Ехоба өзіне үміт артқандарды сақтайды
“Сүйіспеншілікке толы мейірімділігің мен шыншылдығың мені әрқашан сақтап жүрсін” (ЗАБУР 39:12, ЖД).
1. Дәуіт Ехобадан нені өтінген және бұл өтініш қазір қалай орындалуда?
ЕЖЕЛГІ исраилдің патшасы Дәуіт ‘Тәңір Иеге берік үміт артқан’ және оның жүрегі Ехобаның өзіне ‘назар аударып, зарына құлақ асқаны’ туралы айтуға талпындырған (Забур 39:2). Ол Ехобаның өзін жақсы көретіндерді қалай сақтағанын өз көзімен талай рет көрген. Сондықтан Дәуіт Ехобадан өзін әрқашан сақтап жүруін сұраған (Забур 39:12). Қайта тірілуге уәде алған адал адамдардың арасында аты аталған Дәуіт қазір сол сыйды алатын адамдардың бірі ретінде Ехобаның жадында сақтаулы (Еврейлерге 11:32—35). Осылайша ол болашаққа деген ең мықты кепілдік алған. Оның есімі Ехобаның ‘естелік кітабына’ жазылған (Малахи 3:16).
2. Жазбалар Ехобаның қай жағынан сақтайтынын дұрыс түсінуге қалай көмектеседі?
2 Еврейлерге кітабының 11-тарауында аталған адал адамдар Иса Мәсіх жерге келмей тұрып өмір сүргенімен, Исаның: “Кім өз өмірін бәрінен артық көрсе, сол шынайы өмірден құр қалады. Ал осы күнәкар дүниеде өмірін Құдай үшін қиған әркім оны мәңгілік өмір үшін сақтайды”,— деген сөздеріне сәйкес өмір сүрген (Жохан 12:25). Олай болса, Ехоба сақтаса, адам қасірет пен қуғын-сүргін көрмейді дегенді білдірмейтіні анық. Бұл адамның Құдай алдында жақсы атын сақтап қала алатындай рухани жағынан аман болуын білдіреді.
3. Ехобаның Иса Мәсіхті сақтағаны неден көрінеді және оның нәтижесі қандай болды?
3 Исаның өзі де қатты қуғын-сүргін мен қорлық көрген және жауларының кесірінен ақырында ең масқара, ең ауыр өліммен өлген. Алайда бұл Құдайдың Мәсіхті қорғаймын деген уәдесіне қайшы болған жоқ (Ишая 42:1—6). Масқара өлімнен соң, Исаның үшінші күні қайта тірілгені — Ехоба Дәуіттің зарын естігені сияқты, оның да зарын естігенінің дәлелі. Ехоба жауап ретінде Исаға мінсіздігін сақтап қалуға күш берген (Матай 26:39). Осылайша Ехоба сақтағандықтан, Иса көкте өлмес өмірге ие болды және оның азаттық төлеміне сенім білдірген миллиондаған адам мәңгі өмір сүруге үміт алды.
4. Майланған мәсіхшілер мен ‘басқа қойларға’ қандай уәде берілген?
4 Біз Ехобаның қазіргі қызметшілерін де, Дәуіт пен Исаның күндеріндегідей сақтауға дайын екеніне және сақтай алатынына сенімді болуымызға болады (Жақып 1:17). Исаның майланған бауырластарының жердегі тамтығы Ехобаның: “Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр. Құдай Өзіне сенуші сендерді құдіретті күшімен қорғап, заманның ақырында осы күнәкар дүниеден құтқаратын болады, сол кез жеткенде бұл айқын көрінбек”,— деген уәдесіне сенім арта алады (Петірдің 1-хаты 1:4, 5). Жерде өмір сүруге үміті бар ‘басқа қойлар’ да Забур жыршысы арқылы: “Жүрегі адал адамдар, бәрің Тәңір Иені жақсы көріңдер. Тәңір Ие әділдерді сақтайды”,— деп айтқан Құдайға және оның уәдесіне сенулеріне болады (Жохан 10:16; Забур 30:24).
Рухани жағынан сақтау
5, 6. а) Құдай халқын қазіргі уақытта қалай сақтайды? ә) Майланған мәсіхшілердің Ехобамен қарым-қатынастары қандай және жерде өмір сүруге үміті бар адамдар жөнінде не деуге болады?
