Бүгінгі күні Ехоба бізден нені талап етеді?
«Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын. Оған құлақ салыңдар,— деген дауыс естілді» (МАТАЙ 17:5).
1. Таурат заңы өзінің мақсатын қашан орындап бітті?
ЕХОБА исраилдіктерге көптеген ережелерден тұратын Таурат заңын берген. Бұл ережелер туралы елші Пауыл былай деп жазған: «Мұндай... жора-жоралғылар Жаңа келісімнің ендірілген кезіне дейін ғана күшінде болды» (Еврейлерге 9:10). Исраилдіктерден қалған шағын топтың Исаны Мәсіх ретінде мойындауына жол ашқан соң, Таурат заңы өз мақсатын орындап бітті. Сондықтан елші Пауыл былай деді: «Адамдардың Таурат заңын ұстануға ұмтылысын Мәсіх тоқтатты» (Римдіктерге 10:4; Ғалаттықтарға 3:19—25; 4:4, 5).
2. Таурат заңына кім бағынышты еді және бұл заңнан олар қашан босады?
2 Бұл — бүгінгі күні біз Таурат заңын орындауға міндетті емеспіз дегенді білдіреді ме? Шындығына келгенде, адамзаттың көпшілігі Таурат заңына ешқашан бағынышты болған емес; Забур жыршысы былай деп түсіндіреді: «Ол Өз сөзін Жақыпқа, Өзінің жарғылары мен сотын Исраилге жария етті. Ол бұны ешбір өзге халыққа істемеді, олар Құдайдың сотын білмейді» (Забур 147:8, 9). Исаның құрбандығына негіздей отырып, Құдай жаңа өсиетті ендірген кезден бастап тіпті Исраил халқы да Таурат заңын орындауға міндетті емес еді (Ғалаттықтарға 3:13; Ефестіктерге 2:15; Қолостықтарға 2:13, 14, 16). Таурат заңы күшін жоғалтқан болса, бүгінгі күні Ехоба өзіне қызмет етуді қалайтындардан нені талап етеді?
Ехоба нені талап етеді
3, 4. а) Ехобаның бүгінгі күні бізден талап ететін басты нәрсесі не? ә) Неге біз Исаның ізімен жүруіміз керек?
3 Жердегі қызметінің соңғы жылында Иса өзінің Петір, Жақып және Жохан деген елшілерімен бірге биік тауға, бәлкім, Ермон тауының сілеміне, қарай бет алады. Сол жерде Иса олардың алдында Патшалық сән-салтанатымен көрінді, сосын олар Құдайдың: «Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын. Оған құлақ салыңдар»,— деп жариялаған даусын естіді (Матай 17:1—5). Сол себепті елші Петір былай деп жазған болатын: «Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек» (1 Петір 2:21).
4 Неге біз оның ізімен жүруіміз керек? Өйткені Исаға еліктейтін болсақ, біздің Ехоба Құдайға да еліктегеніміз. Жер бетіне келмес бұрын Иса сансыз жылдар бойы Әкесімен бірге көкте болған, сондықтан ол Ехобаны жақсы білді (Нақыл сөздер 8:22—31; Жохан 8:23; 17:5; Қолостықтарға 1:15—17). Жер бетіне келген соң, Иса өзінің Әкесінің кейпін айнытпай танытты. Ол былай деді: «Әкем қалай үйретсе, солай сөйлеймін». Исаның Ехобаға тура еліктегені соншалық, ол: «Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені»,— деп айта алды (Жохан 8:28; 14:9).
5. Мәсіхшілер қандай заңға мойынсұнулары керек және бұл заң күшіне қашан енді?
