“Сергек болыңдар!”
“Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!” (МАРҚА 13:37).
1, 2. а) Мүлкін сақтап қалуға қатысты бір кісі қандай сабақ алған? ә) Исаның ұры туралы мысалынан сергек болуға қатысты не нәрсеге үйренеміз?
ДЖУАН асыл заттарын үйіндегі ең қауіпсіз деп есептейтін жерде, кереуетінің астында, сақтайтын. Бір күні өзі де, әйелі де ұйықтап жатқанда, бөлмелеріне ұры түседі. Ұрының қай жерді қарау керек екенін жақсы білгені анық. Джуан төсектің басқа шетіне аунап түскенде, ұры білдіртпестен астындағы қымбат заттарын да, тартпадағы ақшасын да тонап кетеді. Келесі күні таңертең Джуан ұры түскенін біледі. Ол ұзақ уақытқа есінде қалатын өкінішті сабақ алды: ұйықтап жатқан адам өз мүлкін күзете алмайды.
2 Рухани мағынада да тап солай. Ұйқыға кеткен болсақ, үмітімізді де, сенімімізді де сақтай алмаймыз. Сондықтан Пауыл: “Басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейік!” — деп ескерткен (1 Салониқалықтарға 5:6). Сергек жүргеннің қалайша маңызды екенін көрсету үшін, Иса ұрыны мысалға келтірген. Ол өзі Төреші ретінде келетін кезде болатын жағдайларды суреттеп, сосын: “Сондықтан сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер! Мынаны еске алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде келетінін білетін болса, онда ол ұйықтамай, сергек болып, ұрының бұзып кіруіне жол бермес еді. Сондықтан өздерің де дайын болыңдар: сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін!” — деді (Матай 24:42—44). Ұры тонайтын уақытын жария етіп келмейді. Қайта, ұрлыққа түскен уақытта өзін ешкім күтіп отырмайды деп ойлайды. Тап сол сияқты, Иса айтқандай, осы заманның ақыры ‘күтпеген сәтте келеді’.
‘Сергек болыңдар, сенімдеріңде берік тұрыңдар’
3. Қалай Иса қожасының тойдан қайтуын күтіп тұрған қызметшілер туралы мысал келтіру арқылы сергек болудың маңыздылығын көрсеткен?
3 Лұқа жазған ізгі хабарға сәйкес, Иса мәсіхшілерді қожасының тойдан қайтуын күтіп тұрған қызметшілерге теңеген. Қожайыны келгенде қызметшілері сергек жүріп, оны күтіп алуға даяр болулары үшін, қырағылық қажет еді. Иса былай деген: “Сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін” (Лұқа 12:40). Ехобаға көп жылдар бойы қызмет етіп жүргендердің кейбіреулері қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды ойларынан шығарып алуы мүмкін. Тіпті олар осы заманның ақырының келуіне әлі көп уақыт бар деген пікірде болулары да мүмкін. Алайда мұндай көзқарас көңілімізді рухани нәрселерден бұрып әкетіп, материалдық мақсаттар қойып, рухани мағынада қалғып кетуімізге себеп болуы мүмкін (Лұқа 8:14; 21:34, 35).
4. Не нәрсеге сенімді болғанымыз сергек болуға талпындырады және Иса мұны қалай көрсеткен?
4 Исаның келтірген мысалынан басқа да сабақ алуға болады. Қызметшілері қожайындарының қай уақытта келетінін білмегенімен, қай түні келетінін тура білген болса керек. Егер қызметшілері қожайындары басқа бір түні келер деген ойда болса, оларға түні бойы көз ілмей сергек отыру қиын болар еді. Бірақ олар қожайындарының қай түні келетінін білген. Олардың сергек болуларына күш берген — осы. Сол сияқты Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар біздің соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды анық көрсетеді. Сөйтсе де олар бізге соңғы күннің қай уақытта, қай сәтте келетінін айтпайды (Матай 24:36). Соңғы күннің келетініне деген сеніміміз сергек болуымызға көмектеседі. Ал Ехобаның күнінің расында да жақын екендігіне деген сенімділігіміз сергек болуға деген ықыласымызды нығайта түседі (Софония 1:14).
5. Пауылдың ‘сергек болыңдар’ деп шақырғанына қатысты не істеуімізге болады?
