Ұлы рухани науқанға барынша атсалыс!
“Иеміздің ісін әрдайым молынан істейтін болыңдар!” (ҚОР. 1-Х. 15:58).
1. Иса шәкірттерін қандай іске шақырды?
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 30 жылының аяғына таман Самария өлкесін аралап жүрген Иса Сихар қаласының маңындағы құдық басында демалуға аялдайды. Сол жерде ол шәкірттеріне: “Көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр”,— деді (Жох. 4:35). Иса бұл жерде тура мағынадағы науқан туралы емес, болашақта өзінің шәкірті болатын ақжүректі адамдарды жинау ісі, яғни рухани науқан туралы айтқан болатын. Бұлай деуімен ол шәкірттерін осы іске барынша атсалысуға шақырған-ды. Өйткені атқарылатын іс көп, ал уақыт аз еді.
2, 3. а) Науқан кезінде өмір сүріп жатқанымызды қайдан білеміз? ә) Бұл мақалада не қарастырылады?
2 Исаның егін жинау ісі туралы айтқан сөздері бүгінгі күні де аса маңызды. Біз қазір адамдардан тұратын дүниежүзілік танаптың ‘жинауға дайын пісіп тұрған’ кезінде өмір сүріп жатырмыз. Жыл сайын миллиондаған адам өмір сыйлайтын шындықты қабыл алуға шақырылып, сан мыңдаған жаңа шәкірттер шомылдыру рәсімінен өтуде. Біз егістіктің Қожайыны Ехоба Құдайдың басшылығымен өтіп жатқан бұрын-соңды болмаған көлемдегі рухани науқанға атсалысу мәртебесіне ие болып отырмыз. Сендер осы істі ‘молынан істеп’ жүрсіңдер ме? (Қор. 1-х. 15:58).
3 Үш жарым жылға созылған жердегі қызметінің барысында Иса шәкірттерін осы науқанға дайындады. Бұл мақалада ол шәкірттеріне үйреткен маңызды жайттардың үшеуіне назар аударылады. Олар бүгіндегі шәкірттерді жинау ісіне барынша атсалысу үшін аса қажетті үш қасиетпен байланысты. Ал енді сол қасиеттердің әрқайсысына жеке тоқталып өтейік.
Кішіпейіл болу өте маңызды
4. Кішіпейілділіктің маңыздылығын Иса қалай көрсетті?
4 Келесі көріністі көз алдарыңа елестетіп көріңдерші: Исаның шәкірттері жаңа ғана кімнің жолы үлкен деп салғыласқан болатын. Олардың жүздерінен бір-біріне деген сенімсіздік пен өшпенділіктің нышаны әлі де байқалып тұр. Сонда Иса кішкентай баланы шақырып алып, ортаға тұрғызды да: “Кім өзін осы сәби сияқты кіші тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы үлкен”,— деді (Матай 18:1—4 оқы). Олар адамның билігіне, дәулеті мен атағына қарап баға беретін осы дүниеге еліктемей, өзгелердің алдында ‘өздерін кіші тұтса’ ғана “жолы үлкен” болатынын түсінулері керек-тін. Шынайы кішіпейілділік танытса ғана Ехоба оларды қолданып, мол батасын төгер еді.
5, 6. Егін жинау ісіне толықтай атсалыса алу үшін неге кішіпейіл болуымыз керек? Түсіндір.
5 Қазір де адамдар билікке, байлыққа және атақ-даңққа қол жеткізу үшін бар өмірін сарп етеді. Нәтижесінде олардың рухани нәрселерге уақыттары қалмайды (Мат. 13:22). Ал Ехобаның қызметшілері болса егін Иесінің ықыласы мен батасына ие болу үшін басқалардың алдында ‘өздерін кіші тұтуға’ дайын (Мат. 6:24; Қор. 2-х. 11:7; Філіп. 3:8).
6 Оңтүстік Америкада тұратын Франциско есімді ақсақал бауырластың мысалын қарастырайық. Жас кезінде ол ізашар болу үшін жоғары оқу орнын тастаған болатын. Франциско былай деп есіне алады: “Үйленер алдында, ертеңгі күні қаражат жағынан қысылмайтындай жұмысқа орналасуға мүмкіндігім бар еді. Бірақ біз қарапайым өмір сүріп, толық уақытты қызметімізді әрі қарай да жалғастыруды шештік. Кейіннен балалы болғанда қиындықтар көбейді. Бірақ Ехоба қарапайым өмір кешуімізге көмектесті”. Ол әрі қарай былай деді: “Отыз жылдан астам уақыт бойы ақсақал болуға және басқа да ерекше жауапкершіліктер атқаруға мүмкіндігім болғанына қуаныштымын. Біз өмірімізді қарапайым еткенімізге ешқашан өкінген емеспіз”.
