20-тарау
Қанадағы екінші керемет
ЯҺУДЕЯДАҒЫ кең көлемді уағыздау науқанынан соң, Иса өзі тұратын өңірге оралды, бірақ тынығу үшін емес. Керісінше, ол өзінің өскен жері Ғалилеяда одан да белсене қызметке кірісті. Бірақ шәкірттері оның қасында болудың орнына, өз отбасыларына оралып, бұрынғы шаруаларына кірісіп кетті.
Иса енді қандай хабарды уағыздауда? “Құдай Патшалығының жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды! Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіп, Ізгі хабарға сеніңдер!” деген хабарды. Ал адамдар мұны қалай қабылдауда? Ғалилеялықтар жылы қабылдап, Иса бәрінің құрметіне бөленді. Алайда олардың көпшілігін қызықтырған бұл хабар емес, осыдан бірнеше ай бұрын Иерусалимдегі Құтқарылу мейрамына барған кездерінде көрген Исаның жасаған кереметтері.
Иса өзінің Ғалилеядағы маңызы зор қызметін Қана қаласында бастаған болса керек. Алдыңғы жолы, Яһудеядан оралған кезде, ол Қанадағы үйлену тойында суды шарапқа айналдырған болатын. Ал бұл жолы Қапарнаумда Ирод патшаның сарайында қызмет ететін бір кісінің баласы хал үстінде. Исаның Яһудеядан Қанаға оралғанын естіген қайғыдан құса болған бұл кісі осы жерге келіп: “Мырза, ұлым өлмей тұрғанда келіңізші!” — деп жалбарынды.
Иса оған: “Үйіңе бара бер, балаң аман-сау!” — деп жауап қатты. Ол Исаның сөзіне сеніп, үйіне қарай аттанды. Жолда қарсы алдынан баласының жағдайы жақсы екенін хабарлауға асығып келе жатқан қызметшілерін кездестірді. Сонда ол “баласының жағдайы қай сәтте жақсарғанын” сұрады.
— Кеше түс кезінде, сағат бірде ыстығы қайтты,— деді қызметшілері.
Сонда ол мұның Иса “балаң аман-сау” деген кезде болғанын білді. Осыдан кейін ол бүкіл үй-ішімен Исаның шәкірті болды.
Осылайша, Яһудеядан оралғанының белгісі ретінде екі рет керемет жасап, Иса Қана қаласына ерекше құрмет көрсетті. Оның бұған дейін де кереметтер жасағаны рас, дегенмен бұл екі керемет оның Ғалилеяға оралғандығының белгісі ретінде есте қалмақ.
Иса қазір Назареттегі үйіне қарай бет алып барады. Онда оны не күтіп тұр екен? Жохан 4:43—54; Марқа 1:14, 15; Лұқа 4:14, 15.
▪ Иса Ғалилеяға оралған кезде, шәкірттері не істеді және Оны ғалилеялықтар қалай қарсы алды?
▪ Иса қандай керемет жасады және одан әсер алғандар қандай шешім қабылдады?
▪ Иса Қана қаласына қалай ерекше құрмет көрсетті?