77-тарау
Мұрагерлік туралы сұрақ
ХАЛЫҚ Исаның парызшылдың үйінде түскі аста екенін естіген болса керек. Сондықтан да сыртта мыңдаған адамдар жиналып, Исаны күтіп тұр. Исаға қарсы шығып, оны сөзден ұстауға тырысып жүрген парызшылдардан ерекшелігі: бұл адамдар оны сүйсіне тыңдайды.
Иса алдымен шәкірттеріне қарап: “Парызшылдардың ашытқысынан, яғни екіжүзділіктен сақтаныңдар!” — деді. Ол түскі ас кезінде парызшылдардың барлық діни жүйесі екіжүзділікке толы екендігін көрсеткен болатын. Олар сырт көзге құдайшыл болып әділетсіздіктерін жасырғанымен, онысы сөзсіз әшкереленеді. “Ашылмайтын, білінбейтін құпия болмайды”,— деді Иса.
Ол қазір Ғалилеяға уағыздауға жіберген кезінде шәкірттеріне айтқан жігерлі сөздерін қайталап: “Тәнді өлтірсе де, кейін басқа ештеңе істей алмайтындардан қорықпаңдар!” — деді. Құдайдың жалғыз торғайды да ұмытпайтыны сияқты, Иса өзінің шәкірттерін де Құдайдың ұмытпайтындығына сендіре: “Адамдар сендерді мәжілісханаларға, ел басшыларына және басқа да билік иелеріне апарған кезде... не айту керек екенін сендерге сол сәтте-ақ Киелі Рух үйретеді”,— деп мәлімдеді.
Жиналған елдің арасынан біреу Исаға: “Ұстаз, мұрамызды менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы”,— деді. Мұсаның заңы бойынша тұңғыш ұлы мұраны екі есе артық алатындықтан, бұл жерде таласуға ешқандай негіз жоқ болатын. Бірақ әлгі кісінің өзіне тиістісінен де артық алғысы келген болу керек.
Иса парасаттылықпен бұл іске араласудан бас тартты. Ол: “Кім Мені сендерге қазы немесе мұраларыңды бөлуші төре етіп қойды?” — деп сұрады. Осыдан кейін мынадай маңызды ескерту жасады: “Абайлаңдар, дүниеқор болудан сақтаныңдар! Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды”. Иә, адам байлықты қанша жинап-тергенімен, өлген соң оған ештеңе де қажет емес. Осыған көңіл аудару үшін және де Құдайдың алдында абыройлы болуды ойламайтындардың ақылсыздығын көрсету үшін Иса оларға астарлы әңгіме айтып берді.
“Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді,— деп бастады Иса.— Ол ішінен: “Не істесем екен? Астығымды жинап қоятын жерім жоқ,— деп ойланады.— Былай істеймін: қамбаларымды бұзып, үлкейтіп қайтадан саламын. Сонда бүкіл астығым мен мал-мүлкімді жинап қоямын. Сосын өзіме: көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер деймін”. Бірақ Құдай оған: “Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады! Сонда сенің жиып-тергенің кімге қалады?” — дейді.
Иса соңында: “Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдаймен қатынасында бай болмаған адамның ақыры осылай болады”,— деді. Шәкірттері байлық жинамаса да, күнделікті тұрмыс қамы Ехобаға жан-тәнімен қызмет етулеріне оңай кедергі жасауы мүмкін. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып, Иса осыдан бір жарым жыл бұрын Таудағы уағызында айтқан керемет кеңесін қайталады. Ол шәкірттеріне қарап былай деді:
“Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар... Қарғаларға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, ешқандай қоймалары мен қамбалары да жоқ, бірақ Құдай оларды асырайды... Қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді; сендерге былай деймін: Тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген еді”.
“Сондықтан не ішіп-жейміз деп уайымға салынбаңдар! Күнәкар дүниенің бүкіл адамдары сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ең бастысы, Құдай Патшалығының қамын ойлаңдар, сонда Құдай сендерге солардың бәрін қосып береді”.
Исаның кеңестеріне әсіресе экономикалық қиындықтар кезінде көңіл қою керек. Егер адам материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыруға шамадан тыс көңіл бөлсе, бұл оның Құдайдың өз қызметшілеріне қамқор бола алатындығына сенімінің аз екендігін көрсетеді. Лұқа 12:1—31; Заңды қайталау 21:17.
▪ Неліктен бір кісі мұраға қатысты көмек сұрады және Иса қандай ескерту жасады?
▪ Иса қандай астарлы әңгіме айтып берді және бұл әңгіменің негізгі ойы не?
▪ Иса қандай кеңесін қайталады және де неліктен бұл орынды болды?