“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
2—8 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЛҰҚА 6, 7
“Жомарт болайық”
(Лұқа 6:37) Басқаларды айыптауды қойыңдар, сонда өздерің де айыпталмайсыңдар. Өзгелерге үкім айтуды доғарыңдар, сонда сендерге де үкім айтылмайды. Кешірімді болыңдар, сонда өздерің де кешірілесіңдер.
nwtsty Лқ 6:37-нің зерттеу мәліметі
Кешірімді болыңдар, сонда өздерің де кешірілесіңдер: “Кешіру” деп аударылған грек сөзі тура мағынада “жіберу, аластату не босату (мысалы, тұтқынды)” дегенді білдіреді. Осы тармақта бұл сөз айыптау не үкім айту деген сөздерге қарама-қайшы қойылған, тіпті жазаға лайықты болып көрінген адамды ақтап, кешіруді білдіреді.
w08 15.5. 9, 10-б., 13, 14-абз.
Жақсылық істей беріңдер
13 Матай сияқты Лұқа да Исаның сөзін келтіріп: “Басқаларға үкім айтпаңдар сонда сендерге де үкім шығарылмайды. Айыптамаңдар, әйтпесе өздерің де айыпталасыңдар, кешіріңдер, сонда сендер де кешірілесіңдер”,— деген (Лұқа 6:37). Бірінші ғасырдағы парызшылдар Жазбаларға негізделмеген әдет-ғұрыптарды ұстанғандықтан, адамдарға қатаң үкім шығаратын. Исаның тыңдаушылары бұрын осылай етіп келген болса, енді ‘үкім айтуды доғарып’, адамдардың кемшіліктерін кешірулері керек еді. Елші Пауыл да кешіруге қатысты осындай кеңес берді (Ефестіктерге 4:32 оқы).
14 Исаның шәкірттері кешіру арқылы адамдарды кешірімді болуға талпындыра алар еді. “Қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады,— деді Иса.— Сендер қандай өлшемді қолдансаңдар, өздерің үшін де сондай өлшем қолданылады” (Мат. 7:2). Адамдарға құрмет көрсетсек, соның жемісін оратын боламыз (Ғал. 6:7).
(Лұқа 6:38) Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді. Қойындарыңа нығыздап, шайқап, тасып-төгілген мөлшерде салып береді. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі.
nwtsty Лқ 6:38-дің зерттеу мәліметі
Беріңдер: Осы тармақта “беріңдер” деп аударылған грек сөзі үздіксіз жасалатын әрекетке нұсқайды. Сондықтан оны “бере беріңдер” деп те аударуға болады.
(Лұқа 6:38) Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді. Қойындарыңа нығыздап, шайқап, тасып-төгілген мөлшерде салып береді. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі.
nwtsty Лқ 6:38-дің зерттеу мәліметі
Қойындарыңа: Грек тілінде бұл сөз тура мағынада “кеуде (төс)” дегенді білдіреді. Осы тармақтағы “қойындарыңа... салып береді” деген тіркес саудагерлердің сатып алушының сырт киімінің бүгілген жеріне (белдіктің жоғарғы жағы) тауарды толтырып салып беретін дәстүріне нұсқауы мүмкін.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Лұқа 6:12, 13) Сол күндердің бірінде Иса дұға ету үшін тауға шығып, түні бойы Құдайға сиынды. 13 Ал таң атқанда шәкірттерін шақырып, араларынан он екісін таңдап алды да, оларды “елшілер” деп атады.
w07 1.8. 6-б., 1-абз.
Рухани адам болу деген нені білдіреді?
Иса жиі ұзақ дұға айтқан (Жохан 17:1—26). Мысалы, он екі елшісін таңдар алдында, ол “дұға ету үшін тауға шығып, түні бойы Құдайға сиынған” (Лұқа 6:12). Рухани адам Исаға еліктеуге тырысады. Әрине, бұл оның түні бойы дұға айту керектігін білдірмейді, бірақ маңызды шешім қабылдар алдында, дұға айтуға жеткілікті уақыт бөледі. Ол Ехобадан рухани өсуіне септігін тигізетін шешім қабылдауға киелі рухы арқылы көмектесуін сұрайды.
(Лұқа 7:35) Даналық істерімен дәлелденеді.
nwtsty Лқ 7:35-тің зерттеу мәліметі
істерімен: Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия мен Исаның істері оларға тағылған айыптардың жалған екенін дәлелдейді. Иса былайша айтқанда: “Айып тағылған адамның әділ істеріне қараңдар, сонда оның кінәлі емес екенін көресіңдер”,— деген.
9—15 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЛҰҚА 8, 9
“Исаның ізбасары болу үшін не қажет?”
(Лұқа 9:57, 58) Олар жолда келе жатқанда, біреу оған: “Қайда барсаңыз да, мен сізге еремін”,— деді. 58 Иса оған: “Түлкілердің іні, құстардың ұясы бар, ал Адам Ұлының бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деп жауап қатты.
it “Ұя”
Ұя
Бірде бір дін мұғалімі Исаға: “Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен сізге еремін”,— деген. Иса оған: “Түлкілердің іні, құстардың ұясы бар, ал Адам Ұлының бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деп жауап берген (Мт 8:19, 20; Лқ 9:57, 58). Бұл сөздерімен Иса өзінің ізбасары болу үшін адам әдеттегі ыңғайлы өмірінен бас тартып, Ехобаға толықтай арқа сүйеуі керектігіне назар аударған. Бұл принцип оның үлгілі дұғасындағы “бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр” деген сөздерінен және “бар дүниесінен бас тартпаса, ешкім де менің шәкіртім бола алмайды” деген сөздерінен көрінеді (Мт 6:11; Лқ 14:33).
