Енді өзіміз үшін өмір сүрмейміз
“Мәсіхтің бәрі үшін өлгендігінің мақсаты — жаңа өмірге ие болғандардың енді тек өздері үшін емес, қайта, Оған бағышталып өмір сүрулері!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 5:15).
1, 2. Жазбадағы қандай өсиет Исаның бірінші ғасырдағы ізбасарларының өзімшілдікті жеңулеріне талпындырған?
БҰЛ Исаның соңғы түні болатын. Бірнеше ғана сағаттан соң ол өзіне сенім білдірген барлық адам үшін өмірін бермек. Сол түні ол адал елшілеріне көптеген маңызды жайттарды айтқан. Соның ішінде шәкірттерінің белгісі болатын қасиет туралы да өсиет айтқан. “Сендерге бір жаңа өсиет айтамын,— деді ол,— біріңді бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жохан 13:34, 35).
2 Шынайы мәсіхшілер бір-біріне жанқиярлықпен сүйіспеншілік көрсетеді және бауырластарының мүддесін өз мүдделерінен жоғары қояды. Олар тіпті ‘[достары] үшін өмірлерін құрбан етуге’ дейін барады (Жохан 15:13). Алғашқы мәсіхшілер жаңа өсиетті қалай қабылдаған? Өзінің атақты еңбегінде бірінші ғасырдың жазушысы Тертуллиан басқалардың мәсіхшілер туралы айтқан сөздерін келтіреді: “Қараңдаршы, олар бір-бірін қалай жақсы көреді, олар тіпті бірі үшін бірі өлуге дайын” (Apology).
3, 4. а) Неге өзімшілдікпен күрескеніміз дұрыс? ә) Бұл мақалада не талқыланады?
3 Біз де ‘біріміздің ауыр жүгімізді екіншіміз көтерісіп, Мәсіхтің өсиетін орындауымыз’ керек (Ғалаттықтарға 6:2). Алайда өзімшілдік — Мәсіхтің өсиетін орындауды және ‘Құдай Иені шын жүректен, бүкіл жан дүниемен, барлық ақыл-ойымен сүюді’ қиындататын ең үлкен кедергілердің бірі (Матай 22:37—39). Кемелсіз болғандықтан, өзімшілдікке бейімбіз. Оның үстіне, күнделікті өмірдегі стресс, мектептегі немесе жұмыс орнындағы бәсекелестік пен күнкөріс үшін күресу осы туа біткен бейімділікті күшейте түседі. Өзімшілдік артпаса, азайған жоқ. Елші Пауыл: ‘Соңғы дәуірде адамдар өзімшіл болады’,— деп ескерткен (Тімотеге 2-хат 3:1, 2).
4 Жердегі қызметінің соңына қарай Иса шәкірттеріне өзімшілдікті жеңуге көмектесетін үш қадам туралы айтқан. Бұл қандай қадамдар және біз оның нұсқауларынан қандай пайда аламыз?
Өзімшілдіктен арылудың тиімді жолы
5. Ғалилеяның солтүстік жағында уағыздап жүргенде, Иса шәкірттеріне не айтты және неге олар үшін бұл күтпеген нәрсе болды?
5 Иса Ғалилея көлінің солтүстік жағындағы Філіп-Кесариясының төңірегінде уағыздап жүреді. Бұл жанға жайлы, табиғаты сұлу өлке өз-өзінен бас тартудан гөрі рақат өмір кешуге қолайлы жер болғанға ұқсайды. Алайда осы жерде Иса шәкірттеріне өзінің ‘Иерусалимге баруы, ол жерде рубасылар, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегуі, өлтірілуі, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайтадан тірілуі де қажет’ екенін білдіре бастайды (Матай 16:21). Бұны естігенде шәкірттері төбелеріне жай түскендей болса керек, себебі бұған дейін олар Көсемдері жер бетіне Патшалығын орнатады деп ойлап келген еді (Лұқа 19:11; Елшілердің істері 1:6).
6. Неге Иса Петірге қатаң тыйым салды?