5 Қазіргі уақытта Ехоба өз халқын рухани жағынан сақтаудың қамын жасауда. Оларды өмірде болып жататын қуғын-сүргіннен, қиыншылықтар мен бақытсыздықтан қорғамағанымен, ол өзімен жақын қарым-қатынас сақтап қалуына адалдықпен қажетті көмек пен жігер береді. Олардың бұл қарым-қатынастары Құдайдың сүйіспеншілікпен азаттық төлем бергеніне сенудің арқасында пайда болды. Осы әділ мәсіхшілердің кейбіреулері көкте Мәсіхпен бірге билік ету үшін киелі рухпен майланған. Олар Құдайдың рухани балалары ретінде әділ деп жарияланған және келесі сөздер соларға қатысты айтылған: “Құдай бізді қара түнектің билігінен құтқарып, сүйікті рухани Ұлы Иса Мәсіхтің Патшалығына енгізді. Оның құрбандық өлімі арқылы күнәларымыздың құнын өтеп, кешірім берді” (Қолостықтарға 1:13, 14).
6 Миллиондаған басқа да адал мәсіхшілер азаттық төлемнің пайдасын көретіндеріне уәде алған. Иса: “Өзіме қызмет еткізу үшін емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеп жанымды қию үшін осы дүниеге келдім”,— деп айтқан (Марқа 10:45). Бұл мәсіхшілер ‘Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жететін’ уақытты күтуде (Римдіктерге 8:21). Ал әзірге олар Құдаймен жеке қарым-қатынастарын бағалап, оны әрі қарай да нығайтуға шын жүректен күш салуда.
7. Ехоба бүгінде халқының рухани күйін қалай сақтайды?
7 Ехобаның өз халқының рухани күйін сақтауының бір жолы — үздіксіз білім беру бағдарламасы. Осының арқасында олардың шындық туралы тура білімдері арта түседі. Сондай-ақ Ехоба өзінің Сөзі, ұйымы және киелі рухы арқылы басшылық беріп отыр. ‘Адал да ақылды құлдың’ басшылығымен дүние жүзіндегі Құдай халқы халықаралық отбасына айналған. Құл табы Ехобаның осы отбасына ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, рухани және қажет болғанда, тіпті тәндік жағынан қамқорлық көрсетуде (Матай 24:45, ЖД).
8. Ехоба өз халқына қатысты не нәрсеге сенімді және оларға не деп уәде берді?
8 Ехоба Исаны жауларының қастық әрекеттерінен қорғамаған, бүгінгі мәсіхшілер туралы да солай деуге болады. Бірақ бұл Құдай өз халқына риза емес дегенді білдіре ме? Тіптен олай емес! Қайта, бұл Құдайдың әлемдік маңызы бар үлкен дауда халқының өз жағына шығатынына сенімді екенін көрсетеді (Әйүп 1:8—12; Нақыл сөздер 27:11). Ехоба өзіне берілген адамдарды ешқашан қалдырмайды. “Тәңір әділеттілікті сүйеді және Өзінің қасиеттілерін [“өзіне берілгендерді”, ЖД] тастамайды; олар мәңгілікке сақталады” (Забур 36:28).
Құдайдың сүйіспеншілікке толы мейірімділігімен және шыншылдығымен сақтауы
9, 10. а) Ехобаның шыншылдығы оның қызметшілерін қалай сақтайды? ә) Киелі кітап Ехобаның өзіне адал адамдарды сүйіспеншілікке толы мейірімімен сақтайтынын қалай көрсетеді?
9 Дәуіт Забур жырының 40-тарауында жазылған дұғасында Құдайдан өзін сүйіспеншілікке толы мейірімділігі мен шыншылдығымен сақтауын өтінген. Ехобаның шыншылдығы мен әділдікке деген сүйіспеншілігі оны өзінің нормаларын анық білдіруге талпындырады. Сол нормаларға сай өмір сүретін адамдар уайымнан, үрейден және оларға немқұрайды қарайтын адамдар душар болған қиындықтардан аман жүреді. Мысалы, нашақорлық пен маскүнемдіктен, азғындық пен қатыгездіктен аулақ жүретін болсақ, өзімізді де, жақындарымызды да уайымға салатын көптеген қиындықтарға ұрынбаймыз. Дәуіт сияқты шындық жолынан адасып қалған адамдар да күнәларына өкінгендерге Ехобаның әлі де ‘баспана’ болып қала беретініне сенімді бола алады. Мұндай адамдар: ‘Сен пәледен сақтайсың’,— деп шаттана алады (Забур 31:7). Құдайдың көрсететін сүйіспеншілікке толы мейірімі неткен тамаша!
10 Құдайдың сүйіспеншілікке толы мейірімі өзінің қызметшілерін жақында жойылатын осы зұлым дүниеден бөлек жүруді ескертетінінен де көрінеді. Киелі кітапта келесі сөздер жазылған: “Осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер! Осы дүниені сүйгендердің көктегі Әкеге сүйіспеншілігі жоқ. Себебі осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы, мал-мүлікке мастануы Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған. Ал осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (Жоханның 1-хаты 2:15—17).
Ақыл-парасаттың, дұрыс түсініктің және даналықтың сақтауы
11, 12. Ақыл-парасаттың, дұрыс түсініктің және даналықтың бізді қалай сақтайтындығын түсіндіріп беріңдер.
