Шомылдыру рәсімінен өтушілерге қойылатын талаптарға сай келу
“Мынау су ғой, менің шомылдыру рәсімінен өтуіме бола ма [“қандай тосқауыл бар”, ЖД]?” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 8:36)
1, 2. Філіп эфиопиялық уәзірмен әңгімесін қалай бастады және оның рухани нәрселерге деген қызығушылығы болғаны неден көрінді?
ИСАНЫҢ өлгеніне бір-екі жыл болып қалған. Бір мемлекет қызметкері Иерусалимнің оңтүстігінен Газаға сапар шегіп барады. Алда адамды жалықтыратын әлі бір жарым мың шақырымдай жол жатыр. Күймеде отырған осы ақ жүректі кісі Ехобаға ғибадат ету үшін, сонау Эфиопиядан Иерусалимге ұзақ жол жүріп келген. Ал енді үйге қайтар ұзақ жолға кететін уақытты ақылмен пайдаланып, Құдай Сөзін оқып келеді. Сенім деп осыны айт! Ехоба оған көңіл аударып, періштесі арқылы Філіп деген шәкіртке сол адал кісіге уағыз айтуды тапсырады (Елшілердің істері 8:26—28).
2 Філіпке әңгіме бастау қиынға соқпайды, өйткені сол замандағы әдетке сай эфиопиялық уәзір дауыстап оқып отырған еді. Ишаяның шиыршығын оқып отырғанын естіген Філіптің: “Оқығаныңыз түсінікті ме?”— деген қарапайым сұрағы оның қызығушылығын оятады. Осылайша олар Ишая 53:7, 8-тармақтарын талқылап, ақырында, Філіп оған “Иса туралы Ізгі хабарды айтып берді” (Елшілердің істері 8:29—35).
3, 4. а) Неге Філіп эфиопиялық уәзірді бірден шомылдыру рәсімінен өткізді? ә) Біз қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 Аз уақыттың ішінде эфиопиялық уәзір Құдайдың ниетіндегі Исаның рөлін де, Мәсіхтің шәкірті болу үшін шомылдыру рәсімінен өту керек екенін де түсінді. Жол бойындағы суды көрген ол Філіптен: “Менің шомылдыру рәсімінен өтуіме бола ма [“қандай тосқауыл бар”, ЖД]?”— деп сұрайды. Әрине, бұл ерекше оқиға болған. Эфиопиялық уәзір яһуди дінін қабылдап, бұрыннан-ақ Ехобаға ғибадат ететін сенімі берік кісі еді. Ол үшін бұдан кейін шомылдыру рәсімінен өтуге мұндай мүмкіндіктің қашан туарын кім білсін. Ал, ең маңыздысы, ол Құдайдың өзінен не талап ететінін түсінген, әрі кідірместен соған сай әрекет етуді қалаған. Філіп уәзірдің өтінішін орындауға келіседі де, шомылдыру рәсімінен өткен ол қуана ‘өз жөніне кетеді’. Өз елінде ол кісінің ынталы уағыздаушы болғанына күмәнданбасақ та болады (Елшілердің істері 8:36—39).
4 Бағышталу мен шомылдыру рәсімінен өту — ойланбай не асығыс жасай салатын қадам емес, сөйтсе де осы оқиғадан байқағанымыздай, кейбіреулер Құдай Сөзіндегі шындықты ести сала, көп ұзамай шомылдыру рәсімінен өткен жағдайлар болғанa. Сондықтан келесі сұрақтарды қарастырғанымыз орынды: Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын қандай дайындық қажет? Адамның жасына қаншалықты көңіл бөлінеді? Шомылдыру рәсімінен өтуші қандай рухани жетістіктерге жету керек? Ең бастысы, неге Ехоба өз қызметшілерінен осы қадамды жасауды талап етеді?
Берік ант
5, 6. а) Ехобаның халқы оның танытқан сүйіспеншілігіне қалай өз лебіздерін білдірген? б) Шомылдыру рәсімінен өткен соң, қалай біз Құдаймен тығыз қарым-қатынаста боламыз?
