41-тарау
Келіспеушіліктің себебі
ШИМОННЫҢ үйінде қонақта болғаннан кейін, көп ұзамай Иса Ғалилеяда уағыздау үшін екінші рет жолға шықты. Алдыңғы сапарында оның жанында тек Петір, Әндір, Жақып пен Жохан деген алғашқы шәкірттері болған еді. Ал қазір онымен бірге он екі елшісі, сондай-ақ бірнеше әйел — мағдалалық Мәриям, Сузанна және де Ирод патшаның сарай басқарушысының әйелі Жоханна — еріп келді.
Исаның қызметінің қарқыны күшейген сайын, оның қызметіне қатысты келіспеушілік те көбейе түсті. Оған жын соққан әрі соқыр да мылқау біреуді алып келді. Иса оны айықтырып, әзәзілдің байлауынан босатты. Оның енді сөйлеп, әрі көзі ашылғанын көрген жұрт қайран қалды. Олар: “Дәуіттің ұрпағы (Мәсіх) Осы шығар?” — десті.
Иса тоқтаған үйдің жанына жиналған жұрттың көптігі соншалық, шәкірттерінің және оның тіпті тамақтануға мұршалары жоқ. Бұл жерде Исаны уәде етілген “Дәуіттің ұрпағы” деп санамайтын адамдармен қатар, Исаны “әшкерелеуді” көздеп Иерусалимнен келген дін мұғалімдері мен парызшылдар да бар. Исаның осындай толқуға себеп болғанын естіп, туыстары оны алып кетуге келген. Неге?
Біріншіден, Исаның өз інілері оның Құдайдың Ұлы екендігіне әлі сенбейді. Екіншіден, Исаны Назаретте өскен кезінен білетін олар мұндай толқу мен айтыс-керіс тудыру оның болмысына жат екенін біледі. Сондықтан олар Исаның ақыл-есіне зақым келген деп ойлады. “Жынданып кеткен шығар”,— деген олар Исаны ұстап алып, өздерімен бірге әкеткісі келді.
Сөйтсе де Исаның жын соққан адамды айықтырғаны айдан анық. Дін мұғалімдері мен парызшылдар өздерінің мұны жоққа шығара алмайтынын біледі. Сондықтан халықтың Исаға деген сенімін жою үшін олар: “Анау жындарды тек солардың әміршісі белзебүлдің (яғни әзәзіл шайтанның) күшімен қуып шығарады!” — деді.
Дін мұғалімдері мен парызшылдардың ойларында не бар екенін білген Иса, оларды шақырып алып былай деді: “Жікке бөлініп өзара соғысып жатқан әрбір патшалық жойылып, бос қалады. Өзара ұрыс-керісте тұрып жатқан әр қала не үй де құрып кетеді. Сол сияқты егер шайтан өзін қуып шығарса, оның өзіне-өзі қарсы соғысқаны! Олай болса, оның патшалығы қалай жойылмай тұра алар еді?!”
Көз жеткізерлік қандай қисынды дәлел! Парызшылдардың өздері іштеріндегі кейбіреулерінің әзәзілді қуып шығаратындығын айтқандықтан, Иса оларға тағы мынадай сұрақ қойды: “Егер Мен жындарды белзебүлдің күшімен шығаратын болсам, онда сендердің шәкірттерің оларды кімнің күшімен қуып шығарады?!” Басқаша айтқанда, олар Исаға қандай айып тақса, оларға да дәл сондай айып тағуға болады. Сосын Иса былай деп ескертті: “Бірақ шынында Мен жындарды Құдайдың Киелі Рухының құдіретімен қуып шығарамын, демек, араларыңда Құдайдың Патшалығы орнаған [“Құдайдың патшалығы сендерге жетті”, ЖД]!”
Әзәзілді қуа алатындығы оның Шайтаннан үстем екендігінің дәлелі болып табылатындығын көрнекі түрде көрсету үшін, Иса: “Күштінің үйіне кірген біреу алдымен соның өзін байлап тастамай, дүние-мүлкін қалайша тонар еді? Тек күштіні жеңіп, байлап-матап тастағаннан кейін ғана, оның үйін тонай алады. Кім Менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы; кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады”,— деді. Исаға ашық түрде қарсы шығу арқылы парызшылдар өздерінің Шайтанның қолшоқпарлары екендерін көрсетіп отыр. Олар исраилдіктерді Исадан алыстатып жатыр.
Шайтанның соңынан ерген өзінің қарсыластарына Иса ‘Құдайдың Киелі Рухын қорлаушыға кешірім болмайтынын’ ескертті. Ол былай деп түсіндірді: “Көктен келген Маған қарсы сөйлеген әркімге кешірім беруге болады, бірақ Құдайдың Киелі Рухына қарсы сөйлейтіндерге не осы заманда, не келешекте де кешірім болмайды!” Дін мұғалімдері мен парызшылдар дәл осындай кешірілмейтін күнә жасап отыр, өйткені Құдайдың киелі рухының көмегімен жасалған кереметтерді Шайтанның әрекеті деуде. Матай 12:22—32; Марқа 3:19—30; Жохан 7:5.
▪ Исаның Ғалилеяға екінші сапарында айтқан уағызының біріншісінен қандай айырмашылығы бар?
▪ Не себепті туысқандары Исаны алып кеткісі келді?
▪ Парызшылдар Исаның жасаған кереметтерін қалай “әшкерелеуге” тырысты және Иса оларға қалай қарсы тұрды?
▪ Бұл парызшылдардың қандай кінәсі бар және неліктен?