‘Киелі рух Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар’
“Киелі рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар” (ҚОР. 1-Х. 2:10).
1. Пауыл Қорынттықтарға 1-хат 2:10-да киелі рухтың қандай рөліне ерекше назар аударды және осыған байланысты қандай сұрақтар туындайды?
ЕХОБАНЫҢ киелі рухының әрекетіне қаншалықты ризамыз десеңші! Жазбаларда киелі рух көмекші, сый, куәлік етуші және қолдаушы ретінде суреттелген (Жох. 14:16 ЖД; Ел. іс. 2:38; Рим. 8:16 Тт, 26, 27). Ал елші Пауыл оның тағы бір маңызды рөліне назар аударып, былай деген: “Киелі Рух бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар” (Қор. 1-х. 2:10). Ехоба киелі рухты рухани терең ойларды ашу үшін қолданады. Біз оның көмегінсіз Ехобаның ниеттерін түсіне алмасымыз анық (Қорынттықтарға 1-хат 2:9—12 оқы). Алайда осыған байланысты мынадай сұрақтар туындауы мүмкін: қалайша киелі рух Құдайдың терең ой-мақсаттарынан хабардар болуы мүмкін? Б. з. І ғасырында Ехоба өзінің ой-мақсаттарын кім арқылы ашқан? Бүгінде киелі рух қалай және кім арқылы Құдайдың терең ой-мақсаттарын ашуда?
2. Киелі рух қандай екі жолмен әрекет етеді?
2 Иса киелі рухтың екі жолмен әрекет ететінін айтқан. Өлер алдында ол шәкірттеріне былай деді: “Әкем Менің атымнан қамқоршыларың [көмекшілерің ЖД] — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді” (Жох. 14:26). Демек, киелі рух үйретуші әрі еске салушы болып табылады. Үйретуші ретінде ол мәсіхшілерге бұған дейін білмеген рухани нәрселерді түсінуге көмектеседі. Ал еске салушы ретінде бұрын түсіндірілген нәрселерді есімізге түсіріп, дұрыс қолдануға жәрдемдеседі.
Бірінші ғасырда
3. Исаның қандай сөздері ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарының’ біртіндеп ашылатынына меңзеді?
3 Иса шәкірттеріне бұрын білмеген көп шындықтарды үйретті. Дегенмен олар әлі де көп нәрсеге үйренулері керек-тін. Иса оларға былай деді: “Сендерге айтарым әлі көп, бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас. Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді” (Жох. 16:12, 13). Бұлай деуімен Иса киелі рух терең рухани нәрселерді біртіндеп ашатынына меңзеген болатын.
4. Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамы кезінде киелі рух қалай үйретуші және еске салушы ретінде әрекет етті?
4 Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамы кезінде “шындықты білдіретін Құдай рухы” Иерусалимде жиналған 120 шақты шәкіртке қонды. Оның қонғаны көзге көрініп, құлаққа да естілді (Ел. іс. 1:4, 5, 15; 2:1—4). Шәкірттер әртүрлі тілдерде ‘Құдайдың ұлы істерін жариялады’ (Ел. іс. 2:5—11). Бұл жаңа түсінікке ие болатын уақыт еді. Жоел пайғамбар осы жайттың орын алатынын алдын ала айтқан болатын (Жоел 2:28—32). Айналадағы адамдар бұл пайғамбарлықтың өздері күтпеген жолмен орындалғанының куәсі болды, ал елші Петір бұл жайттың мәнін түсіндіріп берді (Елшілердің істері 2:14—18 оқы). Осылайша киелі рух шәкірттер басынан өткерген жайттың сол ежелгі пайғамбарлықтың орындалуы екенін Петірге анық көрсетуімен, үйретуші ретінде әрекет етті. Сондай-ақ ол еске салушы ретінде де әрекет етті, өйткені Петір Жоелдің сөздеріне қоса Дәуіт жазған Забур жырының екеуін келтірді (Заб. 15:8—11; 109:1; Ел. іс. 2:25—28, 34, 35). Сондағы адамдардың көріп-естігені, расында да, Құдайдың терең ой-мақсаттары еді.
5, 6. а) Б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамынан кейін жаңа келісімге қатысты қандай мәселелер шешілуі тиіс еді? ә) Сол мәселелерді кім көтерді және шешімі қалай табылды?
5 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге әлі де көп нәрсе анық емес еді. Мысалы, Алғашқы өнім мейрамы күні күшіне енген жаңа келісім жайлы сұрақтар туындаған болатын: жаңа келісім яһудилерге және яһуди дініне кірген адамдарға ғана қатысты ма? Басқа ұлттан шыққан адамдар бұл келісімге кіре ме және олар да киелі рухпен майлана ма? (Ел. іс. 10:45). Басқа ұлттан шыққан ер адамдар алдымен сүндеттеліп, Мұсаның заңына бағынулары керек пе? (Ел. іс. 15:1, 5). Бұлардың бәрі де өте маңызды сұрақтар болатын. Осы терең шындықтарды түсіну үшін киелі рухтың көмегі қажет еді. Алайда киелі рух кім арқылы әрекет етер еді?
