Құдай Сөзін сүюдің пайдасы
«Оны [даналықты] жақсы көр, сонда ол сені қорғап жүретін болады... егер сен одан айырылмай берік болсаң, ол сенің даңқыңды шығарады» (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 4:6, 8).
1. Құдай Сөзін шындап жақсы көру деген не?
МӘСІХШІ үшін Киелі кітапты оқудың өмірлік маңызы бар. Дегенмен, мәсіхші Киелі кітапты күнделікті оқыса да, бұл оның Құдай Сөзін сүйді дегенді білдірмейді. Ал егер әлдекім, Киелі жазбаларды оқи тұра, онда бұрыс деп атап көрсетілген нәрселерді істейтін болса ше? Бұндай адамдарда 118-забурды жазған жыршының Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігіндей сүйіспеншіліктің жоқ екендігі айдан анық. Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігі жыршыны Киелі кітаптың принциптеріне сай өмір сүруге талпындырған (Забур 119:97, 101, 105).
2. Құдай Сөзіне негізделген даналықтың пайдасы неде?
2 Құдай Сөзіне сай өмір сүру үшін, ой желісі мен өмір салтын үнемі қадағалап отыру керек. Бұндай әрекеттен Құдайға ұнамды даналық, яғни Киелі кітапты зерттеудің арқасында алған білім мен түсініктерді іс жүзінде қолданатынымыз көрінеді. «Оны қалдырма, сонда ол сені қалқалап жүретін болады; Оны жақсы көр, сонда ол сені қорғап жүретін болады. Оны жоғары бағала, сонда ол да сені жоғарылатады; егер сен одан айырылмай берік болсаң, ол сенің даңқыңды шығарады; басыңа тамаша шір кигізіп, сұлулық тәжін береді» (Нақыл сөздер 4:6, 8, 9). Бұл сөздер бізді Құдай Сөзін сүюге, сондай-ақ оны өмірімізде басшылық ретінде қолдануға талпындырады. Қорғаныш тауып, жоғары тұтылып, даңқының шыққанын кім қаламайды дейсің?
Орны толмас залалдан сақтайды
3. Бұрынғыға қарағанда бүгінгі күні мәсіхшілер неге қорғанышқа аса мұқтаж және кім оларға қауіп төндіріп отыр?
3 Құдай Сөзін зерттеп, іс жүзінде қолдану арқылы ие болған даналық бізді неден сақтайды? Біріншіден, ол бізді Шайтан Ібілістен сақтайды. Иса шәкірттеріне оларды азғыратын сынаққа түсірмей, әзәзілден құтқаруды сұрап Құдайға дұға етуді үйреткен (Матай 6:13). Әсіресе бүгінгі күні бұл туралы дұға етудің маңызы зор. 1914 жылдан кейін Шайтан өзінің жын-перілерімен бірге көктен қуылған, сол уақыттан бері «ол өзіне аз уақыт қалғанын білгендіктен, қатты ашулы» (Аян 12:9, 10, 12). Қазір Шайтан, «Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаға куәгер болып жүргендермен» пайдасыз соғыс жүргізуде, әрі оның бойын соқыр ашу билеген болса керек (Аян 12:17).
4. Шайтанның көрсеткен қысымы мен оның торларынан мәсіхшілерді қорғайтын не?
4 Ашу кернеген Шайтан мәсіхшілерді қуғын-сүргінге ұшыратуын немесе олардың ісіне қарсы басқа да тосқауылдар қою арқылы зиянкестік жасауын тоқтатар емес. Сонымен қатар ол жариялаушыларды осы дүниедегі көрнекті дәрежеге, жеңіл олжаға, байлыққа, сондай-ақ түрлі құмарлыққа қызықтырып, олардың назарын Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялаудан аударып әкеткісі келеді. Құдайдың адал қызметшілерін Шайтанның торларынан сақтап, оның көрсеткен қысымына қарсы тұруға оларға көмектесетін не? Әрине, бұл мәселеде дұға, Ехобамен тығыз қарым-қатынас, сондай-ақ оның өз сөзіне берік екендігіне деген сенім үлкен рөл атқарады. Ал аталмыш нәрселердің бәрі Құдай Сөзінде жазылған өсиеттерді білуімізді, сонымен қатар біздің осы өсиеттерге құлақ асуымызды талап етеді. Біз Киелі кітап пен оны зерттеуге арналған оқу құралдарын оқығанда, мәсіхшілер қауымының кездесулеріне барғанда, бауырластарымыздың Киелі жазбаларға негізделген кеңестеріне көңіл қойғанда немесе Құдайдың киелі рухы есімізге салған Киелі кітаптың принциптеріне ой жүгірткенде осы өсиеттерді аламыз (Ишая 30:21; Жохан 14:26; 1 Жохан 2:15—17).
