Жер бетінде мәңгі өмір сүру — мәсіхшілердің үміті
‘[Құдай] барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім болмайды’ (АЯН 21:4).
1, 2. Жерде мәңгі өмір сүруге I ғасырдағы яһудилердің де үміттенгенін қайдан білеміз?
БАЙ әрі көпке танымал жас жігіт тізесін бүгіп Исаға тағзым етті де, одан: “Ізгі Ұстаз! Мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеуім керек?”— деп сұрады (Мар. 10:17). Бұл жігіт қай жердегі мәңгілік өмірге ие болғысы келген еді? Алдыңғы мақаладан Құдай яһудилерге көп ғасыр бұрын қайта тірілу мен жерде мәңгі өмір сүру үмітін сыйлағанын білген едік. Бұл үміт I ғасырда да яһудилердің көбінде болды.
2 Исаның досы Марта өлген бауыры туралы: “Ақырғы күнгі қайта тірілуде, оның да тірілетінін білемін”,— дегенде, өлгендер жердегі өмірге қайта оралатынына меңзегені анық (Жох. 11:24). Сол кездегі саддукейлердің қайта тірілуге сенбегені рас (Мар. 12:18). Алайда тарихшы Джордж Фут Мур былай деп жазды: “Адамзат тарихының белгілі бір кезеңінде марқұм ата-бабалар жер бетінде қайтадан өмір сүреді деген сенім болғанын шамамен б. з. б. II және I ғасырдағы жазбалар растайды” (“Алғашқы мәсіхшілердің кезіндегі иудаизм”). Демек, Исаға келген бай жас жігіт жерде болатын мәңгілік өмірді иемденгісі келген.
3. Осы мақалада қандай сұрақтар талқыланады?
3 Бүгінде көптеген діндер мен Киелі кітапты зерттеуші ғалымдар жерде мәңгі өмір сүру үміті мәсіхшілердің іліміне жатпайды деп есептейді. Адамдардың басым көпшілігі өлген соң рухани әлемде тіршілік етеміз деп үміттенеді. Сондықтан олар Мәсіхшілердің грек жазбаларындағы “мәңгілік өмір” деген тіркес көктегі өмірге қатысты айтылған деп ойлайды. Бұл шындық па? Иса мәңгілік өмір деп қай жердегі өмірді айтқан? Оның шәкірттері неге сенді? Жерде мәңгі өмір сүру үмітін Мәсіхшілердің грек жазбалары қолдай ма?
‘Әлем жаңарғандағы’ мәңгілік өмір
4. ‘Әлем жаңарғанда’ қандай жайттар орын алады?
4 Киелі кітап майланған мәсіхшілер көктен жерге билік жүргізу үшін қайта тіріледі деп үйретеді (Лұқа 12:32; Аян 5:9, 10; 14:1—3). Алайда Иса мәңгілік өмір жайлы айтқанда тек осы шағын топты ғана ойда тұтқан жоқ еді. Бай жас жігіт байлықтан бас тартып, шәкірт болу ұсынысын қабыл алмай, еңсесі түсіп қасынан кеткен соң, шәкірттеріне Исаның не дегеніне көңіл бөлейікші (Матай 19:28, 29 оқы). Ол елшілері “Исраилдің он екі руына”, яғни билік етуші топқа жатпайтын бүкіл адамзатқа, көктен билік жүргізетін патшалардың қатарында болатынын айтты (Қор. 1-х. 6:2). Сондай-ақ өзінің соңынан ерген ‘әркімнің’ өз сыйын алатынын әрі “мәңгілік өмірді” иемденетінін айтты. Осы жайттардың бәрі ‘әлем жаңарғанда’ орын алады.
5. ‘Әлемнің жаңаруы’ дегенді қалай түсіндірер едіңдер?
5 Иса “әлем жаңарып” деп нені айтқысы келді? Бұл тіркеске Иса ешқандай түсініктеме бермегеніне қарағанда, ғасырлар бойы яһудилердің үзбей келген үмітіне нұсқаған болу керек. Ал олар болашақта жер бетінің жаңарып, Адам мен Хауа күнә жасамай тұрған кездегі Едем бағындай болатынына сенген. Әлем жаңарғанда Құдайдың “жаңа аспан мен жаңа жерді жаратпақпын” деген уәдесі орындалады (Ишая 65:17).
