Он бірінші тарау
‘Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлауға ұмтылыңдар!’
1. а) Иса неліктен өз тыңдаушыларын ең алдымен Патшалықты іздеуге шақырды? ә) Өзімізге қандай сұрақ қоюымыз керек?
ОСЫДАН 1 900 жылдан аса уақыт бұрын, Иса Ғалилеядағы өз тыңдаушыларын: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!”— деп шақырған болатын. Бұлай шақыруға не себеп болды екен? Мәсіхтің патшалық билікті алуына әлі көп ғасырлар бар емес пе еді? Бұл солай, бірақ Мәсіхтің Патшалығы Ехобаның билігін ақтайтын және оның жерге қатысты ұлы ниеттерін жүзеге асыратын құрал болуы керек еді. Осының маңыздылығын түсінгендер Патшалықты өмірлерінде басты орынға қояды. Бірінші ғасырдағылар осылай еткен болса, бүгінгі күні мұның маңызы одан да зор! Себебі Иса таққа отырып қойды ғой! Осыны ескере отырып, әрбіріміз өзімізге мынадай сұрақ қойсақ болады: өмірім ең алдымен Патшалықты іздейтінімді көрсетеді ме? (Матай 6:33).
2. Жалпы алғанда адамдар не нәрсеге ұмтылады?
2 Бүгінде дүние жүзіндегі миллиондаған адамдар ең алдымен Патшалықтың қамын ойлауда. Олар Патшалықты қолдайтындарын Ехобаға өздерін бағыштап, оның еркін орындауды өмірлерінде ең бастысы етулерімен көрсетуде. Ал адамдардың көпшілігі болса, осы дүниенің істеріне салынған. Олар ақшаның және оған сатылатын материалдық игіліктер мен құмарлықтардың соңына түскен. Не болмаса, олар бар күштерін мансап қууға сарп етеді. Олардың өмір-салттары қара бастарының қамын, дүние-мүлік пен құмарлықтарын қанағаттандыруға аса көп көңіл бөлетіндіктерін көрсетеді. Олар үшін Құдай екінші орында, онда да Оған сенетін болса ғана (Матай 6:31, 32).
3. а) Иса шәкірттерін қандай байлықты іздеуге шақырды және неліктен? ә) Материалдық заттар туралы неліктен шамадан тыс уайымдаудың қажеті жоқ?
3 Иса болса шәкірттеріне: “Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар”,— деп кеңес берген болатын, себебі мұндай байлық мәңгілік емес. Ол Ехобаға қызмет ете отырып, “қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар” деген. Сондай-ақ ізбасарларын көздерін “қарапайым” етіп сақтауға, яғни бар назарларын Құдайдың еркін орындауға аударып, соған бар күштерін жұмсауға шақырды. “Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар”,— деді ол. Бірақ материалдық қажеттіліктер: тамақ, киім және баспана туралы не деуге болады? “Уайымдамаңдар!” — деп кеңес берді Иса. Ол шәкірттерінің назарын құстарға аударды: Құдай оларды асырайды. Гүлдерден үлгі алуға шақырды: оларды Құдай киіндіреді. Ал Ехобаның саналы қызметшілері кез келген құстан немесе гүлден артық емес пе? “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! — деді Иса,— сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың [ең қажетті нәрселердің] бәрін қосып береді” (Матай 6:19—34). Іс-әрекетің осыған сенетініңді көрсете ме?
Еш нәрсенің Патшалық туралы ақиқатты тұншықтыруына жол берме
4. Егер адам материалдық игіліктерге тым көп көңіл бөлетін болса, бұл неге әкеліп соғады?
4 Өзіміздің және отбасымыздың тәндік қажеттіліктерін қанағаттандырудың қамын ойлау — орынды нәрсе. Алайда егер адам материалдық жағын шамадан тыс уайымдайтын болса, мұның нәтижесі қайғылы болмақ. Мұндай адам, тіпті Патшалыққа сенемін деуі де мүмкін, бірақ оның жүрегінде өзге бір нәрсе басты орында тұрса, Патшалық туралы ақиқат “тұншығады” (Матай 13:18—22, сілтемені қара). Мынадай мысал: бір күні бай жас басшы Исадан: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек?” — деп сұрайды. Бұл жігіт өнегелі өмір кешіп, өзгелерге жақсы қараған болатын, бірақ ол дүние-мүлкіне қатты байланып қалған еді. Тіпті Мәсіхтің ізбасары болу үшін де ол дәулетінен бас тарта алмады. Осылайша, ол келешекте Мәсіхпен бірге Патшалықта билік ету мүмкіндігінен қол үзіп қалды. Міне, сондықтан да Иса: “Мал-мүлікке бай адамдардың Құдай Патшалығына кіруі қандай қиын!” — деген болатын (Марқа 10:17—23).
