94-тарау
Дұға мен кішіпейілділіктің қажеттілігі
ИСА ілгеріде, Яһудеяда болған кезінде, үнемі дұға етудің маңыздылығын көрсететін астарлы әңгіме айтып берген болатын. Қазір, яғни соңғы рет Иерусалимге бара жатқанында, Иса дұғаны үнемі айтып жүрудің маңыздылығын тағы да атап көрсетті. Ол шәкірттеріне төмендегі астарлы әңгімені айтып берген кезінде, сірә, әлі Самарияда немесе Ғалилеяда болған болса керек.
Бір қалада Құдайдан қорықпайтын, адамнан да ұялмайтын би болыпты. Сол қалада бір жесір әйел де тұрады екен. Әйел биге қайта-қайта келіп: “Мені дауласқан кісімнен қорғай көріңіз!” — деп өтініп сұрай береді екен. Бірақ би жесірді көп уақыт бойы қорғағысы келмейді. Ақырында ол ішінен: “Құдайдан қорықпаймын, адамнан да ұялмаймын. Алайда мына жесір маған тыныштық бермегендіктен оның мүддесін қорғайын. Әйтпесе ол қайта-қайта келіп, мазамды ала берер” деп ойлайды.
Содан кейін Иса бұл астарлы әңгіменің мағынасын түсіндіріп: “Сендер әділетсіз бидің не айтқанын естідіңдер ғой. Олай болса, оларға шыдамдылық танытса да, Құдай қалайша өзі таңдап алған, Өзіне күні-түні жалбарынатын адамдар үшін әділдік орнатпайды?” — деді.
Исаның бұл сөздері Ехоба Құдай қандай да бір жағынан осы әділетсіз биге ұқсайды дегенді білдірмейді. Егер осындай әділетсіз би қайта-қайта айтылған өтінішке жауап қатса, онда әділетті де қайырымды Құдай өз халқының үнемі айтатын дұғасына жауап беретіндігі ешбір күмәнсіз. Сондықтан да Иса сөзін жалғап: “Сендерге шын айтамын: Құдай олар үшін әділдік орнатуға асығады!” — деді.
Жиі қарапайым және кедей адамдар әділетсіздіктің құрбаны болады, ал беделді және бай адамдардың бұрыс істеріне көз жұмылады. Ал Құдай болса, зұлымдарды әділ жазалап қана қоймай, өз қызметкерлеріне мәңгілік өмір сыйлап, әділдік танытады. Дегенмен Құдайдың әділеттілік орнатуға асығатынына көп адамдар сене ме екен?
Негізінен дұғаның күшіне байланысты сенімді меңзей отырып, Иса: “Алайда Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келгенімде жер бетінен Өзіме сондай қатты сенетіндерді таба алар ма екенмін?” — деп сұрады. Иса бұл сұрақты жауапсыз қалдырса да, шамасы, Мәсіх Билеуші ретінде көктен қайтып келгенінде, осыған ұқсас сенімнің жиі кездесе бермейтіндігін айтқысы келген болар.
Исаны тыңдаушылардың кейбіреулері өздерінің сенімдерін мақтан тұтады. Олар өздерін әділміз деп есептеп, басқаларға жоғарыдан қарайды. Тіпті Исаның шәкірттерінің кейбіреуі де осындай көзқараста болса керек. Иса осындай адамдарға мынадай бір астарлы әңгіме айтып берді:
— Екі адам сиыну үшін ғибадатханаға өрлеп барыпты. Бірі парызшыл, екіншісі салық жинаушы екен. Парызшыл тұра қалып, іштей былай деп мінажат етеді: “Я, Құдай! Мен басқа адамдар сияқты қарақшы, жәбірлеуші, неке адалдығын бұзушы немесе ана салықшыға ұқсап күнәкар болмағаным үшін Саған ризашылығымды білдіремін. Өйткені мен аптасына екі рет ораза ұстаймын, барлық тапқан табысымның оннан бір бөлігін қайыр-садақаға беріп тұрамын”.
Парызшылдар жұрттың назарын өздеріне аударуға тырысып, әділ екендіктерін жай сырт көзге көрсететіндіктерімен белгілі. Олар әдетте дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстап, тіпті майда-шүйде дәмді шөптердің оннан бірін садақа етуді әдетке айналдырған. Олардың қарапайым халыққа деген жиіркеніші осыдан бірнеше ай бұрын Шыбық күрке мейрамы кезінде айтқан “Оған Таурат заңын [яғни парызшылдар түсіндіретін заңды] білмейтін, қарғыс атқан халық қана сенеді!” деген сөздерінен анық көрінеді.
Иса әрі қарай осы “қарғыс атқан” адам туралы әңгімесін жалғастырып: — Ал салық жинаушы алыста тұрып, тіпті назарын көкке көтеруге де батылы бармай, қолын кеудесіне қойып: “Я, Құдай! Мен күнәкармын, рақым ете гөр!” — деп жалбарынғанын айтты. Салық жинаушы өз қателіктерін кішіпейілділікпен мойындағандықтан, Иса былай деді: “Сендерге шын айтамын: екеуі үйлеріне қайтқанда парызшыл емес, салық жинаушы Құдайдан кешіріліп, ақталған еді. Өйткені өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады”.
Осылай Иса кішіпейіл болудың маңызды екендігін тағы да атап көрсетті. Исаның шәкірттері өскен ортада өздерін әділ санаған парызшылдардың ықпалы өктем болғандықтан, сондай-ақ атақ-даңққа үлкен мән беретіндіктен, бұлардың оларға да әсер еткендігі таңғаларлық емес. Алайда Иса оларға кішіпейілділік жайлы керемет тәлім берді. Лұқа 18:1—6, 7 (ЖД), 8а (ЖД), 9—14; Жохан 7:49.
▪ Неліктен әділетсіз би жесір әйелдің өтінішін орындады және Исаның бұл астарлы әңгімесінен қандай сабақ алуға болады?
▪ Иса келген кезінде қандай сенімді іздейтін болады?
▪ Исаның парызшыл мен салық жинаушы туралы астарлы әңгімесі кімге айтылған?
▪ Парызшылдардың қандай ой-қалпынан аулақ болуымыз керек?