Ехобаның сөзі тірі.
Марқа кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
МАРҚА кітабы төрт Ізгі хабардың ішіндегі ең қысқасы. Жохан Марқа оны Исаның өлімі мен қайта тірілуінен кейін шамамен 30 жыл өткен соң жазған. Бұл кітапта Исаның үш жарым жылға созылған қызметі кезіндегі бірінен соң бірі тез орын алған көптеген оқиғалар жазылған.
Марқа кітабы яһуди халқынан шықпаған адамдарға, негізінен римдіктерге, арнап жазылғанға ұқсайды. Онда Иса уағыз ісін белсенді түрде жүргізген әрі кереметтер жасаған Құдай ұлы ретінде суреттеледі және Исаның тәлімдерінен гөрі істеріне көбірек назар аударылады. Марқа жазған ізгі хабарға көңіл қойғанымыз Мәсіхке деген сенімімізді нығайтып, Құдайдың хабарын құлшына жариялауға талпындырады (Евр. 4:12).
ҒАЛИЛЕЯДАҒЫ КЕРЕМЕТ ҚЫЗМЕТ
Марқа шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның қызметі мен Исаның 40 күн бойы шөл далада болғаны жайлы оқиғаларды небары 14 тармаққа сыйдырады. Ал содан кейін Исаның Ғалилеядағы қызметі жайлы әсерлі оқиғаларды баяндай бастайды. “Көп ұзамай”, “тез арада” деген сияқты сөздердің жиі қолданылуы оқиғалардың тез өрбігенін көрсетеді (Мар. 1:10, 12).
Иса уағыздай жүріп, үш жылға жетпей Ғалилея жерін үш рет аралап шығады. Марқа оқиғаларды көбінесе хронологиялық тәртіпке сай баяндайды. Ал Исаның таудағы уағызы мен басқа да ұзақ айтылған уағыздарын мүлдем жазбай кеткен.
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:15. Исаның айтуынша, не нәрсеге ‘уақыт жеткен’ еді? Иса мұнда өзінің қызметін бастайтын уақыттың таяп қалғанын айтқан. Ол болашақ Патша ретінде келгендіктен, Құдай Патшалығы жақындап қалған болатын. Сондықтан ақ жүректі адамдардың оның уағызын қабыл алуларына және Құдайға ұнамды қадамдар жасауларына мүмкіндік болды.
1:44; 3:12; 7:36. Неге Иса өзінің кереметтерінің жұртқа жария болғанын қаламады? Ол адамдардың даурықпа немесе бұрмаланған болуы мүмкін әңгімелерге елігіп тұжырым жасағанын емес, өзінің Мәсіх екеніне көз жеткізген соң ғана, нақты дәлелдерге негізделе отырып жеке шешім қабылдағанын қалаған (Ишая 42:1—4; Мат. 8:4; 9:30; 12:15—21; 16:20; Лұқа 5:14). Алайда ол Гадара жеріндегі бұрын жындардың билігінде болған адамға қатысты басқаша әрекет етті. Иса оған үйіне қайтып, болған жағдайды туыстарына айтып беруді бұйырды. Сол жердің тұрғындары Исадан өз аймақтарынан кетуін өтінгендіктен, оның бұл жердегі адамдармен жүздесетін мүмкіндігі аз болды, тіпті болмады десе де болады. Иса қайырымдылық жасаған адамның өзі және оның куәлігі шошқалардың қырылып қалғаны туралы әңгіменің жағымсыз мәнерде айтылуына тосқауыл болар еді (Мар. 5:1—20; Лұқа 8:26—39).
2:28. Неге Иса өзін ‘демалыс күнінің Иесі’ деп атаған? Елші Пауыл: “Таурат заңы Құдайдың адамдарға дайындап қойған жарылқауының... күңгірт жобасы”,— деп жазған (Евр. 10:1). Таурат заңы бойынша, алты жұмыс күнінен кейінгі жетінші күн демалыс күні болуға тиіс еді. Иса сауықтырған адамдарының көбісін осы күні айықтырған. Осылайша ол Шайтанның ауыр езгісін жойып, өзінің мыңжылдық патшалығын орнатқанда, адамзаттың тыныштыққа және басқа да көптеген баталарға ие болатынын көрсеткен. Олай болса, бұл Патшалықтың Патшасы ‘демалыс күнінің де иесі’ болып табылады (Мат. 12:8; Лұқа 6:5).
