29-тарау
Діни демалыс күнгі игі істер
ОТЫЗ БІРІНШІ жылдың көктемі. Исаның Яһудеядан Ғалилеяға бара жатып, құдық басында самариялық әйелмен сөйлескенінен бері бірнеше ай өтті.
Қазір Исаның бүкіл Ғалилеяны аралап, халқына тәлім беріп, Яһудеяға қайта оралған кезі. Ол мәжілісханаларда уағыз айтып жүр. Исаның Ғалилеядағы қызметі туралы айтылғандармен салыстырғанда, Яһудеяға осы жолы барғандағы істері мен өткен жылғы Құтқарылу мейрамынан кейін осында өткізген айлары жайында Киелі кітапта өте аз айтылады. Оның Яһудеядағы қызметі Ғалилеядағыдай қабылданбаған болса керек.
Көп ұзамай Иса б. з. 31 жылының Құтқарылу мейрамын тойлауға Яһудеяның басты қаласы Иерусалимге келді. Қаланың Қой қақпасының маңында Бетезда деп аталатын хауыз бар. Бұл жерге көптеген науқас, зағип және ақсақ адамдар келеді. Олар хауыздағы су шайқалған уақытта шомылған адам ауруынан жазылады деп сенеді.
Діни демалыс күні Иса хауыздың жанында жатқан отыз сегіз жылдан бері науқас кісіні көрді. Оның көптен бері науқас екенін білген Иса: “Сауыққың келе ме?” — деп сұрады. Ол:
— Иә, Мырза, бірақ мені су қозғалғанда хауызға түсіретін адам жоқ. Жеткенімше, басқа біреу менен бұрын түсіп қояды,— деп жауап берді.
— Түрегел, төсенішіңді ал да, жүре бер,— деді Иса оған.
Әлгі кісі сол сәтте-ақ ауруынан айығып, төсенішін алды да, жүріп кетті!
Бірақ оны көрген яһудилер: “Сенбі емес пе? Төсенішіңді көтеріп жүргенің не? Бүгін жұмыс істеуге болмайды ғой!” — деді.
— Мені сауықтырған Адам: төсенішіңді ал да, жүре бер деген еді,— деді ол.
— “Төсенішіңді ал да, жүре бер” дейтін Ол кім Өзі? — деп сұрады яһудилер.
Бұл кезде Иса көптің ішіне сіңіп, жоқ болып кеткен болатын, ал айыққан кісі оның есімін білмейтін. Бірақ кейіннен әлгі кісі Исаны ғибадатханада кездестіріп, өзін кім сауықтырғанын біледі.
Кейін ол яһудилерді тауып алып, өзін Исаның сауықтырғанын айтты. Мұны естіген олар Исаға келді. Не үшін? Оның керемет істей алуының себебін білу үшін бе? Жоқ. Діни демалыс күні жақсылық істегеніне бола кінә тағу үшін. Олар тіпті Исаны қудалауға көшті. Лұқа 4:44; Жохан 5:1—16.
▪ Иса Яһудеяда соңғы рет болғалы бері қанша уақыт өтті?
▪ Бетезда деген хауыз неліктен әйгілі?
▪ Иса хауыздың басында болған кезінде қандай керемет жасады және мұны яһудилер қалай қабылдады?