5. Құдай Сөзіне негізделген даналық бізді қалайша қорғай алады?
5 Құдай Сөзін сүйетіндер тағы да басқа нәрселерден аман болады. Мысалы, олар жан күйзелісінен, сондай-ақ есірткінің, шылым тартудың немесе азғындықтың салдарынан пайда болатын аурулардан аман болады (1 Қорынттықтарға 5:11; 2 Қорынттықтарға 7:1). Олар өсек немесе балағат сөздер айтып адамдардың қарым-қатынасын шиеленістірмейді (Ефестіктерге 4:31). Олар алдамшы пәлсапалық ілімдер мен басқа да осы күнәкар дүниенің даналық деп есептейтін нәрселеріне аса ден қоймағандықтан, екі ойлы болып, көңілдері ала болмайды (1 Қорынттықтарға 3:19). Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілік бұндай адамдарды олардың Құдаймен қарым-қатынасын бұзатын әрі мәңгілік өмірге деген үмітін үзетін нәрседен аман сақтайды. Бұл адамдар Киелі кітапта жазылған керемет уәделерге өздерінің жақындарының сенімін оятуға тырысады, өйткені олар осыны «ұдайы атқара берсе, өздерін және тыңдаушыларын құтқара» алатынын біледі (1 Тімотеге 4:16).
6. Құдай Сөзіне негізделген даналық бізді қиын жағдайларда да қалай қорғайды?
6 Әрине, «бәрінің де уақыты мен сәті бар» деген сөз әрбір адамға, тіпті Құдай Сөзін сүйетіндерге де қатысты айтылған (Екклесиаст 9:11). Расында да ешқайсымыз табиғи апатқа, сәтсіз оқиғаға, ауыр науқасқа шалдығып немесе мезгілсіз өлімге ұшырап қалмайтынымызға кепілдік жоқ. Сөйтсе де бізде қорғаныш бар. Құдай Сөзін шындап сүйетін адамға еш нәрсе орны толмас залал келтіре алмайды. Сондықтан қандай жағдайға ұшырап қалатынымызды ойлап сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Оның орнына, мүмкіндігінше сақтандыру шараларын қолданып, осы зұлым дүниенің төндіріп отырған қаупі біздің тынышымызды алмауы үшін барлығын Ехобаға артқан дұрыс (Матай 6:33, 34; Філіпіліктерге 4:6, 7). Құдайдың «бәрін де жаңадан жарататынын» сол кезде өлгендер қайта тіріліп, ғажап өмір басталатынын ұмытпа (Аян 21:5; Жохан 11:25).
Жүрегің «құнарлы топырақ» іспетті болсын
7. Өзін тыңдауға келгендерге Иса қандай астарлы әңгіме айтып берді?
7 Астарлы әңгімелерінің бірінде Иса Құдай Сөзіне деген дұрыс көзқарастың маңыздылығына ерекше көңіл бөлген болатын. Иса Палестинада ізгі хабарды уағыздаған кезде, оны тыңдауға көптеген адамдар жиналады (Лұқа 8:1, 4). Бірақ олардың бәрі бірдей Құдай Сөзін шындап сүймейтін. Олардың көбісінің Исаның керемет жасағанын көргісі келгендіктен ғана немесе оның тәлім бергені ұнайтын болғандықтан ғана келгендігінде күмән жоқ. Сондықтан Иса халыққа бір астарлы әңгіме айтып береді: «Бір диқан тұқым себуге шығыпты. Ол сеуіп жүргенде тұқымның кейбіреулері жол бойына түседі де, тапталып қалады; құстар ұшып келіп, жеп қояды. Біраз тұқым тастақ жерге түседі; көктеп шыққаннан кейін, ылғал жетпей, мүлдем қурап қалады. Кейбір тұқым тікеннің арасына түседі; тікендер олармен бірге өсіп, тұншықтырып, өсірмей тастайды. Ал кейбіреулері құнарлы топыраққа түседі, олар өсіп, жүз есе жеміс береді» (Лұқа 8:5—8).
8. Исаның астарлы әңгімесіндегі тұқым нені білдіреді?