5 Исаға бой ұсынып, оған еліктеу нендей нәрселерден тұрады? Бұл қандай да бір заңға мойынсұнуды білдіреді ме? Пауыл «Тауратқа бағынышты» емес екенін айтты. Бұл жерде ол Исраил халқымен жасалған «көне келісім», яғни Таурат заңына бағыну келісімі туралы айтқан болатын. Бірақ, Пауыл «Мәсіхтің өсиеттеріне мойынсұнатынын» мойындады (1 Қорынттықтарға 9:20, 21; 2 Қорынттықтарға 3:14). Таурат заңына бағынуды талап ететін көне келісім жойылған соң, «Мәсіхтің заңынан» тұратын «жаңа келісім» күшіне енді (Ғалаттықтарға 6:2, сілтемені қара; Лұқа 22:20; Еврейлерге 8:7—13). Ехобаның бүгінгі күнгі қызметшілерінің бәрі осы заңға мойынсұнулары керек.
6. «Мәсіхтің заңын» қалай суреттеп беруге болады және біз бұл заңға қалай мойынсұнамыз?
6 Ехоба «Мәсіхтің заңын» кодекс сияқты жазып берген жоқ және көне өсиет іспетті бөлімдерге де бөліп берген жоқ. Мәсіхтің ізбасарларына арналған бұл жаңа заңда бұйрықтар мен тыйым салынған нәрселердің ұзын тізімі де жоқ. Бірақ, Ехоба өзінің Сөзінде Ұлының өмірі мен ілімі туралы егжей-тегжейлі жазылған төрт мәліметтің сақталып қалуына жағдай жасады. Оның үстіне, Исаның алғашқы ізбасарларының кейбіреуін Құдай жеке бастың мінез-құлқына, қауым жиналысының істеріне, отбасындағы өнегелілік принциптерге, тағы сол сияқты сұрақтарға қатысты нұсқаулар жазуға жігерлендірген (1 Қорынттықтарға 6:18; 14:26—35; Ефестіктерге 5:21—33; Еврейлерге 10:24, 25). Құдайдың киелі рухының жетелеуімен І ғасырда жазылған Киелі жазбалардағы кеңестерге құлақ асатын болсақ және Иса Мәсіхтің үлгісі мен іліміне сәйкес өмір сүретін болсақ, «Мәсіхтің заңына» мойынсұнғанымыз. Бүгінгі күнгі қызметшілерінен Ехоба осыны талап етеді.
Сүйіспеншіліктің маңыздылығы
7. Елшілерімен бірге Құтқарылу мейрамын соңғы рет мерекелеген кезде, Иса өзінің заңының мәні неде екенін қалай ерекше атап өтті?
7 Таурат заңы күшіне еніп тұрған кезде сүйіспеншілік маңызды орын алатын, ал Мәсіхтің заңының өзегі немесе мәні сүйіспеншіліктен тұрады. Б. д. 33 жылы елшілерімен бірге Құтқарылу мейрамын мерекелегенде Иса бұны ерекше атап өткен. Елші Жохан сол күні кешке болған оқиға туралы жазғанда, сүйіспеншілік жайында жиырма сегіз рет айтылған Исаның шын жүректен шыққан сөздері туралы да әңгімелеген. Осылайша елшілердің бар көңілі Мәсіхтің заңының мәніне немесе рухына ауған болатын. Жохан сол маңызы зор кеште болған оқиғаны жазғанда: «Иса Өзінің бұл дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұл дүниедегі Өзінің адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті»,— деген сөздермен бастағанын ерекше атап өтуге болады (Жохан 13:1).
8. а) Елшілердің арасындағы даудың ұзаққа созылғаны неден көрінді? ә) Иса елшілеріне кіші пейілділіктің үлгісін қалай көрсетті?
8 Елшілерінің басшы болуға және жоғары дәрежеге жетуге деген тойымсыз талпынысын жеңуге көмектесу үшін жасалған іс-әрекетінен айтарлықтай нәтиже шықпағанына қарамастан, Иса оларды жақсы көрді. Иерусалимге келерден бірнеше ай бұрын олар «арамызда кім үлкен болар екенбіз» деп, өзара айтысқан еді. Сосын Иерусалимге Құтқарылу мейрамын мерекелеуге келер алдында, олардың арасында кімнің дәрежелі болатыны туралы тағы да дау туды (Марқа 9:33—37; 10:35—45). Бұл мәселенің ұзаққа созылғандығын — соңғы Құтқару мейрамы екендігі кейіннен белгілі болған мейрамды бірге мерекелеу үшін елшілер жоғарғы бөлмеге кірген кезде болған оқиға көрсетті. Олардың ешқайсысы қонақжайлылықпен келгендердің аяқтарын жуып, өзгелерге қызмет ету мүмкіндігін пайдаланбады. Шәкірттеріне кіші пейілділіктің үлгісін көрсету үшін, Иса олардың аяқтарын өзі жуып шықты (Жохан 13:2—15; 1 Тімотеге 5:9, 10).