6. Қойлар мен серкелер туралы бейнелі сөзден мәңгі өмір сүру үміті жайлы не білеміз?
6 Иса осы зұлым заманның ақыры туралы айтқан кезде де мәңгілік өмірге көңіл бөлген (Мат. 24:1—3). “Құдай тағайындаған Билеуші қасиетті періштелерін ертіп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде,— деді ол,— Өзінің салтанатты тағына отыратын болады. Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден ажыратқанындай адамдарды екі топқа бөледі”. Сонда жазаға кесілгендер “мәңгіге жойылса” (ЖД), “әділдер мәңгілік өмірді иемденетін болады”. Мұндағы “әділдер” — Исаның майланған ‘бауырластарына’ адалдықпен қолдау көрсеткендер (Мат. 25:31—34, 40, 41, 45, 46). Майланғандар көктегі Патшалықта билік ету үшін таңдалған болса, “әділдер” осы Патшалықтың жердегі азаматтары болуы керек. Киелі кітапта: “[Құдайдың Патшасы] билік құрады теңізден теңізге дейін, Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін”,— деп алдын ала айтылған (Заб. 71:8). Бұл Патшалықтың азаматтары жердегі мәңгілік өмірдің рақатын көреді.
Жохан жазған Ізгі хабардан не білеміз?
7, 8. Иса Нікөдеммен қандай екі түрлі үміт жайлы сөйлесті?
7 Матай, Марқа және Лұқа жазған жоғарыдағы мысалдардан Исаның “мәңгілік өмір” деген тіркесті қолданғанын білдік. Ал Жохан жазған Ізгі хабарда Исаның мәңгілік өмір жайлы айтқаны 17 рет кездеседі. Қазір соның кейбіреуін қарастырып, Иса мәңгі өмір сүру үміті жайлы не дегенін көрейік.
8 Жоханның Ізгі хабарына сай, Иса мәңгілік өмір жайлы алғаш рет Нікөдем есімді парызшылмен сөйлескен. Иса оған: “Кімде-кім судан және Киелі Рухтан туылмаса, Құдайдың Патшалығына кіре алмайды”,— деді. Көктегі Патшалыққа кіретіндер ‘қайта туылуға’ тиіс болды (Жох. 3:3—5). Бұған қоса, Иса Нікөдемге бүкіл адамзатқа берілген үміт жайлы да айтты (Жохан 3:16 оқы). Осылайша Иса майланған ізбасарларының көкте, ал басқалардың жерде мәңгі өмір сүруге үміті бар екеніне нұсқады.
9. Иса самариялық әйелге қандай үміт жайлы айтты?
9 Иерусалимде Нікөдеммен сөйлескеннен кейін Иса солтүстікте жатқан Ғалилеяға аттанды. Самария өлкесінен өтіп бара жатып ол Сихар қаласының маңындағы Жақып құдығының басында бір әйелді кездестірді. Иса оған: “Кімде-кім Мен беретін “судан” ішсе, ол мәңгі-бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін “су” оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан “қайнарға” айналады”,— деді (Жох. 4:5, 6, 14). Бұл су жерде өмір сүретін адамдарды қоса алғанда бүкіл адамзатты мәңгілік өмірге жеткізетін Құдайдың шарасын бейнелейді. Жохан көрген аянда Құдайдың өзі: “Жаны сусаған әркімге шынайы өмірдің қайнар көзінен суды тегін ішкіземін”,— деген (Аян 21:5, 6; 22:17). Демек, Иса самариялық әйелге Патшалықты иемденетін майланғандардың ғана емес, жердегі өмірге үміттенген адал адамдардың да мәңгілік өмірі жайлы айтқан.
10. Ауру кісіні сауықтырғаннан кейін Иса діни қарсыластарына мәңгілік өмірге қатысты не айтты?