(Лұқа 9:59, 60) Басқа біреуге Иса: “Менің ізбасарым бол”,— дегенде, ол: “Ием, алдымен әкеме барайын, оны жерлеген соң келуге рұқсат етіңіз”,— деді. 60 Бірақ Иса: “Өлгендерін жерлеуді өлілерге қалдыр. Ал өзің барып, барлық жерде Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жарияла”,— деді.
nwtsty Лқ 9:59, 60-тың зерттеу мәліметтері
оны жерлеген соң: Бұл кісінің сөздері әкесінің қайтыс болғанын және оны жерлеп келуді сұрағанын білдірмесе керек. Олай болған жағдайда оның Исамен осылай сөйлесіп тұруы екіталай еді. Ежелде Таяу Шығыста қайтыс болған адамды бірден, әдетте сол күні-ақ жерлейтін. Сондықтан бұл кісінің әкесі қарт не ауырған болуы мүмкін. Оның әкесіне күтім жасай алатын туыстары болған болса керек. Әйтпесе Иса сырқат не күтімді қажет ететін ата-анасын қалдырып кетуді айтпас еді (Мр 7:9—13). Әлгі кісі былайша айтқанда Исаға: “Әкемнің көзі тірісінде сіздің соңыңыздан ере алмаймын. Әкем қайтыс болып, оны жерлеген соң ғана ізбасарыңыз боламын”,— деген. Исаның көзінде бұл кісі Құдай Патшалығын өмірінде бірінші орынға қоюдың мүмкіндігін жіберіп алған еді (Лқ 9:60, 62).
Өлгендерін жерлеуді өлілерге қалдыр: Лқ 9:59-дың зерттеу мәліметінде айтылғандай, Исамен сөйлескен кісінің әкесі қайтыс болмаған, ол қарт не сырқат болған болса керек. Сондықтан Иса былайша айтқанда оған: “Өлгендерін жерлеуді рухани өлілерге қалдыр”,— деген. Демек, бұл кісі әкесіне күтім жасауды туыстарына тапсырып кету керек еді. Исаның соңынан ерсе, ол мәңгілік өмірге жетелейтін жолды ұстанып, Құдай рухани өлі деп санайтын адамдардың арасында болмайтын еді. Исаның жауабынан көрінетіндей, рухани тірі болып қалу үшін Құдай Патшалығын өмірде бірінші орынға қойып, ол жайлы жариялау аса маңызды.
(Лұқа 9:61, 62) Тағы біреу оған: “Ием, мен сізге еремін. Бірақ алдымен үй ішіммен қоштасып келуге рұқсат етіңіз”,— деді. 62 Иса болса: “Қолына соқа ұстап, артына жалтақтай беретін адам Құдай Патшалығына кіруге лайықсыз”,— деп жауап берді.
nwtsty мультимедиа
Жер жырту
Жерді жиі күзде жыртатын болған. Сол мезгілде жаңбыр көп жауатындықтан, жаздың аптап ыстығынан қатып қалған жер жұмсаратын (Ә15 қосымшасын қараңыз). Кейбір соқалар үшкір ағаштан жасалып, ұшы металл болған. Кейін ол көлденең ағашқа байланып, бір не бірнеше малға жегілген. Жер жыртылып болған соң, тұқым себілген. Жер жырту көпшілікке таныс болғандықтан, Еврей жазбаларында ол жиі мысал ретінде келтірілген (Би 14:18; Иш 2:4; Ерм 4:3; Мих 4:3). Иса да маңызды шындықтарды түсіндіру үшін жиі егін шаруашылығын мысалға келтірген. Жер жырту жайлы айтқанда, ол шәкірт өзіне тапсырылған істі бар жүрегімен атқару керектігіне назар аударғысы келген (Лқ 9:62). Егер соқашы жалтақтай беретін болса, жер қисық жыртылады. Сол сияқты, Мәсіхтің шәкірті өзіне тапсырылған істен алаңдай берсе, Құдай Патшалығына кіруге лайықсыз болады.
w12 15.4. 15, 16-б., 11—13 абз.
Ехобаға шын жүректен қызмет ете берейік
11 Исаның мысалынан неге үйрене алатынымызды жақсырақ түсіну үшін оны көз алдымызға елестетіп көрейік. Жұмысшы жер жыртуда. Алайда жұмысын істеп жатып ол салқын үйін, отбасы мен достарын, дәмді асты, әуенді, ойын-күлкіні ойлайды. Бұл қалауы барған сайын өршіп барады. Біраз уақыт жер жыртқан соң құштарлығы шегіне жетеді де, ол “артына жалтақтайды”. Ол алаңдап, жұмысын ойдағыдай орындамайды, ал жұмыс болса әлі біткен жоқ. Әрине, жұмыс берушінің табанды болмаған жұмысшыға көңілі толмайды.