9. Құтқарылу мейрамын соңғы рет бірге мерекелегеннен кейін туған дауды Иса қалай шешті?
9 Иса өзінің өлімінің таяп қалғанын біледі де, Құтқарылу мейрамын мерекелеп болған соң, еске алу Кешін ендіреді. Осыдан кейін, Исаның дәл осы кеште көрсеткен үлгісіне қарамастан, тағы да қандай оқиға болғанына көңіл бөліңізші. Лұқа жазған ізгі хабарда былай делінеді: «Сол кезде шәкірттерінің арасында қайсымыздың жолымыз үлкен деген бір айтыс та басталып кетіп еді». Елшілеріне ашуланып жекіп тастаудың орнына, Иса жұмсақ сөзбен осы дүненің билік құмар әкімдеріне еліктемеуге кеңес берді (Лұқа 22:24—27). Сосын ол Мәсіхтің заңының іргетасы деп атауға болатын сөздер айтты: «Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді бірің жақсы көріңдер! Мен сендерді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер!» (Жохан 13:34).
10. Иса өзінің шәкірттеріне қандай өсиет берді және бұл өсиетке нендей нәрсе кірді?
10 Тап сол күні кешке Иса Мәсіх өзі танытқандай сүйіспеншіліктің қаншалықты күшті болуы керек екенін көрсетіп, былай деді: «Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің сендерді сүйгенімдей сүйіңдер! Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі» (Жохан 15:12, 13). Иса шәкірттерінің бауырластары үшін өлімге де даяр болуы керек екенін айтты ма? Осы оқиғаны өз көзімен көрген Жохан Исаның айтқан сөздерін тап осылай түсінген болатын, ал кейінірек ол былай деп жазды: «Иса Мәсіхтің өз өмірін біз үшін қиғандығы арқылы нағыз сүйіспеншіліктің не екеніне көзіміз жетті. Біз де бауырластарымыз үшін жанымызды қиюға даяр болуымыз керек» (1 Жохан 3:16).
11. а) Біз Мәсіхтің заңын қалай орындаймыз? ә) Иса қандай үлгі көрсетті?
11 Сонымен, Мәсіхтің заңын орындау үшін, өзгелерге Иса туралы білім беріп қана қойғанымыз жеткіліксіз. Біз Иса сияқты өмір сүріп, Иса сияқты әрекет етуіміз керек. Рас, Иса өзінің ойын әдемі әрі таңдаулы сенімді сөздермен жеткізетін. Бірақ, сонымен қатар ол дұрыс әрекет ету арқылы іс жүзінде де тәлім беретін. Көкте құдіретті рухани жаратылыс болғанына қарамастан, Иса Әкесінің жер бетіндегі мүддесін қолдаудың мүмкіндігі туғанын пайдаланып, біздің қалай өмір сүру керек екенімізді көрсетті. Ауыртпалық басқандар мен езілгендерге көмектескенде ол кіші пейілді, мейірімді болды және оларға ықылас көрсетті (Матай 11:28—30; 20:28; Філіпіліктерге 2:5—8; 1 Жохан 3:8). Сонымен қатар, Иса өзінің ізбасарларын қалай сүйсе, оларды да бір-бірін солай сүюге шақырды.
12. Неге Мәсіхтің заңы Ехобаны сүю керектігінің маңыздылығын кемітпейді деуге болады?