5 Мысырдың құлдығынан азат еткеннен кейін, Ехоба исраилдіктерге сүйіспеншілік танытып, қорғап және ‘қасиетті халық’ деп атап, оларды ‘ерекше меншігі’ етіп қабылдайтынын айтты. Алайда осындай шапағатқа ие болу үшін олар Құдайдың танытқан сүйіспеншілігіне нақты бір әрекеттерімен өз лебіздерін білдіруге тиіс еді. Исраилдіктер солай етті де: олар Ехобаның ‘айтқандарының бәрін де орындауға’ келісті, әрі онымен келісім жасасты (Мысырдан шығу 19:4—9). Бірінші ғасырда Иса ізбасарларына барлық ұлттардан шәкірттер дайындап, оның ілімін қабыл алғандарды шомылдыру рәсімінен өткізуді бұйырған. Адамның Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болуы Иса Мәсіхке сеніп, шомылдыру рәсімінен өтуіне байланысты болған (Матай 28:19, 20; Елшілердің істері 2:38, 41).
6 Бұдан Ехобаның Өзіне қызмет етуге берік ант беріп, әрі берген антынан таймайтындарға батасын беретіндігі көрінеді. Сондықтан Ехобаның батасына ие болу үшін мәсіхші міндетті түрде оған бағышталуы және шомылдыру рәсімінен өтуі керек. Біз Ехобаның жолын ұстанамыз және басшылықты содан іздейміз деп шештік (Забур 47:15). Ал Ехоба, бейнелеп айтқанда, қолымыздан жетелеп, жүруіміз керек жолмен алып жүреді (Забур 72:23; Ишая 30:21; 41:10, 13).
7. Неге бағышталу мен шомылдыру рәсімінен өту адамның жеке шешімі болуға тиіс?
7 Осындай қадамдар жасауға Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бен оған қызмет етуге деген ықыласымыз қозғау салу керек. Ешкім біреу оған жеткілікті уақыт зерттегенін айтқандықтан ғана немесе достары осы қадамды жасағандықтан ғана шомылдыру рәсімінен өтпеу керек. Ата-аналардың немесе басқа да толысқан мәсіхшілердің бағышталу және шомылдыру рәсімінен өту туралы ойлануға талпындырғанында тұрған ештеңе жоқ. Елші Петір де Алғашқы өнім мейрамында өзін тыңдаған адамдарды шомылдыру рәсімінен өтуге шақырған (Елшілердің істері 2:38). Бірақ бағышталу — жеке бастың мәселесі, сондықтан мұны ешкім біз үшін істей алмайды. Құдай еркін орындауды тек өзіміз ғана шешеміз (Забур 39:9).
Шомылдыру рәсімінен өтуге қажетті дайындық
8, 9. а) Неге сәбилерді шомылдыру рәсімінен өткізу Киелі кітапқа қайшы келеді? ә) Шомылдыру рәсімінен өткісі келетін жастардан не талап етіледі?
8 Жас балалар саналы түрде шешім қабылдап, Құдайға бағыштала ала ма? Жазбаларда шомылдыру рәсімінен өтуге қатысты нақты жас мөлшері көрсетілмеген. Сөйткенмен де сәбилердің сенуші бола алмайтыны, сондай-ақ сенімін іс жүзінде көрсете де, Құдайға бағыштала да алмайтыны айдан анық (Елшілердің істері 8:12). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер туралы тарихшы Август Неандер бір кітабында былай деген: “Шомылдыру рәсімі бірінші кезекте ересектерге арналған шара болған, өйткені адамдар арасында шомылдыру рәсімі мен сенімнің бір-бірімен тығыз байланысты екендігі қалыптасқан түсінік еді” (General History of the Christian Religion and Church).
9 Ал жастарға келер болсақ, олардың бірі рухани жағынан салыстырмалы түрде ертерек, ал өзгелері кейінірек жетіліп жатады. Алайда шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, жастардың Ехобамен жеке қарым-қатынасы болулары, Жазбалардың негізгі ілімдерін дұрыс түсінулері, сондай-ақ ересектер сияқты олар да бағышталу деген нені білдіретінін жақсылап ұғынып алулары керек.