10 Келесі жылы Иса Иерусалимге оралды. Онда Бетезда деп аталатын хауызға келген бір ауру кісіні сауықтырды. Бұл ісіне наразылық білдірген яһудилерге Иса ‘Әкесінің істегенін көрмесе, Оның рухани Ұлы өздігінен ештеңе істей алмайтынын’ түсіндірді. Әрі қарай “барлық сотты [Ұлына] тапсырғанын” айтып, Иса: “Кімде-кім сөзіме құлақ асып, Мені Жібергенге сенсе, сол мәңгілік өмірге ие”,— деді. Содан кейін: “Қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады. Сонда өлгендер қабірден шығады: жақсылық жасағандары мәңгі өмір сүру үшін, ал жамандық жасағандары сотталу үшін тіріледі”,— деп қосты (Жох. 5:1—9, 19, 22, 24—29). Иса яһудилерге өзінің Құдай тағайындаған адам екенін және олардың жерде мәңгі өмір сүру үміттерін өлілерді тірілту арқылы жүзеге асыратынын түсіндірді.
11. Жохан 6:48—51 жазылған Исаның сөздері жерде мәңгі өмір сүру үмітіне де қатысты екенін қайдан білеміз?
11 Ғалилеяда керемет түрде нан бергенін көрген мыңдаған адам Исаның соңынан ере бастады. Оларға Иса басқа нан, яғни “шынайы өмір сыйлайтын нан” беретінін айтты (Жохан 6:40, 48—51 оқы). “Бұл нан — Менің тәнім”,— деді ол. Иса өмірін көктегі Патшалықта билік ететіндер үшін ғана емес, ‘шынайы өмірге ие болатын адамзат’ үшін де құрбан етті. Сол нанды “жеген”, яғни Исаның құрбандығының азат ететін күшіне сенген “әркім” мәңгі өмір сүру үмітіне ие болады. Олай болса, “мәңгілік өмір” дегенге Мәсіхтің билігі тұсында жер бетінде орнайтын яһудилер үміттенген мәңгілік өмір кіреді.
12. Иса қарсыластарына ‘қойларыма мәңгілік өмір беремін’ деуімен қандай үмітке меңзеген?
12 Кейінірек Иерусалимдегі Киелі үй мейрамында Иса қарсыластарына: “Сендер сенбейсіңдер, себебі Менің “отарымнан” емессіңдер. Менің “қойларым” даусымды естіп, бағынады. Соларға мәңгілік өмір беремін”,— деді (Жох. 10:26—28). Иса мұнда тек көктегі өмірді ғана айтты ма, жоқ әлде жұмақтағы мәңгілік өмірге де меңзеді ме? Осының алдында ғана оның ізбасарларын не деп жұбатқанына көңіл бөлейікші. Ол: “Шағын қауым, қорықпа! Әкелерің сендерге Патшалығын тапсыруға ризалық еткен”,— деген (Лұқа 12:32). Алайда осы мейрам кезінде Иса: “Бұл отардан басқа да қойларым бар, соларды да алып келуім керек”,— деді (Жох. 10:16). Демек, Иса қарсыластарына айтқан сөзінде үміттің екеуіне де — “кішкентай қора” үшін көкте және миллиондаған “басқа қойлар” үшін жерде мәңгі өмір сүру үмітіне — меңзеген.
Түсіндіруді қажет етпейтін үміт
13. “Менімен бірге жұмақта боласың!” деуімен Иса нені айтқысы келді?
13 Азап шегу бағанасында Исаның айтқан сөзі адамзаттың үмітіне қатысты бұлтартпайтын дәлел болып табылады. Жанындағы бағанаға шегеленген қылмыскер одан: “Иса, Патшалығыңызға кіргенде мені есіңізге ала көріңіз”,— деп өтінді. Сонда Иса оған: “Менімен бірге жұмақта боласың!”— деп уәде берді (Лұқа 23:42, 43). Бұл кісі яһуди болғандықтан жұмақтың не екенін түсіндірудің қажеті болмады. Ол болашақта адамдар жерде мәңгі өмір сүретінін білген.