12 Таурат заңындағы ең ұлы парыз, яғни Ехобаға деген сүйіспеншілік, Мәсіхтің заңында қандай орынға ие болды? (Матай 22:37, 38; Ғалаттықтарға 6:2). Екінші ме? Жоқ! Мәсіхші бауырластарға деген сүйіспеншілік, Ехобаға деген сүйіспеншілікпен тығыз байланысты. Елші Жохан: «Біреу: „Құдайды сүйемін“,— дей тұра, бауырласын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?» — деген ғой, сондықтан бауырласын сүймеген адам, Ехобаны шындап сүйе алмайды (1 Жохан 4:20; салыстырыңдар 1 Жохан 3:17, 18).
13. Мәсіхтің жаңа өсиетіне шәкірттерінің мойынсұнуының нәтижесі қандай болды?
13 Өзі оларды қалай сүйсе, олардың да бір-бірін солай сүюі керек екені туралы шәкірттеріне жаңа өсиет бергенде, Иса бұл өсиетке мойынсұнудың нәтижесі қандай болатынын атап өтті. «Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады» (Жохан 13:35). Мәсіх өлгеннен кейін жүз жылдан астам уақыт өткен соң өмір сүрген Тертуллианның сөзі бойынша, алғашқы мәсіхшілердің бауырластарына деген сүйіспеншілігінің дәл осындай әсері болған. Тертуллиан Исаның ізбасарлары туралы мәсіхшілердің қауымына жатпайтындардың айтқан сөздерінен үзінді келтіріп, былай деді: «Олардың қалай бір-бірін сүйетініне және қалай бір-бірі үшін өмірін қиюға даяр тұрғанына қараңдаршы». Өзімізге мынадай сұрақ қоюымызға болады: мәсіхші бауырластарыма деген сүйіспеншілігім арқылы Исаның шәкірттерінің қатарында екенімді дәлелдей аламын ба?
Сүйіспеншілігімізді дәлелдеу
14, 15. Мәсіхтің заңына мойынсұну неге қиын болуы мүмкін және бұл заңға мойынсұнуға бізге не көмектеседі?
14 Ехобаның қызметкерлерінің өзгелерге Мәсіхтің сүйіспеншілігіндей сүйіспеншілік танытуының маңызы зор. Алайда, өзімшілдікке бейім бауырластарыңды сүю саған қиынға соғады ма? Жоғарыда оқығанымыздай, тіпті елшілер де бір-бірімен дауласып, өз мүддесін көздеген (Матай 20:20—24). Ғалаттықтар да өзара керісіп қалатын. Жақынын жақсы көру Таурат заңын орындау екенін ескере отырып, Пауыл оларға ескерту жасады: «Ал егер бір-біріңді қауып, жесеңдер, жойылып кетуден сақ болыңдар!» Күнәкар болмыстан туындайтын қылықтармен Құдайдың киелі рухының жемістерін салыстыра келіп, Пауыл мынадай кеңесті қоса айтты: «Жеке басымызды қастерлеп, бір-бірімізді ашуландырып, күндеуге жол бермейік!» Сосын елші оларды: «Біріңнің ауыр жүгіңді екіншің көтерісіңдер, сөйтіп Мәсіхтің өсиетін орындайсыңдар»,— деп шақырды (Ғалаттықтарға 5:14—6:2).
15 Мәсіхтің заңына мойынсұнуды бұйыруымен, Ехоба бізден тым көп нәрсе талап етеді ме? Бәлкім, қатты сөйлеп, жанымызға жара салғандарға мейірімділік таныту қиын болар, бірақ біз «сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алуымыз» керек (Ефестіктерге 5:1, 2). Біз «әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде, Мәсіх біз үшін өмірін құрбан етті. Осы арқылы... зор сүйіспеншілігін дәлелдеген» Құдайдың үлгісіне еліктеуді жалғастыра беруіміз керек (Римдіктерге 5:8). Жәбірлеушімізбен қоса өзгелерге де көмектесуге ынта көрсетер болсақ, Ехобаға еліктейтінімізді және Мәсіхтің заңына мойынұсынғанымызды түсініп, қанағат сезіміне бөленеміз.