11 Құдайдың ықыласына ие болғысы келетіндерге Дәуіт ұлы Сүлеймен киелі рухтың жетелеуімен келесі сөздерді арнаған: “Ақыл-парасат сені аман сақтар, Дұрыс түсінік те лайым бақылап қорғар”. Ол сондай-ақ: “Парасатқа ие бол... Даналықтан безбе, сонда ол сені қорғайды, Сүйсең оны лайым, сені аман сақтайды”,— деп шақырады (Нақыл сөздер 2:11; 4:5, 6).
12 Құдай Сөзінен білгеніміз туралы ой жүгірткенде, ақыл-парасатымызды іске қосамыз. Бұл бізге маңызды істерді бірінші орынға қоя алуымыз үшін дұрыс түсінік дамытуға көмектеседі. Адамдар әдейі болсын, байқаусызда болсын, маңызды істерді басты орынға қоймаған кезде, қиындықтар туындайтыны көбімізге мәлім, мүмкін, мұны өз жағдайымыздан да көрген шығармыз. Ехоба маңыздырақ болып табылатын рухани құндылықтарды ұсынса, Шайтан билеген дүние бізге байлықты, беделді және билікті ұсынады. Аса маңызды емес істер басты орынға шығып кетсе, бұл отбасының ойрандалуына, достықтың бұзылуына және рухани мақсаттардың көмескіленуіне әкелуі мүмкін. Нәтижесінде адам Иса айтқан ащы шындықтан басқа ештеңеге қол жеткізе алмайды. Ол: “Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда?”— деген (Марқа 8:36). Даналық: “Ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді”,— деген Исаның кеңесіне құлақ асуға шақырады (Матай 6:33).
Өзімшіл болып кету қаупі
13, 14. Өзімшіл болу деген не және неге мұндай болып кету даналыққа жатпайды?
13 Адамның өз қамын ойлайтын туа біткен бейімділігі бар. Алайда жеке бастың қалауы мен қамы өмірдегі ең басты нәрсеге айналғанда, қиыншылық басталады. Сондықтан Ехоба өзімен достығымызды сақтап қалу үшін бізді өзімшіл болмауға үйретеді. Өзімшіл деп “қара басының ғана қамын ойлайтын, өз пайдасын ғана қарастыратын адамды” айтады. Бүгінде көп адам жөнінде осылай деуге болады емес пе? Киелі кітапта Шайтанның зұлым дүниесінің ‘соңғы дәуірінде адамдардың өзімшіл’ болатыны айтылғаны көңіл бұруға тұрарлық (Тімотеге 2-хат 3:1, 2).
14 Мәсіхшілер басқалардың мүдделерін ойлап, оларды өзіндей жақсы көруге қатысты Киелі кітаптың өсиетін орындау даналыққа жататынын түсінеді (Лұқа 10:27; Філіпіліктерге 2:4). Жалпы адамдар мұндай әрекеттің еш пайдасы жоқ деп ойлайтын шығар, дегенмен некеміздің сәтті болғанын, отбасымыздағы қарым-қатынас қуаныш әкеліп, достығымыздың қанағат сезіміне бөлегенін қаласақ, осылай еткеніміз маңызды. Сондықтан Ехобаның шынайы қызметшісі өз қамын ойлауға деген табиғи бейімділік өмірінде басты орынға шығып, одан маңыздырақ істі ығыстырып жіберуіне ешқашан жол бермеу керек. Ең бірінші және ең маңыздысы — Ехобаның мүддесі, яғни Құдайға ғибадат етуге қатысты істер болу керек.
15, 16. а) Өзімшілдік неге әкелуі мүмкін және мұны кімнің мысалынан көруге болады? ә) Басқаларды оп-оңай айыптай салатын адам шын мәнінде кімге үкім шығарады?
15 Өзімшілдік адамды өз әділдігіне сенімді етуі мүмкін, ал бұл өз кезегінде оны бір бет, өрескел адам етуі мүмкін. Киелі кітапта: “Ей, басқаларды айыптаушы адам, кім болсаң да, сен ақтала алмайсың: өзге біреуге айып тағып тұрып өзіңе үкім айтасың! Себебі оны айыптаған сен де сол сияқты күнәлар жасайсың”,— деп орынды түрде айтылған (Римдіктерге 2:1; 14:4, 10). Исаның күніндегі дінбасылар әділдіктеріне сенімді болғандары сонша, өздерін Иса мен оның ізбасарларына үкім айтуға құқылы санаған. Осылайша олар өздерін би етіп қойған. Бірақ өз кемшіліктерін көрмеген олар шын мәнінде үкімді өздеріне шығарған еді.
