ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК
Айқыш
Көптеген адам айқышты мәсіхшіліктің белгісі деп таниды. Бірақ олардың бәрі бірдей айқышты тағып жүру керек, оны үйде, шіркеуде іліп қою керек деп есептемейді.
Иса Мәсіх айқышқа шегеленді ме?
АДАМДАРДЫҢ ОЙ-ПІКІРІ.
Римдіктер Исаны бір-бірімен қиылысқан екі ағаш — айқышқа іліп өлтірген.
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Иса Мәсіхті “ағашқа іліп өлтірген” (Елшілердің істері 5:30, “Жаңа өмір” баспасының аудармасы). Киелі кітап жазушылары Иса шегеленген құралды екі ағашты емес, жалғыз ағашты білдіретін сөздермен сипаттаған. “Стаурос” деген грек сөзі — “айқыштың баламасы емес, кең мағынадағы бөрене”. Ал Елшілердің істері 5:30-дағы “ксилон” сөзі — “римдіктер жазаға кесілгендерді шегелейтін тік бөренені, ағаш бағанасын білдірген”a.
Еш күнәсіз Исаның бағанаға ілінуі ежелгі Исраил халқына берілген бір заңды еске салады. Онда былай делінген: “Егер адам өлімге лайық күнә жасаса, оны өлтіріп, мәйітін бағанаға іліп қойсаңдар, мәйітті... сол күні жерлеңдер. Өйткені бағанаға ілінген адам Құдайдың қарғысына ұшыраған” (Мұсаның 5-жазбасы 21:22, 23). Осы заңға сілтей отырып, елші Пауыл Иса жайлы: “Мәсіх... біздің орнымызға қарғысқа ұшырады. Өйткені: —Бағанаға (ксилонға) ілінген әркімді қарғыс атқан!— деп жазылған” (Ғалаттықтарға 3:13). Пауыл бұл жерде Исаның қиылысқан екі ағашқа емес, бағанаға ілінгеніне меңзеген.
“Дұшпандары Оны ағашқа шегелеп іліп өлтірді” (Елшілердің істері 10:39, “Жаңа өмір” баспасының аудармасы).
Исаның шәкірттері Құдайға ғибадат еткенде немесе мәсіхші екендерін көрсету үшін айқышты қолданған ба?
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Киелі кітапта алғашқы мәсіхшілердің ғибадатта айқышты қолданғандары жөнінде ешқандай мәлімет жоқ. Айқыш қайта сол замандағы римдіктердің тәңірлерінің бейнесі болған. Ал Мәсіх өлгеннен шамамен 3 ғасыр өткен соң Рим императоры Константин айқышты өз әскерінің таңбасы деп бекітті. Тағы біраз уақыттан кейін бұл таңба христиан шіркеуінің белгісі бола бастады.
Айқыш пұтқа табынушылардың таңбасы болса, Исаның шәкірттері оны шынайы Құдайға құлшылық етуде қалай қолданбақ еді?! Олар ғибадатта қандай да бір нәрсенің бейнесін қолдануды Құдайдың бұрыннан жек көретінін білген және пұтқа табынушылықтан қашу керектігін жақсы түсінген (Мұсаның 5-жазбасы 4:15—19; Қорынттықтарға 1-хат 10:14). “Құдай — рухани Тұлға”, ол көзге көрінбейді. Сондықтан алғашқы мәсіхшілер оған жақын болу үшін көзге көрінетін заттар мен таңбаларды қолданбаған. Қайта “киелі рухқа сай” ғибадат еткен, яғни Жаратушының киелі рухының жетегімен жүрген. Сондай-ақ олар “шындыққа сай”, яғни Құдайдың Жазбаларда ашқан ниетіне сай ғибадат еткен (Жохан 4:24).
“Шынайы ғибадат етушілер Әкеге киелі рухқа және шындыққа сай ғибадат етеді” (Жохан 4:23).
Мәсіхшілер Иса Мәсіхке деген құрметтерін қалай көрсетулері керек?
АДАМДАРДЫҢ ОЙ-ПІКІРІ.
“Жаңа католик энциклопедиясында”: “Құтқарылуымызға қатысы бар құралды қасиет тұту орынды... Адамның бейнеге тағзым еткені — оның артында тұрған тұлғаға тағзым еткені”,— деп жазылған.
КИЕЛІ КІТАПТА НЕ ДЕЛІНГЕН?
Исаның өлімінің арқасында күнәлары кешіріліп, Құдайға жақын бола алатындары және мәңгі өмір сүре алатындары үшін мәсіхшілер Исаға қарыздар (Жохан 3:16; Еврейлерге 10:19—22). Бірақ осы сыйға алғыс білдіру үшін олардан Исаның бейнесін қолдану талап етілмейді. Исаға сенетіндерін ауызбен жай ғана мойындаулары да жеткіліксіз. Өйткені “іс-әрекетсіз болса, сенім өлі” (Жақып 2:17). Иса Мәсіхке деген сенім іс-әрекеттен көрініс табуы керек. Қалай?
Киелі кітапта былай делінген: “Бізді талпындырушы күш — Мәсіхтің сүйіспеншілігі. Өйткені мынадай қорытындыға келдік: бір адам бәрінің игілігі үшін өлді... Өмір сүріп жатқандар енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өлген әрі қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүрулері” (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15). Мәсіхтің орасан зор сүйіспеншілігі мәсіхшілерді өмірлерін жақсы жаққа өзгертіп, оның ізімен жүруге талпындырады. Бұл Исаға құрмет көрсетудің мәнді жолы!
“Әкемнің еркі — Ұлын көріп, оған сенген әркімге мәңгілік өмір сыйлау” (Жохан 6:40).
a “A Critical Lexicon and Concordance to the English and Greek New Testament”, 11-басылым, Этельберт В. Баллингер, 818, 819-беттер.