6 Осы мәселелердің бәрін жауапкершілік жүктелген бауырластар көтерді. Петір, Пауыл және Барнаба басқарушы кеңестің кездесуінде болып, басқа ұлттан шыққан сүндеттелмеген адамдарға Ехобаның қалай көңіл бұрғаны жайлы айтып берді (Ел. іс. 15:7—12). Басқарушы кеңес осы жайтты және Еврей жазбаларындағы пайғамбарлықтарды қарастыра келе, киелі рухтың көмегімен шешім қабылдады. Содан соң олар қауымдарға хат жіберіп, бұл шешім туралы хабардар етті (Елшілердің істері 15:27—30; 16:4, 5 оқы; Ефес. 3:5, 6).
7. Терең шындықтар қалай ашылуы тиіс еді?
7 Басқа да мәселелер Жохан, Петір және Пауылдың рухтың жетелеуімен жазған хаттары арқылы анықтала түсті. Алайда Киелі жазбалар жазылып біткен соң, пайғамбарлық айту мен керемет білім дарыны тоқтатылды (Қор. 1-х. 13:8). Ал киелі рух әрі қарай да үйретуші және еске түсіруші ретіндегі рөлін атқара берер ме еді? Ол мәсіхшілерге Құдайдың терең ой-мақсаттарын зерттеуге көмектесуді жалғастыра ма? Пайғамбарлықтарға сәйкес солай болу керек-тін.
“Соңғы мерзімде”
8, 9. Соңғы уақытта кімдер терең шындықтарды білуде “жарқырай” түсті?
8 Соңғы уақыт туралы айта келе, періште былай деді: “Саналылар тұғыры берік шамшырақтай боп жарқырайды, талайлардың көзін ашып шындыққа шығарғандар жұлдыздарша мәңгілік сәуле шашады. Мәнісін білетіндер көбейеді” (Дан. 12:3, 4). ‘Саналылар мен сәуле шашатындар’ кімдер? Мұның жауабын Исаның бидай мен бидайық туралы көрнекі мысалынан көруге болады. “Осы зұлым дүниенің соңы” жайлы айта келе, ол былай деді: “Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады” (Мат. 13:39, 43). Иса мұндағы ‘әділдердің’ “Құдай Патшалығының адамдары”, яғни майланған мәсіхшілер екендіктерін түсіндірді (Мат. 13:38).
9 Майланған мәсіхшілердің бәрі ‘жарқырауы’ керек пе еді? Қандай да бір мағынада солай деуге болады. Өйткені олардың бәрі бірдей уағыздау және шәкірт дайындау ісіне қатысу арқылы және кездесулерде бауырластарды рухани нығайту арқылы өзге мәсіхшілерге үлгі көрсетеді (Зәк. 8:23). Оның үстіне, рухани терең нәрселер соңғы күндері ашылуы тиіс еді. Осы мерзімге дейін Даниял жазған пайғамбарлық сөздер “жасырын” болып келді (Дан. 12:9). Киелі рух осы терең шындықтарды қалайша және кім арқылы ашар еді?
10. а) Осы соңғы күндері киелі рух терең шындықтарды кім арқылы ашуда? ә) Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасы жайлы шындық қалай айқындала түсті?
10 Бүгінде қандай да бір рухани мәселені ашатын уақыт келгенде, киелі рух бас басқармада отыратын “адал да ақылды құлдың” жауапты өкілдеріне бұрын анық болмаған терең рухани нәрселерді түсінуге көмектеседі (Мат. 24:45; Қор. 1-х. 2:13). Басқарушы кеңестің барлық мүшелері бас қосып, қайта қарастыруды талап ететін мәселелерді талқылайды (Ел. іс. 15:6). Сонан соң ашылған жайттарды, қажет болса, баршаның игілігіне басып шығарады (Мат. 10:27). Уақыт өте келе қосымша түзетулер енгізілу қажет болуы мүмкін және олар да шыншылдықпен ашық жарияланатын болады (“Киелі рухтың көмегімен рухани ғибадатхананың мәні қалай ашылды?” деген қоршауды қара).
Киелі рухтың бүгіндегі қызметі
11. Бүгіндегі мәсіхшілердің Құдайдың терең ой-мақсаттарын түсінуіндегі киелі рухтың рөлі қандай?
