‘Барыңдар! Оларды менің шәкірттерім етіп, шомылдыру рәсімінен өткізіңдер’
‘Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!’ (МАТАЙ 28:19, 20)
1. Синай тауының бөктерінде Исраил халқы қандай шешім қабылдады?
ШАМАМЕН 3 500 жыл бұрын түгелімен бір халық Құдайға ант берген еді. Синай тауының бөктерінде жиналған Исраил халқы: “Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз!”— деп жар салды. Сол уақыттан бастап олар Құдайдың бағышталған халқы, ‘ерекше меншігі’ болды (Мысырдан шығу 19:5, 8; 24:3). Бұл халық Құдай қорғайды деп және өздері де, бүкіл үрім-бұтағы да “сүт пен бал ағып жатқан” жерде тұрамыз деп күткен еді (Леуіліктер 20:24).
2. Бүгінде адамдар Құдаймен қандай қарым-қатынаста бола алады?
2 Алайда забур жыршысы Асаф айтқандай, исраилдіктер “Құдайдың келісімін орындаған жоқ, оның заңымен жүруден бас тартты” (Забур 77:10). Олар ата-бабаларының Ехобаға берген антын орындай алмады. Ақырында, халық Құдаймен болған ерекше қарым-қатынасынан айырылып қалды (Екклесиаст 5:4; Матай 23:37, 38). Сондықтан Құдай өзінің атымен аталатын халық таңдап алу үшін, басқа ұлттарға көңіл бұрды (Елшілердің істері 15:14). Осы соңғы күндері ол әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан: “Құтқарылу — тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтының билігінде!”— деп мойындайтын ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды жинауда (Аян 7:9, 10).
3. Құдаймен жеке қарым-қатынас дамыту үшін адам қандай қадамдар жасауға тиіс?
3 Құдаймен осындай бағалы қарым-қатынасы бар халықтың арасында болу үшін, адам Ехобаға бағышталып, мұнысын жұрт алдында суға шомылдыру рәсімінен өту арқылы көрсетуге тиіс. Иса шәкірттеріне: “Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!”— деп бұйырған (Матай 28:19, 20). Мұса “келісім кітабын” оқығанда, исраилдіктер оны тыңдаған (Мысырдан шығу 24:3, 7, 8). Сондықтан да өздерінің Ехобаның алдындағы міндеттерін түсінетін. Сол сияқты бүгін де шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, адамның Киелі кітаптағы Құдайдың еркі жайлы тура білім алғаны аса маңызды.
4. Адам шомылдыру рәсімінен өтуге даяр болу үшін не істеуі тиіс? (Қоршауды да ескер.)
4 Шәкірттері шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын Иса олардың сенімдерінің берік негізі болғанын қалағаны анық. Ол ізбасарларына шәкірт дайындауды ғана емес, ‘өсиет еткендерінің бәрін ұстануға үйретуді’ де тапсырған (Матай 7:24, 25; Ефестіктерге 3:17—19). Сол себепті шомылдыру рәсімінен өтуге дайын болғандардың барлығы дерлік бірнеше ай немесе бір-екі жыл бойы Киелі кітапты зерттейді, сондықтан олар шешімді асығыс не мән-жайды түсінбестен жасамайды. Шомылдыру рәсімінен өтерде, кандидаттар негізгі екі сұраққа жауап береді. Иса біздің “иә” дегеніміз шынымен “иә”, “жоқ” дегеніміз шынымен “жоқ” болу керектігіне ерекше көңіл бөлгендіктен, осы екі сұрақтың мәнін мұқият қарастырғанымыз бәрімізге де пайдалы болады (Матай 5:37).
Өкіну және бағышталу
5. Шомылдыру рәсімінен өтушіге қойылатын бірінші сұрақ қандай негізгі екі қадамға нұсқайды?
5 Шомылдыру рәсімінен өтушіге алдымен бұрын қалай өмір сүргеніне өкінген-өкінбегені және өмірін Ехобаның еркін орындауға бағыштаған-бағыштамағаны жөнінде сұрақ қойылады. Бұл сұрақ шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын жасалуы керек екі маңызды қадамға нұсқайды: өкіну және бағышталу.
6, 7. а) Неге шомылдыру рәсімінен өтушілердің бәрі өкінулері керек? ә) Адам өкінген соң, қандай өзгерістер жасау керек?
6 Неге шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, адам өкінуге тиіс? Елші Пауыл бұрын бәріміздің де күнәкар болмысымыздың құмарлықтарының билігінде болғанымызды түсіндірген (Ефестіктерге 2:3). Құдайдың еркі жайлы тура білім алмас бұрын, біз осы дүниенің құндылықтары мен нормаларына сай өмір кештік. Өмір жолымызға осы дүниенің тәңірі Шайтан бағыт беріп отырды (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Алайда Құдайдың еркін білген соң, ‘өміріміздің қалған кезеңін ескі күнәкар болмысымыздың құмарлықтарына сай емес, Құдайдың еркіне бағынып өткізуді’ шештік (Петірдің 1-хаты 4:2).
