі керек екенін айтқан (Матай 6:14, 15 оқы).
8. Құдайға көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан бауырластардан қандай үлгі аламыз?
8 Мәсіхке жылдар бойы еліктеп жүрген бауырластардың сенімін үлгі етуден көп нәрсе үйрене аламыз. Олар жиі басқалардың кемелсіздігіне Иса сияқты түсінушілікпен қарайды. Сондай-ақ Мәсіхтікіндей жанашырлық таныту “әлсіздердің әлсіздіктерін көтеруге” көмектесіп қана қоймай, бірлікке де септігін тигізетінін түсінеді. Бұл бүкіл қауымды Мәсіхтікіндей ой қалып танытуға талпындырады. Осы мәсіхшілер Пауылдың: “Табандылық пен жігердің бастауы — Құдай. Ол сендерді Мәсіх Исаның үлгісіне сай өзара татулыққа жеткізе көрсін. Осылай ынтымақпен өмір сүріп, Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдайды мадақтай аласыңдар”,— деген тілегіне қосылады (Рим. 15:1 сілт., 5, 6). Расында да, біздің бірлікте ғибадат еткеніміз Ехобаға зор мадақ әкеледі.
9. Исаға еліктеу үшін неліктен бізге киелі рух қажет?
9 Иса кішіпейілділікті киелі рух жемісінің бөлігі болып табылатын момындықпен байланыстырды. Олай болса, Исаға жақсырақ еліктей алу үшін, оның үлгісін қарастырумен қатар, бізге Ехобаның киелі рухы қажет. Сондықтан Құдайдан киелі рух сұрап, оның “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық [немесе “момындық” Тт], ұстамдылық” деген жемісін дамытуға тырысайық (Ғал. 5:22, 23). Иса көрсеткен кішіпейілділік пен момындықтың үлгісіне еліктеуімізбен көктегі Әкеміз Ехобаның көңілінен шығамыз.
Иса адамдарға қайырымды болған
10. Иса қалай қайырымдылық танытты?
10 Қайырымдылық та киелі рух жемісінің бір бөлігі. Иса адамдарға әрқашан қайырымды болған. Өзін шын ниетпен іздеген адамдардың барлығын ол “жайдары жүзбен қабыл алған” (ЖД) (Лұқа 9:11 оқы). Исаның қайырымдылығынан неге үйренеміз? Қайырымды адам мейірімді, жанашыр, жылы жүзді, дос пейілді. Иса осындай болған. Оның адамдарға жаны ашыған, себебі олар ‘бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара’ еді (Мат. 9:35, 36).
11, 12. а) Иса жанашырлығын іс жүзінде көрсеткен оқиғаны айтып беріңдер. ә) Осы оқиғадан қандай сабақ алдыңдар?
11 Иса жанашырлықты іс жүзінде көрсетті. Мұның бір мысалын қарастырып көрейік. Он екі жыл бойы қан кетіп ауырған бір әйел бар еді. Ол Мұса заңы бойынша мұндай жағдайдағы адамның да, қолы тигеннің бәрі де діни тұрғыдан арам болып есептелетінін білген (Леуі. 15:25—27). Дегенмен әлгі әйел Исаның қандай адам екенін білді және оның сауықтыра алатынына әрі сауықтыруды қалайтынына сенімді болды. Сөйтіп іштей: “Ең болмағанда киіміне қолымды тигізсем, сауығып кетер едім”,— деп ойлады. Бар батылын жинап киіміне қолын тигізді де, сол заматта сауыққанын сезінді.
12 Иса өзіне біреудің қол тигізгенін сезіп, кім екен деп жан-жағына қарайды. Әлгі әйел Заңды бұзғаны үшін айыпталудан қорқып, Исаның аяғына жығылады да, ағынан жарылып бар шындығын айтады. Сонда Иса азап шеккен бейшара әйелді жазғырды ма? Жазғырған жоқ, тіпті көңілін орнықтырып оған: “Қызым, сеніміңнің арқасында жазылдың. Уайымдамай қайта бер”,— деді (Мар. 5:25—33, 34 ЖД). Осындай жылы сөзді есту оған қандай жұбаныш болды десеңші!
13. а) Неге Исаның көзқарасы парызшылдардікінен өзгеше болды? ә) Иса балаларға қалай қарады?
13 Мәсіхтің тасжүрек парызшылдардан айырмашылығы — ол ешқашан билігімен адамдарға ауыртпалық салмаған (Мат. 23:4). Қайта, оларды Ехобаның жолына мейірімділікпен әрі шыдамдылықпен үйреткен. Ол ізбасарларына қамқор серік, шынайы дос бола білген және әрқашан сүйіспеншілік пен қайырымдылық танытқан (Нақ. с. 17:17; Жох. 15:11—15). Тіпті балалар да оның жанында өздерін еркін сезінген, өйткені Иса өзін олармен еркін ұстаған болу керек. Қаншама іс атқарып жүрсе де, ол балаларға көңіл бөлуге уақыт тапқан. Бірде парызшылдардікіндей көзқарастан арыла алмай жүрген шәкірттері Иса қолын тигізіп бата берсін деп балаларын алып келген жұртқа тыйым салады. Мұнысын жақтырмаған Иса: “Балалардың Маған келуіне жол беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар! Құдай Патшалығы сондайлар үшін”,— деді. Содан соң балаларды мысалға келтіріп: “Сендерге шындығын айтайын: кім Құдай Патшалығын бала сияқты қабылдамаса, оған кіре алмайды”,— деп маңызды сабақ берді (Мар. 10:13—15).
