Өмір үшін қандай құрбандыққа дайынсың?
“Адам өз өмірін құтқару үшін қандай құн төлей алады?” (МАТ. 16:26).
1. Неге Иса Петірге қатаң жауап берді?
ЕЛШІ Петір естігеніне сене алмады. Сүйікті Ұстазы Иса Мәсіх өзінің жақында қасірет шегіп, өлетінін “бүкпесіз ашық” айтқан еді. Сонда ол — ізгі ниетпен екені сөзсіз — Исаға қарсылық білдіріп: “Құдай сақтасын [“Өзіңе рахымды болсаңшы” Тт], Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— дейді. Бірақ Иса Петірден бұрылып, басқа шәкірттеріне қарайды. Олар да осындай жаңсақ пікірде болғанға ұқсайды. Сосын, Иса Петірге: “Менен аулақ кет, әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың”,— дейді (Мар. 8:32, 33; Мат. 16:21—23).
2. Иса шынайы шәкірттерге қандай талаптар қойылатынын айтты?
2 Исаның неге бұлай жауап бергенін Петір оның келесі сөздерінен түсінген болу керек. Иса халықты және шәкірттерін қасына шақырып алып, мынаны айтты: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін! Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады, ал өмірін Мен үшін және Ізгі хабар үшін қиған әркім оны мәңгі аман сақтап қалады” (Мар. 8:34, 35). Иса өз өмірін құрбан ететіні жайлы ғана емес, соңынан ергендердің де Құдайға қызмет етуде өмірлерін құрбан етуге дайын болу керектігін айтқаны анық. Осылай етер болса, олар зор сыйға ие болмақ еді (Матай 16:27 оқы).
3. а) Иса тыңдаушыларына қандай сұрақтар қойды? ә) Исаның екінші сұрағы тыңдаушыларының есіне нені салса керек?
3 Сол кезде ол ойландыратын мынадай екі сұрақ қойды: “Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда?” және “Адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады?” (Мар. 8:34—37). Бірінші сұрақтың жауабы адамдар үшін түсінікті: адам бүкіл дүниеге иеленіп, бірақ өмірінен айырылып қалса, бұдан келер пайда жоқ. Ол тірі болса ғана дүние-мүліктің рақатын көре алады. Ал Исаның екінші сұрағы тыңдаушыларының есіне Әйүптің күндерінде айтқан Шайтанның: “[Адам] өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді”,— деген сөздерін салса керек (Әйүп 2:4). Ехобаға ғибадат етпейтін кейбіреулерге Шайтанның сөзі тура келетін шығар. Көп адам өз өмірін сақтау үшін бәрін істеп, кез келген принципті бұзуға бар. Алайда бұл мәселеде мәсіхшілердің көзқарасы мүлдем басқа.
4. Неге мәсіхшілер үшін Исаның сұрақтарының әлдеқайда терең мәні бар?
4 Исаның жер бетіне бізге денсаулық, байлық пен ұзақ өмір беру үшін келмегенін білеміз. Ол жаңа дүниеде мәңгі өмір сүруге жол ашу үшін келді. Біз осы үмітті жоғары бағалаймыз (Жох. 3:16). Мәсіхші Исаның бірінші сұрағын былай түсінер еді: “Адам бүкіл дүниеге ие болып, бірақ мәңгі өмір сүру үмітінен айырылса, бұдан оған не пайда?” Әрине, еш пайда жоқ (Жох. 1-х. 2:15—17). Исаның екінші сұрағына жауап беру үшін, өзімізден былай деп сұрап көруімізге болады: “Жаңа дүниеде өмір сүру үмітім берік болу үшін, қазір қандай құрбандықтарға баруға дайынмын?” Біздің жауабымыздан, ал бұл әдетте өмір салтымыздан байқалады, жүрегіміздегі үміттің қаншалықты берік екені көрінеді (Жохан 12:25 салыстыр).
5. Мәңгілік өмір сыйына қалай ие бола аламыз?