7 Осы жаңа өмір жолы көптеген батаға жеткізді. Ал, ең бастысы, ол Ехобамен бағалы қарым-қатынаста болуымызға жол ашты. Бұл — адам үшін ең зор мәртебе. Дәуіт оны Құдайдың өз “тұрағына”, “киелі тауына” шақыруына теңеген (Забур 14:1). Әрине, Ехоба онда кез келген адамды емес, ‘мінсіз жүріп, әділдік жасайтын және жүрегінде шындықты айтатын адамдарды’ ғана шақырады (Забур 14:2). Шындықты білгенге дейін қалай өмір сүргенімізге қарай, Жазбалардағы талаптарға сай болу біз үшін жүріс-тұрысымыз бен бойымызда нақты өзгерістер жасау керек дегенді білдіруі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11; Қолостықтарға 3:5—10). Өкініш білдіргеніміз, яғни бұрынғы өмір салтымызға қатты қынжылып, енді Ехобаға ұнамды болуға белімізді бекем буғанымыз, осындай өзгерістер жасауға талпындырады. Осының нәтижесінде түбегейлі өзгеріп, осы дүниенің өзімшіл өмір салтынан бас тартып, Құдайға ұнамды өмір сүруге тырысамыз (Елшілердің істері 3:19).
8. Біз Құдайға қалай бағышталамыз және мұның шомылдыру рәсімінен өтумен қандай байланысы бар?
8 Бірінші сұрақтың екінші жартысы шомылдыру рәсімінен өтушілер өздерін Ехобаның еркін орындауға бағыштады ма, жоқ па, соған қатысты. Бағышталу — шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын жасалуға тиіс маңызды қадам. Бұл қадам дұғада өз өмірімізді Мәсіх арқылы Ехобаға тапсыруды қалайтынымызды айтқанда жасалады (Римдіктерге 14:7, 8; Қорынттықтарға 2-хат 5:15). Осыдан кейін Ехоба біздің Қожайынымыз, ал біз оның меншігі боламыз, әрі Иса сияқты оның еркін қуана-қуана орындаймыз (Забур 39:9; Ефестіктерге 6:6). Мұндай берік ант Ехобаға бір-ақ рет беріледі. Бағышталу — Ехоба мен сенің араңдағы ғана мәселе, бірақ шомылдыру рәсімінен өту арқылы көктегі Әкемізге бағышталғаныңды жұрттың бәріне паш етесің (Римдіктерге 10:10).
9, 10. а) Құдайдың еркін орындауға не кіреді? ә) Қалай біздің бағышталуымыздың мәнін тіпті нацистер түсінген?
9 Құдайдың еркін Иса іспетті орындау үшін бізден не талап етіледі? Ол шәкірттеріне былай деген: “Маған ергісі келген әркім өз еркінен бас тартсын, әрі азап шегу бағанасын алып, үнемі соңымнан ілесіп жүрсін” (Матай 16:24, ЖД). Иса үш талапқа көңіл аударған. Бірінші, біз ‘өз еркімізден бас тарттық’. Басқаша айтқанда, кемелсіз тәніміздің өзімшіл бейімділіктеріне “жоқ” деп, ал Құдайдың кеңесі мен нұсқауларына “иә” дедік. Екінші, ‘азап шегу бағанамызды алдық’. Исаның заманында азап шегу бағанасы масқара болу мен азап шегудің бейнесі болған. Мәсіхші болғандықтан біз ізгі хабар үшін арагідік азап шегуіміз мүмкін екенімен келісеміз (Тімотеге 2-хат 1:8). Сондықтан мына дүние мазақ етіп, қорласа да, Мәсіх іспетті ‘қорлықты елемей’, Құдайға ұнамды екендігімізді білгендіктен қуанышты боламыз (Еврейлерге 12:2). Үшінші, біз Исаға “үнемі” ілесіп жүреміз (Забур 72:26; 118:44; 144:2).
10 Бір ескеретін жайт, тіпті қудалаушылардың кейбірі Ехоба Куәгерлерінің тек Құдайға қызмет ету үшін бағышталғандарының мәнін түсінген. Мысалы, нацистік Германияның Бухенвальд концлагерінде өз сенімінен бас тартқысы келмейтін Куәгерлерден келесі сөздері бар қағазға қол қою талап етілетін: “Мен әлі де өз көзқарасымнан айнымай, Киелі кітапты зерттеуші болып қала беремін, әрі Ехобаға берген антымды ешқашан бұзбаймын”. Иә, бұл сөздер Құдайдың барлық бағышталған адал қызметшілерінің көзқарасын тайға таңба салғандай анық көрсетеді! (Елшілердің істері 5:32)
Ехоба Куәгері ретінде танымал болу
11. Шомылдыру рәсімінен өткен Куәгердің қандай артықшылығы болады?