14. Шынайы ықылас көрсетудің балаларға қандай пайдасы бар?
14 Сол балалар есейіп, Иса Мәсіхтің ‘құшақтап, үстеріне қолын қойып бата бергенін’ еске алғанда, қандай сезімде болғаны жайлы ойлап көріңдерші (Мар. 10:16). Қазіргі кезде де балалар ақсақалдардың және басқа бауырластардың өздеріне шынайы ықыласпен көңіл бөлгенін кейін жылулықпен еске алады. Ең маңыздысы — қауымның нағыз қамқорлығын сезінген балалар Ехобаның өз халқына рухын беріп жатқанын жастайынан-ақ білетін болады.
Қатыгез дүниеде қайырымды бол
15. Қазіргі кезде қайырымдылықтың аздығы бізді неге таңғалдырмайды?
15 Бүгінде адамдардың көпшілігі басқаларға қайырымдылық көрсетіп жатуға уақыт жоқ деп есептейді. Мектепте, жұмыста, жол жүргенде және қызметте Ехобаның халқы осы дүниелік рухтың ықпалына кезігеді. Қатыгездік ұнжырғамызды түсіргенімен, оның орын алып жатқанына таңғалмауымыз керек. Себебі Ехоба Пауыл арқылы ‘соңғы дәуірдің’ қиын-қыстау күндерінде шынайы мәсіхшілер “өзімшіл... бауырмалдығы жоқ” (ЖД) адамдардың арасында өмір сүретінін алдын ала айтқан (Тім. 2-х. 3:1—3).
16. Бауырластарға біз қалай Мәсіхтікіндей қайырымдылық таныта аламыз?
16 Мәсіхшілер қауымындағы қарым-қатынас осы қатыгез дүниедегіден мүлдем өзгеше. Исаға еліктеу арқылы әрқайсымыз осындай қарым-қатынастың сақталуына өз үлесімізді қосамыз. Қалайша? Нашар денсаулықпен немесе тағы басқа қиыншылықпен күресіп жүрген бауырластарға көмек пен жігер бере аламыз. Қиындықтар “соңғы дәуірде” үдей түсуі мүмкін, бірақ бұл біз үшін жаңалық емес. Киелі кітап заманындағы мәсіхшілер де осындай қиындықтарға кезіккен. Олар көмекті қалай қажет етсе, бүгінде де бауырластар солай қажет етеді. Мысалы, Пауыл мәсіхшілерді ‘жаны күйзелгендерді жұбатып, әлсіздерді қолдауға’ шақырған (Сал. 1-х. 5:14 ЖД). Бұл Мәсіх сияқты қайырымдылық танытуға да қатысты.
17, 18. Исаның қайырымдылығына еліктеудің кейбір жолдары қандай?
17 Мәсіхшілер көптен бері білетін бауырластарға да, алғаш кездестіргендерге де шынайы ықылас танытып, оларды ‘жайдары жүзбен қабыл алуы’ керек. Осылайша олар бауырластарына Иса сияқты қарайтын болады (Жох. 3-х. 5—8). Иса адамдарға жанашырлық танытуға және жандарын сергітуге дайын болғандай, біз де дайын болайық (Ишая 32:2; Мат. 11:28—30).
18 Басқалардың игілігін бар ықыласпен ойлау арқылы әрқайсымыз қайырымдылық көрсете аламыз. Мұның жолын және мүмкіндігін іздеп, әрекет ет. Пауыл: “Бір-біріңе бауырмалдық сезіммен сүйіспеншілік танытыңдар. Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер”,— деген (Рим. 12:10 ЖД). Бұл өзгелерге мейіріммен әрі жылулықпен қарауды және “адал сүйіспеншілік” таныту арқылы Исаға еліктеуді білдіреді (Қор. 2-х. 6:6). Мәсіхтікіндей сүйіспеншілікті Пауыл былай сипаттады: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді, Ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды” (Қор. 1-х. 13:4). Бауырластарымызға ашу сақтаудың орнына, “Бір-біріңе мейірімді де жан ашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!” деген сөздерге құлақ асайық (Ефес. 4:32).
19. Мәсіхтікіндей қайырымдылық танытсақ, қандай батаға кенелеміз?
19 Мәсіхтікіндей қайырымдылық дамытып, оны әрқашан және әр жағдайда танытуға тырыссақ, мол батаға кенелеміз. Ехобаның рухы қауымға еркін әсер етіп, соның жемісі болып табылатын қасиеттерді дамытады. Сонымен қатар Исаның үлгісіне еліктесек әрі өзгелердің де еліктеуіне жәрдемдессек, қуанышпен әрі бірігіп ғибадат етіп жатқанымызға Құдай риза болады. Сондықтан өзгелермен қарым-қатынасымызда Иса сияқты момындық пен қайырымдылық танытуды жалғастыра берейік!
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Иса өзінің ‘жуас әрі кішіпейіл’ екенін қалай көрсетті?
• Қалай Иса қайырымдылық танытты?
• Кемелсіз дүниеде Мәсіхтікіндей момындық пен қайырымдылық танытудың кейбір жолдары қандай?
[8-беттегі сурет]
Бауырласымыз, Петір сияқты, сенімінде әлсіздік танытса, қол ұшын бере аламыз ба?
[10-беттегі сурет]
Қауымда мейірімділік рухы сезіліп тұруына қалай үлес қоса аласың?