6 Петір дереу “[Исаны] жеке былайырақ алып шығып: — Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!— деп қарсылық білдіре бастады”. Иса бұған не деді? Ол Петірге: “Менен аулақ кет әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың”,— деп, теріс айналып кетеді (Матай 16:22, 23). Екеуінің көзқарастары қандай өзгеше еді! Иса бірнеше ғана айдан соң азап шегу бағанасында өлуімен аяқталатын Құдай тапсырған жанқиярлық жолды дайындықпен қабыл алған. Ал Петір жеңіл жолды ұсынған. Ол “ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін” деген. Петірдің ниетінің таза болғанында күмән жоқ. Бірақ Иса оған тыйым салған, себебі Петір Шайтанның өзіне әсер етуіне жол беріп қойған еді. Оның ‘ой-қалпы Құдайдікіндей емес, адамдікіндей’ болған (Матай 16:22, 23, Жаңа дүние аудармасының сілтемесі).
7. Матай 16:24-ке сәйкес, Иса ізбасарларының қандай қадамдар жасаулары керек екенін айтқан?
7 Петірдің сөздеріне ұқсас сөздер бүгін де естілуі мүмкін. Бұл дүние көбінше адамды өз жағдайын ойлауға немесе жанын қинамай, жеңіл жолмен жүруге шақырады. Бірақ Иса мүлдем басқаша көзқарас ұстануға үйреткен. Ол шәкірттеріне: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын [“азап шегу бағанасын”, ЖД] арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін [“жүре берсін”, ЖД]!”— деген (Матай 16:24). Бір еңбекте былай деп түсіндірілген: “Бұл әлі шәкірт жолына түспегендерді шәкірт болуға шақыру емес, Мәсіхтің ізбасары болып қойғандарды шәкірт болудың не екені туралы ой жүгіртуге шақыру” (The New Interpreter’s Bible). Сол тармақта айтылғандай, сенушілер Иса айтқан үш қадамды жасаулары керек. Осы қадамдарды жеке-жеке алып қарастырайық.
8. Өз еркіміз бойынша өмір сүруді қою деген нені білдіретінін түсіндіріп беріңдер.
8 Біріншіден, өз еркіміз бойынша өмір сүруімізді қоюымыз керек. Өз “еркі бойынша өмір сүруді қою” деген мағынаны беретін грек сөзі өзімшіл қалаулардан не өз жайын ғана ойлаудан бас тартуға дайын болуды білдіреді. Бұл тек анда-санда ғана кейбір жағымды нәрселерден бас тартуды, сондай-ақ аскет болуды немесе өз-өзімізге зиян келтіруді де білдірмейді. Біз өміріміз бен өзімізде бардың бәрін Ехобаға дайындықпен бердік, сондықтан ‘енді өз меншігіміз емеспіз’ (Қорынттықтарға 1-хат 6:19, 20). Енді өз қалауымызша емес, Құдайдың қалауынша өмір сүреміз. Өз еркіміз бойынша өмір сүруді қою өз қалауымызға қарамастан, Құдайдың еркін орындауға бел буу дегенді білдіреді. Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткенде, оған шексіз берілгенімізді көрсетеміз. Одан соң өмір-бойы бағышталғандығымызға сай әрекет етуге тырысамыз.
9. а) Иса жерде болғанда азап шегу бағанасы нені білдірген? ә) Қалайша біз азап шегу бағанамызды арқалаймыз?
9 Екінші қадам, азап шегу бағанамызды арқалауымыз керек. Бірінші ғасырда азап шегу бағанасы азаптануды, масқаралануды және өлімді білдірген. Азап шегу бағанасында әдетте қылмыскерлерді жазалаған немесе олардың өлі денелерін іліп қойған. Иса бұл туралы айтқанда, мәсіхші бұл дүниелік болмағандықтан, қуғын-сүргінге, жек көрінішті болуға немесе тіпті өлімге дайын болу керек екенін білдірген (Жохан 15:18—20). Бағынатын талаптарымыз бізді бұл дүниеден бөлектендіріп тұратындықтан, бұл дүние ‘налып, бізді жамандайды’ (Петірдің 1-хаты 4:4). Мұндай жағдай мектепте, жұмыста, тіпті отбасымызда болуы мүмкін (Лұқа 9:23). Алайда біз бұл дүниеге жексұрын көрінуге дайынбыз, себебі енді өзіміз үшін өмір сүрмейміз. Иса: “Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар! Қуана шаттаныңдар! Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр!”— деген (Матай 5:11, 12). Иә, Құдайға ұнамды болу бәрінен де маңызды.