11 Барлық адал мәсіхшілер Құдайдың терең ой-мақсаттарын киелі рухтың көмегімен түсінуде. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты біз де киелі рухтың көмегімен түсінген мәліметті терең зерттейміз және кейінірек ойымызға түсіріп, өмірде қолданамыз (Лұқа 12:11, 12). Басылып шыққан рухани шындықтарды түсіну үшін осы дүниелік жоғары білімнің қажеті жоқ (Ел. іс. 4:13). Олай болса, Құдайдың терең ой-мақсаттарын түсінуде алға басу үшін не істей аламыз? Қазір мұның бірнеше жолын қарастырып көрейік.
12. Қай уақытта киелі рухты өтініп, дұға еткеніміз жөн?
12 Киелі рухты өтініп, дұға ет. Жазбаларды зерттеудің алдында дұға етіп, киелі рухтың басшылығын өтінуіміз қажет. Тіпті жеке зерттегелі отырсақ та, уақытымыз аз болса да, солай етуіміз керек. Кішіпейілділікпен осындай өтініш жасағанымыз көктегі Әкемізге ұнайтыны сөзсіз. Иса айтқандай, ол өтінішімізге құлақ асып, бізге киелі рухын береді (Лұқа 11:13).
13, 14. Құдайдың терең ой-мақсаттарын түсіну үшін қауым кездесулеріне дайындалу қаншалықты маңызды?
13 Кездесулерге дайындал. Біз құл табы арқылы ‘ас-суды уақтылы’ алып отырмыз. Құл табы Жазбаларға негізделген мәліметті және қауым кездесулерінің бағдарламасын дайындау арқылы өз міндетін атқарады. Қандай да бір мәлімет бауырластарға ұсынылмас бұрын, егжей-тегжейлі зерттеледі (Пет. 1-х. 2:17; Қол. 4:16; Яһд. 3). Біз сол ұсыныстарды қолдануға бар күшімізді салар болсақ, киелі рухпен қызметтес боламыз (Аян 2:29).
14 Қауым кездесулеріне дайындалған кезде үзіндісі келтірілмеген жазба орындарын ашып оқып, қарастырылып жатқан мәліметке қандай қатысы бар екенін түсінуге тырысқанымыз абзал. Бұлай етсек, Киелі кітапты тереңірек түсінетін боламыз (Ел. іс. 17:11, 12). Сондай-ақ Киелі кітапты ашып оқығанымыз киелі рухтың көмегімен оның мазмұны мен қай жерде жазылғанын есте сақтауға көмектеседі.
15. Неліктен біз басылымдардың бәрін бірдей оқуымыз керек және сен бұны қалай істейсің?
15 Басылымдардың бәрін де оқы. Кейбір әдебиеттеріміз қауым кездесулерінде қарастырылмайды, бірақ олар да біз үшін өте пайдалы. Тіпті “Күзет мұнарасының” таратуға арналған санындағы мәліметтердің де бізге қатысы бар. Осы қарбалас дүниеде бізге жиі біреуді немесе бір нәрсені күтуге тура келеді. Егер оқымаған немесе жарым-жартылай оқыған басылымдарды өзімізбен алып жүрсек, қолымыз қалт еткенде бір бөлігін оқуға мүмкіндік болады. Кейбіреулер бір жерге жаяу не көлікпен бара жатқан кезде, үнтаспаға жазылған әдебиеттерді тыңдайды. Тыңғылықты зерттелген әрі жалпы оқырманға қызықты етіп жазылған мәлімет біздің рухани нәрселерді бағалай түсуімізге көмектеседі (Абб. 2:2).
16. Туындаған сұрақтарды түртіп алып, оны зерттегеннің пайдасы неде?
16 Ой жүгірт. Киелі кітаптан не оған негізделген басылымдардан оқығаныңның үстінен ой жүгіртуге уақыт бөл. Оқу барысында сенде сұрақтар пайда болуы мүмкін. Оларды жазып алып, кейін зерттесең болады. Әдетте қызықтырған нәрселерді зерттегенде біз рухани ойларды тереңірек қазамыз. Сонда ие болған терең түсінігіміз кез келген уақытта жүгіне алатын рухани қазынамызға айналады (Мат. 13:52).
17. Отбасылық ғибадат кешінде не жеке зерттегенде қандай мәліметті талқылайсыңдар?
17 Отбасылық ғибадат кешін үзбей өткіз. Басқарушы кеңес бәрімізді апта сайын кешке болсын, басқа уақытта болсын отбасылық немесе жеке зерттеу жүргізуге уақыт бөлуге талпындырады. Қауым кездесулерінің кестесі өзгертілгені, осы кеңесті қолдануға мүмкіндік береді. Отбасылық ғибадат кешінде нені талқылайсыңдар? Кейбіреулер Киелі кітапты оқиды, сұрақ тудырған жазба орындарын бірге зерттейді және сол жазба орындардың тұсына қысқаша түсініктеме жазады. Көп отбасылар зерттелген мәліметті қалай қолдануға болатыны жайында ой жүгіртуге уақыт бөледі. Кейбір отағалары отбасына қажет деген мәліметті немесе отбасы мүшелері өтінген тақырыптар мен сұрақтарды қарастырады. Уақыт өте басқа да тақырыптарды талқылауды шешулерің мүмкінa.