5 Әрине, Иса мәңгілік өмірге өз күшімізбен ие бола аламыз демеген. Өмір — тіпті осы дүниедегі салыстырмалы түрде қысқа өміріміз де — сый болып табылады. Біз оны сатып та, еңбегімізді сіңіріп те ала алмаймыз. Мәңгілік өмір сыйына ‘Иса Мәсіхке деген сенімнің’ және ‘Өзін іздегендерді жарылқайтын’ Ехобаға деген сенімнің арқасында ғана ие бола аламыз (Ғал. 2:16; Евр. 11:6). Сонымен қатар сенім іс жүзінде көрсетілу керек, өйткені “әрекетсіз сенім... өлі” (Жақ. 2:26). Сондықтан бұдан былай Исаның сұрағының үстінен ой жүгірткенде, сеніміміздің тірі екенін көрсету үшін, осы дүниеден қаншалықты бас тартуға және Ехобаға қызмет етуде қандай істер атқаруға дайын екендігіміз жайлы байыппен ойланғанымыз жөн.
‘Мәсіх Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді’
6. Иса үшін өмірде не нәрсе маңызды болды?
6 Кезінде Иса осы дүние ұсынып отырған нәрселерден, сондай-ақ өз жағдайын жасаудан бас тартып, бар назарын маңызды нәрселерге аударды. Ол әрдайым жанқиярлық танытып әрі Құдайға мойынсұнып өмір сүрді. Ол өзіне ұнайтынды емес, ‘әрқашан [Құдайға] ұнайтынды істеді’ (Жох. 8:29). Құдайға ұнау үшін Иса қандай құрбандықтарға барды?
7, 8. а) Иса қандай құрбандыққа барды және бұл үшін қандай сыйға ие болды? ә) Өзімізге қандай сұрақ қоюымыз қажет?
7 Бірде Иса шәкірттеріне: “Мен... Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім”,— деді (Мат. 20:28). Ілгеріректе, ол ізбасарларына жуырда ‘жанын қиятынын’ ескерткенде, Петір оған өзіне ‘рахымды болуын’ айтқан еді. Алайда бұл Исаның шешіміне әсер еткен жоқ. Ол өз жанын, яғни кемелді адами өмірін, адамзат үшін дайындықпен қиды. Осылай риясыз өмір кешкенінің нәтижесінде Исаның өз болашағы да керемет болды: ол қайта тірілтіліп, ‘Құдайдың құдіретімен көкке көтерілді’ (Ел. іс. 2:32, 33). Осылайша ол бізге керемет үлгі қалдырды.
8 Елші Пауыл Римдегі мәсіхшілерге ‘өздеріне ұнайтынды істемеуге’ кеңес беріп, тіпті ‘Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істегенін’ естеріне салды (Рим. 15:1—3). Ендеше, біз де елшінің кеңесіне қаншалықты құлақ асып, Иса сияқты құрбандықтарға баруға дайынбыз?
Ехоба өзіміздегі ең жақсыны бергенімізді қалайды
9. Мәсіхшінің өмірін Құдайға бағыштауы нені білдіреді?
9 Ежелгі Исраилде, Мұса заңында талап етілгендей, құлдыққа сатылған еврейлер жеті жылдан соң не мерекелі жылы босатылулары керек еді. Алайда олар басқа да шешім қабылдай алатын. Егер құл өзінің қожайынын жақсы көрсе, қалған өмірінде оның үйінде құл болып қала беруді шеше алатын (Заңды қайталау 15:12, 16, 17). Өмірімізді Құдайға бағыштағанда, біз де осыған ұқсас шешім қабылдаймыз. Біз өз қалауымызды емес, Құдайдың еркін орындауға өз еркімізбен келісеміз. Осылай Ехобаға деген зор сүйіспеншілігімізді және оған мәңгі-бақи қызмет еткіміз келетінін көрсетеміз.
10. Қай мағынада біз Құдайдың меншігіміз және бұл ойымыз бен іс-әрекетімізге қалай әсер ету керек?
10 Қазір сен Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, ізгі хабарды уағыздап және мәсіхшілер кездесулеріне келіп жүрген болсаң, мақтауға лайықсың. Көп ұзамай Ехобаға бағышталғың келіп, сен де эфиопиялық уәзір сияқты: “Менің шомылдыру рәсімінен өтуіме қандай тосқауыл бар?”— деп сұрақ қоятыныңа үміттенеміз (Ел. іс. 8:35, 36 ЖД). Сонда Құдаймен қарым-қатынасың бірінші ғасырдағы мәсіхшілердікіндей болады. Олар жайлы Пауыл: “Енді өз меншіктерің емессіңдер, Иеміз сендерді үлкен құн төлеп, күнәның құлдығынан азат етті”,— деген (Қор. 1-х. 6:19, 20). Көкте не жерде өмір сүруге үміттенсек те, өзімізді Ехобаға бағыштасақ, ол біздің Қожайынымыз болады. Олай болса, жеке бастың қалауынан бас тарту және ‘“адамдардың құлы” болмау’ қаншалықты маңызды! (Қор. 1-х. 7:23). Ехобаның өз қалауы бойынша қолданатын адал қызметшісі болу зор мәртебе емес пе?!