10. Құдайға бағышталу мен шомылдыру рәсімінен өтудің алдында қандай қадамдар жасалуға тиіс?
10 Иса шәкірттеріне ‘өсиет еткендерінің бәрін’ шындықты енді қабылдағандарға ‘ұстануға үйретуді’ тапсырған (Матай 28:20). Сондықтан оларға, ең алдымен, Ехоба мен оның Сөзіне деген сенім дамытуларына көмектесетін тура білім қажет (Римдіктерге 10:17; Тімотеге 1-хат 2:4; Еврейлерге 11:6). Содан кейін шындық адамның жүрегіне жеткенде, оның өкініп, теріс жолдан қайтуына түрткі болады (Елшілердің істері 3:19). Сосын ол Исаның бұйрығына сай, Ехобаға бағышталуға және шомылдыру рәсімінен өтуге ықылас білдіреді.
11. Неге шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, уағыздау ісіне үнемі қатысу маңызды?
11 Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын жасалатын тағы бір маңызды қадам — Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісіне қатысу. Бұл — Ехоба өз халқына соңғы күндерде атқаруға тапсырған басты іс (Матай 24:14). Сондықтан шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушылар өзгелерге өз сенімдері туралы қуана-қуана айтады. Осылай еткендері оларды кейін де уағыздау ісіне үнемі әрі белсенді қатыса беруге дайындайды (Римдіктерге 10:9, 10, 14, 15).
Шомылдыру рәсімінен өтуіңе тосқауыл бар ма?
12. Нендей нәрселер шомылдыру рәсімінен өтуге тосқауыл болуы мүмкін?
12 Кейбіреулер жауапкершілігінен қорқып, шомылдыру рәсімінен өтуді кейінге ысыра беретін болар. Ондайлар Ехобаның нормаларына сай келу өмірде үлкен өзгерістер жасауды талап ететінін түсінеді. Бәлкім, олар шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін Құдайдың талаптарына сай келе алмаймын деп уайымдайтын шығар. Тіпті кейбіреулер: “Болашақта бір жаман нәрсе істеп қойып, мені қауымнан шығарып жіберсе ше?”— деп ойлауы мүмкін.
13. Исаның заманында кейбіреулердің шәкірт болуларына не кедергі болған?
13 Исаның заманында кейбіреулер жеке бастың мүддесі мен туыстық қатынастың шәкірт болуларына кедергі жасауына жол берген. Бір дін мұғалімі Иса қайда барса да, соңынан еріп жүруге даяр екенін айтады. Бірақ Иса оған көп жағдайда бір түнеп шығатын орын таппай қалатынын түсіндіреді. Иса өзге біреуді ізбасары болуға шақырғанда, ол алдымен әкесінің “сүйегін жерлеп” келу керек екенін айтады. Бұл кісі отбасына қатысты осы міндетін атқаратын уақыт келгенше, Исаға ілесіп жүруден гөрі әкесі дүниеден өткенін күтіп, үйінде отыруды артық көргенге ұқсайды. Ал үшінші бір кісі Исаға ермес бұрын, ‘үй-ішімен қоштасып келуге’ тиіс екенін айтады. Иса оның кібіртіктеуін ‘жалтақтап артына қарай беруге’ теңеді. Бұдан егер адам мәсіхшілік міндетін орындауды шынымен қаламаса, сыныққа сылтау табу оп-оңай екені көрінеді (Лұқа 9:57—62, сілтемені қара).
14. а) Иса адамдарды жинап әкелуші болуға шақырғанда, Петір, Әндір, Жақып және Жохан не істеді? ә) Неге біз Исаның жүктейтін міндеттерін алудан тартынбауымыз керек?