8 Иса осы астарлы әңгіме арқылы жүрегінің қандай екеніне қарай адамдардың ізгі хабарға деген лебізінің әр түрлі болатынын көрсетті. Себілген тұқым «Құдай сөзін» білдіреді (Лұқа 8:11). Немесе, басқа бір Ізгі хабарда айтылғандай, тұқым — бұл «Патшалық туралы айтылған сөз» (Матай 13:19). Иса осы тіркестердің екеуін де қолдана алды, өйткені Құдай Сөзіндегі басты тақырып — аспан Патшалығы. Осы патшалықта Иса Мәсіх билік етеді, сондай-ақ осы патшалық арқылы Ехоба өзінің үстемдігін ақтап алып, есімін киелі тұтылдыратын болады (Матай 6:9, 10). Демек, негізінде, тұқым — Құдай Сөзіндегі, яғни Киелі кітаптағы ізгі хабар. Ең алғашқы тұқым Себуші — Иса Мәсіхтің үлгісіне еліктеп, тұқым сепкен кезде Ехоба Куәгерлері адамдарға тап осы Патшалық туралы ізгі хабарды таратады. Адамдар бұны қалай қабылдайды?
9. а) Жол бойына ә) тастақ жерге б) тікеннің арасына түскен тұқым нені білдіреді?
9 Иса тұқымның кейбіреулерінің жол бойына түсіп, тапталып қалғанын айтқан. Бұл — Патшалық туралы ізгі хабарға жүрегінен орын беріп, тамыр жайдыруға үнемі қолы тимей жүретіндерге қатысты айтылған. Бұндай адамдардың жүрегінде Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілік пайда болмас бұрын, «шайтан келіп, сенбесін, құтқарылмасын деп, көңілдеріне қонған сөзді алып кетеді» (Лұқа 8:12). Біраз тұқым тастақ жерге түседі. Бұл — Киелі кітаптың хабары ұнайтын, бірақ оны бар жүрегімен қабылдамайтындарға қатысты айтылған. Бұндай адамдар қарсылыққа кезіккенде немесе Киелі кітапқа сай өмір сүрудің оңай емес екенін көргенде, тамыры жоқ болғандықтан, «теріс жолға түсіп кетеді» (Лұқа 8:13). Сөзді естісе де, тікен басып булықтырып өсірмей тастаған өсімдік іспетті, «тұрмыс қамын ойлап абыржып немесе байлық пен ләззаттың қызығына батып» кететіндер де бар (Лұқа 8:14).
10, 11. а) «Құнарлы топыраққа» кімді теңеуге болады? ә) Құдай Сөзін жүректе «сақтау» үшін не істеу керек?
10 Сөйтсе де тұқымның кейбіреуі құнарлы топыраққа түседі. Бұл — ізгі хабарды «ізгі, таза көңілімен» қабылдағандарды білдіреді. Бәріміздің де осындай адамдардың қатарында болғымыз келетіндігінде күмән жоқ. Дегенмен соңғы шешімді Құдайдың өзі жасайды (Нақыл сөздер 17:3; 1 Қорынттықтарға 4:4, 5). Оның Сөзінде былай делінген: қазіргі, яки көз жұмғанға дейінгі немесе Құдайдың осы зұлым дүниені жоятын уақыты келгенге дейінгі, істеген істеріміз жүрегіміздің расында да «ізгі, таза» ма, жоқ па екенін көрсетеді. Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарға жақсы лебіз танытсақ, абзал болғаны. Бірақ жүрегі «ізгі, таза» адамдар Құдай Сөзін қабылдап қана қоймайды, оны «сақтап, шыдамдылықпен жеміс береді» (Лұқа 8:15).
11 Құдай Сөзін жүректе сақтаудың жалғыз әрі сенімді жолы — оны жеке өзің және бір сенімдегілермен бірге оқып, зерттеу. Сонымен қатар Исаның адал ізбасарларының рухани мұқтаждықтарын қамтамасыз ету ісі тапсырылған адал қызметшінің дайындаған рухани ас-суын толықтай қабылдаудың да маңызы зор (Матай 24:45—47). Сонда Құдай Сөзін жүрегінде сақтағандардың сүйіспеншілігі оларды «шыдамдылықпен жеміс беруге» жігерлендіретін болады.
12. Қандай жемісті біз шыдамдылықпен беруіміз керек?
12 Құнарлы топырақтан қандай жеміс өніп шығады? Кәдімгі өсімдіктен дәл сондай тұқымы бар жеміс өсер еді. Жүрегі «ізгі, таза» адамдармен де осыған ұқсас нәрсе болады. Құдай сөзінің тұқымы жүрегінде өне келе, оларды рухани толысуға ынталандыра түседі де, уақыт өте келе олар да тап сондай тұқымды өзгелердің жүректеріне себе бастайды (Матай 28:19, 20). Ал бұл жұмыс шыдамдылықты талап етеді. Иса: «Ал ақырына дейін төзгендер құтқарылады. Патшалық туралы осы Ізгі хабар бүкіл жер бетінде жарияланып, барлық халықтарға куәлік болады; содан кейін [осы заманның] ақыры болады»,— деуімен тұқым сеуіп жүргендердің шыдамды болуының маңызы қаншалықты зор екенін көрсетті (Матай 24:13, 14).
«Әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беру»
13. Пауыл өзінің дұғасында өсіп-өну, яғни жеміс беру мен Құдай Сөзін білудің арасындағы байланысты қалай көрсетті?
13 Елші Пауыл да өсіп-өну, яғни жеміс беру керектігін айтып, бұл істе Құдай Сөзінің қандай орын алатынын көрсеткен. Ол бір сенімдегі бауырластарының «Құдайдың еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуларын Тәңірден өтініп, осылайша Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүріп, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне берулерін» сұрап дұға еткен (Қолостықтарға 1:9, 10; Філіпіліктерге 1:9—11).
14—16. Пауылдың дұғасына сай, Құдай Сөзін сүйетіндердің жемістері қандай?
14 Осылайша Пауыл біздің басты мақсатымыз Киелі кітаптан білім алып қою ғана емес екендігін көрсетті. Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілік бізді «Құдай халқына лайық... әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беруге» ынталандыруы керек. Қандай істерді игі, немесе жақсы деуге болады? Ең алдымен, мәсіхшілерге осы соңғы күндері істеуге тапсырылған ерекше тапсырма — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау (Марқа 13:10). Сонымен қатар, Құдай Сөзін бағалайтындардың «Құдай ризалықпен бергенді ұнататынын» біліп, уағыздау ісін үздіксіз қаржылай демеуі де осындай игі істерге жатады (2 Қорынттықтарға 9:7). Осындай адамдардың жасаған садақасының арқасында уағыздау ісін басқарып отырған әрі көпшілігінде Киелі кітап пен Киелі кітапқа негізделген әдебиет басылып шығатын жүзден аса Бетелдің жұмысы қамтамасыз етіліп отырады. Сонымен қатар бұл садақа мәсіхшілердің конгрестерін, көшпелі бақылаушыларды, миссионерлер мен басқа да Құдайға толық уақтылы қызмет етіп жүргендерді қамтамасыз етуге жұмсалған шығынды өтеп отырады.
15 Шынайы мінажат ету орталықтарының құрылысына қатысу мен ол жердің күтімін қадағалау да игі істерге жатады. Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілік оның қызметшілерін конгресс Сарайлары мен Патшалық Сарайларының күтімін қадағалауға ынталандырады. (Нехемия 10:39, салыстырыңдар.) Аталмыш ғимараттарда Құдайдың есімі жазылып тұрғандықтан, олардың іші-сырты таза әрі көз тартарлық болып, ол жерге мінажат етуге келгендердің мінсіз мінез-құлық танытуы аса маңызды (2 Қорынттықтарға 6:3). Құдайға қызмет етуде кейбір мәсіхшілердің бұдан да көбірек нәрсе істеуге мүмкіндіктері бар. Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілігі осындай мүмкіндіктері бар мәсіхшілерді мінажат ету орталықтарын соғуға қаржылары жоқ немесе тәжірибелі жұмысшылары жетіспейтін шалғайдағы елдерге барып көмек көрсетуге жігерлендіреді (2 Қорынттықтарға 8:14).
16 Сонымен қатар, «әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беру» — отбасындағы міндетін орындауды, сонымен қатар бір сенімдегілерге қамқорлық танытуды да білдіреді. Егер біз Құдай Сөзін сүйетін болсақ, мұқтаждық көрген «сенімі бір бауырластарымызға» қол ұшын береміз, әрі «өз от басымызды қадірлеп... сенімімізді іс жүзінде көрсететін» боламыз (Ғалаттықтарға 6:10; 1 Тімотеге 5:4, 8). Сондай-ақ, аурығандардың көңілін сұрап, жақынын жоғалтқан жаны жаралы жандарға көңіл айту да игі істерге жатады. Емделуге байланысты қиындық туғандар үшін ауруханалармен байланыс Комитеттері мен қариялардың көрсеткен көмегінің қаншалықты құнды екендігін айтсаңшы! (Елшілердің істері 15:29). Оның үстіне, табиғи апаттан немесе адамдардың ақымақтықпен жасаған істерінен жапа шеккендердің саны көбейе түсуде. Табиғи апатқа немесе басқа бақытсыздықтарға ұшырағанда, жер бетінің түкпір-түкпіріндегі Ехоба Куәгерлері бір сенімдегі бауырластарына да, өзге адамдарға да бірінші болып көмекке келетіндігімен танымал. Бұның барлығы Құдай Сөзін сүйетіндердің тамаша жемістері.