16 Исаны сатып кеткен шәкірті Яһуда өзінің айыптағыш адам болып кетуіне жол беріп қойған. Бір жолы Бетанияда Мәриям Исаның басына иісмай жағады, сонда Яһуда қатты наразылық білдіреді. Ол ашулы дауыспен: “Неге бұл иісмайды сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіріп бермеген?— дейді. Бірақ әрі қарай Киелі кітапта былай деп түсіндіріледі: “Бұл сөзді Яһуда мүсәпірлердің қамын ойлағандықтан емес, ұры болғандықтан айтты. Ортақ қаржы салатын әмиян өзінің қолында болып, Яһуда түскен ақшаға қол сұғып жүрді” (Жохан 12:1—6). Ешқашан да басқаларды оп-оңай айыптай салатын, бірақ осылайша өздеріне үкім шығаратын Яһуда немесе дінбасылар сияқты болмайық.
17. Мақтаншақ болудың немесе өзімізге тым сенімді болып кетудің қандай қаупі бар екенін мысалмен түсіндіріп беріңдер.
17 Өкінішке орай алғашқы мәсіхшілердің кейбіреулері Яһуда сияқты ұрлықшы болмағанымен, мақтаншақтыққа бой алдырып, көкіректіктің құрбаны болған. Оларға Жақып: “Ал сендер паңданып мақтанасыңдар”,— деп жазған. Одан соң ол: “Мұндай даңғойлық атаулы жаман”,— деп қосқан (Жақып 4:16). Жетістіктерімізге немесе Ехобаға қызмет етіп, жауапкершілік алғанымызға мақтану ақылсыздыққа жатады (Нақыл сөздер 14:16). Өзіне тым сенімділікпен: “Басыңызға түсетін жайттарға бола бәрі безіп кетсе де, мен ешқашан да безіп кетпеймін... Маған Сізбен бірге тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын!”— деп мақтанған Петірдің кейін не істегенін бәріміз де білеміз. Шын мәнінде, бізде мақтанатын еш себеп жоқ. Барлық нәрсеге Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімінің арқасында қол жеткіздік. Осыны есте сақтасақ, мақтанбайтын боламыз (Матай 26:33—35, 69—75).
18. Ехоба көкіректікке қалай қарайды?
18 Киелі кітапта: “Менмендік — күйреудің басы, Асқақтық — құлаудың алды”,— деп айтылған. Неге? Ехоба былай деп жауап береді: “Жек көремін паңдық пен менмендікті” (Нақыл сөздер 8:13; 16:18). ‘Ассур патшасының өркөкіректеніп, паңдана қарап жүргені’ Ехобаның ашуын келтіргеніне таңғалмаса да болады (Ишая 10:12). Ехоба оны жауапқа тартқан. Жақында көзге көрінетін және көрінбейтін өркөкірек, маңғаз жетекшілерін қоса алғанда, Шайтанның бүкіл дүниесі жауапқа тартылады. Ешқашан Ехобаның жаулары сияқты өз дегенімен жүретін мінез көрсетпейік!
19. Нені мақтан тұта отырып, кішіпейіл болып қала аламыз?
19 Шынайы мәсіхшілердің Ехобаның қызметшілері болғандарын мақтан тұтуға себеп бар (Еремия 9:24). Бірақ оларда кішіпейіл болып қалатын да келелі себеп бар. Неге? Себебі “бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды” (Римдіктерге 3:23). Сондықтан Ехобаның қызметшілері болып қалғымыз келсе: “Иса Мәсіх осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшін келді”,— деп айтқан және одан кейін: “Күнәкарлардың ішіндегі нағыз күнәкары мен едім”,— деп қосқан елші Пауыл сияқты көзқарасты ұстануымыз керек (Тімотеге 1-хат 1:15).
20. Ехоба өз халқын қазір және болашақта қалай сақтайды?
20 Ехобаның халқы бірінші орынға өз мүдделерін емес, Патшалық мүддесін дайындықпен қоятындықтан, Ехобаның оларды әрі қарай да сақтай беретініне сенімді болуымызға болады. Сондай-ақ ауыр азап келгенде, Ехоба өз халқын рухани ғана емес, тікелей мағынада да сақтап қалатынына сене аламыз. Құдайдың жаңа дүниесіне қадам басқанда, олар: “Міне, біздің Құдайымыз! Біз Оған үміт артып едік, Ол бізді құтқарды! Бұл — Тәңір; біз Оған үміт арттық; Ол бізді құтқарғаны үшін қуанып, шаттаналық!”— деп дауыстайтын болады (Ишая 25:9).
Естеріңде ме?
• Дәуіт патша мен Иса Мәсіхті Құдай қалай сақтаған?
• Құдай бүгінгі халқын қалай сақтайды?
• Неге өзімізге шектен тыс көңіл аударудан аулақ болуымыз керек?
• Нені мақтан тұта отырып, кішіпейіл болып қаламыз?