Егін жинау ісінде қажырлы болыңдар!
“Көз жасын көл етіп еккендер егінін қуана әндетіп жинамақ өнімін” (ЗАБУР 125:5).
1. Бүгінгі күні неліктен ‘егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтіну’ керек?
УАҒЫЗ айтып Ғалилеяны үшінші мәрте аралап шыққан соң Иса Мәсіх шәкірттеріне былай деді: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз” (Матай 9:37). Яһудеядағы жағдай да осындай болатын (Лұқа 10:2). Мұндай жағдай 2 000 жылдай бұрын болған еді, ал бүгін ше? Соңғы қызмет жылының барысында 6 000 000-нан астам Ехоба Куәгерлері дүние жүзіндегі 6 000 000 000 адамның арасында бейнелеп айтқандағы егіндікте қажырлы еңбек етті. Ол адамдардың көбісі “бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара” күйде. Сол себепті Исаның “егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтінуге” шақыруы, көп ғасыр бұрын маңызды болғанындай, бүгінгі күні де маңызды (Матай 9:36, 38).
2. Адамдардың көңілін бізге бұрып отырған не?
2 Егіннің Иесі Ехоба Құдай көбірек жұмысшылар жіберу жайындағы өтінішке жауап беруде. Құдай басқарып отырған егін жинау ісіне қатысу қандай қуанышты десеңші! Дүние жүзіндегі халықтармен салыстырғанда санымыз аз болғанымен, Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне бар ынтамызбен ат салысып жүргеніміз бүкіл әлемнің назарын бізге бұрады. Көп елдерде бұқаралық ақпарат құралдарында біз жайлы жиі айтады. Телефильмдерде есіктің қоңырауының шылдырлағанын кейде Ехоба Куәгерлері келді деп түсіндіріп жатады. Иә, бейнелеп айтқандағы егін жинаушылар ретінде атқарып жатқан мәсіхшілік ісіміз XXI ғасырда көпшілікке таныс.
3. а) Бірінші ғасырдағы Патшалықты уағыздау ісі әлемнің назарынан тыс қалмағанын қайдан білеміз? ә) Қызметімізді періштелер де қолдауда деп неліктен айта аламыз?
3 Бірінші ғасырдағы Патшалықты уағыздау ісі де бүкіл әлемнің көңілін өзіне бұрған және адамдар ізгі хабарды жариялаушыларды қудалаған. Сол себепті елші Пауыл былай деп жазған еді: “Құдай біздерге, яғни елшілерге өлімге кесілген тұтқындар іспетті “салтанатты жүрістің аяғында” жүруді бұйырды деп ойлаймын. Себебі бүкіл әлемге — періштелер мен адамдарға масқара көрініс болдық” (1 Қорынттықтарға 4:9). Сол сияқты, біздің де қудаланғанымызға қарамастан Патшалықты жариялаудағы қажырлылығымыз бүкіл әлемнің назарына ілігіп отыр, әрі бұл періштелер үшін де маңызды. Аян 14:6-да былай делінген: ‘Мен [елші Жохан] аспанда, шыңырау биікте ұшып бара жатқан ерекше бір періштені көрдім. Ол жер бетінде Құдайға мойынсұнбай тұратындарға — әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа... Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды жариялап жүр’. Иә, егін жинаушы ретіндегі қызметімізді періштелер де қолдауда! (Еврейлерге 1:13, 14).
‘Сендерді жек көреді’
4, 5. а) Иса шәкірттеріне не нәрсені ескертті? ә) Неліктен Ехобаның бүгінгі күнгі қызметшілері өзгелерге ‘жек көрінішті’?
4 Егін жинаушылар ретінде Иса жұмсаған елшілер оның “жыландай көреген, көгершіндей ақ көңіл болыңдар” деген өсиетін жадынан шығармады. Әрі қарай Иса былай деді: “Жұрттан сақтанып жүріңдер, олар сендерді соттарға ұстап беріп, өздерінің мәжілісханаларында дүре соғатын болады. Менің жолыма түскендеріңе бола сендерді әміршілер мен патшалар алдына да апарады. Осылайша соларға және басқа ұлт адамдарына Мен туралы ашық айтасыңдар... Менің атыма бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады. Ал ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады” (Матай 10:16—22).