5 Қорынттықтарға жазған хатында Пауыл: ‘Сергек болыңдар, сенімдеріңде берік тұрыңдар!’ — деп шақырған (1 Қорынттықтарға 16:13, ЖД). Иә, сергек болу — мәсіхшілерге тән сенімімізді берік сақтаумен байланысты. Қалай біз сергек бола аламыз? Құдай Сөзінен терең білім алу арқылы (2 Тімотеге 3:14, 15). Жеке зерттеуді дағдыға айналдыру мен үнемі қауым кездесулеріне қатысу сенімімізді берік сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар сеніміміз берік болу үшін, Ехобаның күнін есте ұстағанымыздың да маңызы зор. Сонымен, осы заманның соңында өмір сүріп жатқанымызды көрсететін Жазбалардағы дәлелдерді әлсін-әлсін қарастырып отырғанымыз соңғы күннің таяу екендігіне қатысты шындықтың маңыздылығын есте ұстауымызға көмектеседі.a Сондай-ақ бұл — осы дүниеде болып жатқан жағдайлар арқылы Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын байқауымыз үшін де пайдалы. Германияда тұратын бір бауырласымыз: “Жаңалықтарды қараған сайын, соғыстар, жер сілкіністер мен зорлық-зомбылықтың болып жатқаны, сондай-ақ планетамыздың ластанып жатқаны, осылардың бәрі мен үшін соңғы күннің жақындығын айқындай түседі”,— деп жазды.
6. Иса қандай мысал арқылы уақыт озған сайын рухани қырағылықтың мұқалуға бейім екендігін көрсеткен?
6 Марқаның 13-тарауында да Исаның шәкірттерін сергек болуға шақырған сөздері жазылған. Осы тарауға сәйкес, Иса олардың жағдайын шетелге сапарға аттанған қожайынын күткен қақпашының жағдайына теңеген. Қақпашы қожайынының қашан, қай сәтте оралатынын білмеген, тек сергек болу керек еді. Иса қожайынның келуі мүмкін төрт мезгілді нұсқады. Төртінші соңғы мезгіл түнгі үштен күн көтерілгенге дейін созылатын. Сол мезгілде қақпашыны оп-оңай ұйқы жеңіп кетуі мүмкін еді. Мәліметтерге сай, жауынгерлер таң атар мезгілді күтпеген жерден жауды қолға түсіру үшін ең ыңғайлы уақыт деп есептейді екен. Сол сияқты соңғы күндердің ақыры таяп қалғанда, бізді қоршаған дүние рухани мағынада терең ұйқыға кеткен уақытта, сергек болу үшін барынша күш салуымыз керек (Римдіктерге 13:11, 12). Сол себепті Иса өзінің мысалында бірнеше рет: “Ұдайы сақ та сергек болыңдар... Сондықтан сергек болыңдар!.. Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!” — деп шақырады (Марқа 13:32—37).
7. Барлығымыз үшін қандай қауіп бар және Киелі кітаптан жігер беретін қандай сөздерді жиі кездестіреміз?
7 Иса жерде қызмет еткенде де, қайта тірілгеннен кейін де қалғымауға шақырып отырған. Расында да Жазбаларда осы заманның ақыры туралы айтылатын кездің барлығында дерлік біз сергек болуға қатысты ескерту жасалатынын көремізb. (Лұқа 12:38, 40; Аян 3:2; 16:14—16). Рухани мағынада қалғудың өте қауіпті екендігі айдан анық. Бәріміз де осындай ескертудің жасалып отырғанына мұқтажбыз (1 Қорынттықтарға 10:12; 1 Салониқалықтарға 5:2, 6).
Сергек бола алмаған үш елші
8. Иса Гетсимани бағында үш шәкіртінен сергек болуларын өтінгенде олар не істеген?
8 Петір, Жақып және Жохандардың мысалынан көретініміздей, сергек болу оны қалаудан көбірек нәрсені білдіреді. Сол рухани толысқан үш кісі Исаның адал әрі оны жақсы көретін шәкірттері болған. Соған қарамастан, б. з. 33 жылы 14-ші нисан күні түнде, олар сергек бола алмады. Аталмыш үш елші Құтқарылу мейрамы тойланған жоғарғы бөлмеден шыққан соң, Исамен бірге Гетсимани бағына келеді. Сол жерде Иса оларға: “Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!” — дейді (Матай 26:38). Иса үш рет көктегі Әкесіне бар көңілімен дұға етеді, бірақ дұға етіп достарына қайта келген сайын олардың ұйықтап жатқанын көреді (Матай 26:40, 43, 45).
