76-тарау
Парызшылдың үйіндегі түскі ас
ИСА қарсыластарының мылқау кісіні кімнің күшімен сауықтырғаны жөніндегі сұрағына жауап бергеннен кейін, бір парызшыл кісі оны үйіне түскі асқа шақырды. Әдетте парызшылдар тамақ ішер алдында қолын шынтағына дейін жуу рәсімін орындайды. Олар мұны тамақтан соң да, тіпті оның арасында да істейді. Бұл рәсім Құдайдың заңын бұзбағанымен, тазару рәсіміне қойылған Құдайдың талаптарына жатпайды.
Исаның бұл рәсімді орындамағанын көріп, үй иесі таңғалды, бірақ ештеңе айтпады. Иса оның таңданғанын байқап: “Парызшылдар, сендер ыдыс-аяқтарыңа сыртқы тазарту рәсімін жасай бересіңдер, бірақ ішкі дүниелерің алдамшылық пен арамдыққа толы! Ей, түйсіксіздер, сыртын Жаратқан ішін де жаратты емес пе?” — деді.
Иса парызшылдардың қол жуу рәсімін орындап, бірақ жүректерін зұлымдықтан тазартпайтын екіжүзділіктерін әшкереледі. Иса оларға: “Ең дұрысы мынау: иеліктеріңнен [“іштеріңдегіден”, ЖД] мұқтаждарға қайыр беріңдер! Сонда барлық нәрселерің де адал болады”,— деп кеңес берді. Оларды қайырымдылық жасауға сырт көзге әділ болып көрінгісі келгендіктері емес, сүйіспеншілікке толы жүректері талпындыру керек еді.
“Бірақ, парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! — деп ол әрі қарай жалғастырды.— Тіпті жалбыз, тасшөп және басқа да әр түрлі майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің оннан бірін садақаға бересіңдер, бірақ та әділдікке және Құдайға деген сүйіспеншілікке көңіл бөлмейсіңдер. Біріншісін де істеп, екіншісін де қалдырмауларың дұрыс болар еді”. Исраилге берілген Құдайдың заңы олардан жинаған өнімінің оннан бірін садақа етуді талап ететін. Жалбыз бен тасшөп — тұздық ретінде қолданылатын шөптер. Парызшылдар осындай ұсақ-түйек шөптердің оннан бірін құнттылықпен садақа етеді. Алайда Иса оларды одан да маңыздырақ талаптарды, яғни сүйіспеншілік танытып, қайырымды және кішіпейіл болуды ескермейтіндіктері үшін айыптады.
Оларды айыптай отырып, Иса әрі қарай былай деді: “Парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! Мәжілісханаларда төрде отыруды, әрі базарларда жұрттың өздеріңе сәлем беріп, қошеметтеуін ұнатасыңдар. Сендер қасіретке қаласыңдар! Белгі қойылмаған молаларға ұқсайсыңдар: жұрт олардың қабір екенін білмей, үстімен жүріп арамданады”. Парызшылдардың арамдықтары бірден біліне қоймайды. Олар бәрін тек көзге түсу үшін істейді, ал сайып келгенде, олардың діндерінің ешқандай да құндылығы жоқ! Олары екіжүзділікке негізделген.
Осындай айыптауларды естіген Таурат заңын үйретуші ғұламалардың бірі наразылық білдіріп: “Ұстаз! Бұл сөзіңіз бізді де ренжітеді”,— деді.
Иса оларды да кінәлі деп есептейді. Сондықтан ол: “Таурат заңын үйретуші ғұламалар, сендер де қасіретке қаласыңдар! Адамдардың мойындарына көтеруге ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды арқалатып қоясыңдар, бірақ өздерің сол жүктерге саусақтарыңның ұшын да тигізбейсіңдер. Сендер қасіретке қаласыңдар! Ата-бабаларың өлтірген пайғамбарларға әдемілеп мазар саласыңдар”,— деп айтты.
Иса айтып отырған жүктер, бұл — ауызша дәстүрлер; бірақ Таурат заңын үйретуші ғұламалар халықтың ауыртпалығын жеңілдету үшін осы дәстүрлердің болмашы бөлігін де өзгертпес еді. Иса олардың тіпті пайғамбарлардың өлтірілгенін қолдайтынын айтып, былай деп ескертті: “Сол үшін де Әбілден бастап, құрбандық үстелі мен киелі үйдің арасында өлтірілген Зәкәрияға дейін, яғни дүние жаратылғаннан бері өлтірілген барлық пайғамбарлардың төгілген қандарының құны осы ұрпақтан талап етілсін! Сендерге шындығын айтамын: ол осы ұрпақтан талап етіледі!”
Дүние, яғни төлемге мұқтаж адамзат, Адам ата мен Хауа ананың балалары туылған кезде пайда болды. Осылайша, Әбіл ‘дүние жаратылған’ уақытта өмір сүрді. Зәкәрияны қатыгездікпен өлтіргеннен кейін, Яһуда патшалығы сириялықтардың қолынан талқандалды. Бірақ Иса өзі өмір сүріп жатқан кездегі зұлым ұрпақ одан да күшті қайыршылық күйге ұшырайтынын алдын ала айтты. Бұл оқиға 38 жылдан кейін, б. з. 70 жылы болды.
Иса оларды әрі қарай айыптап: “Сендер (құтқарылу туралы) білімнің кілтін тартып алдыңдар; өздерің де кірмедіңдер, кіргісі келгендерге де кедергі жасадыңдар!” — деді. Таурат заңын үйретуші ғұламалар халыққа Құдай Сөзін түсіндіруге, бейнелеп айтқанда оны ашуға міндетті еді. Олар бұл міндетті орындамақ түгіл, халықты Құдайдың Сөзін түсіну мүмкіндігінен айырған.
Осылайша, әшкереленгеннен кейін парызшылдар мен Таурат заңын үйретуші ғұламалар Исаға өшіге түсті. Иса сол жерден кете бергенде, олар әр түрлі сұрақтар қойып, жан-жақтан қыспақтады. Сондай-ақ Исаны тұтқындау үшін оны айыптайтындай бір нәрсе айтқызуға тырысуда. Лұқа 11:37—54; Заңды қайталау 14:22; Миха 6:8; 2 Шежірелер 24:20—25.
▪ Иса неліктен парызшылдар мен Таурат заңын үйретуші ғұламаларды айыптады?
▪ Таурат заңын үйретуші ғұламалар халыққа қандай ауыртпалықтар жүктеген?
▪ ‘Дүние жаратылысы’ қашан болды?