93-тарау
Адам Ұлы келген кезде
ИСА солтүстікте (Самарияда немесе Ғалилеяда) болған кезінде, парызшылдар одан Құдай Патшалығының қашан келетіндігін сұрады. Олар патшалықты асқан әсемдік пен салтанатты түрде келеді деп есептейтін. Бірақ Иса оларға: “Құдай Патшалығы көрінетін белгілермен келмейді. Сондай-ақ оны “Міне, мұнда!” не “Әне, анда!” деуге болмайды. Себебі Құдай Патшалығы сендердің араларыңда”,— деп жауап берді.
Исаның “араларыңда” деген сөзін кейде “сендердің жан дүниелеріңде” деп те аударады. Сондықтан да кейбіреулер Иса Құдай Патшалығы Құдайдың қызметшілерінің жүрегінде деп айтқысы келген деп ойлайды. Алайда Құдай Патшалығы Исаға сенбейтін парызшылдардың жүрегінде болуы мүмкін еместігі анық. Бірақ, Патшалық олардың арасында, өйткені сол Патшалықтың тағайындалған Патшасы — Иса Мәсіх солардың арасында.
Иса шәкірттерімен Патшалықтың келуі туралы әңгімесін парызшылдар кеткеннен кейін жалғастырса керек. Ол өзінің болашақтағы патшалық билікте отыратын уақытына нұсқап былай деп ескертті: “Кісілер сендерге “Міне, Ол мұнда!”, я “Әне, Ол анда!” дейтін болады. Оларға [жалған мәсіхтерге] бармаңдар, арттарына ермеңдер де! Өйткені найзағай жарқ етіп, аспанды о шетінен бұ шетіне дейін жарқыратып жіберетіндей, адам Ұлы да солай болады”. Демек, найзағайдың жарқылы алыстан қалай көрінетін болса, Исаның патшалық билікке келгендігінің дәлелдері көргісі келгендерге солай анық көрінетіндігін айтып отыр.
Осыдан кейін Иса болашақта болатын оқиғаларды бұрынғы уақыттағы оқиғалармен салыстырып, патшалық билікте отырған кезінде адамдардың қандай көзқарасты ұстанатындығын көрсетті. Ол: “Нұхтың күндерінде жағдай қалай болған болса, адам Ұлының күндерінде де солай болады... Луттың күндерінде де солай болған: адамдар ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешті. Бірақ Лут Содом қаласынан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де қырып салды. Мен Билеуші ретінде көктен келіп, ашық түрде көрінетін күні де тап солай болады!” — деп түсіндірді.
Иса Нұхтың және Луттың күндеріндегі адамдар ішіп-жеп, сауда жасап, егін егіп, үй салып, өздерінің күнделікті тірліктерімен айналысқандары үшін жойылды деп отырған жоқ. Бұндай тіршілік қамын Нұх, Лут және олардың туыстары да істеген. Алайда басқалары бұл істермен Құдайдың еркіне көңіл қоймастан айналысқан еді. Міне, сондықтан да олар апатқа ұшырады. Дәл осындай себеппен, осы зұлым дүниенің ауыр азап кезеңі жеткенде, яғни Мәсіх келген кезде, зұлым адамдар жойылады.
Оның патшалық билікке келгендігінің дәлелдерін байқап, шұғыл әрекет етудің маңыздылығын көрсету үшін, Иса былай деп толықтырды: “Сол күні үй төбесіндегі адамның заттары іште болса, ол төмен түсіп, үйге кіріп, алып шықпай-ақ, дереу қашып құтылсын! Сондай-ақ, кім далада болса, үйіне қайтып келмей-ақ, қашып кете берсін! Луттың әйелімен болған жайтты естеріңе түсіріңдер!”
Адамдар Мәсіхтің патшалық билікке келгендігінің дәлелдерін көргенде, дүние-мүлікке деген құштарлықтары оларға шұғыл іс-әрекет жасауларына кедергі болмаулары керек. Содомнан қашып бара жатқанда, Луттың әйелі өзінің қалада қалған заттарын қимай артына қарағаны үшін, тұз бағанаға айналып кеткен болатын.
Патшалық билікте отырған уақытта не болатындығын әрі қарай айта отырып, Иса шәкірттеріне: “Сол заманда түнде төсекте жатқан екеудің біреуін періштелер қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді. Бірге диірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді”,— деп айтты.
Мұндағы қабыл алынады дегені Нұхтың отбасымен кемеге кіргендігіне және періштелердің Лут пен оның отбасын Содомнан алып шыққандығына ұқсайды. Яғни, бұл құтқарылуды білдіреді. Ал адам қалдырылады деген жойылуды білдіреді.
Сонда шәкірттері: “Мырза, бұл қай жерде болады?” — деп сұрады.
Иса: “Жемтік қайда болса, құзғындар сонда жиылар”,— деп жауап берді. Құтқарылу үшін алынғандар қырағы бүркітке ұқсайды, себебі олар ‘жемтікке’ жиналады. Жемтік дегеніміз өзінің көрінбей патшалық билікте отырған кезіндегі нағыз Мәсіхті, сондай-ақ Ехоба қамтамасыз етіп отырған рухани тойды білдіреді. Лұқа 17:20—23, 24 (ЖД), 25—37; Жаратылыс 19:26.
▪ Қалайша Патшалық парызшылдардың арасында?
▪ Мәсіхтің патшалық билікке келгендігі қай мағынада найзағайға ұқсайды?
▪ Мәсіхтің патшалық билікте отырған кезінде адамдар неліктен өздерінің істері үшін жойылады?
▪ Қабыл алыну және қалдырылу деген нені білдіреді?