3:5; 7:34, сілт.; 8:12. Исаның бойын қандай сезім билегенін Марқа қайдан білген? Ол Исаның 12 елшісінің не онымен жақын араласқан адамдарының бірі болмаған. Ел аузынан қалған әңгімеге сүйенсек, Марқа мәліметтердің көбісін өзімен жақын қарым-қатынаста болған елші Петірден білген (Пет. 1-х. 5:13).
6:51, 52. Исаның шәкірттері түсінбеген ‘нанмен болған кереметтің’ мәні неде еді? Осыдан бірнеше сағат бұрын ғана Иса, әйелдер мен балаларды қоспағанда, 5 000 адамды небары бес күлшемен және екі балықпен тамақтандырған болатын. Осы жағдайда шәкірттер түсінбеген нанмен болған кереметтің мәні мынада еді: Ехоба Құдай Исаға кереметтер жасай алатын құдірет берді (Мар. 6:41—44). Олар Исаның құдіретінің қаншалықты зор екенін түсінген болса, оның керемет түрде су бетімен жүргеніне соншалықты таңырқамас еді.
8:22—26. Неге Иса зағип адамды бірден емес, екі әрекет жасау арқылы сауықтырған? Ол зағип адамның қамын ойлаған болуы мүмкін. Ұзақ уақыт бойы түнекте өмір сүрген адам күннің жарығына үйрену үшін оның көзін біртіндеп ашу керек болған шығар.
Біз үшін сабақ:
2:18; 7:11, Тт; 12:18; 13:3. Марқа яһуди халқынан шықпаған адамдар біле бермейтін әдет-ғұрыптарды, сөздерді, нанымдар мен әңгіме етілген нәрселердің орналасуын түсіндіріп отырған. Мысалы, ол парызшылдардың ‘ораза ұстайтынын’, “корван” деген “Құдайға берер сыбаға” екендігін, саддукейлер ‘өлімнен қайта тірілу жоқ дейтінін’ және ғибадатхананың ‘Зәйтүн тауының қарама-қарсы беткейінде’ орналасқанын айтқан. Ал Мәсіхтің шежіресінің яһуди емес адамдар үшін аса маңызы болмағандықтан, Марқа бұл мәліметті мүлдем тастап кетеді. Осылайша ол бізге жақсы үлгі қалдырған. Уағыздап жүргенде не қауым кездесулерінде баяндама айтқанда, тыңдаушыларымыздың шыққан ортасын ескергеніміз жөн.
3:21. Исаның туыстары оның діни көзқарасына ортақтаспаған. Сондықтан да ол сенімі үшін туыстары қарсылық көрсететін не келеке-мазақ ететін мәсіхшілердің жағдайын түсінеді.
3:31—35. Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Құдайдың рухани ұлына және “көктегі Иерусалим” оның анасына айналды (Ғал. 4:26). Сол уақыттан бастап Иса үшін оның рухани отбасы жердегі туыстарына қарағанда әлдеқайда жақын әрі қымбат болды. Бұл бізді Патшалық мүддесін өмірімізде бірінші орынға қоюға үйретеді (Мат. 12:46—50; Лұқа 8:19—21).
8:32—34. Басқалардың орынсыз жанашырлығын тез байқап, одан бас тартқанымыз жөн. Мәсіхтің ізбасары ‘өз еркі бойынша өмір сүруін қоюға’ дайын болуы керек. Бұл оның өз-өзінен бас тартуын және қара басының қамын ойлауды доғаруын білдіреді. Ол ‘айқышын арқалауға’, яғни қажет болса, сенімі үшін қасірет шегуге, қорлық көріп, қудалануға, не тіпті өлуге де, даяр болуға тиіс. Сондай-ақ ол Исаның өмірін үлгі етіп, оның ‘жолымен жүруі’ керек. Бұл үшін бойымызда Иса Мәсіхтікіндей жанқиярлық рухын дамытып, оны сақтағанымыз дұрыс (Мат. 16:21—25; Лұқа 9:22, 23).