9. Не себепті елшілер ұйықтап қалған болса керек?
9 Неге сол адал кісілер Исаның үмітін ақтай алмады екен? Шаршағандықтан. Түннің бір уағы болып қалған еді, бәлкім, түн жарымы болған болар, сондықтан олардың “көздерін ұйқы басқан еді” (Матай 26:43). Бірақ Иса: “Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен тән осал”,— деді (Матай 26:41).
10, 11. а) Исаның шаршағанына қарамастан, Гетсимани бағында сергек болуына не көмектескен? ә) Иса сергек болуларын өтінсе де, үш елшісінің ұйықтап қалғаны біз үшін қандай сабақ болады?
10 Сол бір тарихи мәні бар түні Исаның да шаршағаны сөзсіз. Алайда ол ұйықтай кетудің орнына, бостандықтағы маңызы зор соңғы мезеттерін бар көңілімен дұға етуге арнаған. Содан бірнеше күн бұрын, шәкірттерін дұға етуге шақырып, ол былай деген: “Алдағы сол апаттардан құтылып, Билеуші ретінде көктен келген Менің алдымда тұра алу үшін әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер!” (Лұқа 21:36; Ефестіктерге 6:18). Егер Исаның кеңесіне құлақ асып, оның дұға етуге қатысты үлгісіне еліктер болсақ, біздің Ехобаға шын көңілден жалбарына дұға еткеніміз рухани сергек болуымызға көмектеседі.
11 Иса өзінің жақында тұтқындалып, өлімге кесілетінін түсінгені сөзсіз, бірақ шәкірттері ол уақытта мұны түсінбеген. Оның сынаққа салынуы — азап шегу бағанасында шарықтау шегіне жетті. Иса осы нәрселер жөнінде шәкірттеріне ескерткен болатын, бірақ олар оның айтқандарын түсінбеді. Сондықтан ол көз ілмей дұға етіп жатқан уақытта, шәкірттері ұйықтап қалған (Марқа 14:27—31; Лұқа 22:15—18). Сол елшілер іспетті біздің де тәніміз әлсіз, сондай-ақ әлі білмейтін нәрселеріміз де бар. Сол себепті өзіміз қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды ойымыздан шығарып алсақ, рухани мағынада ұйықтап қалуымыз мүмкін. Қырағылық таныту арқылы ғана сергек болуға болады.
Маңызы зор үш қасиет
12. Пауыл салауатты жүруімізге көмектесетін қандай үш қасиетті атап өткен?
12 Қалай қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды әрқашан ойымызда ұстауымызға болады? Біз дұға ету мен Ехобаның күнін есте сақтаудың маңызы зор екенін көрдік. Оның үстіне, Пауыл біздің дамытуымыз керек үш маңызды қасиетке нұсқаған. Ол былай деді: “Біз күндікі болғандықтан салауатты жүрейік, сеніміміз бен сүйіспеншілігімізді сауыт қылып, мәңгілік құтқарылуға деген үмітімізді дулыға етіп киейік!” (1 Салониқалықтарға 5:8). Сенім, үміт және сүйіспеншіліктің рухани сергек болуымыздағы рөлін қысқаша қарастырып өтейік.
13. Қырағы болуымыздағы сенімнің алатын орны қандай?
13 Бізде Ехобаның бар екендігіне және ‘өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайтынына’ деген берік сенім болу керек (Еврейлерге 11:6). Исаның соңғы күндерге қатысты айтқан пайғамбарлығының бірінші ғасырда орындалғаны біздің заманымызда олардың үлкен көлемде орындалатынына деген сенімімізді нығайтты. Ал сеніміміз Ехобаның күнін зор ықыласпен күтуімізге және сол ‘[пайғамбарлықтың] міндетті түрде орындалып, өзгертілмейтіндігіне’ барынша сенімді болуымызға ықпал етеді (Аббақұқ 2:3).
14. Сергек болуымыз үшін үміттің қандай маңызы бар?