14 Ал Петір мен Әндір, Жақып пен Жохан болса мүлдем басқаша әрекет еткен. Киелі кітапта Иса оларды артынан еріп, адамдарды жинап әкелуші болуға шақырғанда, ‘дереу ауларын тастап, Оған еріп шәкірттері болғаны’ жазылған (Матай 4:19—22). Бірден осындай шешім қабылдаған олар Исаның кейінірек айтқан келесі сөздеріне көз жеткізген: “Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, Жуас, кіші пейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда жандарың. Себебі ыңғайлы — билігім Менің, Әрі жеңіл жүктейтін міндеттерім” (Матай 11:29, 30). Шомылдыру рәсімінен өтудің жүктейтін міндеттері болғанмен, Иса олардың ыңғайлы және ауыр емес екендігіне әрі көңілімізді барынша сергітетініне сендіреді.
15. Мұса мен Еремияның мысалынан Құдай қолдайды деп үміттенуімізге болатыны қалай көрінеді?
15 Адамның кейде өзіне тапсырылған міндетті орындауға дәрменсіз сезінуі — кәдімгі нәрсе. Мұсаға да, Еремияға да Ехобаның тапсырмасын орындай алмайтындай болып көрінген (Мысырдан шығу 3:11; Еремия 1:6). Құдай оларды қалай жігерлендірді? Ол Мұсаға: “Мен саған жар боламын”,— деді. Ал Еремияға: “Сені құтқару үшін Мен сенімен бірге боламын”,— деп уәде етті (Мысырдан шығу 3:12; Еремия 1:8). Ехобаның бізді де қолдайтынына сенімді бола аламыз. Құдайға деген сүйіспеншілігіміз бен оған арқа сүйегеніміз бағышталғанымызға сай өмір сүре аламыз ба, жоқ па деген бойымызды билеген күмәннен арылуымызға көмектеседі. “Сүйіспеншілікте қорқыныш жоқ,— деп жазды елші Жохан. — Шынайы сүйіспеншілік қорқынышты жолатпайды” (Жоханның 1-хаты 4:18). Кішкентай бала жалғыз жүрсе, көңіліне қорқыныш ұялауы мүмкін, ал әкесі қолынан ұстап жүрсе, бойында сенімділік пайда болады. Тап сол сияқты егер Ехобаға шын жүректен арқа сүйейтін болсақ, ол өзімен бірге жүрген уақыттың бәрінде бізді ‘тура жолмен жетелеуді’ уәде етеді (Нақыл сөздер 3:5, 6).
Құрметке лайық оқиға
16. Шомылдыру рәсімінен өткенде неге адам суға толық батырылуы керек?
16 Әдетте шомылдыру рәсімінің алдында оның маңыздылығы түсіндірілетін Киелі кітапқа негізделген баяндама айтылады. Баяндаманың аяғында кандидаттар өздеріне қойылатын екі сұраққа жауап беру арқылы ел алдында сенімдерін жария етеді (Римдіктерге 10:10; 24-беттегі қоршауды қара). Сосын Иса қалдырған үлгіге сай суға батырылады. Киелі кітапта көрсетілгендей, Иса рәсімнен өтісімен ‘судан шыққан’ (Матай 3:16; Марқа 1:10). Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның оны суға толық батырғаны сөзсізb. Суға толық батырылу — өмірімізде жасайтын түбегейлі өзгерістің лайықты бейнесі: біз, бейнелеп айтқанда, бұрынғы өмір салтымыз үшін өліп, Құдайға қызмет ету үшін өмірді қайта бастаймыз.
17. Қалай шомылдыру рәсімінен өтушілер де, бақылап отырғандар да осы оқиғаға лайықты кұрмет көрсете алады?
17 Шомылдыру рәсімінен өту — маңызды әрі қуанышты оқиға. Киелі кітапта Жақия Исаны суға батырып алғанда, оның дұға еткені жазылған (Лұқа 3:21, 22). Исаның үлгісіне сай, бүгінде шомылдыру рәсімінен өтушілер де рәсім кезінде өздерін дұрыс ұстаулары керек. Киелі кітап күнделікті өмірде әдеппен киінуге шақырады, олай болса, шомылдыру рәсімінен өтетін күні бұл кеңестің маңызы бұрынғыдан да арта түседі емес пе?! (Тімотеге 1-хат 2:9) Бақылап отырғандар да баяндаманы мұқият тыңдаулары және рәсім кезінде тәртіп сақтауларымен оған лайықты құрмет көрсетеді (Қорынттықтарға 1-хат 14:40).
