Құдай сүйетіндердің қатарынансыңдар ма?
“Өсиеттерімді көңілдеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді” (ЖОХАН 14:21).
1, 2. а) Ехоба адамзатқа өзінің сүйіспеншілігін қалай көрсетті? ә) Б. з. 33 жылының 14 нисаны күні кешке Иса қандай мейрамды енгізді?
ЕХОБА өзі жаратқан адамзатты сүйеді. Расында да, Құдай адамзатты “сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей [“жойылмайды”, ЖД], мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан 3:16). Мәсіхтің өлімін еске алу Кешінің қарсаңы шынайы мәсіхшілер үшін Ехобаның ‘бізді сүйгендіктен, құрбандығы арқылы күнәмыздың құнын өтеу үшін рухани Ұлын жібергеніне’ ерекше ден қоятын уақыт болып табылады (1 Жохан 4:10).
2 Б. з. 33 жылының 14 нисанында Иса өзінің он екі елшісімен исраилдіктердің Мысырдан шыққанын еске салатын Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Иерусалимдегі бір үйдің жоғарғы бөлмесінде бас қосады (Матай 26:17—20). Исраилдіктердің мейрамын тойлап болғаннан кейін, Иса Яһуда Исқариотты жөнелтіп жібереді де, кейінірек мәсіхшілер Мәсіхтің өлімін еске алу Кеші деп атаған есте қаларлық кешкі ас рәсімін енгізедіa. Ашымаған нан мен қызыл шарапты өзінің тәні мен қаны ретінде сипаттап, Иса оны қалған он бір елшісіне үлестіреді. Сол кеште оның қалай әрекет еткені туралы толығырақ мәліметті Матай, Марқа және Лұқа жазған алғашқы үш Ізгі хабардан, сондай-ақ оны “Иеміздің асы” деп атаған елші Пауылдың хаттарынан білуге болады (1 Қорынттықтарға 11:20; Матай 26:26—28; Марқа 14:22—25; Лұқа 22:19, 20).
3. Жоханның Исаның жоғарғы бөлмеде шәкірттерімен бірге өткізген соңғы сағаттары туралы мәлімдемесінің басқалардан қандай маңызды айырмашылығы бар?
3 Бір қызығы, елші Жохан нан мен шарапты үлестіру туралы ештеңе жазбаған, сірә, ол өзінің Ізгі хабарын жазғанда (шамамен б.з. 98 жылдары) мұндай рәсім мәсіхшілердің арасында қалыптасып қалған болса керек (1 Қорынттықтарға 11:23—26). Алайда тек Жохан ғана киелі рухтың жетелеуімен Өзінің өлімін еске алу Кешін енгізбес бұрын және одан кейін Исаның не айтып, не істегені жөнінде кейбір маңызды мәліметтерді жазып қалдырған. Көңілді тебірентетін мұндай егжей-тегжейлі мәліметтер Жоханның Ізгі хабарының кем дегенде бес тарауын қамтиды. Олар Құдайдың қандай адамдарды сүйетінін анық көрсетеді. Келіңдер, Жохан 13—17 тармақтарын қарастырып көрейік.
Исаның сүйіспеншілігінен үлгі алайық
4. а) Иса өзінің шәкірттерімен кездесіп Еске алу кешін енгізгенде оның әңгімесінің басты тақырыбы қандай болғанына Жохан қалай ерекше көңіл бөлді? ә) Ехобаның Исаны сүйетіндігінің басты себептерінің бірі қандай?
4 Бұл тараулардың басты тақырыбы — сүйіспеншілік, сонымен қатар онда Исаның қоштасарда өзінің шәкірттеріне берген өсиеттері жазылған. Онда “сүйіспеншілік” сөзі түрлі формаларда отыз бір рет кездеседі. Исаның Әкесі Ехобаға және өзінің шәкірттеріне деген сүйіспеншілігі жөнінде осы тармақтардан басқа еш жерде осылайша көркем әңгімеленбеген. Исаның өмірі баяндалған Ізгі хабардың барлығынан оның Ехобаға деген сүйіспеншілігін айқын байқауға болады, алайда тек Жохан ғана Исаның: ‘Мен Әкемді сүйемін’,— деген сөздерін жазған (Жохан 14:31). Сонымен қатар Иса Ехобаның да оны сүйетіндігін және не себепті сүйетіндігін түсіндірген: “Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер! Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер” (Жохан 15:9, 10). Иә, Ехоба өзінің Ұлын сүйеді, өйткені ол Оған толықтай мойынсұнады. Иса Мәсіхтің ізбасарлары үшін бұл қандай керемет үлгі десеңші!