12 Ал енді бүгінде осыған ұқсас жағдай қалай болуы мүмкін екенін қарастырайық. Рухани мықты болып көрінетін, бірақ бейнелі жүрегіне қауіп төніп тұрған кез келген мәсіхші мысалдағы соқашыға ұқсауы мүмкін. Мәселен, бір бауырлас кездесулерді жібермей, уағызда белсенді делік. Алайда оған ұнайтын осы дүниелік бір нәрсе оның ойынан шықпайды, өйткені жүрегінің түбінде ол соны қатты қалайды. Бауырлас Ехобаға бірнеше жыл бойы қызмет еткен соң, әлгі нәрсеге аңсары ауғаны соншалық, ол бұрылып “артына” қарайды. Танапта істейтін жұмыс әлі көп болса да, ол “өмір сөзін берік ұстанудан” қалып, бұрынғыдай белсенді қызмет етпейді (Філіп. 2:16). Осындай табансыз қызметшіден “Егіннің Иесі” Ехобаның көңілі қалады (Лұқа 10:2).
13 Алар сабағымыз анық. Ехобаға шын жүректен қызмет ету дегеніміз қауым кездесулеріне үзбей бару мен уағыздауды ғана білдірмейді (Шеж. 2-ж. 25:1, 2, 27). Егер мәсіхші жүрегінде әлі де “артта” қалған нәрселерді яки осы дүниеге тән қандай да бір істерді қалайтын болса, оның Ехобамен қарым-қатынасына қауіп төніп тұр (Лұқа 17:32). “Жамандықтан жиреніп, жақсылықтан ажырамай” жүрсек қана, “Құдай патшалығына кіруге” лайықты боламыз (Рим. 12:9; Лұқа 9:62). Ендеше Шайтанның дүниесіндегі ешбір нәрсенің, ол қандай пайдалы не тартымды болып көрінбесін, бізге Патшалықтың қамын шын жүректен ойлауға кедергі болуына жол бермейік (Қор. 2-х. 11:14; Філіпіліктерге 3:13, 14 оқы).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Лұқа 8:3) Иродтың үй басқарушысы Хузаның әйелі Жоханна, Сузанна және тағы басқа көптеген әйелдер болды. Бұлар қолда барларымен Иса мен оның елшілеріне қызмет көрсетіп жүрді.
nwtsty Лқ 8:3-тің зерттеу мәліметі
қызмет көрсетіп жүрді: Немесе “қолдап жүрді (қамтамасыз етіп жүрді)”. Гректің “диаконео” деген сөзі басқалардың қамын жасауға, мысалы азықты сатып алуға, пісіріп дайындауға және үлестіруге нұсқауы мүмкін. Бұл сөз осыған ұқсас мағынада Лқ 10:40-та (“барлық жұмыс”) және Е.і 6:2-де (“ас үлестіру”) қолданылған. Лқ 8:3-тегі бұл сөз 2-ші және 3-ші тармақтағы әйелдердің Иса мен шәкірттеріне қолдау көрсетіп, Құдайдың ісін орындауға көмектескендерін сипаттау үшін қолданылған. Осындай істерімен бұл әйелдер Құдайды мадақтаған. Ал Құдай олардың еңбегін ұмытпай, мейіріммен көрсеткен жомарттығы жайлы бүкіл келер ұрпақ оқысын деп Киелі кітапқа жаздырған (Н.с 19:17; Ев 6:10). Гректің осы сөзі Мт 27:55 пен Мр 15:41-дегі әйелдерге қатысты да қолданылған.
(Лұқа 9:49, 50) Жохан оған: “Ұстаз, сіздің атыңызбен жындарды қуып шығарып жүрген біреуді көрдік, бізбен бірге жүрмегендіктен, оған тыйым салуға тырыстық”,— деді. 50 Иса: “Оған кедергі жасамаңдар. Өйткені сендерге қарсы болмаған адам сендерге жақ”,— деп жауап берді.
Лұқа кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
9:49, 50. Неге Иса жындарды қуып шығарып жүрген адамға өзінің соңынан ермесе де тыйым салмаған? Себебі ол кезде әлі мәсіхшілер қауымы болмаған. Сондықтан ол адамға Исаға сеніп, жындарды қуып шығару үшін оған еріп жүрудің қажеті жоқ еді (Мар. 9:38—40).
16—22 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЛҰҚА 10, 11
“Қайырымды самариялық туралы мысал”
(Лұқа 10:29—32) Бірақ өзін ақтағысы келген ол Исадан: “Сонда мен нақты кімді сүюім керек?”— деп сұрады. 30 Бұған Исаның жауабы мынау болды: “Бір адам Иерусалимнен Иерихонға ылдилап бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оны тонап, ұрып-соғып, шала-жансар етіп тастап кетеді. 31 Сонда сол жолмен келе жатқан бір діни қызметкер оны көреді де, жолдың арғы бетіне өтіп, кете береді. 32 Сол сияқты, жаңағы жермен өтіп бара жатқан бір леуілік оны көреді, ол да жолдың арғы бетіне өтіп, кете береді.
nwtsty мультимедиа
Иерусалимнен Иерихонға дейінгі жол
Осы қысқа бейнероликте көрсетілген жол (1) Иерусалимнен Иерихонға дейінгі жолдың қандай болғанын елестетуге көмектеседі. Иерусалим Иерихоннан 1 шақырым биіктікте орналасқан, ал олардың арасындағы арақашықтық 20 шақырымнан астам болған. Осы жапан далада қарақшылар көп болғандықтан, жолаушыларды қорғау үшін әскер қоюға тура келген. Римдік Иерихон (2) Яһудея шөлі біткен жерде орналасқан. Ал яһудилердің ескі Иерихон қаласы (3) Римдік Иерихоннан 2 шақырымдай жерде орналасқан.
w02 1.11. 24, 25-б., 14, 15-абз.
“Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады”
14 Екінші мысал: қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімені еске түсірейікші. Иса әңгімесін былай бастады: “Бір адам Иерусалимнен Иерихон қаласына [“түсіп”, ЖД] кетіп бара жатып, қарақшылардың қолына түсіпті. Қарақшылар оның киімдерін сыпырып алып, өзін жарақаттап, шала-жансар етіп тастап кетіпті” (Лұқа 10:30). Иса әдейі “Иерусалимнен Иерихон қаласына” апаратын жол туралы айтқан. Осы астарлы әңгімесін айтқанда Иса Яһудеяда болатын, демек, оны тыңдаған адамдар қандай жол жөнінде әңгімеленіп жатқанын білсе керек. Аталмыш жолдың әсіресе жалғыз жүрген жолаушы үшін қауіпті екені белгілі-тін. Ол — айналмалы әрі елсіз мекеннен өтіп жатқан, қарақшылар жасырына алатын жерлері бар жол болатын.
15 Исаның “Иерусалимнен Иерихон қаласына” баратын жол туралы айтқанына қатысты тағы да бір ескерерлік жайт бар. Әңгімеде сол жолмен алдымен діни қызметкердің, сосын леуіліктің өткені, бірақ екеуінің де жапа шеккенге көмектеспегені айтылады (Лұқа 10:31, 32). Діни қызметкерлер ғибадатханада қызмет етіп, ал леуіліктер оларға көмектесетін. Діни қызметкерлер мен леуіліктердің көбісі қызметтерінен бос уақыттарында Иерусалимнен 23 шақырым арақашықтықта орналасқан Иерихонда өмір сүретін. Сондықтан олардың сол жолмен ары-бері жүріп отыратындығы күмәнсіз. Тағы бір ескере кетер жайт: діни қызметкер мен леуілік “Иерусалимнен” келе жатқан, демек, ғибадатханадағы қызметтерін аяқтап қайтып келе жатқан. Олар өлі денеге қол тигізсе біраз уақыт ғибадатханада қызмет ете алмайтын, сол себепті өліге ұқсап жатқан адамға қол тигізгілері келмеген болар деп ойлауға болады. Бірақ ғибадатханадағы қызметтерін аяқтап қайтып келе жатқандықтан, олардың мейірімсіздігін ақтау мүмкін емес еді (Леуіліктер 21:1; Руларды санау 19:11, 16). Исаның астарлы әңгімесінде тыңдаушыларына таныс жайттарды қолданғаны анық көрініп тұр емес пе?
(Лұқа 10:33—35) Ал сол жолмен жолаушылап бара жатқан бір самариялық кісі оны көріп, аяп кетеді. 34 Жанына барып, жараларына май мен шарап құйып, таңады. Сосын есегіне отырғызып, бір қонақүйге әкеліп, қамын жасайды. 35 Ертесіне қонақүйдің иесіне екі динар беріп: — Мына кісіге қамқорлық көрсетіңіз. Егер артық шығын шығарсаңыз, қайтып оралғанда төлеймін,— дейді.
nwtsty Лқ 10:33, 34-тің зерттеу мәліметтері
бір самариялық кісі: Яһудилер самариялықтарды менсінбей, олармен мүлдем араласпайтын (Жх 4:9). Олардың кейбірі тіпті “самариялық” сөзін адамды қорлап-кемсіту үшін не оған жеккөрінішін білдіру үшін қолданған (Жх 8:48). Мишнада бір раввиннің мынандай сөздері жазылған: “Самариялықтың нанын жеген шошқаның етін жегенмен бірдей” (Шебиит 8:10). Көп яһудилер самариялықтардың берген куәлігіне сенбейтін және олардың көмегін қабыл алмайтын. Яһудилердің самариялықтарға жеккөрінішпен қарайтынын білген Иса қайырымды самариялық деген атпен танылып кеткен мысалды келтіріп, маңызды тәлім берген.
жараларына май мен шарап құйып, таңады: Дәрігер Лұқа Исаның мысалын егжей-тегжейлі баяндаған. Ол сол кездегі жараны емдеу әдісін сипаттап жазған. Жараны емдеу үшін жиі май мен шарап қолданылатын болған. Май жараны жұмсарту үшін (Иш 1:6 салыстырыңыз), ал шарап жараны залалсыздандыру үшін қолданылған. Лұқа самариялық кісі науқастың жағдайы нашарлап кетпес үшін жараларын таңғанын да жазған.
қонақүйге: Мұндағы грек сөзі тура мағынада “барлығының тоқтауына болатын жер” дегенді білдіреді. Мұндай жерлерде жолаушылардың өздері де, мал-жайлары да тоқтай алатын. Қонақүйдің иесі жолаушыларды ең қажетті нәрселермен қамтамасыз ететін, ал ақысын төлесе, күтімді қажет ететін адамдарға қамқорлық көрсететін.