10. Исаның жолымен жүре беруге не жатады?
10 Үшіншіден, Иса Мәсіх өзінің жолымен жүре беруіміз керек екенін айтқан. Вайнның “Жаңа өсиет сөздерінің түсіндірме сөздігі” бойынша, жолымен жүру деп аударылған сөз серіктес болуды немесе “бір жолмен жүруді” білдіреді. Жоханның 1-хаты 2:6-да: “[Құдаймен] қатынаста тұрмын дейтін кісі Иса Мәсіх қалай өмір сүрген болса, солай өмір сүруге тиіс”,— деп жазылған. Иса қалай өмір сүрген? Исаның Көктегі Әкесі мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі өзімшілдікке орын қалдырмаған. Пауыл: “Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді”,— деп жазған (Римдіктерге 15:3). Тіпті шаршап немесе аш тұрса да, Иса басқалардың мұқтаждықтарын өз мұқтаждығынан артық санаған (Марқа 6:31—34). Сондай-ақ Иса Патшалық туралы уағыздап, тәлім беруге келгенде күшін аямаған. “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп... өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер”,— деп, өзімізге тапсырған істі Исаға еліктеп, құлшыныспен атқаруымыз керек емес пе? (Матай 28:19, 20). Иса бізге барлық жағынан үлгі қалдырған, “сондықтан оның ізімен жүруіміз керек” (Петірдің 1-хаты 2:21).
11. Неге өз еркіміз бойынша өмір сүруді қоюымыз, азап шегу бағанамызды арқалауымыз және Мәсіхтің жолымен жүре беруіміз маңызды?
11 Өз еркіміз бойынша өмір сүруді қоюымыз, азап шегу бағанамызды арқалауымыз және Мәсіхтің жолымен жүре беруіміз маңызды. Бұл — жанқиярлық сүйіспеншілік көрсетуге кедергі болатын өзімшілдіктен арылудың жолы. Оның үстіне, Иса: “Кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді. Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірін құтқару үшін қандай құн төлей алады?”— деген (Матай 16:25, 26).
Екі қожайынға бірдей қызмет ете алмаймыз
12, 13. а) Исадан кеңес сұраған жас басшы не білгісі келді? ә) Иса жас жігітке қандай кеңес берді және неге?
12 Шәкірттеріне өз еріктері бойынша өмір сүруді қою керек екеніне ерекше көңіл аударған соң, бірнеше ай өте, бір бай жас басшы оған келіп: “Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін қандай игі істер істеуім керек?”— деген сұрақ қояды. Иса оған Құдайдың өсиеттерін орындай беру керек екенін айтып, олардың кейбіреулерін атап өтеді. Жас жігіт: “Бұлардың бәрін де (жастайымнан) орындап келемін”,— дейді. Бұл жігіттің ниеті таза әрі Таурат заңын бар пейілімен орындайтын болса керек. Сондықтан ол: “Маған тағы не нәрсе жетіспейді?”— деп сұрайды. Иса оған жауап қатып, ерекше іске шақырады: “Егер мүлтіксіз болғың келсе, барып, мал-мүлкіңді сатып, түскен ақшаны мұқтаждарға үлестіріп бер, сонда сенің қазынаң көкте болады. Өзің қайтып келіп, шәкіртім болып соңымнан ер!” (Матай 19:16—21).