7. Римдіктерге 12:16-дағы кеңесті қалай қолдануға болады?
7 ‘Атақ-даңқтан’ бас тартып, “кішіпейіл” бола білсеңдер, егін жинау ісінде көптеген қосымша баталар мен жауапкершіліктерге қол жеткізе аласыңдар (Рим. 12:16 сілт.; Мат. 4:19, 20; Лұқа 18:28—30).
Құлшыныстың орны бөлек
8, 9. а) Исаның күміс теңгелер туралы астарлы әңгімесін бір-екі сөзбен айтып бер. ә) Бұл астарлы әңгіме, әсіресе кімдерге жігер береді?
8 Егін жинауға толық атсалысуға қажетті қасиеттердің тағы бірі — құлшыныс. Иса бұған күміс теңгелер туралы астарлы әңгімесінде көңіл аудардыa. Бұл — бір кісінің алыс сапарға шығар алдында меншігін үш қызметшісіне тапсырғаны туралы әңгіме. Қожайын бірінші қызметшісінің қолына бес, екіншісіне екі, ал үшіншісіне бір күміс теңгені ұстатады. Қожайындары жол жүріп кеткен соң, бірінші және екінші қызметші құлшыныс танытып, алған ақшаларын дереу ‘айналымға жібереді’. Ал үшінші қызметші “жалқау” болатын. Ол алған ақшасын бір жерге көміп қояды. Қожайындары қайтып келген соң, бірінші және екінші қызметшісін мақтап, ‘үлкен істің басына қояды’. Ал үшінші қызметшісіне берген ақшасын қайтып алып қояды да, өзін үйінен қуып шығады (Мат. 25:14—30).
9 Исаның мысалындағы құлшынысты қызметшілер сияқты сенің де шәкірт дайындау ісіне мүмкіндігінше көп қатысқың келетіні сөзсіз. Алайда кейбір жағдайларға байланысты мүмкіндігің шектеулі болса ше? Экономикалық дағдарыстың кесірінен отбасыңды қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істеуге тура келетін шығар. Я болмаса, жасың ұлғайып, денсаулығың нашарлаған болар. Олай болса, күміс теңгелер жайындағы әңгіме саған жігер берері сөзсіз.
10. Астарлы әңгімедегі қожайын қалайша парасаттылық танытты және бұл сені қалай жігерлендіреді?
10 Астарлы әңгімедегі қожайын қызметшілерінің мүмкіндіктері әртүрлі екенін ескергеніне назар аударайықшы. Бұны оның ақшаны ‘әрқайсысының қабілетіне қарай’ бергенінен көруге болады (Мат. 25:15). Ақырында бірінші қызметші екіншісіне қарағанда әлдеқайда көп пайда әкелді. Сонда да қожайыны екеуін де “жақсы да адал қызметшім” деп атауымен, олардың құлшыныспен атқарған еңбектерін бағалайтынын көрсетті және екеуіне бірдей сый берді (Мат. 25:21, 23). Сол сияқты, егін Иесі Ехоба Құдай сенің жағдайың қанша қызмет ете алатыныңа әсер ететінін түсінеді. Ол сенің қызмет етуге шын жүректен күш салып жатқаныңды байқамай қоймайды әрі соған сай сый береді (Мар. 14:3—9; Лұқа 21:1—4 оқы).
11. Қиын жағдайда құлшыныс танытқанның мол бата әкелетінін көрсететін мысал келтір.
11 Бразилияда тұратын Селмира деген бауырласымыздың мысалынан Құдайға ынтамен қызмет ету жағдайыңның жақсы-жаман болуына байланысты емес екенін көруге болады. Жиырма жыл бұрын күйеуі қарақшылардың қолынан қаза болып, Селмира үш қызымен қалған болатын. Үй жинаушы болған ол көп уақыт жұмыс істейтін әрі іші толы жолаушылар көлігімен ұзақ жол жүретін. Осы қиындықтарға қарамастан, ол жалпы ізашар ретінде қызмет ете алды. Кейінірек оның екі қызы ізашарлық қызметті бастады. “Сол уақыттан бері мен 20 адаммен Киелі кітапты зерттеп, олар менің “отбасымның” мүшесі болды,— дейді Селмира.— Қазірге дейін олармен жақсы араласып тұрамыз. Бұл мен үшін ақшаға сатып алу мүмкін емес қазына болып табылады”. Егін Иесі осындай құлшынысы үшін Селмираға молынан батасын төгіп отырғаны сөзсіз!