(Лұқа 10:36, 37) Сонымен, осы үшеуінің қайсысы қарақшылардың қолына түскен кісіге сүйіспеншілік танытты деп ойлайсың?” 37 Әлгі кісі: “Оған қайырымдылық жасағаны”,— деп жауап бергенде, Иса: “Ендеше, бар да, сен де солай істе”,— деді.
w98 1.7. 31-б., 2-абз.
Самариялық кісі қайырымдылық танытты
Исаның мысалынан көрінетіндей, әділ кісі Құдайдың заңдарына мойынсұнып қана қоймай, оның қасиеттеріне де еліктейді (Ефестіктерге 5:1). Мысалы, Киелі кітапта “Құдайдың ешкімді алаламайтыны” айтылған (Елшілердің істері 10:34). Біз Құдайдың осы қасиетіне қалай еліктей аламыз? Исаның мысалынан адамдардың ұлты, мәдениеті мен діні оларды сүюге кедергі жасамау керектігін үйренеміз. Иә, мәсіхшілер әлеуметтік жағдайы, ұлты, нәсілі не сенімі бір адамдарға ғана емес, “бәріне... жақсылық жасай беруі” қажет (Ғалаттықтарға 6:10).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Лұқа 10:18) Иса оларға былай деді: “Шайтанның көктен найзағайша құлап түскенін көрдім.
nwtsty Лқ 10:18-дің зерттеу мәліметі
Шайтанның көктен найзағайша құлап түскенін көрдім: Исаның бұл сөздері пайғамбарлық сөздер болса керек. Ол Шайтанның көктен қуылуын болып қойған оқиға ретінде айтқан. Аян 12:7—9 тармақтарда Мәсіхтің Патшалығы орнағанда, көкте соғыс болып, Шайтанның көктен қуылатыны айтылған. Исаның айтқысы келгені — Құдайдың күшінің арқасында 70 шәкірт, кәдімгі кемелсіз адамдар, жындарды қуа алған болса, Шайтан мен оның жындары болашақтағы соғыста сөзсіз жеңіледі (Лқ 10:17).
Лұқа кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
10:18. Исаның 70 шәкіртіне: “Шайтанның найзағайша көктен құлап түскенін көрдім”,— деп айтқан сөздерін қалай түсінуге болады? Иса бұл жерде Шайтан көктен қуылды деп айтпаған. Шайтан 1914 жылы Мәсіх Құдай Патшалығындағы таққа отырғанға дейін көктен қуылмаған (Аян 12:1—10). Біз Исаның не дегісі келгенін нақты білмейміз, дегенмен алдағы оқиғаларды болып қойғандай мәнерде баяндай отырып, Иса бұл жайттың міндетті түрде болатынына назар аударғысы келген болса керек.
(Лұқа 11:5—9) Иса сөзін жалғап былай деді: “Араларыңдағы біреуіңнің досы бар делік. Ол түн ортасында сол досына барып: — Досым, маған үш нан бере тұршы. 6 Жолаушылап бір жолдасым келіп қалған еді, соған беретін ештеңем болмай тұр,— дейді. 7 Сонда үй иесі іштен: — Мені мазаламашы! Есік бекітулі, бала-шағамызбен жатып қалдық. Енді тұрып, саған ештеңе бере алмаймын,— деп жауап береді. 8 Сендерге мынаны айтамын: ол оған қажетін досы болғаны үшін бермесе де, қадалып сұрап тұрып алғандықтан береді. 9 Сондықтан сендерге мынаны айтамын: сұрай беріңдер, сонда беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда ашылады.
nwtsty Лқ 11:5—9 тармақтардың зерттеу мәліметтері
Досым, маған үш нан бере тұршы: Осы мысалдан көрінетіндей, Таяу Шығыста адамдар қонақжайлылығымен ерекшеленетін. Қонақ тіпті түн ортасында күтпеген уақытта келсе де (сол заманда жол жүргенде келеңсіз жағдайлар болып тұратын), үй иесі оған жейтін бір нәрсе беруге өзін міндетті санаған. Қажет болса көршісінен тамақ сұрап беруге де дайын болған.
Мені мазаламашы: Бұл мысалдағы көрші адамгершілігі болмағандықтан емес, жатып қалғандықтан көмектескісі келмеген. Сол заманда үйлер, әсіресе кедей адамдардың үйлері бір үлкен бөлмеден ғана тұрған. Егер бұл кісі түн ортасында тұратын болса, бүкіл үй ішін, соның ішінде балаларын да оятар еді.
қадалып сұрап тұрып алғандықтан: Мұндағы грек сөзі сөзбе-сөз “қарапайымдылықтың жетіспеушілігін”, “ұяттан жұрдай болуды” білдіреді. Бірақ осы тармақта бұл сөз қайсарлыққа, табандылыққа нұсқайды. Исаның мысалындағы кісі өзіне қажет нәрсені қайта-қайта сұраудан ұялып, тартынбаған. Иса осы мысал арқылы шәкірттеріне дұға еткенде табанды болулары керектігін айтқысы келген (Лқ 11:9, 10).
