Некені Құдайдың сыйы ретінде құрметтеңдер
“Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады” (ЖАР. 2:24).
1. Неге Ехоба біздің құрметімізге лайық?
НЕКЕНІҢ негізін Қалаушы Ехоба Құдай біздің құрметімізге лайық екені сөзсіз. Жаратушымыз, Әміршіміз және көктегі Әкеміз ретінде оның “тек игі сыйлықтар” Беруші деп аталғаны орынды-ақ (Жақ. 1:17 сілт.; Аян 4:11). Бұл оның зор сүйіспеншілігінің көрінісі болып табылады (Жох. 1-х. 4:8). Құдайдың бізге үйретіп, талап етіп және беріп жатқандарының бәрі тек біздің игілігіміз бен пайдамыз үшін (Ишая 48:17).
2. Ехоба алғашқы жұбайларға қандай басшылық берді?
2 Киелі кітаптан көретініміздей, неке Құдайдан келетін “игі” сыйлардың бірі болып табылады (Рут 1:9; 2:12). Ехоба алғашқы некеге бастама бергенде, Адам мен Хауаға отбасылары ұйыған айрандай болуы үшін арнайы басшылық берді (Матай 19:4—6 оқы). Сол басшылықты ұстанғанда, олар мәңгілікке ұласатын бақытқа кенелер еді. Алайда ақымақтық жасап, Құдайдың нұсқауларынан бас тартты және сол шешімдерінің сорақы салдарын көрді (Жар. 3:6—13, 16—19, 23).
3, 4. а) Бүгінде көп адам некеге және Ехоба Құдайға қалайша лайықты құрмет көрсетпейді? ә) Бұл мақалада қандай мысалдар қарастырамыз?
3 Алғашқы ерлі-зайыптылар сияқты бүгіндегі көптеген жұптар шешім қабылдағанда, Ехобаның басшылығына аз жүгінеді немесе оны мүлдем елемейді. Кейбіреулер заңды некеге тұруды қажет деп таппаса, өзгелері құмарлықтарын қанағаттандыруды көздеп, мысалы бір жыныстағы адамдар некелескенде, некенің қадірін түсіреді (Рим. 1:24—32; Тім. 2-х. 3:1—5). Олар некеге Құдайдың сыйы ретінде қарамайды және осы сыйды аяқ асты етулерімен оны берген Ехоба Құдайды да құрметтемейді.
4 Тіпті кейбір Құдайдың қызметшілері де Ехобаның некеге деген көзқарасынан ауытқып жатады. Олар Киелі жазбаларға негізделген себеп болмаса да, бөлек тұруды немесе ажырасуды шешеді. Бұған қалай жол бермеуге болады? Жаратылыс 2:24-тегі басшылық мәсіхші ерлі-зайыптыларға некелерін нығайтуға қалай көмектесе алады? Сондай-ақ неке құруды жоспарлап жүргендер қалайша отбасылық өмірге дайындала алады? Ехобаны құрметтеу баянды некенің кілті екенін көрсететін Киелі кітап заманындағы некелері сәтті болған үш ерлі-зайыптының үлгісін қарастырайық.
Адал болыңдар
5, 6. Қандай жағдай Зәкәрия мен Елізабеттің некесін сынға салған болса керек және адалдықтары үшін олар қандай сыйды иеленді?
5 Зәкәрия мен Елізабет барлығын да дұрыс істеген еді: екеуі де Ехобаға адал қызмет ететін жар таңдады, Зәкәрия адалдықпен діни қызметкер ретіндегі міндеттерін атқарып жүрді, сондай-ақ екеуі де Құдай Заңын мүмкіндігінше берік ұстанды. Олардың риза болуларына себептердің көп болғанында күмән жоқ. Алайда үйлеріне барған адам бір нәрсенің жетіспейтінін байқар еді. Олардың балалары болмады. Елізабет бедеу болатын әрі екеуінің де жастары ұлғайған еді (Лұқа 1:5—7).