14. а) Елшілердің көкте өмір сүру үмітін түсінбегенін неден білеміз? ә) Исаның шәкірттері көкте өмір сүру үміттерін қашан толық түсінді?
14 Түсіндіруді шын мәнінде қажет еткен ұғым — Исаның көктегі үміт жайлы айтқан сөздері. Себебі шәкірттері оның көкке барып, өздеріне орын дайындап қоятыны жайлы айтқандарының мәнін ұқпады (Жохан 14:2—5 оқы). Кейіннен Иса оларға: “Сендерге айтарым әлі көп, бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас [“түсіне алмайсыңдар” ЖД]. Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді”,— деген (Жох. 16:12, 13). Шәкірттер өздері иемденетін патша тағы көкте болатынын б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында Құдайдың рухымен майланғаннан кейін ғана түсінді (Қор. 1-х. 15:49; Қол. 1:5; Пет. 1-х. 1:3, 4). Көкте өмір сүру үміті жаңалық болғандықтан, Мәсіхшілердің грек жазбаларындағы хаттарда оған ерекше көңіл бөлінген. Әйтесе де бұл хаттар адамзаттың жерде мәңгі өмір сүру үмітін қолдай ма?
Рухтың жетелеуімен жазылған хаттарда не делінген?
15, 16. Еврейлерге жазылған хат және Петірдің хаты жерде мәңгілік өмір болатынына қалай көңіл бөледі?
15 Пауыл Еврейлерге жазған хатында бір сенімдегі бауырластарын “қасиетті болуға көкке шақырылғандар” (ЖД) деп атады. Сонымен қатар ол Құдайдың “болашақ әлемді” Исаның қол астына тапсырғаны жайлы айтты (Евр. 2:3, 5; 3:1). Мәсіхшілердің грек жазбаларында “әлем” деп аударылған грек сөзі әрқашан адамдар мекендейтін жерге нұсқайды. Олай болса, “болашақ әлем” Иса Мәсіх билік жүргізетін жердегі жаңа дүниені білдіреді. Сол кезде Иса Құдайдың “әділдер осылай елді [жерді] иеленеді, өмір бақи оны мекен етеді” деген уәдесін жүзеге асырады (Заб. 36:29).
16 Елші Петір де киелі рухтың жетелеуімен адамзаттың болашағы жайлы пайғамбарлық айтқан. Ол: “Қазіргі аспан мен жерді де әділетсіздердің сотталып, тозаққа түсетін күні отпен қиратуға қалдырып отыр”,— деп жазды (Пет. 2-х. 3:7). Қазір билік етіп отырған “аспан” мен зұлым адамдардың қоғамы жойылады (Петірдің 2-хаты 3:13 оқы). Олардың орнын “жаңа аспан” мен “жаңа жер” басады, яғни Мәсіх басқарған Құдай Патшалығы мен Құдайға шынайы ғибадат ететін әділ адамдар қоғамы орнайды.
17. Бүкіл адамзаттың болашағы Аян 21:1—4 қалай суреттеледі?
17 Киелі кітаптың соңғы кітабында кемелділікке жеткен адамзаттың жан тебірентерлік көрінісі ашылған (Аян 21:1—4 оқы). Бұл — Құдайға сенген адамдардың Едем бағында кемелділігін жоғалтқан кезден бергі үміті. Әділ адамдар жердегі жұмақта еш қартаймай мәңгілік өмір кешеді. Осы үміт Еврей жазбалары мен Мәсіхшілердің грек жазбаларына берік негізделген, әрі Ехобаның осы күнгі қызметшілеріне жігер береді (Аян 22:1, 2).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• “Әлем жаңарып” деп Иса нені айтқысы келді?
• Иса Нікөдеммен не жайлы сөйлесті?
• Қылмыскерге Иса қандай уәде берді?
• Еврейлерге жазылған хат және Петірдің хаты жерде мәңгі өмір сүру үмітін қалай растайды?
[8-беттегі сурет]
Қойға теңелген адамдар жер бетінде мәңгі өмір сүреді
[10-беттегі суреттер]
Иса адамдарға мәңгілік өмір жайлы айтқан