14 Құдайдың уәделерінің күмәнсіз орындалатынын күтуімізге тура келсе де, біздің берік үмітіміз “жанымыздың сенімді сүйеніші” сияқты қиыншылықтарға төтеп беруімізге мүмкіндік береді (Еврейлерге 6:18, 19). Жетпіс жыл бұрын суға шомылдыру рәсімінен өткен, 90 жастағы майланған бауырласымыз Маргарет: “1963 жылы күйеуім қатерлі ісіктен қайтыс болғанда, осы заманның соңғы күні тезірек келіп қалса керемет болар еді деген ойда болдым. Бірақ мен қазір ол кезде жеке басымның қамын ғана ойлағанымды түсінемін. Ол уақытта уағыздау ісінінің қаншалықты көлемді болатыны біздің ойымызға да кіріп шықпаған. Тіпті қазірдің өзінде уағыздау ісі енді ғана жеткен жерлер бар. Сондықтан мен Ехобаның шыдамдылық танытып отырғанына қуанамын”,— деп мойындады. Елші Пауыл бізді мынаған сендіреді: “Шыдамдылықтан сенімділік туады, ал сенімділік бізге үміт береді. Бұл үміт алдамшы қиял емес” (Римдіктерге 5:3—5).
15. Бізге ұзақ уақыт күтіп жүргендей болып көрінсе де, сүйіспеншілік қалай бізге қозғау салады?
15 Мәсіхшілердің сүйіспеншілігі — ең көрнекі қасиет, өйткені іс-әрекеттеріміздің бәріне сүйіспеншілік қозғау салады. Ехобаның еркі қашан орындалатынына қарамастан, біз оны сүйеміз, сондықтан оған қызмет етеміз. Жақынымызға деген сүйіспеншілігіміз маңайымыздағы адамдарға Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауға талпындырады. Ехобаның еркіне сай осы істі ұзақ уақыт атқаруымыз керек болса да, бір барған үйімізге көп рет қайта оралып бара беруге тура келсе де, өзгелерге уағыздауды жалғастыра береміз. Өйткені Пауыл жазғандай: “Сенім, үміт, сүйіспеншілік — осы үшеуі мәңгі қалады. Ал солардың ең бастысы сүйіспеншілік” (1 Қорынттықтарға 13:13). Сүйіспеншілік шыдамды, ол біздің сергек болуымызға көмектеседі. “[Сүйіспеншілік] үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды. Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды” (1 Қорынттықтарға 13:7, 8).
‘Өздеріңде бар рухани игіліктерді берік ұстаңдар!’
16. Босаңсығанның орнына, қандай көзқарас дамытқан дұрыс?
16 Біз дүниедегі оқиғалар ақыр заманның соңғы күндерінде өмір сүріп жатқанымызды үнемі есімізге салып отыратын маңызды кезеңде өмір сүріп жатырмыз (2 Тімотеге 3:1—5). Қазір босаңситын уақыт емес, қайта, ‘өзімізде бар рухани игіліктерді берік ұстауымыз’ керек (Аян 3:11). ‘Сиынып дұға ете алу үшін байсалды да салауатты болу’ және сенім, үміт, сүйіспеншілік дамыту арқылы өзімізді сынақ сағатына даярлай аламыз (1 Петір 4:7). Иеміздің ісінде біз үшін жұмыс көп. Құдайға ұнамды болу үшін дамыл таппай еңбектеніп жүргеніміз, барынша сергек болуымызға көмектеседі (2 Петір 3:11).
17. а) Неге кейде жағдай барысы біз күткендей болмаса да ұнжырғамыз түспеу керек? (21-беттегі қоршауды қараңдар) ә) Қалай біз Ехобаға еліктей аламыз және солай еткендер қандай баталарға ие болады?