12. Уағыздау ісін қалай құлшыныспен атқара аламыз?
12 Қазіргі жағдайың қызметке жұмсайтын уақытыңды шектейтін болса, қызметіңнің сапасын жақсартқаның да егін жинау жұмысына көбірек атсалысқаның болады. Апта сайынғы қызмет кездесуінде берілетін пайдалы кеңестерді қолдану арқылы уағыздау қабілетіңді арттырасың әрі куәлік етудің жаңа жолдарын үйренесің (Тім. 2-х. 2:15). Сондай-ақ аса маңызды емес істерден бас тарту немесе басқа уақытта айналысу арқылы қауымның уағыз қызметіне арналған шараларына үнемі қолдау көрсете аласың (Қол. 4:5).
13. Құлшыныс дамытып, оны сақтаудың сыры неде?
13 Құлшыныс ризашылыққа толы жүректен шығатынын ұмытпа (Заб. 39:9). Исаның мысалындағы үшінші қызметші қожайынынан қорқатын, себебі оны қатал әрі көп талап ететін адам деп есептейтін. Нәтижесінде ол қожайынының меншігін арттырудың орнына, күміс теңгесін көміп тастайды. Осындай немкеттіліктен аулақ болу үшін, егін Иесі Ехобамен жақын қарым-қатынас дамытуымыз керек. Ал бұл үшін Құдайдың сүйіспеншілігі, шыдамдылығы және мейірімділігі сияқты қасиеттерінің үстінен ой жүгіртуге уақыт бөл. Осылайша бойыңда қызметте қолдан келгеннің бәрін істеуге деген ықылас оянады (Лұқа 6:45; Філіп. 1:9—11).
“Қасиетті болыңдар”
14. Науқанға қатысқысы келетіндер қандай маңызды талапқа сай болулары керек?
14 Еврей жазбаларындағы сөздерге сілтеген Петір Құдайдың жердегі қызметшілеріне қатысты еркі жайлы былай деді: “Өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде қасиетті болыңдар! Киелі жазбада Оның “Қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін!” дегені бар ғой” (Пет. 1-х. 1:15, 16; Леуі. 19:2; Заң. қ. 18:13). Бұл сөздер науқанға қатысушылардың моральдық және рухани жағынан таза болулары керектігіне назар аударады. Біз бейнелі мағынада таза болу үшін қадамдар жасау арқылы осы талапқа сай бола аламыз. Ал олай етуге бізге Құдай сөзіндегі шындық көмектеседі.
15. Құдай сөзі біздің игілігіміз үшін не істей алады?
15 Құдай сөзіндегі шындық тазартатын күші бар суға теңелген. Мысалы, елші Пауыл майланған мәсіхшілерден тұратын қауым Құдайдың алдында Мәсіхке лайық пәк қалыңдық іспетті таза деген болатын. Өйткені Мәсіх оларды ‘Құдай сөзімен тазартып, қасиетті де пәк таза етті’ (Ефес. 5:25—27). Ертеректе Иса да өзі жариялап жүрген Құдай сөзінің тарзартатын күші туралы айтқан болатын. Ол шәкірттеріне: “Сендер де Менің өздеріңе айтқан сөздеріме сеніп, рухани таза болыңдар”,— деді (Жох. 15:3). Сонымен, Құдай сөзінің моральдық және рухани жағынан тазартатын күші бар. Жазбалардағы шындықтың өзімізді тазартуына жол берсек қана Құдай біздің ғибадатымызды қабыл алады.
16. Қалайша біз рухани және моральдық тазалықты сақтай аламыз?