5. а) Пауыл Тімотені неге қанағат қылуға шақырды және неліктен? ә) Шайтан “ақшақұмарлықты” қалайша қауіпті құрық ретінде қолданады?
5 Жылдар өте, елші Пауыл бай әрі сауда орталығы болып табылатын Ефес қаласында тұрып жатқан Тімотеге хат жазған болатын. Онда Пауыл мына жайды оның есіне салды: “Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық. Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік”. Өзіңді және отбасыңды ‘ішер ас пен киер киіммен’ қамтамасыз ету үшін еңбек еткен дұрыс. Бірақ Пауылдың ескерткен нәрсесі мынау еді: “Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі”. Шайтан өте қу. Әуелі ол кішкене нәрселермен азғыратын шығар. Ал кейін, оның қысымы күшейе түсуі мүмкін: адамның қызмет бабында жоғарылау мүмкіндігі немесе бұрындары рухани істерге жұмсап жүрген уақытының бәрін алып қоятын, жоғары ақы төленетін жұмысқа орналасу мүмкіндігі пайда болуы мүмкін. Егер сақ болмасақ, “ақшақұмарлық” маңызды нәрсені, атап айтқанда, Патшалыққа қатысты істерді тұншықтырады. Бұл жөнінде Пауыл: “Кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті”,— деді (1 Тімотеге 6:7—10).
6. а) Материализмнің құрығына түсіп қалмас үшін не істеуіміз керек? ә) Әлемдегі экономикалық жағдайдың қандай болғанына қарамастан, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
6 Пауыл шын сүйіспеншілікпен мәсіхші бауырласы Тімотеге: ‘Мұндайлардан алшақ жүр... Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күрес’,— деп айтқан болатын (1 Тімотеге 6:11, 12). Осы дүниенің материалдық өмір-салты бізді де айналдырып алмау үшін, өз тарапымыздан күш салуымыз қажет. Егерде өзіміздің сенімімізге сай өмір сүруге барынша тырысар болсақ, Ехоба бізді ешқашан қалдырмайды. Айналамыздағы жұмыссыздыққа, қымбатшылыққа қарамастан, Құдай ең қажетті заттарымызбен қамтамасыз етеді. Пауыл: — Ақша жанды болмай өмір сүріп, қолдағы барды қанағат тұтыңдар! Құдай: “Мен сенен бас тартпаймын, ешқашан жалғыз қалдырмаймын” деген ғой. Сондықтан да біз: “Жаратқан Ие менің Қолдаушым! Мен ештеңеден қорықпаймын, адамдар маған не істей алады?” — деп нық сеніммен айтамыз,— деп жазған (Еврейлерге 13:5, 6). Ал Дәуіт патша болса: “Мен жас болдым, қартайдым, бірақ әділ адамның қараусыз қалғанын, оның балаларының нан сұрап жүргенін көрмедім”,— деп жазған (Забур 36:25).
Ертедегі шәкірттердің үлгілері
7. Иса шәкірттеріне уағыздауға қатысты қандай нұсқаулар берді және неліктен олар орынды еді?
7 Иса елшілерін үйретіп болғаннан соң, оларды Исраилге ізгі хабарды уағыздап, “Көк Патшалығы таяп қалды!” деп жариялауға жіберді. Бұл неткен жан тебірентерлік хабар еді! Иса Мәсіх, Патша, солардың арасында еді. Елшілер Құдайға қызмет етуге өздерін толық бағыштағандықтан, Иса оларды Құдайдың өздеріне қамқорлық жасайтынына сенімдерін нығайтуға шақырды. Ол: “Жолға артық еш нәрсе алмаңдар, таяқ, дорба, нан, ақша, артық киімдерің болмасын. Қай үйге түссеңдер, сонда қонып, сол үйден жолға шығыңдар”,— деді (Матай 10:5—10; 7, ЖД; Лұқа 9:1—6). Ехоба олардың қажеттіліктерін қонақжай отандастары, яғни исраилдіктер, арқылы қанағаттандырар еді.
8. а) Иса өлімінің алдында уағыздауға қатысты неліктен жаңа нұсқаулар берді? ә) Исаның ізбасарларының өмірінде әлі де болса не бірінші орында тұру керек еді?
