Салоникалықтарға 2-хат
2 Ал Иеміз Иса Мәсіхтің осында болатын кезіне*+ және біздің онымен бірге болу үшін жиналатынымызға қатысты+, бауырластар, сендерден мынаны өтінеміз: 2 қандай да бір пайғамбарлықтарды немесе біз айтыпты не хатта жазыпты-мыс деген сөздерді естіп+, Ехобаның* күні келіп қалды+ екен деп бірден ақыл-парасаттарыңнан айырылып, абыржып жүрмеңдер.
3 Ешкім сендерді амалын тауып еліктіріп жүрмесін. Өйткені сол күн келмес бұрын, алдымен жолдантаюшылық+ пайда болады және күнәнің адамы+, жойылатын кісі+, аян болады. 4 Ол — қарсы шығушы. Сондай-ақ ол өзін құдай деп аталатындардың және адамдар табынатын нәрселердің бәрінен жоғары қояды, осылайша Құдайдың ғибадатханасында отырып алып, өзін құдай етіп көрсетеді. 5 Қастарыңда болғанымда осыларды айтып отыратыным естеріңде шығар?
6 Енді сендер күнәнің адамы өз уақытында аян болу үшін оны қандай күш ұстап тұрғанын білесіңдер. 7 Рас, құпия болып отырған ол қазірдің өзінде әрекет етуде+, бірақ ол өзін ұстап тұрған күш жолдан кеткенше ғана құпия болмақ. 8 Содан кейін күнәнің адамы аян болады, ал Иеміз Исаның осында екені ашық көрінгенде+, ол оны аузынан шыққан леппен жояды+. 9 Ал күнәнің адамы Шайтанның күш беруімен осында болады+, әрі түрлі кереметтер, алдамшы белгілер мен ғажайыптар көрсетеді+, 10 әділетсіздік атаулыдан туатын алдамшылықты да қолданады+. Мұның бәрі жойылып бара жатқандар тиісті жазасын алу үшін жасалады. Өйткені олар өздерін құтқаратын шындықты сүйгілері келмеді. 11 Сондықтан Құдай олардың өтірікке иланып, алдамшылықтың ықпалына түсуіне жол беріп отыр+. 12 Ол мұны шындыққа сенбей, әділетсіздіктен рақат тапқандардың бәрі сотталу үшін істеп отыр.
13 Ехоба сүйген бауырластар, біз сендер үшін әрқашан Құдайға ризашылық білдіруге міндеттіміз. Өйткені Құдай құтқарылуларың үшін сендерді о бастан таңдап алды+. Ол мұны сендерді рухпен киелі ету арқылы+ және шындыққа деген сенімдеріңнің негізінде істеді. 14 Иә, ол сендерді Иеміз Иса Мәсіхтің ұлылығына ие болуларың үшін+ біз жариялап жүрген ізгі хабар арқылы құтқарылуға шақырды. 15 Сондықтан, бауырластар, берік тұрыңдар+ және біздің ауызша болсын, хат арқылы болсын үйреткендерімізді ұстанып жүріңдер+. 16 Бізді сүйіп+, рақымымен мәңгілік жұбаныш әрі берік үміт берген+ Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіхтің өзі 17 сендерді жұбатып, істерің де, сөздерің де әрқашан игі болу үшін нығайтсын.