81-тарау
Исаны тағы да өлтірмекші болды
ҚАЗІР қыс мезгілі. Иса ғибадатхананың жанындағы Сүлеймен патша атындағы бағаналы ғимаратта жүр. Бұл жерде оны яһуди діндарлары қоршап алып: “Қашанға дейін бізді еліктіріп, алаңдатып қоясыз? Құтқарушы Мәсіх болсаңыз, ашығын айтыңыз”,— деп талап етуде.
Иса оларға: “Мен оны айттым ғой, ал сендер сенбедіңдер”,— деп жауап берді. Құдықтың басындағы самариялық әйелге айтқанындай, Иса оларға өзінің Мәсіх екенін ашық айтқан емес. Алайда оларға көктен келгендігін және де Ыбырайымға дейін өмір сүргендігін түсіндіргенде, ол өзінің кім екенін анық көрсеткен болатын.
Иса өзінің Мәсіх екендігіне адамдар Жазбалардағы Мәсіхтің ісіне қатысты пайғамбарлықтарды өзінің ісімен салыстырып, өздері көз жеткізгенін қалайды. Сол себепті де ілгеріде Иса шәкірттеріне өзінің Мәсіх екенін ешкімге айтпауды бұйырған болатын. Міне, сондықтан қазір Иса өзіне қастасқан яһудилерге: “Әкемнің атынан істеп жүрген істерім Менің Сол екеніме айғақ. Бірақ сендер сенбейсіңдер”,— деді.
Олар неліктен сенбейді? Мүмкін, Исаның Мәсіх екенін дәлелдейтін айғақтар аз шығар? Жоқ, Иса бұның себебі басқада екендігін көрсетіп: — Менің “отарымнан” емессіңдер. Менің “қойларым” даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді. Соларға мәңгілік өмір беремін, олар ешқашан құрымайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып алмайды. Оларды Маған берген Әкем бәрінен де ұлы. Ешкім соларды Әкемнің қолынан да тартып ала алмайды,— деді.
Содан кейін ол өзінің Әкесімен тығыз қарым-қатынасы туралы айтып: “Әкем Екеуміз біртұтаспыз”,— деді. Исаның өзі жерде, ал Әкесі көкте болғандықтан, оның Әкесімен тура мағынада, яғни тәндік жағынан, біртұтаспыз деп айтпағандығы түсінікті. Бұл сөздер Исаның Әкесімен мақсаттарының бір екендігін және де олардың арасында өзара келісушілік бар екендігін білдіреді.
Оның бұл сөздеріне қатты ашуланған діндар яһудилер қолдарына тас алып, осыдан бірнеше ай бұрын Шыбық күрке мейрамындағыдай, Исаны өлтірмекші. Иса бұл адамдарға тіке қарап: “Көз алдарыңда Әкем тапсырған көп игі істер істедім. Солардың қайсысына бола Мені тас лақтырып өлтірмексіңдер?” — деп сұрақ қойды.
Олар: “Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорлағаның үшін тас лақтырып өлтіреміз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді”,— деді. Иса ешқашан да өзін Құдаймын деп айтқан емес. Олай болса, яһудилер неліктен бұлай дейді?
Себебі, олардың ойынша, Иса Құдайға ғана тән қабілеттерді өзіне таңуда. Мысалы, Ол жаңа ғана “қойлар” туралы: “Соларға мәңгілік өмір беремін”,— деген болатын. Ал бұл ешқандай адамның қолынан келмейді. Бірақ яһудилер Исаның мұндай билікті Әкесінен алғандығын мойындайтынын ескермейді.
Өзін Құдайдан төмен деп есептейтіндігін Исаның келесі сұрағынан көруге болады: — Өздерің де құрметтейтін Таурат заңында [Забур 81:6]: “Мен айттым: сендер құдайсыңдар” деп жазылған. Сонымен Құдай Өзінің сөзі жеткендерді “құдайсыңдар” деген... Онда Әкемнің Өзі ерекше тағайындап, дүниеге жіберген Мен “Құдайдың рухани Ұлымын” десем, қалайша “Құдайды қорладың” деп айта аласыңдар?
Егер Киелі кітап әділетсіз билерді “құдайсыңдар” деп атаса, онда Исаның “Құдайдың рухани Ұлымын” дегеніне яһудилер қалайша айып таға алады? Иса: “Әкемнің Маған тапсырған істерін істеп жүрмесем, Маған сенбей-ақ қойыңдар. Ал егер Мен оларды істеп жүрсем, Өзіме сенгілерің келмесе де, істеген істеріме сеніңдер! Осылай сендер Әкемнің Менімен, Менің Әкеммен тығыз байланыста тұрғанымызды түсінесіңдер”,— деп толықтырды.
Иса осыларды айтқанда, олар оны ұстап алмақшы болды. Бірақ бұл жолы да, Шыбық күрке мейрамы кезіндегідей, Иса қашып құтылды. Ол Иерусалимнен Иордан өзенінің арғы бетіндегі осыдан шамамен төрт жыл бұрын Жақия шомылдыру рәсімін орындаған жерге кетті. Бұл, сірә, Ғалилея теңізінің оңтүстік жағалауына жақын орналасқан Иерусалимнен екі күндік жер болса керек.
Исаға бола осы жерге келген көптеген адамдар: “Жақия ешқандай керемет істеген жоқ. Бірақ оның мына Кісі туралы айтқандарының бәрі де шындық!” — десті. Осылайша осы жердегілердің көпшілігі Исаға сенді. Жохан 10:22—42; 4:26; 8:23, 58; Матай 16:20.
▪ Исаның Мәсіх екендігіне көз жеткізетін қандай дәлелдер бар?
▪ Қай мағынада Иса мен Әкесі біртұтас?
▪ Яһудилер неліктен Иса өзін Құдаймын деп есептейді деді?
▪ Иса өзінің Әкесімен дәрежесі тең емес екендігін Забур жырынан келтірген үзінді арқылы қалай көрсетті?
r