16. Құдайға және Исаға деген сүйіспеншілігімізді біз қалай дәлелдейміз?
16 Сүйіспеншілігіміздің сөзбен ғана емес, іспен дәлелденетінін есте ұстағанымыз жөн. Бір жағдайда Құдайдың еркінің орындалуына қатысты оқиғаларды түсініп қабылдау тіпті Исаның өзіне де қиын болған. «О, Әкем, егер Сен қаласаң, осы „азап тостағанын“ Менен алып кете көр»,— деп жалбарынды Иса. Сөйтті де, іле-шала былай деді: «Бірақ Менің тілегім емес, Сенің дегенің болсын!» (Лұқа 22:42). Қаншалықты азап шеккеніне қарамастан, Иса Құдайдың еркін орындады (Еврейлерге 5:7, 8). Мойынсұнушылық — бұл біздің сүйіспеншілігіміздің дәлелі, сондай-ақ, ол біздің Құдай жолын ең игі жол ретінде мойындайтынымызды көрсетеді. «Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз»,— делінген Киелі кітапта (1 Жохан 5:3). Исаның елшілеріне айтқанындай: «Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар!» (Жохан 14:15).
17. Иса өзінің ізбасарларына қандай ерекше өсиет берді және бұл өсиеттің бізге де қатысы бар екені неден көрінеді?
17 Мәсіх өзінің ізбасарларына бір-біріне сүйіспеншілік танытудан басқа тағы нені ерекше өсиет етті? Өзі үйреткен уағыздау ісімен айналысуды. Петір былай деді: «Ол бізге адамдарға... жариялап, куәлік келтіруге әмір етті» (Елшілердің істері 10:42). Исаның нақты өсиет еткен сөздері міне мынадай: «Сондықтан барып, барлық ұлттарды Маған шәкірт қылыңдар, оларды Әкенің, Ұлдың, Киелі Рухтың атына шомылдырыңдар. Оларды Менің сендерге бұйырғанымның бәрін сақтауға үйретіңдер» (Матай 28:19, 20; Елшілердің істері 1:8). Иса бұл бұйрықтың осы «заманның ақырында» өмір сүріп жатқан ізбасарларына да қатысты айтқанын білдіріп, былай деді: «Патшалық туралы осы Ізгі хабар бүкіл жер бетінде жарияланып, барлық халықтарға куәлік болады; содан кейін [осы заманның] ақыры болады» (Даниел 12:4; Матай 24:14). Біздің уағыз айтқанымызды Құдайдың қалайтындығында еш күмән жоқ. Алайда әлдекім, Құдай осы іске қатысуымызды талап етуімен бізден тым көп нәрсе талап етеді деген ойда болуы мүмкін. Шын мәнінде де солай ма?
Бұл неге қиын болып көрінуі мүмкін
18. Ехобаның талаптарын орындағанда жапа шегер болсақ, нені ұмытпаған жөн?
18 Жоғарыда айтылып өткен нәрселерден көрініп тұрғандай, бүкіл тарих бойы Ехоба адамдарға алуан түрлі талаптар қойып отырған. Оның үстіне, тапсырылған іс те, оны орындаған адамдардың басына түскен сынақтар да өзгеріп отырған. Құдайдың қымбатты Ұлы ауыр азапты басынан кешіріп, ақырында Құдайдың қойған талабын орындағаны үшін жауыздықпен өлтірілді. Сөйтсе де, Құдайдың талап еткенін орындау үшін жапа шегер болсақ, басымызға түскен қиыншылықтарға Құдай жауапты емес екенін ұмытпауымыз керек (Жохан 15:18—20; Жақып 1:13—15). Шайттанның шығарған бүлігі дүниеге өзімен бірге күнәны, қайғы-қасірет пен өлімді ала келді. Құдайдың қойған талаптарын орындауға Ехобаның қызметшілеріне қатты кедергі жасайтын жағдайлардың пайда болуына жауапты Шайтанның дәл өзі (Аюп 1:6—19; 2:1—8).