5. Иса өзінің шәкірттерін сүйетіндігін қалай көрсетті?
5 Жохан Исаның өз елшілерімен соңғы рет бас қосуы туралы мәлімдемесінің ең басынан бастап-ақ оның ізбасарларына деген терең сүйіспеншілігін ерекше атап өткен. Жохан былай деп әңгімелейді: “Құтқарылу мейрамының қарсаңы еді. Иса Өзінің бұл дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұл дүниедегі өз адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті” (Жохан 13:1). Сол естен кетпес кеште Иса оларға сүйіспеншілікпен өзгелерге қызмет етуге қатысты ұмытылмас үлгі қалдырды. Ол олардың аяқтарын жуып шықты. Бұл, шәкірттердің әрқайсысы Иса үшін және басқа бауырластары үшін істеуге даяр болуы керек іс болатын, бірақ олар олай етпеді. Сонда Иса шәкірттеріне былай деді: “Егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер! Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп, үлгі көрсеттім” (Жохан 13:14, 15—16). Шынайы мәсіхшілер бауырластарына қуанышпен қызмет етуге даяр болулары керек (Матай 20:26, 27; Жохан 13:17).
Жаңа өсиетті ұстаныңдар
6, 7. а) Жохан Еске алу кешін енгізуге қатысты қандай маңызды мәліметті жазған? ә) Иса шәкірттеріне қандай жаңа өсиет берді және онда қандай жаңа нәрсе бар?
6 14 нисан күні кешке жоғарғы бөлмеде не болғанын мәлімдегенде тек Жохан ғана Яһуда Исқариоттың кетіп қалғанына ерекше көңіл бөлген (Жохан 13:21—30). Ізгі хабардағы мәлімдемеге сәйкес, Иса опасыздық жасайтын адам кеткен соң ғана Өзінің өлімін еске алу Кешін енгізген. Сосын Ол өзінің адал елшілерімен ұзақ сөйлесіп, оларға қоштасар алдындағы өсиеттері мен нұсқауларын берген. Еске алу Кешіне қатысуға дайындалып жатқан уақытта, Исаның сол кеште не айтқаны бізді барынша қызықтыруы керек, өйткені, бәріміздің де Құдай сүйетіндердің қатарында болғымыз келеді ғой.
7 Иса өзінің өлімін еске алу Кешін енгізгеннен кейін шәкірттеріне берген ең алғашқы өсиетінде қандай да бір жаңа нәрсе бар болатын. Ол былай деді: “Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жохан 13:34, 35). Бұл өсиетте қандай жаңа нәрсе бар? Сол кештен кейін көп ұзамай Иса өзінің айтқан сөздерін түсіндірді: “Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің өздеріңді сүйгенімдей сүйіңдер! Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі” (Жохан 15:12, 13). Мұсаның заңында исраилдіктерге арналған “жақыныңды өзіңдей жақсы көр” деген өсиет бар болатын (Леуіліктер 19:18, СА). Алайда Исаның берген өсиеті бұдан да көп нәрсені білдіретін. Мәсіхшілер бірін-бірі Мәсіхтің оларды сүйгеніндей сүюлері, әрі бауырластары үшін өз өмірлерін құрбан етуге де даяр болулары керек.
8. а) Жанқиярлықпен сүйіспеншілік таныту нені білдіреді? ә) Ехоба Куәгерлері бүгінде қалайша жанқиярлықпен сүйіспеншілік танытуда?