5 Бүгінгі күні біздің ‘жек көрінішті’ болуымыздың себебі — “бүкіл дүние жүзіне шайтан билігін жүргізіп отыр”. Ол — Құдай мен Оның халқының басты жауы болып табылады (1 Жохан 5:19). Жауларымыз біздің рухани өркендегенімізді көріп отыр, бірақ бұның Ехобаның арқасында болып отырғанын мойындағылары келмейді. Қарсыластарымыз біздің қуанышпен егін жинау ісіне ат салысып жүргендегі бақытты, жайдары жүзімізді көріп жүр. Олар біздің ынтымағымызға таң қалады! Мүмкін олар өзге елге сапар шеккенде ондағы Ехоба Куәгерлерінің де тура өз елдерінде көріп жүрген іспен шұғылданып жүргенін көргенде, ынтымағымызды зауықсыз мойындайтын болар. Әрине, уақыты келгенде біздің жақтаушымыз және ынтымағымыздың негізі болып табылатын Ехобаны барлық адамдардың, тіпті жауларымыздың да, мойындайтынын білеміз (Езекиел 38:10—12, 23).
6. Егін жинау ісіне ат салысқан біздер не нәрсеге сенімді бола аламыз, сөйткенмен де қандай сұрақ туындайды?
6 Егіннің Иесі өзінің Ұлы Иса Мәсіхке ‘көк пен жердің барлық билігін берді’ (Матай 28:18). Осылайша Ехоба Иса арқылы егін жинау ісін басқарып отыр. Ал Иса болса бұл істе көктегі періштелерді және жерде ‘адал да саналы қызметшіні’ қолданып отыр (Матай 24:45—47; Аян 14:6, 7). Алайда, егін жинау ісін қажымай атқара жүріп, қалай жауларымыздың қарсылығына төтеп беруімізге және қуанышымызды жоғалтпауымызға болады?
7. Қарсылық көргенде немесе қуғынға ұшырағанда қандай рухты жоғалтпауға тырысуымыз керек?
7 Қарсылыққа немесе тіпті ашық қуғынға ұшырағанда, Пауылдікіндей рух сақтау үшін Құдайдың көмегін іздегейміз. Ол былай деп жазған еді: “Бізді жамандағандарға ақ бата тілейміз, қудаласа, оған да төземіз; қаралағандарға жылы сөйлеп, ескертеміз” (1 Қорынттықтарға 4:12, 13). Біздің әдеппен көпшілік үшін атқаратын қызметіміз бен осындай рухымыздың арқасында кейде қарсыластарымыздың көзқарасы өзгеріп жатады.
8. Исаның Матай 10:28-де жазылған сөздерінен қандай жұбаныш табасыңдар?
8 Тіпті өлім қаупі де біздің егін жинауға деген құлшынысымызды әлсірете алмайды. Біз Патшалық туралы хабарды қорықпастан мүмкіндігінше ашық жариялаймыз. Сондай-ақ біз Исаның келесі жігерлендіретін сөздерінен жұбаныш табамыз: “Тәнді өлтірсе де жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!” (Матай 10:28). Біз көктегі Әкеміздің өмір Беруші екенін білеміз. Ол өзіне шын берілгендігін сақтап, егін жинау ісіне адалдықпен ат салысқан адамдарды марапаттайды.
Өміріңді сақтайтын хабар
9. Кейбіреулер Езекиелдің сөздерін қалай қабылдады және бүгінгі күні қандай соған ұқсас жағдайды байқауға болады?
9 Езекиел пайғамбар “бағынбайтын адамдарға”, яғни Исраил мен Яһуда патшалықтарына, Ехобаның хабарын батылдықпен жариялағанда кейбір адамдарға оның айтқандарын тыңдау ұнайтын еді (Езекиел 2:3, СА). “Міне, сен олар үшін даусы жағымды және аспапта жақсы ойнайтын көңіл көтеретін әнші сияқтысың”,— деді оған Ехоба (Езекиел 33:32, СА). Езекиелдің айтқандары ұнағанымен, олар оның сөздеріне сәйкес әрекет етпеді. Бүгінгі жағдай қандай екен? Майланған тамтық пен олардың серіктестері Ехобаның хабарларын батыл жариялаған кезде кейбіреулер Патшалық әкелетін баталар жөнінде тыңдауды ұнатады, бірақ олар оны лайықты түрде қабылдамайды, яғни шәкірт болып, егін жинау ісіне қосылмайды.
10, 11. XX ғасырдың бірінші жартысында біздің құтқаратын хабарымызды жариялау үшін қандай шаралар қолданылды және нәтижесі қандай болды?
10 Алайда көп адамдар егін жинау ісін дұрыс қабылдап, Құдайдың хабарларын жариялауға ат салысуда. Мысалы, 1922 жылдан 1928 жылға дейін өткен конгрестерде шайтанның зұлым дүниесіне шығарылған үкім ашық жарияланды. Сол конгрестерде айтылған бұл үкімдер радиостанциялар арқылы таратылды. Кейінірек Құдай халқы осы хабар жазылған парақшалардың миллиондаған данасын таратты.