Шомылдыру рәсімінен өткен шәкірттердің алатын баталары
18, 19. Шомылдыру рәсімінен өту қандай артықшылықтар мен баталар әкеледі?
18 Өзімізді Құдайға арнап және шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, ерекше отбасының мүшесі боламыз. Біздің ең басты батамыз — Ехобаның Әкеміз әрі Досымыз болуы. Шомылдыру рәсімінен өтпей тұрғанда, Құдайдан алшақ едік, енді онымен татуластық (Қорынттықтарға 2-хат 5:19; Қолостықтарға 1:20). Мәсіхтің құрбандығының арқасында біз Құдайға, ал ол бізге жақындады (Жақып 4:8). Малахи пайғамбардың түсіндіруінше, Ехоба Өз атымен аталатындарды және оны есімімен атайтындарды зер салып тыңдайды, сондай-ақ естелік кітабына есімдерін жазып қояды. “Олар Менікі болады,— дейді Құдай,— адам өзіне қызмет ететін ұлына қалай мейірімділік танытса, Мен де оларға сондай мейірімділік танытамын” (Малахи 3:16—18).
19 Сонымен қатар шомылдыру рәсімінен өту арқылы біз дүниежүзілік бауырластықтың мүшесі боламыз. Елші Петір жасаған құрбандықтары үшін мәсіхшілерге қандай сый берілетінін сұрағанда, Иса былай уәде еткен: “Менің атыма бола үй-жайы, туған бауырлары, әке-шешесі, бала-шағасы не жер-суынан ажыраған әркімге қарымтасы жүз есе артығымен қайтарылады, әрі мәңгілік өмір де сыйланады” (Матай 19:29). Біраз жылдардан соң Петір дүние жүзі бойынша көптеген бауырластар бар екені туралы жазған. Петірдің өзі сүйіспеншілікке толы бауырластықтың мүшесі болудың баталарын сезініп, оның қолдауын көрген. Біз де солай ете аламыз (Петірдің 1-хаты 2:17; 5:9).
20. Шомылдыру рәсімінен өту қандай керемет үміт береді?
20 Иса өзінің ізбасары болғандарға ‘мәңгілік өмір сыйланатынын’ айтқан. Иә, бағышталу мен шомылдыру рәсімінен өту “шынайы өмірге”, Құдайдың жаңа дүниесіндегі мәңгілік өмірге деген үміт береді (Тімотеге 1-хат 6:19). Өзіміз және отбасымыз үшін бұдан артық болашақтың негізін қалау мүмкін бе? Осы керемет үміт “Құдайымыз Тәңірдің [“Ехобаның”, ЖД] есімімен мәңгі жүруімізге” күш береді (Миха 4:5).
[Сілтемелер]
a Алғашқы өнім мейрамында Петірдің баяндамасын тыңдаған үш мың яһуди мен яһуди дініне кіргендер де бірден шомылдыру рәсімінен өткен. Әрине, эфиопиялық уәзір іспетті, олар да Құдай Сөзінің негізгі ілімдері мен принциптерін бұрыннан білген (Елшілердің істері 2:37—41).
b Бір сөздіктің түсіндіруіне сай, Киелі кітаптағы “суға шомылдыру” деп аударылған грек сөзі “батырып, қайта шығару” дегенді білдіреді (Expository Dictionary of New Testament Words).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Қалай және неге Ехобаның танытқан сүйіспеншілігіне өз лебізімізді білдіруіміз керек?
• Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, қандай рухани қадамдар жасау керек?
• Неге жауапкершіліктен қорқудың немесе тартыншақтаудың шомылдыру рәсімінен өтуге кедергі болуына жол бермеуіміз керек?
• Иса Мәсіхтің шомылдыру рәсімінен өткен шәкірттері қандай ерекше баталарға ие болады?
[29-беттегі суреттер]
Шомылдыру рәсімінен өту — маңызды әрі қуанышты оқиға