6 Ежелгі Исраилде балалы болуға ерекше мән берілетін әрі отбасылар әдетте үлкен болатын (Пат. 1-ж. 1:2, 6, 10; Заб. 127:3, 4). Сол кезде өмір сүрген исраилдік ер кісі әйелі құрсақ көтермеген жағдайда, неке антынан аттап, ажыраса алатын еді. Ал Зәкәрия болса, Елізабетке адал болып, оны тастаған жоқ. Олар проблеманы шешудің оңай жолын іздеп, некелерін ойран етпеді. Перзент сүймегендері көңілдеріне қаяу түсірсе де, бір-біріне және Ехобаға адалдықтарын сақтап, қызметтерін жалғастыра берді. Қартайған шақтарында Ехоба керемет түрде оларға ұл сыйлады (Лұқа 1:8—14).
7. Елізабет өзге бір жағдайда күйеуіне деген адалдығын қалай көрсетті?
7 Елізабет өзге бір жағдайда да адалдық танытқан болатын. Ол Жақияны дүниеге әкелгенде, Зәкәрия періштенің сөздеріне күмәнданғаны үшін сөйлей алмай жүрген еді. Алайда Зәкәрия әйеліне Ехобаның періштесі оған баланың есімін “Жақия” деп қоюды бұйырғанын қандай да бір жолмен хабарлаған болса керек. Көрші-қолаң және туған-туыстары балаға әкесінің атын қоюды қалады. Ал Елізабет күйеуінің сөзін адалдықпен қолдады. Ол: “Жоқ, оның есімі Жақия болады!”— деп айтты (Лұқа 1:59—63).
8, 9. а) Адалдық некені қалай нығайтады? ә) Қандай жағдайларда ерлі-зайыптылар бір-біріне адалдық таныта алады?
8 Зәкәрия мен Елізабет сияқты бүгінде де ерлі-зайыптылар көңіл қалдыратын не басқа қиын жағдайларға кезігіп жатады. Жұбайлар өзара адал болмай, неке бақытты болмайды. Қырындау не қылымсу, порнография қарау, неке адалдығын бұзу және некені ойран ететін басқа да жайттар жұбайлардың бір-біріне деген сенімдерінен біржола айыруы мүмкін. Ал бір-біріне сенбейтін ерлі-зайыптылардың махаббаттары суи бастайды. Қандай да бір мағынада, адалдық үй ішіндегілерді қауіпті жайттардан қорғап, біршама тыныштық сезімін беретін дуал іспетті. Сондықтан, ерлі-зайыптылар бір-біріне адалдық сақтаса, шаңырақтарының шайқалмайтынына сенімді болады және өзара ашық пікір алыса алады. Осылайша сүйіспеншіліктері өсе береді. Иә, адалдықтың маңызы зор.
9 Ехоба Адамға былай деді: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады” (Жар. 2:24). Бұл нені білдіреді? Некеге тұрған соң, жұбайлардың туыстары және достарымен болған баяғы қарым-қатынастарының өзгеруі керек. Енді олар ең алдымен бір-біріне уақыт пен көңіл бөлгендері дұрыс. Бұдан былай жұбайын елемей, туыстары мен достарына көп көңіл бөлулеріне болмайды. Сондай-ақ ата-енелерінің отбасының шешімдеріне не келіспеушіліктеріне араласуларына жол бермегендері жөн. Отау құрған жұбайлар бір-біріне “жабысып алулары” керек. Бұл — Құдайдың басшылығы.
10. Ерлі-зайыптыларға бір-біріне адал бола түсуге не көмектеседі?
10 Тіпті бір дінді ұстанбайтын отбасында да адалдық таныту бата әкеледі. Күйеуі сенбейтін әйел бауырлас былай дейді: “Күйеуіме мойынсұнушылық танытуды және оны терең құрметтеуді үйретіп жатқаны үшін Ехобаға өте ризамын. Адалдық танытқанның арқасында 47 жыл бойы бір-бірімізді сүйіп, әрі құрметтеп келеміз” (Қор. 1-х. 7:10, 11; Пет. 1-х. 3:1, 2). Сонымен, жұбайың некелеріңнің іргесі берік екеніне сенімді болуы үшін барынша күш сал. Сөздеріңмен және істеріңмен жұбайыңа оның күллі әлемдегі сен үшін ең қымбат жан екеніне сендірудің жолын ізде. Қолыңнан келгенше орталарыңа ешкімнің не ешнәрсенің түсуіне жол берме (Нақыл сөздер 5:15—20 оқы). Отыз бес жылдан астам уақыт бойы бақытты некенің рақатын көріп жүрген Рон мен Джанет былай деді: “Некеміздің бақытты әрі сәтті болуының себебі — Құдайдың талаптарын адалдықпен орындағанымызда”.