23—29 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЛҰҚА 12, 13
“Сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар”
(Лұқа 12:6) Бес торғай екі тиынға сатылады емес пе? Десе де Құдай олардың бірде-біреуін ұмытпайды.
nwtsty Лқ 12:6-ның зерттеу мәліметі
торғай: Гректің кішірейтпелі жұрнағымен келетін “струтион” сөзі кез келген кішкентай құсты білдіреді, бірақ көбінесе торғайларға қатысты қолданылған. Торғай тамақ ретінде сатылған құстардың арасындағы ең арзаны болған.
(Лұқа 12:7) Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да оған белгілі! Қорықпаңдар, сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!
nwtsty Лқ 12:7-нің зерттеу мәліметі
Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да оған белгілі: Адам шашының саны орта есеппен 100 000-нан асады деген тұжырым бар. Ехобаның тіпті осындай ұсақ-түйек жайттарды білгені Мәсіхтің әрбір ізбасарына жеке көңіл бөлетініне кепілдік болып табылады.
(Лұқа 12:7) Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да оған белгілі! Қорықпаңдар, сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!
Ешбір нәрсе бізді “Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды!”
4 Біріншіден, әрбір қызметшісінің бойынан Құдайдың жақсы нәрсе іздейтіні Киелі кітапта тікелей айтылады. Мысалы, Иса былай деген: “Екі торғайды бір ассарионға сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар, сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29—31, сілтемені қара) Исаның бірінші ғасырдағы тыңдаушылары үшін бұл сөздердің нені білдіргенін қарастырып көрейік.
5 Сен: “Торғайды сатып алудың қажеті не?”— деп таңырқауың мүмкін. Исаның заманында торғай ең арзан тағам ретінде сатылатын. Байқашы, адам не бары бір ассарионға, не тиынға, екі торғай сатып ала алатын. Бірақ Исаның кейінірек айтқан сөздеріне сай, егер сатып алушы екі тиынға шығындала алатын болса, оған төрт емес, бес торғай берілер еді. Бесінші құсты еш құны жоқ сияқты ақысыз бере салатын. Бәлкім, торғай іспетті ұсақ құстың адамдар үшін еш құндылығы жоқ шығар, ал Жаратушы үшін ше? Иса былай деді: “Олардың біреуін де [тіпті тегін берілгенін де] Құдай ұмытпайды” (Лұқа 12:6, 7). Енді Исаның не айтқысы келгені біз үшін айқындала түсті. Егер Ехоба торғай екеш торғайды солай бағалайтын болса, адамды одан бетер бағаламай ма!? Иса түсіндіргендей, Ехоба біз туралы бәрін-бәрін біледі. Тіпті біздің әрбір шашымыз санаулы!
Асыл тастарды іздеп табайық
(Лұқа 13:24) Тар есіктен кіруге барынша тырысыңдар. Өйткені сендерге мынаны айтамын: көп адам кіруге ұмтылатын болады, бірақ кіре алмайды.
nwtsty Лқ 13:24-тің зерттеу мәліметі
барынша тырысыңдар: Немесе “күресе беріңдер”. Исаның бұл сөздері тар есіктен кіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керектігін көрсетеді. Гректің “агонизомай” етістігінен шыққан “агон” деген сөз жиі спорттық жарыстарға қатысты қолданылған. Ев 12:1-де бұл сөз бейнелі мағынада мәсіхшілердің өмір үшін жүгіретін “қашықтығын” сипаттау үшін қолданылған. Бұл сөз кең мағынада қолданылып, “күрес” деп те аударылады (Фп 1:30; Қл 2:1; Т1х 6:12; Т2х 4:7). Лқ 13:24-те қолданылған бұл грек сөзі басқа да тармақтарда кездеседі. Мысалы: “жарыскер” (Қ1х 9:25), “жан сала” (Қл 1:29; 4:12; Т1х 4:10) және “күрес” (Т1х 6:12). Бұл тіркес спорттық жарыстарға қатысты қолданылғандықтан, кейбіреулердің пайымдауынша, Иса мәсіхшілерді жүлдеге ие болу үшін әрбір бұлшық етін жұмыс істетіп, бар күшін салатын атлет сияқты болуға шақырған.
(Лұқа 13:33) Мен бүгін, ертең және бүрсігүні сапарымды жалғастыруым керек, өйткені пайғамбардың Иерусалимнен басқа жерде өлтірілуі мүмкін емес.
nwtsty Лқ 13:33-тің зерттеу мәліметі
мүмкін емес: Немесе “ақылға қонымсыз”. Киелі кітап пайғамбарлықтарында Мәсіхтің Иерусалимде өлетіні нақты айтылмаса да, бұл ой Дн 9:24—26 тармақтарға негіздеп айтылса керек. Бұған қоса, яһудилер пайғамбарды, әсіресе Мәсіхті өлтіргісі келсе, мұны дәл осы қалада істейтіні анық еді. Себебі 71 адамнан тұратын Жоғарғы кеңес Иерусалимде жиналатын. Жалған пайғамбар деп айыпталғандардың ісін осы кеңес қарастыратын. Исаның бұлай деуінің тағы бір себебі — Құдайға арналған құрбандықтар да, Құтқарылу мейрамының тоқтысы да Иерусалимде шалынатын. Кейін болған оқиғалар Исаның осы тармақтағы сөздерін растады. Ол Жоғарғы кеңестің алдында сотталды. Сосын дәл осы Иерусалимде, қала қабырғаларының сыртында, “Құтқарылу мейрамының тоқтысы” ретінде өлді (Қ1х 5:7).