8 Еске алу Кеші өтетін кезең жеке өзімізде де, қауымда да шынайы мәсіхшілерді ерекшелендіретін белгінің, яғни Исаның сүйіспеншілігіндей сүйіспеншіліктің, бар-жоғын нағыз тексеретін уақыт болып табылады. Мұндай жанқиярлықпен сүйіспеншілік таныту мәсіхшінің өз бауырласына опасыздық жасауды емес, қайта, олар үшін өмірін қатерге тігуді білдіреді, әрі мұндай жағдайлар болған да. Сөйткенмен де, көп жағдайларда мұндай сүйіспеншілік біздің тарапымыздан бауырластарымызға да, өзгелерге де көмек көрсетуді, сондай-ақ оларға қызмет ету үшін жеке басымыздың мүддесін құрбан етуге даяр болуды білдіреді. Осыған қатысты елші Пауыл керемет үлгі көрсеткен болатын (2 Қорынттықтарға 12:15; Філіпіліктерге 2:17). Ехоба Куәгерлері жанқиярлықпен бауырластарына көмек көрсететіндігімен, сондай-ақ көршілері мен жақынына Киелі кітаптағы шындықты тарататындығымен дүние жүзіне мәлімb (Ғалаттықтарға 6:10).
Қарым-қатынастарыңды бағалаңдар
9. Құдаймен және оның Ұлымен қарым-қатынасымызды сақтау үшін біз не нәрсені қуана-қуана істейміз?
9 Біз үшін Ехоба мен оның Ұлы Иса Мәсіхтің сүйіспеншілігінен артық еш нәрсе жоқ. Алайда олар бізді сүйіп, әрі біз мұны сезінуіміз үшін, біздің тарапымыздан да қандай да бір әрекет жасалуы керек. Шәкірттерімен өткізген соңғы кешінде Иса былай деген: “Өсиеттерімді көңілдеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын” (Жохан 14:21). Құдаймен және оның Ұлымен қарым-қатынасымызды бағалайтын болсақ, олардың өсиеттеріне қуана-қуана мойынсұнатын боламыз. Мұндай өсиеттерге жанқиярлықпен сүйіспеншілік танытуды талап ететін жаңа өсиет те кіреді, сондай-ақ Мәсіхтің қайта тірілгеннен кейін берген тапсырмасы, яғни ‘адамдарға... [ізгі хабарды] жариялап, куәлік’ беріп, ал оны қабылдағандарды ‘шәкірт ету’ де кіреді (Елшілердің істері 10:42; Матай 28:19, 20).
10. Майланған мәсіхшілер мен “басқа қойлар” кімдермен бағалы қарым-қатынаста?
10 Тап сол күні кешке біраз соңыра адал елшісі Яһуданың (Тадейдің) сұрағына жауап беріп, Иса былай деді: “Кім Мені сүйсе, айтқандарымды берік ұстанады және Әкем оны сүйеді. Біз сондай кісілерге келіп, өмірлерінен орын аламыз” (Жохан 14:22, 23). Мәсіхпен көкте патшалық етуге шақырылған майланған мәсіхшілер әлі жер бетінде бола тұра, Ехобамен және оның Ұлымен ерекше тығыз қарым-қатынаста (Жохан 15:15; 16:27; 17:22; Еврейлерге 3:1; 1 Жохан 3:2, 24). Сонымен қатар жер бетінде мәңгі өмір сүруге деген үміті бар олардың серіктері “басқа қойлар” да “бір-ақ Бағушы” Иса Мәсіхпен және Ехоба Құдаймен жақсы қарым-қатынаста, ал бұған Құдайға мойынсұну арқылы қол жеткізуге болады (Жохан 10:16; Забур 14:1—5; 24:14).
“Осы дүниелік емессіңдер”
11. Иса шәкірттеріне қандай сергітерліктей ескерту жасады?
11 Иса өлер алдында өзінің адал шәкірттерімен соңғы рет кездескенде оларға сергітерліктей ескерту жасады: Құдай сүйген адамды зұлым дүние жек көретін болады. Ол былай деді: “Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер. Егер де осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді. Мына айтқан сөзім естеріңде болсын: “Құлдың жолы қожайынынан үлкен емес”. Күнәкар адамдар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды. “Менің сөздерімді ұстанған болса, сендердің де сөздеріңді ұстанатын болады (СА)” (Жохан 15:18—20).