Бірлік некені нығайтады
11, 12. Қалай Ақила мен Прискила а) үйде; ә) жұмыста; б) мәсіхшілік қызметте бірге еңбектенді?
11 Елші Пауыл жақын достары Ақила мен Прискила туралы сөз қозғағанда, үнемі екеуін бірге атайтын. Бұл бірлігі жарасқан жұптың үлгісінен Құдай жұбайлардың “біртұтас” болатыны жайлы айтқанда не дегісі келгенін көруге болады (Жар. 2:24). Олар үйде де, түзде де, мәсіхшілік қызметте де жұптары жазылмай бірігіп еңбек ететін. Мысалы, Пауыл Қорынт қаласына алғаш рет келгенде, Ақила мен Прискила қонақжайлық танытып, оны өз үйлерінде тұруға шақырды. Бұдан соң да Пауыл біраз уақыт бойы олардың үйінде тоқтағанға ұқсайды. Кейінірек Ефесте де бұл ерлі-зайыптының үйінде қауым кездесулері өтетін, сондай-ақ олар Аполлос сияқты жаңадан келгендерге рухани өсуге көмектесумен айналысты (Ел. іс. 18:2, 18—26). Бұл құлшынысы зор ерлі-зайыптылар Римге көшкенде де өз үйлерінде қауым кездесулерін өткізді. Уақыт өте олар Ефеске қайта оралып, бауырластарды нығайтып жүрді (Рим. 16:3—5).
12 Ақила мен Прискиланың Пауылмен бірге шатыр жасап, жұмыс істеген кездері де болды. Бұл жұп өзара бақталаспай, ұрыс-керіссіз жұмыла еңбектенді (Ел. іс. 18:3). Алайда Ехобаға қызмет етуді басты орынға қоюға және некелерін бақытты әрі берік етуге олардың рухани істермен бірге айналысқандары көмектескенінде күмән жоқ. Қорынтта да, Ефесте де, Римде де олар “Мәсіх Исаның қызметіндегі әріптестер” ретінде көпке танымал болған (Рим. 16:3). Ақила мен Прискила қай жерде қызмет етпесін, Патшалықты уағыздау ісін алға жылжыту үшін иық тіресе еңбектенді.
13, 14. а) Қандай жағдайлар отбасының бірлігіне сызат түсіруі мүмкін? ә) Жұбайлар “біртұтас” бола түсу үшін не істей алады?
13 Расында да, бірдей мақсаттарға ұмтылу және бірлесе еңбек ету некені нығайтады (Екк. 4:9, 10). Өкінішке қарай, бүгінде көп жұбайлар бір-біріне аз уақыт бөлуде. Кейбіреулер бөлек жұмыс орындарында сағаттап еңбектенсе, басқалары жұмыс бабымен алыс сапарларда жүреді. Я болмаса шетелге жұмыс істеуге кетіп, үйге ақша жіберіп тұрады. Тіпті үйде болған күнде де, уақыттарын теледидарға, хоббиге, спортқа, бейнеойындарға немесе Интернетке жұмсағандықтан, кейбір жұбайлар бір-бірінен оқшауланып кетіп жатады. Сенің отбасыңда да осындай жағдай орын алып жатқан жоқ па? Солай болса, бірге көбірек уақыт өткізу үшін жағдайды өзгерте аласың ба? Ас әзірлеу, ыдыс жуу немесе үйдің айналасында жұмыс істеу сияқты күнделікті істермен неге бірге айналыспасқа? Неге бірлесе отырып балаларға қарамасқа немесе қарт ата-ананың қамын жасамасқа?