11. Мәсіхшілер қандай құрбандық әкелуге шақырылады және Мұса заңындағы құрбандықтардан көрінетіндей, бұл нені білдіреді?
11 Пауыл бір сенімдегілерді былай деп шақырған: “Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады” (Рим. 12:1). Бұл сөздер яһуди мәсіхшілердің есіне Исаның ізбасары болғанға дейінгі ғибадаттарының маңызды бөлігі болған құрбандықтарды салса керек. Олар, Мұса заңы бойынша, Ехобаға құрбандық шалатын орынға ең жақсы деген жануарларды әкелу керектігін білген. Ал кемістігі бар құрбандық жарамсыз болған (Малх. 1:8, 13). Біз де өмірімізді ‘тірі құрбандық’ ретінде ұсынғанда, осылай болу керек. Біз Ехобаға жеке басымыздың барлық қалауын қанағаттандырғаннан қалғанын емес, өзіміздегі ең жақсыны береміз. Өзімізді Құдайға бағыштағанда, өмірімізді — соның ішінде күш-қуатымыз, қаражатымыз бен қабілетімізді — толықтай арнаймыз (Қол. 3:23). Іс жүзінде бұл нені білдіреді?
Уақытыңды даналықпен жұмса
12, 13. Ехобаға өзіміздегі ең жақсыны берудің бір жолы қандай?
12 Ехобаға өзіміздегі ең жақсыны берудің бір жолы — “қолайлы уақыттың құнын өтеп алып” (ЖД), уақытымызды даналықпен жұмсау (Ефестіктерге 5:15, 16 оқы). Бұл үшін ұстамдылық қажет. Осы дүниелік рух пен мұра еткен кемелсіздігіміз уақытымызды тек көңіл көтеруге не жеке басымыздың мүддесіне жұмсауға талпындырады. Рас, “бәрінің өз уақыты бар”, соның ішінде жанға жағымды демалудың және мәсіхшілік міндеттерімізді атқаруға мүмкіндік беретін жұмыстың да өз уақыты бар (Екк. 3:1). Алайда бағышталған мәсіхші байсалдылық танытып, уақытын даналықпен пайдалану керек.
13 Пауыл Афиныда болғанында, “афиналықтардың барлығы да және онда өмір сүретін шетелдіктер де әлде бір жаңалықты айтып немесе тыңдап, уақыт өткізуге құштар” екенін байқаған (Ел. іс. 17:21 Тт). Бүгінде көп адам уақытын осылай жұмсап жатады. Теледидар көру, бейне ойындар ойнау, Интернет қарау олардың көп уақытын алуда. Уақытымызды ұрлайтын бұндай нәрселер күннен-күнге көбеюде. Егер оларға бой алдырсақ, рухани мұқтаждықтарымыз ескерусіз қалуы мүмкін. Тіпті қызметімізбен байланысты “ізгілікті”, немесе әлдеқайда маңызды, нәрселерге қолымыз тимейді деп ойлай бастауымыз мүмкін (Філіп. 1:9, 10).
14. Қандай сұрақтардың үстінен мұқият ой жүгіртуіміз керек?
14 Сондықтан Ехобаға бағышталған қызметші ретінде өзіңнен былай деп сұра: Менің күнделікті кестемде Киелі кітапты оқуға, ой жүгіртуге және дұға етуге уақыт бөлінген бе? (Заб. 76:13; 118:97; Сал. 1-х. 5:17). Қауым кездесулеріне дайындалуға уақыт табам ба? Кездесулерде түсініктеме беріп, өзгелерді жігерлендірем бе? (Заб. 121:1; Евр. 2:12). Құдай Сөзінде Пауыл мен Барнаба “едәуір уақыт” бойы Иеміз туралы батыл куәлік бергені айтылған (Ел. іс. 14:3). Сен де уағыз ісіне көбірек, тіпті “едәуір уақыт” бөліп, мысалы, ізашар ретінде қызмет ету үшін жағдайыңды өзгерте аласың ба? (Еврейлерге 13:15 оқы).
15. Ақсақалдар уақыттарын қалай даналықпен жұмсайды?