18. Неліктен біз Құдай сөзіндегі терең шындықтарды зерттеуден тартынбауымыз керек?
18 Иса киелі рух көмекші болады деген. Сондықтан Құдай сөзіндегі терең шындықтарды зерттеуден тартынбауымыз керек. Мұндай шындықтар өте бағалы ‘Құдай жайлы білім’ болып табылады және біз оларды зерттеуге шақырыламыз (Нақыл сөздер 2:1—5 оқы). Олар “Құдай Өзін сүйетіндерге дайындап қойған” көптеген нәрселерді ашады. Ехобаның Сөзін жақсырақ түсінуге күш салар болсақ, киелі рух бізге көмек береді, өйткені ол “бәрінен де, Құдайдың терең ой-мақсаттарынан да хабардар” (Қор. 1-х. 2:9, 10).
[Сілтеме]
Қалай жауап берер едіңдер?
• “Құдайдың терең ой-мақсаттарын” түсінуге киелі рух бізге қандай екі жолмен көмектеседі?
• Бірінші ғасырда киелі рух терең шындықтарды кім арқылы ашты?
• Қазіргі уақытта киелі рух рухани мәселелерді қалай айқындай түсуде?
• Киелі рухтың қызметінің пайдасын қалай көре аламыз?
[22-беттегі қоршау]
Киелі рухтың көмегімен рухани ғибадатхананың мәні қалай ашылды?
Бірінші ғасырда киелі шатыр, ал кейіннен ғибадатханалар, шын мәнінде, бұдан да зор рухани мәні бар нәрсенің көрінісі болғаны жайлы шындық ашылған еді. Бұл сол кезде анықталған “Құдайдың терең ой-мақсаттарының” бірі болатын. Елші Пауыл бұл нәрсенің ‘адам баласы емес, Жаратқан Иенің Өзі көкте тұрғызған шынайы киелі үй’ екендігін айтқан (Евр. 8:2). Ол ұлы рухани ғибадатхана немесе Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының әрі басты діни қызметкер ретіндегі қызметінің арқасында Ехобаға жақындау үшін жасалған жаңа құрылым болатын.
‘Шынайы киелі үй’ б. з. 29 жылы Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба оны кемелді құрбандық ретінде мақұлдаған кезде пайда болды (Евр. 10:5—10). Иса қайта тірілген соң, рухани ғибадатхананың ең қасиетті бөліміне кіріп, “Құдай алдында” өзінің құрбандығын ұсынды (Евр. 9:11, 12, 24).
Тағы бірде елші Пауыл майланған мәсіхшілерді “киелі үй болу үшін өсіп жатыр” деп суреттеді (Ефес. 2:20—22). Осы “киелі үй” мен Пауыл кейінірек еврейлерге жазған хатында суреттеген “шынайы киелі үй” бір нәрсе ме еді? Ондаған жылдар бойы Ехобаның қызметшілері солай деп ойлап келген. Олар майланған мәсіхшілер Ехобаның көктегі киелі үйінің ‘тірі тастары’ болып қалану үшін жерде дайындықтан өтіп жатыр деген пікірде болған (Пет. 1-х. 2:5).
Алайда 1971 жылға таман адал да ақылды құл табына кіретін жауапты бауырластар Пауылдың Ефестіктерге жазған хатында атап өткен ғибадатхана Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасы болуы мүмкін емес екенін түсіне бастады. Егер “шынайы киелі үй” қайта тірілген майланғандардан тұратын болса, онда ол майланғандар қайта тіріле бастағанда, яғни “Иеміз қайта келгенде” пайда болуы керек-тін (Сал. 1-х. 4:15—17). Алайда киелі шатырға сілтеген Пауыл былай деген: “Бұл осы замандағы жайттың бейнесі!” (Евр. 9:8, 9).
Осы және басқа да жазба орындарын мұқият салыстырудың арқасында, ғибадатхана қазір салынып жатпағаны және майланған мәсіхшілер Ехобаның көктегі ғибадатханасының “тастары” болу үшін жерде дайындалып жатпағаны айқындалды. Керісінше, майланған мәсіхшілер рухани ғибадатхананың ауласы мен Киелі бөлімінде қызмет етіп, Құдайды ‘ауызбен де мойындап, дәріптеуде’ (Евр. 13:15).
[23-беттегі сурет]
“Құдайдың терең ой-мақсаттарын” түсінуде алға басу үшін не істей аламыз?