11 Шомылдыру рәсімінен өтушіге қойылатын екінші сұрақ, ең алдымен, оның осы рәсімнен өтуімен Ехоба Куәгерлерінің қатарына қосылатынын түсінетініне қатысты. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, ол Ехобаның есімімен аталатын оның тағайындалған қызметшісі болады. Бір жағынан, бұл — зор мәртебе, екінші жағынан, оның үлкен жауапкершілігі де бар. Сондай-ақ бұл шомылдыру рәсімінен өткен адамға, егер ол Ехобаға деген адалдығын сақтап қалса, мәңгілікке құтқарылуына үміт береді (Матай 24:13).
12. Ехобаның есімімен аталу біз үшін мәртебе болумен қатар, қандай міндет жүктейді?
12 Расында да, құдіреті шексіз Ехоба Құдайдың есімімен аталу — теңдесі жоқ мәртебе. Миха пайғамбар: “Халықтардың барлығы әрқайсысы өз құдайларының есімімен жүреді, ал біз Құдайымыз Тәңірдің [“Ехобаның”, ЖД] есімімен мәңгі жүретін боламыз”,— деген (Миха 4:5). Бірақ бұл мәртебе белгілі бір міндет жүктейді. Біз өзіміз есімімен аталып жүрген Ехобаға мадақ әкелетіндей өмір сүруге тырысуымыз керек. Пауыл Римдегі мәсіхшілердің естеріне салғандай, егер адам уағыздап жүрген ілімін өзі ұстанбаса, Құдайдың атын ‘қорлайды’, немесе оған сөз келтіреді (Римдіктерге 2:21—24).
13. Неге бағышталған қызметшілер өз Құдайлары туралы куәлік етуге міндетті?
13 Адам Ехоба Куәгері болғанда, өз Құдайы туралы куәлік ету жауапкершілігін де алады. Ехоба бағышталған Исраил халқын Өзінің куәгерлері болып, мәңгілік құдайлық болмысын жариялауға шақырған (Ишая 43:10—12, 21). Бірақ олар бұл міндеттерін атқармағандықтан, ақырында, Ехоба олардан біржола бас тартты. Бүгінде шынайы мәсіхшілер зор мәртебеге ие: оларға Ехоба туралы куәлік ету артықшылығы берілген. Біз Құдайды сүйетіндіктен әрі оның есімінің қастерленгенін барынша қалайтындықтан, ол туралы куәлік етеміз. Көктегі Әкеміз туралы шындықты және оның ниеті туралы біле тұра, қалайша тіс жармай отыра аламыз?! Біз өзімізді ізгі хабарды уағыздауды борышты міндеті деп білген, әрі оны уағыздамаса қасіретке қалатынын айтқан елші Пауыл сияқты сезінеміз (Қорынттықтарға 1-хат 9:16).
14, 15. а) Рухани өсе беруіміз үшін Ехобаның ұйымы қандай орын алады? ә) Рухани жағынан жетілуімізге көмектесетін қандай шаралар бар?
14 Сонымен қатар екінші сұрақ кандидаттың есіне келесі нәрсені де салады: ол Ехобаның киелі рухы арқылы басшылық беріп отырған ұйымымен қызметтес болуға міндетті. Ешкім де Құдайға жападан-жалғыз қызмет ете алмайды, біз ‘рухани бауырластарымыздың’ көмегіне, қолдау көрсеткеніне және жігерлендіргеніне мұқтажбыз (Петірдің 1-хаты 2:17; Қорынттықтарға 1-хат 12:12, 13). Рухани өсе беруіміз үшін Құдайдың ұйымы маңызды орын алады. Ол Киелі кітапқа негізделген көл-көсір басылымдар арқылы тура біліміміздің молаюына, қиыншылықтарға кезіккенде ақылмен әрекет етуімізге және Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамытуымызға көмектеседі. Ананың сәбиін жақсы тамақтандырып, қамқорлайтыны іспетті “адал да ақылды құл” да рухани жетіле беруіміз үшін уақтылы рухани ас-сумен молынан қамтамасыз етеді (Матай 24:45—47, ЖД; Салониқалықтарға 1-хат 2:7, 8).