11 1930 жылдардың аяғында куәлік етудің өзге түрі қолданыла бастады. Ол “ақпараттық шеру” еді. Алғашында Ехобаның халқы мойындарына көпшілікке арналған баяндамаға шақыру жазылған плакат іліп алып жүретін. Кейінірек олар “Дін — тор және алдау”, “Құдай мен Мәсіх Патшаға қызмет етіңдер” деген шақыру сөздер жазылған плакаттар іліп алып жүретін болды. Олар осылай шеру жасағанда көшеде өтіп бара жатқан адамдардың назарын өздеріне аударатын. “Негізінен осы тәсілдің арқасында Ехоба Куәгерлері елдің көңілін өздеріне бұра алды және бойларында батылдық дамыта алды”,— деді Лондонның (Англия) адам көп жүретін көшелерінде жүйелі түрде осындай шерулерге қатысқан бір бауырласымыз.
12. Құдайдың үкімі туралы хабарлармен қатар біз тағы нені жариялаймыз және бүгінде ізгі хабарды уағыздау ісін кімдер бірігіп атқарып жатыр?
12 Құдайдың үкімі туралы хабарларды жариялаған кезде Патшалық туралы хабардың жақсы жақтарына да көңіл бұрамыз. Біздің осы дүниенің алдында батыл куәлік етуіміз лайықты адамдарды іздеп табуымызға көмектеседі (Матай 10:11). Майланған таптың соңғы мүшелерінің басым көпшілігі 1920 жылдар мен 1930 жылдардағы егін жинаушылардың үндеуіне құлақ асты. Содан соң 1935 жылы өткен конгресте ‘басқа қойларға’ жататын “үлкен тобыр” үшін жұмақ орнаған жердегі керемет болашақ туралы хабар айтылды (Аян 7:9; Жохан 10:16). Олар Құдайдың үкімі туралы хабарларды қабыл алып, құтқаратын ізгі хабарды жариялауда майланғандардың қатарына қосылуда.
13, 14. а) Забур 125:5, 6 тармақтардан қандай жұбаныш табуға болады? ә) Егер себу мен суғару ісін жалғастыра берер болсақ, нәтижесі қандай болады?
13 Забур 125:5, 6 тармақтардағы сөздер Құдайдың егін жинаушылары үшін, әсіресе қуғын көріп жүргендер үшін, үлкен жұбаныш болып табылады: “Көз жасын көл етіп еккендер егінін, қуана әндетіп жинамақ өнімін: Олар еңіреп жүріп тұқымдарын себеді егістік жерлеріне, кейін құшақтап ап астық бауларын қуана қайтады өз үйлеріне”. Забур жыршысының егу мен жинау жөніндегі сөздері ежелгі Бабыл тұтқынынан қайта оралған тамтыққа деген Ехобаның қамқорлығы мен оларға берген баталарын суреттейді. Олар құлдықтан құтылғандарына шексіз бақытты болды, бірақ олар 70 жыл бойы құлдықта жүргенде өңделмей қараусыз қалған жерге ұрық сепкен кезде жылаған болулары мүмкін. Алайда, егін себуді және құрылыс жұмыстарын тоқтатпағандар еңбектерінің жемісін көріп, қуанышқа бөленді.
14 Сынаққа ұшыраған кезімізде және біз немесе бауырластарымыз әділдік үшін азап шеккен кезде көз жасын төгуіміз мүмкін (1 Петір 3:14). Егін жинау ісімізде алғашында қызметіміздің еш нәтижесі жоқтай көрінгендіктен қиналуымыз мүмкін. Егер себуді және суғаруды жалғастыра берер болсақ, Құдай, жиі біз күтпеген жағдайда, өсімін береді (1 Қорынттықтарға 3:6). Бұның рас екенін біздің Киелі кітаптар мен Жазбаларға негізделген әдебиеттерді таратуымыздың нәтижелері жақсы суреттейді.
15. Егін жинау ісінде мәсіхшілердің әдебиеттерінің пайдалы екендігінің мысалын келтір.
15 Джим есімді кісінің мысалын қарастырып көрейікші. Анасы қайтыс болған кезде ол оның заттарының ішінен “Тіршілік қалай пайда болды? Эволюция жолымен бе, әлде жаратылды ма?”a деген кітапты тауып алады. Ол кітапты қызыға оқып шығады. Содан соң Джим көшеде жолыққан Куәгермен әңгімелескеннен кейін, оның қайта оралып келуіне келіседі. Сол кездесуден кейін олар Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды. Джим жылдам рухани жетістіктерге жетіп, өзін Ехобаға арнайды да, шомылдыру рәсімінен өтеді. Ол өзінің білгенін отбасының өзге де мүшелерімен бөліседі. Нәтижесінде Джимнің әпкесі мен ағасы Ехоба Куәгері болады да, өзі болса кейінірек Лондондағы Бетел үйінде ерікті толық уақытты қызмет атқару құрметіне ие болады.