13 Иса жас жігітке Ехобаға жан-тәнімен қызмет ету үшін өмірінде оны қатты алаңдататын нәрседен, өзінің байлығынан, құтылу керек екенін байқайды. Мәсіхтің нағыз шәкірті екі қожайынға, Құдайға және байлыққа, бірдей бағышталып қызмет ете алмайды (Матай 6:24). Ол рухани нәрселерге қарап, ‘көзін кіршіксіз таза’, немесе қарапайым, ұстауы керек (Матай 6:22). Байлығынан бас тартып, оны кедейлерге үлестіріп беру жанқиярлыққа жатады. Иса жас басшыға осындай құрбандыққа барар болса, көкте қазына жинайтын, яғни мәңгі өмір сүретін және ақырында Мәсіхпен бірге көкте билік ететін керемет мүмкіндікке ие болатынын айтады. Жас жігіт өз еркі бойынша өмір сүруді қоюға дайын емес еді. “Жігіт еңсесі түсіп, қапаланып кетіп қалды. Себебі ол аса дәулетті болатын” (Матай 19:22). Алайда Исаның басқа ізбасарлары өзгеше әрекет етті.
14. Иса соңынан еруге шақырғанда, төрт балықшы мұны қалай қабыл алды?
14 Екі жылдай уақыт бұрын Иса Петір, Әндір, Жақып және Жохан есімді төрт балықшыны да осылай шақырған. Бұл кезде олардың екеуі балық аулап жүрсе, қалған екеуі ауларын жамап жатқан. Иса оларға: “Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін”,— деді. Төртеуі де ақырында жұмыстарын тастап, біржола Исаның соңынан ереді (Матай 4:18—22).
15. Бір Ехоба Куәгері Исаның жолымен жүру үшін қандай құрбандықтарға барған?
15 Бүгінде көп мәсіхшілер бай жас басшыға емес, төрт балықшыға еліктейді. Олар Ехобаға қызмет ету үшін бұл дүниедегі байлық пен атақтарын құрбан еткен. Дебора: “22 жасымда үлкен шешім қабылдауым керек болды”,— дейді. Ол себебін былай деп түсіндіреді: “Алты айға жуық Киелі кітапты зерттеген соң, өмірімді Ехобаға арнағым келді, бірақ отбасым бұған қатты қарсы болды. Олар мультимиллионер еді, сондықтан мен Куәгер болып кетсем, бұл атымызға кір келтіреді деп намыстанды. Олар маған не шалқып өмір сүруді, не шындықты таңдауыма 24 сағат берді. Куәгерлермен қатынасымды үзбесем, отбасым мені бар мұрадан айырмақшы болды. Ехоба маған дұрыс шешім қабылдауға және сол шешімімді берік ұстануға көмектесті. Соңғы 42 жылда мен толық уақыт қызмет етіп келемін және ешқандай өкінішім жоқ. Өзімшіл, ләззат қуған өмір сүру салтынан бас тарта отырып, туыстарым әлі шыға алмай жүрген мағынасыз өмір мен бақытсыздықтан босандым. Күйеуіммен бірге жүздеген адамның шындықты тануларына көмектестім. Бұл рухани балаларым мен үшін мал-мүліктен анағұрлым қымбат”. Миллиондаған басқа да Ехоба Куәгерлері Дебораның сөздерімен келіседі. Ал сен туралы не деуге болады?
16. Қалайша енді өз еркіміз бойынша өмір сүрмейтінімізді көрсете аламыз?
16 Өз еріктері бойынша өмір сүруді қойғысы келген мыңдаған Ехоба Куәгері ізашар немесе Патшалықтың толық уақытты жариялаушылары ретінде қызмет етеді. Толық уақыт қызмет етуге жағдайлары келмейтін басқа жариялаушылар болса ізашарлық рух дамытып, қолдарынан келгенше Патшалықты уағыздау ісіне қолдау көрсетеді. Ата-аналар балаларына рухани тәлім беру үшін көп уақыттарын және өз мүдделерін құрбан ету арқылы осындай көзқарас танытуда. Бәріміз де әр түрлі мүмкіндіктерді пайдаланып, Патшалықтың мүддесін өмірімізде бірінші орынға қоятынымызды көрсете аламыз (Матай 6:33).
Бізді алға басуға кімнің сүйіспеншілігі мәжбүр етеді?
17. Құрбандықтарға баруға бізді не жетелейді?