30 шілде—5 тамыз
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЛҰҚА 14—16
“Адасқан ұл туралы мысал”
(Лұқа 15:11—16) Иса тағы былай деді: “Бір кісінің екі ұлы болыпты. 12 Кішісі әкесіне: — Әке, маған тиісті еншімді беріңіз,— дейді. Сонда ол екеуіне дүние-мүлкін бөліп береді. 13 Бірнеше күннен кейін кіші ұлы еншісін жинап алып, алыс бір елге аттанады. Сол жақта бейбастақ өмір кешіп, бүкіл дүниесін шашып-төгеді. 14 Бәрін жұмсап біткенде, сол елде қатты аштық болып, ол жоқшылыққа ұшырайды. 15 Содан елдің бір тұрғынына барып, жармасып жүріп, жалшысы болады. Әлгі кісі оған даладағы шошқасын баққызып қояды. 16 Ол шошқа жейтін азықты жеп тойсам екен деп аңсап жүреді, бірақ оған ешкім ештеңе бермейді.
nwtsty Лқ 15:11—16 тармақтардың зерттеу мәліметтері
Бір кісінің екі ұлы болыпты: Адасқан ұл (“жоғалған ұл” деп те танымал) туралы мысал өте ерекше. Бұл Иса айтқан мысалдардың ішінде ең ұзыны. Оны ерекше ететіні — онда отбасындағы қарым-қатынас туралы айтылады. Басқа мысалдарында Иса жиі тұқым мен топырақ сияқты жансыз нәрселерді немесе қожайын мен құлдың арасындағы қарым-қатынас жайлы қозғаған (Мт 13:18—30; 25:14—30; Лқ 19:12—27). Ал осы мысалда Иса әке мен ұлдарының арасындағы тығыз қарым-қатынасқа назар аударған. Исаны тыңдаған адамдардың көбісінің әкелері осындай мейірімді болмаған болса керек. Бұл мысал көктегі Әкеміздің жердегі барлық балаларын, оған адал болғандарын да, одан алыстап, қайта оралғандарын да қатты жақсы көретінін көрсетеді.
Кішісі: Мұса Заңы бойынша, тұңғыш ұл мал-мүліктен екі есе көп үлес алатын (М5ж 21:17). Егер мысалдағы үлкен ұл тұңғыш ұл болған болса, кіші ұлдың үлесі онікінен екі есе аз болған.
шашып-төгеді: Мұндағы грек сөзі тура мағынада “таратып жіберу” дегенді білдіреді (Лқ 1:51; Е.і 5:37). Осы тармақта бұл сөз ысырап қылу, ақымақтықпен жұмсау деген мағынада қолданылған.
бейбастақ өмір: Немесе “ысырапшыл (бейқам) өмір”. Туыстас грек сөзі осыған ұқсас мағынада Еф 5:18, Тт 1:6 және Пт1х 4:4-те қолданылған.
шошқасын баққызып қояды: Мұса Заңы бойынша, шошқа арам жануар болып есептелетіндіктен, оны бағу яһуди үшін адамның қадірін түсіретін жеркенішті іс болған (М3ж 11:7, 8).
шошқа жейтін азықты: Жас жігіттің шошқа жейтін тамақты жеуге дайын болғанына қарап, оның жағдайының қаншалықты мүшкіл болғанын көруге болады (Лқ 15:15-тің зерттеу мәліметін қараңыз).
(Лұқа 15:17—24) Сонда ол ақылға келіп, іштей былай дейді: — Әкемнің қаншама жалшысы нанға тойып жүргенде, мен бұл жерде аштан өлетін болдым. 18 Жолға шығып, әкеме барайын да: “Әке, мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасадым. 19 Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін. Мені жалшыларыңыздың бірі ете көріңіз”,— дейін. 20 Сонымен, жігіт әкесіне бармақ болып, жолға шығады. Ұлы алыста келе жатқанда-ақ, әкесі оны көріп, аяп кетеді. Сөйтіп, алдынан жүгіріп шығып, бауырына басып, елжірей сүйеді. 21 Ұлы оған: — Әке, мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасадым. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін,— дейді. 22 Бірақ әкесі құлдарына: — Тезірек ең жақсы шапан әкеліп, балама кигізіңдер. Қолына жүзік тағып, аяғына сандал беріңдер. 23 Бордақыланған торпақ әкеліп, сойыңдар. Ішіп-жеп, көңіл көтерейік! 24 Өйткені мына ұлым өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды,— дейді. Сөйтіп, той бастап жібереді.
nwtsty Лқ 15:17—24 тармақтардың зерттеу мәліметтері
жалшыларыңыздың: Кіші ұл қайта оралғанда, әкесінен үйіне ұлы ретінде емес, жалшысы ретінде қабыл алуын өтінгісі келген. Жалданған жұмысшылардың құлдардан айырмашылығы — олар үй ішінің мүшесі саналмайтын. Олар жиі бар болғаны бір-ақ күнге жалданатын (Мт 20:1, 2, 8).