8 Кейінірек, яғни дәл өлімінің алдында, Иса елшілеріне бұл жұмысты келешекте өзге жағдайларда атқаруларына тура келетіндігін ескертті. Олардың істеріне жасалған арнайы саяси қарсылықтардың нәтижесінде, Исраилде шәкірттерге қонақжайлылық бұрынғыдай көрсетілмеуі мүмкін еді. Оның үстіне, олар жақында Патшалық туралы хабарды өзге халықтарға айтуды бастаулары керек еді. Сондықтан да қазір оларға “дорба, нан” мен “ақша” алу қажет еді. Сөйтсе де, олар Ехобаның ең қажетті тамақ, киім және баспанамен қамтамасыз ететініне сенімдерін жоғалтпай, ең алдымен Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындай берулері керек еді (Лұқа 22:35—37).
9. Материалдық қажеттіліктерін өзі қамтамасыз етсе де, неліктен Пауылдың өмірінде Патшалық ең бастысы болды деп айта аламыз және ол неге шақырды?
9 Исаның кеңесіне құлақ асуымен елші Пауыл керемет үлгі қалдырды. Құдайға қызмет ету Пауылдың өмірінде ең маңызды орында болған (Елшілердің істері 20:24, 25). Қай жерде уағыздамасын, ол материалдық қажеттіліктерін өзі қамтамасыз еткен, тіпті шатыр жасаумен айналысқан. Ол өзін өзгелер қамтамасыз етеді деп күткен жоқ (Елшілердің істері 18:1—4; 1 Салониқалықтарға 2:9). Әйтсе де, өзгелердің сүйіспеншіліктерін білдіру үшін берген сыйлары мен қонақжайлылықтарын ол ризашылықпен қабыл алған (Елшілердің істері 16:15, 34; Філіпіліктерге 4:15—17). Пауыл мәсіхшілерді отбастарыңды қамтамасыз етпей, тек уағыздаңдар деп шақырған жоқ, қайта, оларды түрлі міндеттеріне байсалдылықпен қарауға шақырды. Оларға еңбек етіп, өз отбастарын жақсы көріп және өздерінде барды өзгелермен бөлісуді насихаттады (Ефестіктерге 4:28; 2 Салониқалықтарға 3:7—12). Ол материалдық игіліктерге емес, Құдайға сенім артып, өздері үшін “ненің ізгілікті екенін” шын мәнінде түсінгендерін өмірлерімен көрсетуге шақырды. Бұл Иса үйреткендей, ең алдымен Патшалықтың қамын ойлауға ұмтылуды білдіретін еді (Філіпіліктерге 1:9—11).
Өмірлеріңде Патшалықты бірінші орынға қойыңдар
10. Ең алдымен Патшалықтың қамын ойлау деген нені білдіреді?
10 Әрқайсысымыз Патшалық туралы уағыздау ісіне қаншалықты қатысамыз? Бұл — біздің жағдайымыз бен ризашылығымыздың қаншалықты терең екендігіне байланысты. Исаның: “Істейтін тірліктерің болмағанда, Құдай Патшалығының қамын ойлауға ұмтылыңдар” деп айтпағанын есімізден шығармайық. Патшалықтың маңыздылығын түсіне отырып, ол Әкесінің еркін былай жеткізді: “Ең бастысы, Құдай Патшалығының қамын ойлаңдар” (Лұқа 12:31). Көпшілігімізге өзіміздің және отбасымыздың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жұмыс істеуге тура келсе де, егер сеніміміз болса, Құдайдың Патшалыққа қатысты берген істерін атқаруға аса көңіл қоямыз. Сонымен қатар отбасындағы міндеттерімізді де орындаймыз (1 Тімотеге 5:8).
11. а) Патшалық туралы хабарды уағыздау ісіне барлық адам бірдей шамада қатыса алмайтынын Иса қалай көрнекі түрде көрсеткен? ә) Адамның қызметке қандай шамада қатыса алатыны неге байланысты?
11 Кейбіреулеріміз өзгелерге қарағанда, Патшалық туралы ізгі хабарды таратуға көбірек уақыт жұмсауымыз мүмкін. Бірақ құнарлылығы әр түрлі топырақ туралы мысалында Иса жүректерін “құнарлы топыраққа” теңеуге болатын адамдардың бәрі де өнім беретіндігін айтқан. Қандай шамада? Әркімнің жағдайы әр түрлі. Адамның жасы, денсаулығы, отбасындағы міндеттері де әсер етеді. Алайда егер адам ізгі хабарды шын көңілден бағалайтын болса, ол көп нәрсе істей алады (Матай 13:23).