12. а) Неге Иса шәкірттеріне оларды зұлым заманның жек көретінін айтып ескерткен? ә) Еске алу Кешінің қарсаңында барлығымыздың не істегеніміз дұрыс?
12 Иса бұл ескертуді сол он бір елшісінің, сондай-ақ олардан кейінгі барлық шынайы мәсіхшілердің ұнжырғалары түспеуі үшін және осы дүниенің зұлымдығына кезіккенде қамықпаулары үшін айтқан болатын. Ол былай деп қосты: “Сендерге осының бәрін Маған деген сенімдеріңнен таймауларың үшін айттым. Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртатын әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады. Олар мұны не Әкені, не Мені танымағандықтан істейді” (Жохан 16:1—3). Бір Киелі кітап сөздігіне сәйкес “сенімнен таю” деп аударылған етістік “адамның бойында өзі сенім артып, әрі мойынсұнуы тиіс тұлғаға деген сенімсіздік оятып, одан алыстауына түрткі болуды; адамның жолдан адасуына түрткі болуды” білдіреді. Еске алу Кешінің қарсаңында барлық мәсіхшілер өткен уақытта өмір сүрген және қазір өмір сүріп жатқан Құдайдың адал қызметшілерінің өмірінің үстінен ой жүгіртіп, олардың үлгісіне еліктеп, сынақтарда берік болғандары абзал. Қарсылықтың не қуғынның өздеріңді Ехоба мен Исадан алыстатуына жол бермеңдер, қайта, оларға сенім артып, әрі мойынсұну үшін белдеріңді бекем буыңдар.
13. Иса Әкесіне дұға еткенде ізбасарларына қатысты не сұрады?
13 Иса Иерусалимдегі жоғарғы бөлмеде Әкесіне айтқан соңғы дұғасында былай деген: “Бұларға сенің хабарыңды білдірдім. Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді, себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес. Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес” (Жохан 17:14—16). Өзі сүйетіндерге Ехоба көз қырын салып, осы дүниеден өздерін аулақ ұстап жүргендерге оның күш беретіндігіне сенімді болуымызға болады (Ишая 40:29—31).
Әке мен Ұлдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмаңдар
14, 15. а) “Жабайы жүзімге” қарама-қайшы Иса өзін неге теңеді? ә) ‘Шынайы жүзім бұтағының’ ‘сабақтары’ кімдер?
14 Он төртінші нисанда Иса адал шәкірттерімен жеке қалып әңгімелескенде өзін “шынайы жүзім бұтағына” теңеді, бұл, әділетсіз Исраил халқын білдіретін “жабайы жүзімге” қарама-қайшы теңеу болатын. Ол былай деді: “Мен “шынайы жүзім бұтағымын”, ал Әкем “жүзім өсіруші” (Жохан 15:1). Бірнеше ғасыр бұрын Еремия пайғамбар Ехобаның өзінің жолдан тайған халқына арнап айтқан сөздерін жазған болатын: “Мен сені жүзімнің асыл бұтағындай... отырғызған едім. Қалайша сен өзге жүзімнің жабайы бұтағына айналып кеттің екен?” (Еремия 2:21, СА). Ал Ошия пайғамбар болса былай деп жазған: [Исраил — жабайы жүзімдік”, ЖД]; ол өзіне арнап өнімін көбейтуде... Олардың жүректері екіжүзділікке салынып кетті” (Ошия 10:1, 2, СА).
15 Шынайы ғибадаттың өнімін берудің орнына, исраилдіктер жолдан тайып, өздеріне өнім жинаған. Өзінің адал шәкірттерімен соңғы кездесуінен үш күн бұрын, Иса Яһуданың екіжүзді жетекшілеріне былай деген болатын: “Сондықтан да айтамын: Құдай өз патшалығын сендерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады” (Матай 21:43). Аталмыш жаңа халық, яғни ‘Құдайдың рухани Исраил халқы’ 144 000 майланған мәсіхшілерден тұрады, әрі олар ‘шынайы жүзім бұтағына’, яғни Иса Мәсіхтің ‘сабақтарына’, ұқсайды (Ғалаттықтарға 6:16; Жохан 15:5; Аян 14:1, 3).