елжірей сүйеді: “Елжірей сүйеді” деп аударылған грек тіркесі — “филео” етістігінің күшейтпелі түрі. Кейде ол “сүю” деп аударылған (Мт 26:48; Мр 14:44; Лқ 22:47), бірақ көбіне “жақсы көру” деп берілген (Жх 5:20; 11:3; 16:27). Исаның мысалындағы әке осылай жылы қарсы алуымен өкінген ұлын қайта қабылдауға дайын екенін көрсетті.
ұлыңызбын деп аталуға: Кейбір қолжазбаларда Лқ 15:21-ге “Мені жалшыларыңыздың бірі ете көріңіз” деген сөздер қосылған. Бірақ бұл тармақтың қазіргі нұсқасы ертеректегі сенімді қолжазбаларға сай келеді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, бұл сөздер 19 бен 21-тармақ бірдей болу үшін қосылған.
шапан... жүзік... сандал: Бұл шапан жай жамылғы емес, сыйлы қонақтарға тарту етілетін өте жоғары сапалы, әдемі етіп кестеленген киім болған. Ал қолына жүзік тағу арқылы әкесі ұлына ықыласын түсіргенін әрі оны жақсы көретінін көрсеткен. Сондай-ақ оның қадір-қасиетін сыйлап, ұлы ретінде қайта қабылдайтынын көрсеткен. Құлдар әдетте жүзік тағып, сандал кимейтін. Әкесі осындай сыйлар жасауымен ұлын бұрынғыдай отбасының бір мүшесі санайтынын анық көрсетті.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Лұқа 14:26) Кім маған келіп, бірақ әкесі мен шешесін, әйелі мен балаларын, аға-інісі мен әпке-қарындасын, тіпті өз жанын менен артық көрсе, менің шәкіртім бола алмайды.
nwtsty Лқ 14:26-ның (сілтеме) зерттеу мәліметі
артық көрсе: Сөзбе-сөз “жек көрмесе”. Киелі кітапта “жек көру” сөзі түрлі мағынада қолданылады. Бұл сөз басқаларға қиянат жасауға итермелейтін өшпенділік сезімін білдіреді. Немесе қандай да бір адамды не затты жақтырмауды не жиренуді және солардан бойын аулақ ұстауды білдіреді. Кейде бұл сөз жай ғана азырақ жақсы көруге нұсқауы мүмкін. Мысалы, Жақып Лияны “сүймейді” (түпнұсқа мәтінде “жек көреді”) дегенде, бұл оның Лияны Рахилаға қарағанда азырақ жақсы көретінін білдірген (М1ж 29:31; М5ж 21:15). Бұл сөз ежелгі яһуди әдебиеттерінде де осы мағынада қолданылған. Сондықтан Иса ізбасарлары отбасын не өздерін жек көру керек деп айтқысы келмеген, себебі бұл Киелі кітаптың басқа сөздеріне қайшы келер еді (Мр 12:29—31; Еф 5:28, 29, 33 салыстырыңыз). Демек, бұл мәнмәтінде Иса “жек көру” дегенде, “азырақ жақсы көруге” нұсқаған.
(Лұқа 16:10—13) Кішкене нәрседе сенімді болған үлкен нәрседе де сенімді. Ал кішкене нәрседе сенімсіз болған үлкен нәрседе де сенімсіз. 11 Сондықтан әділетсіз байлықты қолдануда сенімді болмасаңдар, кім сендерге шынайы байлықты сеніп тапсырады?! 12 Егер басқаның мүлкін қолдануда сенімді болмасаңдар, кім сендерге өздеріңе арналған сыйды бермек?! 13 Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей құл бола алмайды: біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біреуін жақын тартып, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар.
Шынайы байлыққа ұмтылайық
7 Лұқа 16:10—13 оқыңыз. Исаның әңгімесіндегі үй басқарушысы өз пайдасын ойлап достар тапты. Бірақ Иса ізбасарларының риясыз ниетпен көктен достар тапқанын қалады. Ол “әділетсіз байлықты” қалай қолданатынымыз Құдайға адалмыз ба, жоқ па — соны көрсететінін түсіндіргісі келген. Қолымызға түскен “әділетсіз байлықты қолдануда сенімді” екенімізді қалай көрсетсек болады?
8 Дүние-мүлкімізді қолдануда сенімді екенімізді көрсетудің бір жолы — Иса пайғамбарлық еткен дүниежүзілік уағыз ісіне ерікті садақа жасау (Матай 24:14). Үндістанда тұратын бір кішкентай қыз ақша жинайтын қобдишасына біртіндеп тиын салып жүреді. Ол тіпті ойыншық та сатып алмайды. Қобдишасы толғанда, жинаған ақшасының бәрін уағыз ісіне садақа етеді. Сондай-ақ бұл елде кокос шаруашылығымен айналысатын бір ер бауырлас бар. Ол малаялам тіліндегі аударма кеңсесіне көп кокосты садақа ретінде береді. Әдетте, кеңсе кокосты бәрібір сатып алатындықтан, бауырлас ақшадан гөрі кокос садақа еткені әлдеқайда ұтымды деп есептейді. “Ақыл тауып кету” деп осыны айтыңыз! Грекиядағы бауырластар да Бетел отбасына зәйтүн майы, ірімшік пен басқа да азық-түлікті садақа етіп тұрады.