19. Ехобаның, Ұлы арқылы талап еткен нәрсесін орындау неге біз үшін бақыт?
19 Адамзаттың қайғы-қасіретін Патшалықтың билігі ғана жоя алады. Осы хабарды Ехоба өзінің Ұлы арқылы заманның ақыры келгенде қызметшілерінің бүкіл дүние жүзіне жариялауын әмір етті. Құдайдың үкіметі соғыстың, қылмыскерліктің, кедейліктің, кәріліктің, ауру мен өлімнің салдарынан пайда болған жер жүзіндегі проблемалардың бәрін жояды. Оның үстіне, бұл Патшалық жер бетінде ғажап жұмақ орнатады, онда тіпті өлілер де қайта тірілтіледі (Матай 6:9, 10; Лұқа 23:43; Елшілердің істері 24:15; Аян 21:3, 4). Осындай ізгі хабарды жариялау қандай бақыт десеңізші! Сонымен, қиындық тудырып отырған Ехобаның талап еткен нәрсесі емес. Мәселе біздің қарсылыққа кезігуімізде болып отыр, ал бұл қарсылықтарға ұшырататын Шайтан Ібіліс пен оның дүниесі.
20. Ібілістің қандай да болмасын қастық әрекеттеріне біз қалай төтеп бере аламыз?
20 Шайтанның қандай болмасын қастық әрекеттеріне қалай төтеп бере аламыз? Егер мына сөздерді жадымызда ұстар болсақ: «Ақылды бол ұлым және менің жүрегімді қуант; сонда менің де өзімді кіналағандарға айтатын жауабым болады» (Нақыл сөздер 27:11). Әкесінің еркін орындау үшін, қауіпсіздікте кешіп жатқан өмірінен бас тартып, көктен жерге келуімен, Иса, Шайтанның келеке сөздеріне Ехобаның жауап беруіне мүмкіндік берді (Ишая 53:12; Еврейлерге 10:7). Адам ретінде жер бетіне келген Иса, сынақтарға салынса да, тіпті бағанаға шегеленіп азаппен өлтірілсе де, берік болып қалды. Егер Исаны Үлгі көрсетушіміз деп танып, соңынан еретін болсақ, біз де қиыншылықтарға төтеп беріп, Ехобаның талап еткен нәрселерін орындай аламыз (Еврейлерге 12:1—3).
21. Ехобаның және оның Ұлының көрсеткен сүйіспеншілігі бізді қандай сезімге бөлейді?
21 Құдай және оның Ұлы бізге қандай сүйіспеншілік көрсетті десеңізші! Исаның құрбандығының арқасында тілалғыш адамдардың Жұмақта мәңгі өмір сүруге үміті бар. Біздің осы үмітімізді еш нәрсе көмескелемесе екен. Керісінше, әрқайсымыз Пауыл сияқты Исаның біз үшін не істегенін есте ұстағаймыз. Пауыл былай деді: «Ендігі тәндік өмірім — Құдай Ұлына деген сенімімнің арқасындағы өмір. Ол мені сүйгендіктен Өзін мен үшін құрбан етті!» (Ғалаттықтарға 2:20). Бізден ешқашан тым көп нәрсені талап етпейтін сүйіспеншілікке толы Ехоба Құдайға біз де шын жүректен алғысымызды білдіре берейік.
Сіз қалай жауап берер едіңіз?
◻ Бүгінгі күні Ехоба бізден нені талап етеді?
◻ Елшілерімен бірге соңғы рет өткізген кеште, сүйіспеншіліктің маңызы зор екенін Иса қалай ерекше атап өтті?
◻ Құдайды сүйетіндігімізді қалай дәлелдей аламыз?
◻ Ехоба бізден талап еткен нәрсені орындауды неге біз үшін бақыт деуге болады?
[13-беттегі сурет]
Елшілерінің аяқтарын жуып, Иса қандай үлгі көрсетті?
[15-беттегі сурет]
Қарсылыққа қарамастан ізгі хабарды уағыздау біз үшін қуаныш әрі бақыт!