Болашақтағы таңғажайып баталар
17, 18. Патшалық тұқымының себілуінің арқасында не болуда? ә) Құдай Сөзін сүйетіндер жақында қандай таңғажайып оқиғаның куәсы болады?
17 Патшалық тұқымының себілуі әлі күнге дейін адамзатқа зор пайдасын тигізуде. Соңғы жылдары Киелі кітаптың ізгі хабары жыл сайын 300 000-нан аса адамның жүрегіне тамыр тартып отырды. Жүрегіне ізгі хабардың терең тамыр тартқаны соншалық, олар өздерін Ехобаға арнап, шомылдыру рәсімінен өтіп жатты. Оларды қандай керемет болашақ күтіп тұр десеңші!
18 Құдай Сөзін сүйетіндер жақында Ехоба өз есімінің даңқын шығара бастайтынын біледі. Сондай-ақ олар дүние жүзіндегі жалған діндердің империясы — ұлы Бабылды опат күтіп тұрғанын да біледі (Аян 18:2, 8). Осыдан кейін, Құдай Сөзіне сәйкес өмір сүргісі келмегендердің бәрін Патша Иса Мәсіх жойып жібереді (Забур 2:9—11; Даниел 2:44). Сосын Құдай Патшалығының арқасында қылмыс, соғыс сияқты басқа да бақытсыздықтар болмайтын болады. Бұдан былай адамдарды жұбатудың қажеті болмайды, өйткені ауру, қайғы-қасірет пен өлім өткеннің ісіне айналады (Аян 21:3, 4).
19, 20. Құдай Сөзін шындап сүйетіндерді қандай таңғажайып болашақ күтіп тұр?
19 Сол кезде Құдай Сөзін сүйетіндер қаншама тамаша істер істейді десеңші! Һармагеддоннан кейін олар жер бетін Жұмаққа айналдыруды бастайды. Олардың, қайтыс болған бірақ Құдайдың жадында сақталып, болашақта өліден қайта тірілетін адамдарды жер бетінде қарсы алуға қажетті нәрселердің бәрін дайындау сияқты таңғажайып істі атқаруы керек болады (Жохан 5:28, 29). Сол уақытта Әлемнің Әміршісі Ехоба, қолына үлкен билік берген Ұлы Иса Мәсіх арқылы кемелді билік жүргізетін болады. «Кітаптар ашыл[а]ды» да, адамзат Ехобадан жаңа дүниеде өмір сүруге қажетті нұсқаулар алады (Аян 20:12).
20 Ехоба белгілеген уақытта, адал болып қалған майланғандардың толық саны көктегі сыйға ие болып, «Мәсіхпен бірге... ізгіліктерді қабылдайды» (Римдіктерге 8:17). Мәсіх Мың жыл бойы билік ететін уақытта, Құдай Сөзін сүйетіндердің ақылы да, тәні де кемелденіп, мінсіз болады. Соңғы түбегейлі сынақта өздерінің адалдығын дәлелдегеннен кейін, олар мәңгілік өмірге ие болып, «Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді» (Римдіктерге 8:21; Аян 20:1—3, 7—10). Бұл қандай таңғажайып уақыт болады десеңші! Ехоба бізге қандай үміт берсе де, мейлі ол көкте я жерде өмір сүру үміті болсын, егер біз оның Сөзін сүйіп, өмірімізде басшылық ретінде қолданар болсақ, Құдайдың даналығы бізге қорған болады, ал болашақта біздің «даңқымызды шығарады», өйткені біз «одан айырылмай берікпіз» (Нақыл сөздер 4:6, 8).
Түсіндіре аласың ба?
• Құдай Сөзіне деген сүйіспеншілік бізді қалайша қорғайды?
• Исаның астарлы әңгімесіндегі тұқым нені білдіреді және бұл тұқым қалай себіледі?
• Біз «құнарлы топырақ» екендігімізді қалай көрсете аламыз?
• Құдай Сөзін сүйетіндерді қандай баталар күтіп тұр?
[26-беттегі сурет]
Исаның астарлы әңгімесіндегі тұқым — Құдай Сөзіндегі ізгі хабарды білдіреді.
[Түпдерек]
Garo Nalbandian
[27-беттегі сурет]
Ехоба Куәгерлері Ұлы тұқым Себушінің көрсеткен үлгісіне еліктейді.
[28-беттегі суреттер]
Һармагеддоннан аман қалғандар жердегі жемістің рақатын көретін болады.