Қуғын көрсе де қуанышты
16. а) Егін жинау ісінің табысты болуының себебі неде? ә) Ізгі хабардың әсеріне байланысты Иса қандай ескерту жасады, бірақ біздің адамдармен ізгі хабарды бөліскендегі ниетіміз қандай?
16 Егін жинау ісінің мұндай жемісті болуының себебі неде? Өйткені майланған мәсіхшілер мен олардың серіктері Исаның өсиеттеріне құлақ асады: “Сендерге қараңғыда айтқанымды жарықта айтыңдар, құлақтарыңа сыбырлағанды жұртқа жариялаңдар!” (Матай 10:27). Алайда біз қиындықтарға да ұшырауымыз мүмкін, өйткені Иса былай деген болатын: “Бауыры өз бауырын, әкесі өз баласын ажалға ұстап беріп, балалары да әке-шешелеріне қарсы көтеріліп, оларды өлімге душар етеді”. Әрі қарай Иса былай деді: “Мені дүние жүзіне жалған татулық әкелу үшін келді деп ойламаңдар. Мен сондай татулықты емес, жақсы мен жаманды бір-бірінен ажырататын айыруды әкелу үшін келдім” (Матай 10:21, 34). Иса әдейі отбасы мүшелерін бір-бірінен айырғысы келген жоқ. Бірақ ізгі хабардың әсерінен кейде осылай болып жататын. Бүгін де Құдайдың қызметшілері осындай жағдайға кезігіп жатады. Үйме-үй жүргендегі біздің мақсатымыз отбасы мүшелерін бір-бірінен ажырату емес. Біз әркімнің де ізгі хабарды қабыл алғанын қалаймыз. Сол себепті біз ізгі хабарды отбасының барлық мүшелерімен бөлісуге және “мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқандарды” қызықтыратындай әсерлі болуы үшін шынайы көңілмен, достық ниетпен жеткізуге тырысамыз (Елшілердің істері 13:48).
17. Құдайдың билігін қолдайтындар өзгелерден қалай ерекшеленеді және бұның бір мысалы қандай?
17 Патшалық туралы хабардың арқасында Құдайдың билігін қолдайтындар өзгелерден ерекшеленеді. Мысалы, Германиядағы национал-социализм кезінде бауырластарымыз ‘патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға бергендіктен’ өзгелерден қалай ерекше болғанын қарастырайықшы (Лұқа 20:25). Христиан әлемінің шіркеулеріне жататын дін басылары мен христиан аталмыш мүшелерінен айырмашылығы — Ехобаның қызметшілері Киелі кітап принциптерін бұзбай берік тұрды (Ишая 2:4; Матай 4:10; Жохан 17:16). “Нацистік мемлекет және жаңа діндер” (The Nazi State and the New Religion) деп аталатын кітаптың авторы профессор Кристин Кинг былай деген еді: “[Нацистік] үкімет тек Ехоба Куәгерлеріне қарсы күресінде ғана сәтсіздікке ұшырады. Мыңдаған мүшелерін өлтіргенімен олардың ісін тоқтата алған жоқ, әрі 1945 жылдың мамыр айында национал-социализм жойылған кезде, Ехоба Куәгерлері қозғалысы бұрынғысынша тіршілігін тоқтатпаған еді”.
18. Қуғын көргендеріне қарамастан Ехобаның халқы қандай ой қалпын танытады?
18 Әрине, қуғынға ұшыраған кезде, Ехобаның халқының қандай ой қалпын танытатындығы өте маңызды. Осы дүниелік әкімдерге біздің сеніміміз әсер еткенімен, оларды таңғалдыратыны біздің тарапымыздан еш қастық немесе ашу-ызаның болмайтындығы. Мысалы, Холокосттан аман қалған Куәгерлер басынан кешкендерін есіне алғанда жиі жүздерінен қуаныш пен риза көңілдерін байқауға болады. Олар өздеріне Ехобаның “шексіз зор құдірет” бергенін біледі (2 Қорынттықтарға 4:7). Біздің арамыздағы майланғандар ‘есімдерінің көктегі кітапқа тіркелгендігіне’ сенімді (Лұқа 10:20). Олардың төзімділігі үміт отын жағады, ал бұл үміт алдамшы қиял емес. Жерде өмір сүру үміті барлар да солар сияқты сенімді (Римдіктерге 5:4, 5).
