103-ТАРАУ
Ғибадатхананы тағы да тазартты
МАТАЙ 21:12, 13, 18, 19 МАРҚА 11:12—18 ЛҰҚА 19:45—48 ЖОХАН 12:20—27
ИСА ІНЖІР АҒАШЫНА ҚАРҒЫС АЙТТЫ ЖӘНЕ ҒИБАДАТХАНАНЫ ТАЗАРТТЫ
ИСА КӨП АДАМ ӨМІР СҮРУ ҮШІН ӨЛУІ ТИІС
Иерихоннан келген Иса мен оның шәкірттері Бетанияда үш күн түнеді. Дүйсенбі күні, 10 нисанда, олар ерте тұрып, Иерусалимге бет алды. Исаның қарны ашып келе жатқан. Анадай жерден інжір ағашын көріп, қасына барды. Одан жеміс тапты ма?
Қазір наурыз айының соңы, ал інжір маусымда ғана пісетін. Ағаштың жапырағы ерте шыққандықтан, Иса оның жемісі де бар шығар деп ойлады. Бірақ ағаштан ешбір жеміс таппады. Жайқалған жапырағы оның алдамшы түрі ғана еді. Сондықтан Иса: “Бұдан былай ешкім жемісіңнен дәм татпасын!”— деп қарғыс айтты (Марқа 11:14). Сол сәтте інжір ағашы қурай бастады. Мұның мәнін шәкірттер келесі күні түсінді.
Көп ұзамай Иса шәкірттерімен Иерусалимге келіп жетті. Иса бірден ғибадатханаға барды. Алдыңғы күні оны айнала қарап шыққан еді. Бүгін болса ол үш жарым жыл бұрын, б. з. 30 жылының Құтқарылу мейрамында, жасаған ісін қайталады (Жохан 2:14—16). Бұл жолы Иса “ондағы сатушылар мен алушыларды” қуып шыға бастады. Сондай-ақ “ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады” (Марқа 11:15). Тіпті ешкімге жолды қысқарту үшін ғибадатхананың ауласымен зат алып өтуіне рұқсат етпеді.
Иса ақша айырбастаушылар мен мал сатушыларды ғибадатханадан неге қуды? “Киелі жазбада “менің үйім барлық халықтар дұға ететін үй деп аталатын болады” делінген емес пе? Ал сендер оны қарақшылардың ордасына айналдырдыңдар!”— деді ол (Марқа 11:17). Иса оларды “қарақшылар” деп атады. Себебі олар құрбандық үшін мал сатып алуға мәжбүр болған адамдардан тым үлкен құн сұрайтын. Ал бұл нағыз тонаушылық еді.
Жоғарғы діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері және рубасылар Исаның не істегенін естіп, оны өлтірудің жолын іздестіруге қайтадан кірісті. Алайда мұның жолын табу қиын болды. Өйткені жұрт Исаны тыңдау үшін қасынан кетпей жүрді.
Құтқарылу мейрамына яһудилер ғана емес, яһуди дінін қабылдаған басқа ұлт адамдары да келді. Олардың арасында гректер де бар. Олар Філіпке келіп (есімі грекше болғандықтан болса керек), Исамен кездестіруін өтінді. Бірақ Філіп мұның орынды-орынсыз екеніне сенімсіз болғандықтан, Әндірмен ақылдасты. Кейін екеуі бұл мәселені Исаға барып айтты. Ол әлі ғибадатханада жүрсе керек.
Иса бірнеше күннен кейін өлетінін біледі. Қазір өзін жай ғана көргісі келген адамдармен танысып жататын кез емес. Сондықтан шәкірттеріне мысалмен жауап беріп: “Адам Ұлы даңқталатын уақыт келді. Сендерге нағыз шындықты айтамын, егер бидай дәні жерге түсіп, шірімесе, жалғыз дән болып қала береді. Ал шірісе, көп өнім әкеледі”,— деді (Жохан 12:23, 24).
Бидайдың бір дәні елеусіз көрінгенімен, оны топыраққа көмсе, ол “шіриді”. Шіріген, яғни өнген, дәннен бірталай дәні бар сабақ өсіп шығады. Кемелді болған Исаны дәнге ұқсатуға болады. Ол Құдайға адалдық сақтап өлді. Осылай өзі сияқты жанқияр көп адамның мәңгі өмір сүруіне мүмкіндік берді. Сондықтан Иса: “Кім өз жанын жақсы көрсе, оны құртады. Ал кім осы дүниеде өз жанын жек көрсе, оны сақтап қалады және мәңгілік өмірге ие болады”,— деді (Жохан 12:25).
Иса шәкірттерін де ойлап: “Маған қызмет еткісі келетін әркім соңымнан ерсін, мен қайда болсам, қызметшім де сонда болады. Кім маған қызмет етсе, Әкем оны құрметтейді”,— деді (Жохан 12:26). Құдай кімге құрмет көрсетсе, солар Патшалықта Исамен бірге болады. Бұл — қызметшілеріне берілген неткен керемет сый!
Иса қатты азап шегіп өлетінін ойда тұтып, былай деді: “Қазір жаным толқып тұр. Мен не айтайын? Әке, мені осы қиын сәттен құтқара көр”. Бірақ Исада Құдайдың еркін орындаудан қашайын деген ниет жоқ. Сондықтан ол: “Алайда мен осы сәтті бастан өткізу үшін келдім”,— деп қосты (Жохан 12:27). Иса Құдайдың ниетін түгел орындауға, тіпті жанын құрбан етуге дайын еді.