15 Елші Пауыл мен Барнаба Антақиядағы мәсіхшілер қауымына барғанда, оларды жігерлендіру үшін “бірталай уақыт сол жердегі сенушілермен бірге болды” (Ел. іс. 14:28). Бүгінде қамқор ақсақалдар да өзгелерді нығайту үшін көп уақыт жұмсайды. Уағыздаумен қатар, олар отарды бағу, жоғалған қойларды іздеу, ауырғандарға қол ұшын беру мен қауымдағы өзге де көптеген міндеттерін атқару үшін аянбай еңбектенеді. Егер шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болсаң, осындай қосымша артықшылықтарды атқаруға ұмтыла аласың ба?
16. ‘Сенімі бір бауырластарымызға жақсылық істеудің’ кейбір жолдары қандай?
16 Көптеген бауырластар табиғи не адамның кесірінен болған апаттардың салдарынан зардап шеккендерге көмектесуден қуаныш табуда. Мысалы, Бетелде қызмет ететін 60-тан асқан бір әйел бауырлас осындай көмек көрсету үшін бірнеше рет алыс аймақтарға барған. Неліктен ол демалысын осылай жұмсады? Ол былай деді: “Арнайы мамандығым болмаса да, қажетті кез келген істі атқару — мен үшін мәртебе. Дүние-мүлкінен айырылып, жапа шеккен бауырластардың берік сенімін көргенде, мен қатты жігерлендім”. Сонымен қатар дүниежүзі бойынша мыңдаған бауырластар Патшалық және Конгресс сарайларын соғуға көмектесуде. Осындай істерге атсалысу арқылы риясыздықпен ‘сенімі бір бауырластарымызға жақсылық істейміз’ (Ғал. 6:10).
‘Әр күні өздеріңмен бірге боламын’
17. Мәңгілік өмірге ие болу үшін, сен қандай құрбандыққа барар едің?
17 Құдайдан безген адамзат қоғамы жақында жойылмақ. Мұның нақты қашан болатынын білмейміз. Әйтсе де, біз ‘осы заманның ақыры таяп қалғанын’ және оның ‘сахналық көрінісі өзгеріп’ (ЖД) жатқанын жақсы білеміз (Қорынттықтарға 1-хат 7:29—31 оқы). Бұл Исаның “Адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады?” деген сұрағының маңыздылығын арттыра түседі. ‘Шынайы өмірге’ ие болу үшін, Ехоба талап ететін кез келген құрбандыққа баруға дайынбыз (Тім. 1-х. 6:19). Расында да, Исаның ‘Менің жолыммен жүр!’ және ‘Ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлаңдар!’ деген кеңесіне құлақ асу өте маңызды (Мат. 6:31—33; 24:13).
18. Біз не нәрсеге сенімді бола аламыз және неліктен?
18 Рас, Исаның соңынан еру барлық уақытта оңай болмайды және оның ескерткеніндей, кейбіреулер осы дүниеде тіпті өмірлерінен айырылуы мүмкін. Дегенмен, Иса сияқты, біз де ‘өзімізге рақымды болайық’ деген ойға азғырылмаймыз. Біз оның бірінші ғасырдағы майланған ізбасарларына берген келесі уәдесіне сенім артамыз: “Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын” (Мат. 28:20). Олай болса, қасиетті қызметімізді атқару үшін уақытымыз бен қабілетімізді мейлінше толық қолданайық. Мұнымен Ехобаның бізді ауыр азаптан аман алып қалатынына немесе жаңа дүниеде қайта тірілтетініне сенетінімізді паш етеміз (Евр. 6:10). Сондай-ақ өмірді жоғары бағалайтынымызды көрсетеміз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Иса Құдайға және адамдарға қызмет етуге барынша дайын екенін қалай көрсетті?
• Неге адам өзінен бас тарту керек және қалай?
• Ежелгі Исраилде Ехобаға қандай құрбандықтар ұнамды болған және бұның бізге қандай қатысы бар?
• Уақытымызды қалайша даналықпен қолдана аламыз?
[26-беттегі суреттер]
Иса барлық уақытта Әкесіне ұнайтынды істеген
[28-беттегі сурет]
Ризашылық сезінген исраилдіктер шынайы ғибадат үшін ең жақсыларын берген
[29-беттегі суреттер]
Уақытымызды даналықпен жұмсау арқылы Ехобаға ұнамды боламыз