Егін жинау ісінде қажырлы болыңдар
19. Мәсіхшілер қызметтерінде қандай тиімді тәсілдерді қолданып келеді?
19 Ехобаның бейнелі түрдегі егін жинау ісіне қатысуға әлі қанша уақыт мүмкіндік беретіні бізге белгісіз. Әзірге қатысып отырған уақытта біз егін жинаушының арнайы әдістер қолданатынын есімізде ұстауымыз керек. Сол сияқты, біз де уағыздау ісімізде сенімді, тәжірибеден өткен тәсілдерді қолданатын болсақ, еңбегіміздің нәтижелі болары сөзсіз. Пауыл бір сенімдегілерге: “Менен үлгі алыңдар!” — деп өтінемін”,— деген болатын (1 Қорынттықтарға 4:16). Мілитте Ефестегі қауымдардың ақсақалдарымен кездескен кезде Пауыл “ел алдында және жеке үйлерде” тәлім беруден бас тартпағанын олардың есіне салды (Елшілердің істері 20:20, 21). Пауылдың серігі Тімоте елшінің тәсілдерін үйреніп алып, қорынттық бауырластарды сол тәсілдермен таныстырды (1 Қорынттықтарға 4:17). Құдай Пауылдың тәлім беру тәсілдеріне батасын берді, сол сияқты біздің де — үйме-үй жүргенде болсын, қайта оралып барғанда, үй жағдайында Киелі кітапты зерттеу сабағында, адамдарды кездестірген қай жерде болсын — ізгі хабарды уағыздаудағы қажырлы әрекетімізге батасын береді (Елшілердің істері 17:17).
20. Иса өте мол рухани егін жинау ісі басталғалы отырғанын қалай көрсетті және егіннің мол екені соңғы жылдары қалай белгілі болды?
20 Б. з. 30 жылы Сихар қаласына жақын жерде самариялық әйелге куәлік еткен соң, Иса рухани егін жинау ісі туралы айтты. Ол шәкірттеріне былай деді: “Көздеріңді ашып егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр. Қазір-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады” (Жохан 4:34—36). Иса өзінің самариялық әйелмен кездесуінің нәтижесінің қандай болатынын сол кезде-ақ білген болса керек, өйткені кейінірек ол әйелдің куәлік етуінің арқасында көптеген адамдар Исаға сенім артты (Жохан 4:39). Соңғы жылдары көптеген елдерде Ехоба Куәгерлерінің алдында тұрған кедергілер жойылуда немесе олар заңды тіркеуден өтуде, осылайша олардың алдында егін жинау үшін жаңа егіндіктер ашылуда. Нәтижесінде өте көп рухани егін жиналуда. Бүкіл жер шары бойынша рухани егін жинау ісін қуанышпен жалғастыра отырып, көптеген баталарға ие болудамыз.
21. Қуанышты егін жинаушылар ретінде қажырлы болуымызға қандай себептер бар?
21 Астық пісіп-жетіліп, жинауға дайын болған кезде, егін жинаушылар жылдам әрекет етулері керек. Олар кідірместен іске кірісулері керек. Бүгін біз бар ынтамызбен және уақыттың тығыз екенін ескере отырып әрекет етуіміз керек, өйткені біз қазір ‘заманның ақырында’ өмір сүріп отырмыз (Даниял 12:4, СА). Иә, біз сынақтарға кездесіп жатамыз, бірақ қазіргідей көп адам бұрын-соңды ешқашан Ехобаға ғибадат еткен емес. Сондықтан да бүгінгі күндер қуанышты күндер (Ишая 9:3). Сол себепті қуанышты жұмысшылар ретінде егін жинау ісінде қажырлы болғаймыз!
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарады және таратады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Егіннің Иесі көбірек жұмысшылар жіберуі туралы өтінішке қалай жауап беруде?
• ‘Жек көрінішті’ болсақ та біз қандай рухымызды сақтаймыз?
• Қуғынға ұшырасақ та неліктен біз қуаныштымыз?
• Неліктен біз егін жинау ісіне уақыттың тығыз екенін ескере отырып, қажырлылықпен ат салысуымыз керек?
[14, 15-беттегі суреттер]
Рухани егін жинау ісіне ат салысып жүргендерді періштелер қолдайды
[16-беттегі сурет]
“Ақпараттық шеру” Патшалық туралы хабарға көп адамдардың көңілін бұрды
[16-беттегі сурет]
Біз егеміз және суарамыз, бірақ өсіретін — Құдай