12. Әсіресе жастардың ойлануына тұрарлық қандай рухани мақсат бар?
12 Патшалықтың мүдделері үшін қызмет етуге көбірек атсалысуға көмектесетін мақсаттар қойғанымыз жөн болар еді. Жастардың құлшыныс танытқан жас мәсіхші Тімотенің керемет үлгісі жөнінде ойланғандары мақұл (Філіпіліктерге 2:19—22) Өзін қамтамасыз етуге қажетті білімді алғаннан соң, олар үшін толық уақытты қызметті бастаудан артық не бар? Жасы үлкендерге де рухани мақсаттар қою үлкен пайда әкеледі.
13. а) Қанша қызмет ете алатынымызды кім шешеді? ә) Егер шын көңілден, ең алдымен, Патшалықтың қамын ойлайтын болсақ, нені дәлелдейміз?
13 Біздіңше, көбірек қызмет ете алады деген адамдарды сынағанның орнына, жақсаруға, жеке өзіміздің жағдайымыз мүмкіндік беретіндей шамада Құдайға қызмет етуге талпындыратын сенімді дамытуымыз керек (Римдіктерге 14:10—12; Ғалаттықтарға 6:4, 5). Әйүптің жағдайынан көрінетіндей, Шайтан бізді тек материалдық игіліктер мен жеке басымыздың сәттілігі ғана қызықтырып, Құдайға қара басымыздың қамы үшін ғана қызмет етеді деп нандырады. Алайда шын көңілден, ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлайтын болсақ, Шайтанның нағыз өтірікші екенін дәлелдейміз. Сонда Құдайға қызмет ету өмірімізде бірінші кезекте екені көрінеді. Осылайша, сөзімізбен де, ісімізбен де Ехобаға деген терең сүйіспеншілігімізді, оның билігін адал қолдайтынымызды және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз (Әйүп 1:9—11; 2:4, 5; Нақыл сөздер 27:11).
14. а) Уағыздау қызметіне арналған кестеміз болғанының қандай пайдасы бар? ә) Көптеген Куәгерлер уағыздау ісіне қандай шамада атсалысуда?
14 Егер бізде уақыт кестесі бар болса, онда әдеттегіден көп нәрсені істей аламыз. Ехобаның өзі де ниеттерін жүзеге асыру үшін ‘уақыт белгілейді’ (Мысырдан шығу 9:5; Марқа 1:15). Сондықтан да мүмкіндігінше әрбір аптада бір немесе бірнеше рет уағыздау ісіне қатысуға уақыт белгілегеніміз дұрыс болар еді. Дүние жүзі бойынша жүздеген мың Ехоба Куәгерлері уағыздау ісіне күніне екі сағаттай уақыт бөліп, қосалқы ізашар ретінде қызмет етуде. Ал жүздеген мың өзгелері болса, жалпы ізашар болып қызмет етуде: олар Патшалық туралы хабарды уағыздауға күніне екі жарым сағаттай арнайды. Арнайы ізашарлар мен миссионерлер бұдан да көп уақыт қызмет етеді. Оның үстіне, кез келгеніміз тыңдағысы келгендерге бейресми жағдайда да уағыздау мүмкіндігін іздеуімізге болады (Жохан 4:7—15). Мүмкіндігінше уағыздау ісіне барынша атсалысуға деген ықыласымыз болу керек, өйткені Иса былай деген ғой: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (Матай 24:14; Ефестіктерге 5:15—17).
15. Неліктен 1 Қорынттықтарға 15:58 қызметімізге қатысты дер кезінде айтылған деп есептейсің?
15 Дүние жүзі бойынша, қай елде тұрып жатқандарына қарамастан, Ехоба Куәгерлері бірігіп осы қызметті атқаруда. Олар Киелі кітапта жазылған: “Табанды, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істейтін болыңдар! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігіне көз жеткіздіңдер”,— деген сөздерді жүректерімен қабыл алады (1 Қорынттықтарға 15:58).
Қайталауға арналған сұрақтар
• Иса айтқандай, ’ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлауға ұмтылу’ керек болса, екінші орында не болу керек?
• Өзіміздің және отбасымыздың тәндік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қатысты көзқарасымыз қандай болу керек? Құдай бізге қалай көмектеседі?
• Патшалықтың мүдделеріне қалай қызмет ете аламыз?
[107-беттегі сурет]
Бүгінгі таңда, бұл заманның соңы келмей жатып, Ехоба Куәгерлері барлық елдерде ізгі хабарды таратуда