17 Жанқиярлық сүйіспеншілік танытып өмір сүру оңай емес. Бірақ бізді алға басуға не жетелейтінін ойлап көрші? Пауыл: ‘Мәсіхтің сүйіспеншілігі бізді алға басуға мәжбүр етеді. Себебі мынадай қорытындыға келдік: бір Адам бәрі үшін өлді. Мәсіхтің бәрі үшін өлгендігінің мақсаты — жаңа өмірге ие болғандардың енді тек өздері үшін емес, қайта, Оған бағышталып өмір сүрулері! Ол солардың игілігіне бола өліп, қайта тірілді ғой’ (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15). Бізді өз еркіміз бойынша өмір сүруді қоюға мәжбүр ететін, немесе жетелейтін Мәсіхтің сүйіспеншілігі. Неткен әсерлі күш! Мәсіх біз үшін өлгендіктен, біздің де ол үшін өмір сүруіміз моральдық борышымыз емес пе? Шынында да, Құдай мен Мәсіхтің көрсеткен терең сүйіспеншілігіне деген ризашылығымыз өмірімізді Құдайға арнап, Мәсіхтің шәкірті болуға талпындырады (Жохан 3:16; Жоханның 1-хаты 4:10, 11).
18. Неге жанқиярлық өмір кешу талпынуға тұрарлық іс?
18 Өз еркіміз бойынша өмір сүруді қою талпынуға тұрарлық іс пе? Бай жас басшы Мәсіхтің шақыруын қабыл алмай кетіп қалған соң, Петір Исадан: “Міне, біз барлығын тастап, Сіздің соңыңыздан еріп жүрміз. Сол үшін бізді не күтіп тұр?”— деп сұрады (Матай 19:27). Петір мен басқа елшілер шын мәнінде өз еріктері бойынша өмір сүруді қойған. Олардың сыйлары не болмақ? Иса алдымен олардың өзімен бірге көкте билік ету мәртебесіне ие болатынын айтады (Матай 19:28). Одан соң өзінің әрбір ізбасарының қандай батаға ие болатынын айтады. Ол: “Маған және Ізгі хабарға бола үй-жайын, туған бауырларын, әке-шешесін, әйелін, бала-шағасын не жер-суын тастап шыққан әркімге сол үшін осы заманда... жүз есе артығымен... қайтарылады, әрі келер заманда ол мәңгілік өмірге ие болады”,— деді (Марқа 10:29, 30). Құрбан еткенімізден алғанымыз анағұрлым артық. Біздің рухани әкелеріміз, шешелеріміз, бауырларымыз бен балаларымыз Патшалық үшін бас тартқан кез келген нәрселерімізден анағұрлым қымбат емес пе!? Кімнің өмірі зая өткен жоқ, Петірдің бе, әлде бай жас басшының ма?
19. а) Шынайы бақытқа не бөлейді? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
19 Сөздері мен істері арқылы Иса өзімшілдік емес, өзгелерге беру мен қызмет ету бақытқа бөлейтінін көрсеткен (Матай 20:28; Елшілердің істері 20:35). Өз еркіміз бойынша өмір сүруді қойып, үнемі Исаның жолымен жүретін болсақ, қанағаттандырарлық өмір сүруімізге және болашақта мәңгілік өмір сүруге мүмкіндігіміз болады. Әрине, өз еркіміз бойынша өмір сүруді қойғанда, Ехобаның меншігі боламыз. Осылай біз оның құлдарына айналамыз. Неге мұндай құлдыққа талпынуға болады? Бұл өмірімізде қабылдайтын шешімдерімізге қалай әсер етеді? Бұл сұрақтарды келесі мақалада талқылаймыз.
Естеріңде ме?
• Неге өзімшілдікке деген бейімділігімізбен күрескеніміз дұрыс?
• Өз еркіміз бойынша өмір сүруді қою, азап шегу бағанамызды арқалау және үнемі Мәсіхтің жолымен жүру деген нені білдіреді?
• Өз еркіміз бойынша өмір сүруді қоюға бізді не жетелейді?
• Неге жанқиярлық өмір кешу талпынуға тұрарлық іс?
[9-беттегі сурет]
“Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”
[10-беттегі суреттер]
Сүйіспеншілік Ехоба Куәгерлерін Патшалықтың белсенді жариялаушылары ретінде қызмет етуге талпындырады