16 Құдайдың рухани науқанына қатыса алу үшін, алдымен рухани және моральдық жағынан лас нәрселерден арылдық. Ал осы іске қатысу мәртебесінен айырылып қалмау үшін, Ехобаның жоғары рухани және моральдық нормаларын ұстануда үлгілі болуымыз қажет (Петірдің 1-хаты 1:14—16 оқы). Тәнімізді таза ұстайтынымыздай, Құдай сөзінің тазартушы күшінің өзімізге әсер етуіне де жол бергеніміз жөн. Бұған Киелі кітапты оқу мен қауым кездесулеріне бару жатады. Сондай-ақ Құдайдың ескертулерін өмірде қолдануға шын ықылас білдірген де дұрыс. Осылайша біз өзіміздің күнәкар беймділіктерімізге қарсы күресіп, осы дүниенің жаман ықпалына төтеп бере аламыз (Заб. 118:9; Жақ. 1:21—25). Иә, Құдай сөзіндегі шындықтың көмегімен тіпті ауыр ‘күнәларымыздан тазара’ алатынымызды білгеніміз қалай жұбаныш береді десеңші! (Қор. 1-х. 6:9—11).
17. Киелі кітаптың қандай кеңесі тазалық сақтауымызға көмектеседі?
17 Сендер шындық болып табылатын Құдай сөзінің тазартушы күшінің өздеріңе әсер етуіне жол беріп жүрсіңдер ме? Мысалы, осы дүниенің адамды аздыратын көңіл көтеру түрлерінің қаупі туралы ескертулерді қалай қабылдайсыңдар? (Заб. 100:3). Сенімдеріңді бөліспейтін сыныптастарыңмен немесе бірге жұмыс істейтін адамдармен орынсыз қарым-қатынас жасаудан сақтанасыңдар ма? (Қор. 1-х. 15:33). Ехобаның көзінде лайықсыз ететін әлсіздіктеріңді жеңуге барынша тырысып жүрсіңдер ме? (Қол. 3:5). Осы дүниенің саяси пікірталастарынан және ұлтшылдық сезім оятатын көптеген спорт ойындарынан өздеріңді аулақ ұстайсыңдар ма? (Жақ. 4:4).
18. Моральдық және рухани жағынан таза болғанымыз жемісті қызметші болуға қалай көмектеседі?
18 Осындай мәселелерде мойынсұнушылық танытсаң, керемет нәтижелерге қол жеткізе аласың. Иса майланған шәкірттерін жүзім сабағымен салыстырып, былай деген: “Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр “сабақты” Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады” (Жох. 15:1—3). Иә, Киелі кітаптың шындығына мойынсұнған сайын көбірек жеміс әкелетін боламыз.
Қазіргі және болашақтағы баталар
19. Исаның шәкірттері егін жинаушылар ретінде атқарған еңбектері үшін қандай баталарға кенелді?
19 Исадан сабақ алған адал шәкірттер кейінірек, б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында, ‘жердің шетіне дейін куә болу’ үшін киелі рухқа кенелді (Ел. іс. 1:8). Олар басқарушы кеңес мүшесі, миссионер әрі аралаушы бақылаушы ретінде қызмет етіп ізгі хабардың “аспан астындағы барлық адамзатқа” таралуында маңызды рөл атқарды (Қол. 1:23). Олар қандай баталарға кенеліп, өзгелерге қандай қуаныш әкелді десеңші!
20. а) Рухани науқанға барынша атсалысқанның арқасында қандай баталарға кенеліп жүрсің? ә) Сен не нәрсеге беліңді бекем будың?
20 Иә, кішіпейілділік пен құлшыныс танытумен қатар, Құдай сөзіндегі жоғары нормаларды ұстансақ, үлкен рухани науқанға толықтай атсалысудан әрі қарай да қуаныш табатын боламыз. Көптеген адамдар материализм мен ләззат-ермекті көксейтін осы дүниеге тән өмір жолының азабын тартып жатса, біз шынайы қуаныш пен қанағатқа бөленудеміз (Заб. 125:6). Ал ең бастысы біздің ‘Иемізбен жүріп атқарған еңбегіміз бекер емес’ (Қор. 1-х. 15:58). Егін Иесі Ехоба Құдай осындай ‘игі істер’ мен ‘көрсеткен сүйіспеншілігіміз’ үшін мәңгілік сый береді (Евр. 6:10—12).
[Сілтеме]
a Күміс теңгелер туралы астарлы әңгіме негізінен Исаның майланған мәсіхшілермен қарым-қатынасына қатысты болғанмен, онда барлық мәсіхшілерге арналған принциптер бар.
Естеріңде ме?
Егін жинауға толықтай атсалысуға тырыса отырып:
• неге кішіпейіл болуымыз керек?
• қалай құлшынысымызды арттырып, оны сақтай аламыз?
• моральдық және рухани тазалық сақтау неге маңызды?
[17-беттегі сурет]
Кішіпейілділік Патшалықты бірінші орынға қойып, қарапайым өмір сүруге көмектеседі