14 Ең маңыздысы, Ехобаға ғибадат етумен байланысты істерге үнемі бірге уақыт бөлу. Күнделікті тармақты бірге талқылау және отбасылық ғибадат кешін өткізу үй ішіндегілердің көзқарастары мен мақсаттарының бір болуына септігін тигізеді. Бұған қоса, қызметке бірге шығып тұрған жөн. Мүмкіндігінше, бір ай не бір жыл болса да, бірге ізашар ретінде қызмет етіп көріңдер (Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқы). Күйеуімен бірге ізашар болып қызмет еткен бір әйел бауырлас былай дейді: “Қызметке шыққанымыз бірге уақыт өткізу мен әңгімелесудің бір жолы болатын. Екеуіміз де қызметте кездестірген адамдарға көмектесуді мақсат еткендіктен, арамызда бірлік барын сезінетінмін. Мен оған күйеуім ретінде ғана емес, досым ретінде де жақындай түстім”. Ұмтылуға тұрарлық мақсаттарға жету жолында әдеттерің мен сендерді қызықтыратын не маңызды деп санайтын жайттар бірдей бола түседі. Нәтижесінде Ақила мен Прискиланың жағдайындағыдай, сендердің де ой-ниеттерің, сезімдерің мен әрекеттеріңнен “біртұтас” болғандарың көрінетін болады.
Құдайды басты орынға қойыңдар
15. Сәтті некенің кілті неде? Түсіндір.
15 Иса некеде Құдайды басты орынға қоюдың маңыздылығын түсінген. Ол Ехобаның алғашқы жұпты қалай қосқанын көрді. Сондай-ақ Адам мен Хауа Құдайдың басшылығын ұстанған кезде қаншалықты бақытты болғандарын және одан бас тартқанда қандай бақытсыздыққа ұшырағандарын Иса өз көзімен көрген болатын. Сөйтіп, өзгелерге тәлім бергенде, ол Әкесінің Жаратылыс 2:24-тегі нұсқауын қайталады. Сосын сөзін былай деп жалғастырды: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Мат. 19:6). Демек, Ехобаны терең құрметтеу бүгінде де некені бақытты әрі баянды етудің кілті болып табылады. Осы орайда Исаның жердегі ата-анасы Жүсіп пен Мәриям керемет үлгі қалдырды.
16. Жүсіп пен Мәриям некелерінде Құдайды басты орынға қоятындарын қалай көрсетті?
16 Жүсіп Мәриямға мейірімділікпен және құрметпен қараған. Мәриямның жүкті болғанын алғаш рет естігенде, тіпті істің мән-жайын Құдайдың періштесінен білмеген кезде де, ол қайырымдылықпен әрекет еткісі келді (Мат. 1:18—20). Бұл ерлі-зайыпты императордың бұйрығын орындайтын әрі Мұсаның заңын тығыз ұстанатын (Лұқа 2:1—5, 21, 22). Сондай-ақ Иерусалимде өтетін басты діни мейрамдарға тек ер адамдардың қатысуы талап етілсе де, Жүсіп пен Мәриям бүкіл отбасымен жыл сайын баратын (Заң. қ. 16:16; Лұқа 2:41). Бұл құдайшыл ерлі-зайыпты осы және басқа да жолдармен Ехобаның көңілінен шығуға барынша тырысып, рухани нәрселерді терең қастерлейтіндерін көрсетті. Сондықтан Ехоба Исаның жердегі өмірінің бірінші кезеңінде оған қамқорлық көрсету үшін оларды таңдағаны бізді таңғалдырмайды.
17, 18. а) Жұбайлар некелерінде Құдайды басты орынға қалай қоя алады? ә) Бұл оларға қандай пайда әкеледі?