17 Еремия: “Жаратқан Ие — менің несібем... сондықтан Оған арқа сүйеймін. Жаратқан Ие Өзіне арқа сүйеп, Өзін іздейтіндерге игілігін төгеді. Тәңірдің құтқаруын төзімділікпен күткен адам игілікке жетеді”,— деп жазған (Еремияның зары 3:24—26). Ехобаның құтқаруын кейбіріміз аз уақыт қана күткен болсақ, өзге біреуіміз көптеген жылдар бойы күтудеміз. Алайда болашақтағы мәңгілік өмірмен салыстырғанда біздің күткен уақытымыз түкте емес! (2 Қорынттықтарға 4:16—18). Ал біз Ехобаның белгілеген уақытын күте отырып, мәсіхшілерге тән қасиеттер дамытуымызға, өзгелердің оның шыдамдылығын тиімді қолданып, шындықты қабылдауларына көмектесуімізге болады. Барлығымыз сергек болайық! Ехобаға еліктеп шыдамды болып, бізге үміт бергеніне ризашылығымызды білдіре берейік. Сондай-ақ адалдық танытып, қырағы болсақ, мәңгі өмірге деген үмітімізді берік сақтаймыз. Сонда келесі пайғамбарлықтың орындалғанын көреміз: “[Ехоба] сені жерді иелік ету үшін жоғарылатады; құдайсыздардың жойылғанын өз көзіңмен көресің” (Забур 36:34).
[Сілтемелер]
a “Күзет мұнарасы” журналының 2000 жылғы 1 сәуірдегі санының 7, 8-беттерінде келтірілген “осы заманның аяғында” өмір сүріп жатқанымызға нұсқайтын айқын алты дәлелдің тізімін қарастырғанымыз пайдалы болуы мүмкін. (2 Тімотеге 3:1, сілтемені қара.)
b “Сергек болу” дегенді білдіретін грек тіліндегі етістік жөнінде айта келе лексикограф У. Е. Вайн оның сөзбе-сөз мағынасы “ұйқының қашып кетуін”, сондай-ақ “жай ғана ояу болуды емес, ой-сананың сергек болуын” білдіретінін түсіндірді.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Осы заманның ақырғы күні жақын екендігіне деген сенімділігімізді қалай арттыруымызға болады?
• Петір, Жақып, Жохандардың басынан өткен жағдайларынан не нәрсеге үйренуімізге болады?
• Қандай үш қасиет рухани сергек болуымызға көмектеседі?
• Неге қазір ‘өзімізде бар рухани игіліктерді берік ұстануымыз’ керек?
[31-беттегі қоршау/сурет]
“Күткен адам бақытты” (Даниял 12:12)
Өзі күзететін үйге ұры түседі-ау деп ойлаған күзетшіні көз алдарыңа елестетіп көріңдерші. Ол қараңғы түскенде, ұрының келгенін білдіретін әрбір дыбысқа мұқият құлақ салып тыңдайды. Уақыт өткен сайын барынша мұқият қарап, мұқият тыңдауға тырысады. Мұндай кезде оның жел тербеген ағаштың сыбдыры, бірдеңенің үстінен мысықтың жүгіріп өтуі сияқты нәрселерге алданып қалуы мүмкін екенін түсінуге болады (Лұқа 12:39, 40).
‘Иеміз Иса Мәсіхтің салтанатпен көрінуін сағына күтіп’ жүргендер де осыған ұқсас жағдайды бастарынан өткізуі мүмкін (1 Қорынттықтарға 1:7). Елшілер Иса қайта тірілісімен Исраил елінің патшалығын қайта орнатады деп ойлаған (Елшілердің істері 1:6). Бірнеше жыл өткен соң, Салоникадағы мәсіхшілердің Исаның келетін кезі алда екендігі естеріне салынған болатын (2 Салониқалықтарға 2:3, 8). Бірақ, Ехобаның күніне қатысты сенімдерінің ақталмағаны Исаның ертедегі ізбасарларын өмірге апаратын жолдан бас тартқызбаған (Матай 7:13).
Қазіргі уақытта осы заманның ақырғы күні кешігіп жатқандай болып көрінуі — біздің рухани қалғып кетуімізге себеп болмау керек. Бәлкім, күзетші кез келген өзге дыбысқа алданып қалатын болар, бірақ бұл одан анағұрлым қырағы бола түсуі керек. Оның жұмысының мәні — осы. Мәсіхшілердің жағдайында да тап солай.
[28-беттегі сурет]
Ехобаның күні жақын екендігіне сенімдісіңдер ме?
[29-беттегі суреттер]
Қауым кездесулері, дұға және жеке зерттеуді дағдыға айналдыру сергек болуымызға көмектеседі
[32-беттегі сурет]
Маргарет іспетті сергектігімізді сақтай жүріп, шыдамды әрі әрекетшіл бола аламыз