16. Иса өзінің 11 адал елшісін не істеуге талпындырған және осы соңғы күндердегі адал тамтық жөнінде не деуге болады?
16 Жоғарғы бөлмеде он бір елшісімен бірге болғанда Иса оларға былай деді: “Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр “сабақты” Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады. Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, бұтағымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар” (Жохан 15:2, 4). Ехобаның халқының бүгінгі күнгі тарихынан адал майланған мәсіхшілердің тамтығы өздерінің қауым Басы Иса Мәсіхпен тығыз байланыста екені көрінеді (Ефестіктерге 5:23). Олар Ехобаның өзінің “жүзімдігін” тазартып, бұталарын қырқуына көнген (Малахи 3:2, 3). 1919 жылдан бастап осы адал майланған мәсіхшілер Патшалықтың өнімін молынан бере бастады: бұл — алдымен майланған мәсіхшілер, ал 1935 жылдан бастап барған сайын саны өсіп отыратын олардың серіктері ‘үлкен тобыр’ еді (Аян 7:9; Ишая 60:4, 8—11).
17, 18. а) Исаның қандай сөздері майланғандар мен басқа қойлардың Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылып қалмауларына көмектеседі? ә) Еске алу кешіне қатысқанымыз Ехоба сүйетіндердің қатарында болуға деген шешіміміздің нығаюына қалай көмектеседі?
17 Исаның келесі сөздері барлық майланған мәсіхшілерге және олардың серіктеріне қатысты: “Мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар, сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді. Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер! Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер” (Жохан 15:8—10).
18 Барлығымыз да Құдайдың бізді сүйгенін қалаймыз, ал бұл болса бізді өнімді мәсіхші болуға талпындырады. Егер біз ‘Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды’ тарату үшін қолайлы мүмкіндіктердің барлығын пайдаланатын болсақ, сондай мәсіхші боламыз (Матай 24:14). Сонымен қатар біз қолымыздан келгенше өмірімізде ‘киелі рухтың игілікті жемісін’ танытамыз (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Мәсіхтің өлімін еске алу Кешіне қатысқанымыз Құдайдың және Мәсіхтің керемет сүйіспеншілігін есімізге салып, Құдай сүйетіндердің қатарында болуға деген шешімімізді нығайта түседі (2 Қорынттықтарға 5:14, 15).
19. Келесі мақаладан қандай көмек жөнінде әңгімеленеді?
19 Иса Еске алу кешін енгізгеннен кейін өзінің адал ізбасарларына Әкесі “көмекшіні, киелі рухты”, жібереді деп уәде етті (Жохан 14:26, ЖД). Майланған мәсіхшілер мен басқа қойлардың Ехоба сүйетіндердің қатарында болуларына киелі рухтың қалай көмектесіп жатқанын келесі мақаладан көреміз.
[Сілтемелер]
a Киелі кітап ай күнтізбесі бойынша, 2002 жылы 14 нисан бейсенбі күні, наурыздың 28 жұлдызында, күн батқаннан кейін басталады. Сол күні кешке дүние жүзіндегі Ехоба Куәгерлері Иеміз Иса Мәсіхтің өлімін еске алу үшін бас қосады.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Ехоба Куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар” кітабының (ағ.) 19 және 32 тарауларын қараңдар.
Көңіл қойдыңдар ма?
• Иса шәкірттеріне өзгелерге сүйіспеншілікпен қызмет көрсетудің қандай үлгісін көрсетті?
• Қай жағынан еске алу Кешінің қарсаңы өзімізді тексеру үшін қолайлы уақыт болып табылады?
• Исаның осы дүниедегі жеккөрушілік пен қуғынға қатысты айтқан ескертуі не себепті біздің жолдан таюымызға себеп болмауы керек?
• “Шынайы жүзім бұтағы” деген кім? Ал “сабақтары” кімдер және олар не істейді деп күтуге болады?
[8, 9-беттердегі суреттер]
Мәсіхтің шәкірттері оның өсиетіне мойынсұнып, жанқиярлықпен сүйіспеншілік танытты
[10-беттегі сурет]
Иса елшілеріне сүйіспеншілікпен қызмет көрсетудің естен кетпес үлгісін көрсетті