17 Сендер де некелеріңде Құдайды басты орынға қоясыңдар ма? Мысалы, маңызды шешімдер қабылдарда, алдымен Киелі кітап принциптерін қарастырып, сол жайттар туралы дұға етумен қоса рухани толысқан мәсіхшілерден кеңес сұрайсыңдар ма? Әлде проблеманы өз сезімдеріңе сүйеніп не туыстарың мен достарыңның айтуымен шешуге бейімсіңдер ме? Адал құлдың неке мен отбасы өміріне қатысты беріп жатқан көптеген тиімді кеңестерін іс жүзінде қолдануға тырысасыңдар ма? Жоқ әлде жай ғана жергілікті әдет-ғұрыптарды немесе осы дүниеде кеңінен тараған кеңестерді ұстанасыңдар ма? Үнемі бірге дұға етіп, бірге зерттеу жүргізесіңдер ме? Сондай-ақ рухани мақсаттар қойып, отбасыларыңда ненің басты орында тұруы керектігін талқылайсыңдар ма?
18 Елу жыл бойы бақытты некенің рақатын көріп жүрген Рой былай дейді: “Бізде шешілмейтін проблема болған емес, өйткені Ехоба некемізде “үш қабаттап ширатылған жіптің” (ЖД) бірі болып табылады” (Екклесиаст 4:12 оқыa). Дани мен Трина осы сөздермен келісе отырып: “Құдайға бірігіп қызмет ете бастағаннан кейін некеміз нығая түсті”,— деді. Олардың бақытты некеде тұрғандарына 34 жылдан аса уақыт өтті. Ехобаны әрқашан басты орынға қоятын болсаңдар, ол некелеріңнің сәтті болуына көмектеседі әрі молынан батасын төгеді (Заб. 126:1).
Құдайдың сыйын құрметтей беріңдер
19. Құдай неке сыйын не үшін берді?
19 Бүгінде адамдардың көбісін жеке өзінің бақыты ғана қызықтырады. Алайда Құдайдың қызметшісі бұлай ойламайды. Ол Құдай өзінің ниетін жүзеге асыру үшін некені сый ретінде бергенін біледі (Жар. 1:26—28). Егер Адам мен Хауа кезінде осы сыйға лайықты құрмет көрсеткенде, жер беті Құдайдың бақытты әрі әділ қызметшілеріне толы жұмаққа айналар еді.
20, 21. а) Неліктен некеге қасиетті құрылым ретінде қарауымыз керек? ә) Келесі мақалада қандай сый туралы қарастырамыз?
20 Ең бастысы, Құдайдың қызметшілері некені Ехобаға мадақ әкелудің мүмкіндігі ретінде қарастырады (Қорынттықтарға 1-хат 10:31 оқы). Осы мақаладан көргеніміздей, адал болғанымыз, бірлесе қызмет еткеніміз, Құдайды басты орынға қойғанымыз Ехобаға ұнайды әрі некемізді нығайтады. Сол себептен, некеге тұруға дайындалып жатсақ та, оны нығайтуға немесе сақтап қалуға тырысып жүрсек те, некенің Құдай орнатқан қасиетті құрылым екендігін түсінуіміз керек. Осы шындықты жадымызда сақтағанымыз некемізге қатысты шешімдер қабылдағанда, Құдай Сөзіне жүгінуге талпындырады. Осылайша біз некеге ғана емес, осы сыйды Беруші Ехоба Құдайға да құрмет көрсетеміз.
21 Неке Құдайдың бізге берген жалғыз сыйы да, бақытты өмірге жетелейтін жалғыз жол да емес. Келесі мақалада Құдай берген өзге сыйды — салтбасты болу сыйын — қарастырамыз.
[Сілтеме]
a Екклесиаст 4:12: “Егер қайсыбір адам жалғыздан күш басымдылығын таныта бастаса, екі адам оған қалай да төтеп бере алады: ал үш қайтара өрілген жіп жуық маңда үзіле қоймайды”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Адал болғандары ерлі-зайыпты мәсіхшілерге қалай әсер етуі тиіс?
• Неліктен бірге еңбектену некені нығайтады?
• Қалайша жұбайлар Құдайды некелерінде басты орынға қоя алады?
• Некенің негізін Қалаушы Ехобаға қалай құрмет көрсете аламыз?
[15-беттегі суреттер]
Бірге еңбектену ерлі-зайыптыларға бірлікте болуға көмектеседі