9:24. Өз сеніміміз жайлы айтудан не оны нығайтуды сұрап дұға етуден тартынбауымыз керек (Лұқа 17:5).
СОҢҒЫ АЙ
Б. з. 32 жылының соңына таман Иса ‘Яһудея аймағына және Иордан өзенінің шығыс бетіне барады’, сонда халық тағы да оның қасына жиналады (Мар. 10:1). Оларға уағыздап болғаннан кейін, Иса Иерусалимге жол тартады.
Сегізінші нисан күні ол Бетанияға келеді. Тамақтанып отырғанда, бөлмеге бір әйел кіріп келеді де, оның басына иісмай құяды. Исаның Иерусалимге салтанатпен кіргенінен бастап қайта тірілгеніне дейінгі оқиғалар хронологиялық тәртіп бойынша баяндалады.
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
10:17, 18. Неге Иса өзін “Ізгі Ұстаз” деп атаған кісіні түзетті? Жағымпаздықпен айтылған осы лауазымнан бас тартуымен Иса атақ-даңқ Ехобаға тиесілі екенін және барлық игі нәрселердің қайнар көзі шынайы Құдай екенін көрсетті. Сондай-ақ Иса негізгі шындыққа назар аударды: бүкіл әлемді жаратқан Ехоба Құдай ғана ненің жақсы, ненің жаман екенін айтуға құқылы (Мат. 19:16, 17; Лұқа 18:18, 19).
14:25 Исаның адал елшілеріне: “Мен Құдай Патшалығында жаңа түрде ішетін күніме дейін енді қайтып жүзім шырынынан ішпеймін”,— деп айтқан сөздерін қалай түсінуге болады? Исаның бұл сөздері көкте тура мағынадағы шараптың бар екендігіне нұсқамайды. Дегенмен шарап кейде қуанышты көңіл-күйді бейнелейді, сондықтан Иса мұнда көктегі Патшалықта өзінің қайта тірілген майланған ізбасарларымен бірге болу қуанышы жайлы айтқан болатын (Заб. 103:15; Мат. 26:29).
14:51, 52. ‘Жалаңаш қашып кеткен’ жас жігіт кім еді? Бұл оқиға Марқа кітабында ғана жазылғандықтан, бұл жас жігіт Марқаның өзі болған деуге негіз бар.
15:34. Исаның “Құдайым, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?” деген сөздері оның сенімінің жоқ болғандығына нұсқай ма? Жоқ, нұсқамайды. Біз Исаның неге бұлай дегенін толығымен түсіне алмаймыз. Сөйтсе де бұл сөздер мінсіздігі соңына дейін сыналу үшін, Ехобаның өзін қорғанышсыз қалдырғанын Исаның түсінгеніне нұсқауы мүмкін. Сондай-ақ Иса жоғарыдағы сөздерді Забур 21:2-дегі өзіне қатысты пайғамбарлықты орындау үшін айтқан болуы да ықтимал (Мат. 27:46).
Біз үшін сабақ:
10:6—9. Құдайдың ниеті бойынша, ерлі-зайыптылар бірге болуға тиіс. Сондықтан олар бірден ажырасып кетуді ойламай, некеде туындауы мүмкін кез келген қиындықты Киелі кітап принциптерін қолдана отырып шешуге тырысулары керек (Мат. 19:4—6).
12:41—44. Кедей жесір әйелдің үлгісі шынайы ғибадатты қолдауда риясыз болуға үйретеді.
[29-беттегі сурет]
Неге Иса бұл кісіге өзімен болған жағдайды туыстарына айтып беруді бұйырды?