15 Ехобаның адал Куәгерлері болу үшін оның халқы апта сайынғы кездесулерде қажетті тәлім мен жігер алады. Теократиялық қызмет мектебінде біз ел алдында сөйлеуді, ал қызмет кездесуінде хабарымызды нәтижелі етіп жеткізуді үйренеміз. Қауым кездесулері мен жеке зерттеу арқылы Ехобаның өз ұйымын басқарып отырған рухының әрекетін көре аламыз. Осындай үздіксіз жасалатын шаралар арқылы Құдай қауіп-қатерден сақтандырады, нәтижелі қызмет етуді үйретеді және рухани сергектігімізді сақтауға көмектеседі (Забур 18:8, 9, 12; Салониқалықтарға 1-хат 5:6, 11; Тімотеге 1-хат 4:13).
Шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыратын не?
16. Ехобаға бағышталуға бізді не талпындырады?
16 Шомылдыру рәсімінен өтетін кандидаттарға арналған екі сұрақ осы рәсімнің мәні мен оның қандай жауапкершілік жүктейтінін еске салады. Олай болса, осындай шешім қабылдауға адамды не талпындыру керек? Біз біреу мәжбүр еткендіктен емес, Ехобаның өзі ‘жақындатып тартқандықтан’ шомылдыру рәсімінен өткен шәкірт боламыз (Жохан 6:44). “Құдай — сүйіспеншілік”, сондықтан Әлемді сүйіспеншілікпен билейді, ол ешкімді де өзіне мойынсұнуға күштемейді (Жоханның 1-хаты 4:8). Бізді оған жақындауға керемет қасиеттері мен бізге деген игі ниеті талпындырады. Ехоба біз үшін жалғыз Ұлын берді және тамаша болашақ ұсынып отыр (Жохан 3:16). Ал бұл бізді оған бағышталып, өз өмірімізді арнауға талпындырады (Нақыл сөздер 3:9; Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15).
17. Біз өзімізді не нәрсеге бағыштаған жоқпыз?
17 Біз өзімізді қандай да бір идеяға не іске емес, Ехобаның өзіне бағыштадық. Құдайдың өз халқына берген тапсырмасы өзгеріп тұруы мүмкін, бірақ олардың бағышталғандығы ешбір жағдайда күшін жоймайды. Мысалы, оның Ыбырайымға тапсырған ісі Еремияға тапсырғанынан мүлдем өзгеше болған (Жаратылыс 13:17, 18; Еремия 1:6, 7). Бірақ екеуі де өз тапсырмаларын орындаған, өйткені Ехобаны сүйген, әрі оның еркін адалдықпен орындағылары келген. Осы соңғы күндері Мәсіхтің шомылдыру рәсімінен өткен ізбасарларының бәрі де оның Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауға және шәкірт дайындауға қатысты берген бұйрығын жүзеге асыруға тырысуда (Матай 24:14; 28:19, 20). Көктегі Әкемізді сүйетінімізді және оған шынымен бағышталғанымызды дәлелдеудің ең керемет жолы — осы тапсырманы шын жүректен орындау (Жоханның 1-хаты 5:3).
18, 19. а) Шомылдыру рәсімінен өту арқылы біз ел алдында нені жария етеміз? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
18 Шомылдыру рәсімінен өту адам үшін көптеген баталарға жол ашатынында дау жоқ, бірақ бұл — ойланбастан жасай салатын қадам емес (Лұқа 14:26—33). Бұл қадамды жасау кез келген басқа міндеттерді екінші орынға қоюды шешудің белгісі болып табылады (Лұқа 9:62). Шомылдыру рәсімінен өткенде, былайша айтқанда, біз ел алдында келесі сөздерді жария етеміз: “Бұл Құдай ғасырдан ғасырға біздің Құдайымыз. Өле-өлгенше ол біздің жолбасшымыз болады” (Забур 47:15).
19 Келесі мақалада шомылдыру рәсіміне қатысты тууы мүмкін басқа да сұрақтар қарастырылады. Шомылдыру рәсімінен өтуге кедергі болатын келелі себептер болуы мүмкін бе? Адамның жасы кедергі бола ала ма? Шомылдыру рәсіміне лайықты құрметпен қарайтынымызды қалай көрсетуімізге болады?
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неге әрбір мәсіхші шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын өкінуі керек?
• Құдайға бағышталуға не кіреді?
• Ехобаның есімімен аталу мәртебесі қандай жауапкершіліктер жүктейді?
• Шомылдыру рәсімінен өтуге шешім қабылдауға бізді не талпындыру керек?
[24-беттегі сурет/қоршау]
Шомылдыру рәсімінен өтушілерге арналған екі сұрақ
Иса Мәсіхтің құрбандығының негізінде өз күнәларыңа өкініп және Ехобаның еркін орындау үшін оған бағышталдың ба?
Құдайға бағышталуың және шомылдыру рәсімінен өтуің арқылы Құдайдың киелі рухымен басшылық беріп отырған ұйымының мүшесі, яғни Ехоба Куәгерлерінің бірі, болатыныңды түсінесің бе?
[25-беттегі сурет]
Уағызға қатысқанымыз — Құдайға бағышталғанымыздың дәлелі