Шындықты қаншалықты бағалайсыңдар?
“Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді” (ЖОХАН 8:32).
1. Пилаттан ерекшелігі Иса “шындық” сөзін қай мағынада қолданды?
“ШЫНДЫҚ деген не?” Бұл сұрақты қойған кезде, Пилатты жалпы мағынадағы шындық қана қызықтырғанға ұқсайды. Иса болса осының алдында ғана: “Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім”,— деген болатын. (Жохан 18:37, 38). Пилаттан айырмашылығы, Иса Құдайдың шындығы жөнінде айтқан еді.
Шындыққа деген осы дүниелік көзқарас
2. Шындықтың бағалы екендігін Исаның қандай сөздерінен көруге болады?
2 Пауыл: “Жұрттың бәрі бірдей сенуші емес”,— деген еді (2 Салониқалықтарға 3:2). Шындық жайында да солай деуге болады. Тіпті Киелі кітаптағы шындықты білуге мүмкіндік беріліп тұрған кезде де, көп адамдар оны әдейі елемейді. Дегенмен де, шындық қаншалықты бағалы десеңдерші! Иса былай деген болатын: “Ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді” (Жохан 8:32).
3. Алдамшы ілімдерге байланысты қандай ескертуді ұмытпауымыз керек?
3 Елші Пауыл шындықты адамдардың пәлсапасы мен дәстүрлерінен табудың мүмкін емес екендігін айтқан болатын (Қолостықтарға 2:8). Шын мәнінде, мұндай ілімдер алдамшы. Пауыл Ефестік мәсіхшілерге, егер осындай алдамшы ілімдерге сенетін болса, ‘әрбір ой толқынына тәлкек болған... кез келген ағымдағы ілімге ілесіп, қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп, азғындық жолға түскен’ рухани нәрестеге ұқсас болатындарын ескерткен еді (Ефестіктерге 4:14). Бүгінгі күні “адамдардың алдап-арбауы” — Құдайдың шындығына қарсы адамдардың үгіт-насихаты болып табылады. “Үгіт-насихат” сөзіне “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” мынадай түсініктеме беріледі: “Белгілі идеяларды, ілімді, саяси теорияларды ұғындыру, тарату арқылы көпшілікке ықпал жасау, әсер ету ісі”. Мұндай үгіт-насихат шындықты оп-оңай жалған нәрсеге айналдырып, өтірікті шындай көрсетеді. Осындай алдап-арбауға қарамастан шындықты табу үшін, бар ынтамызбен Жазбаларды зерттеуіміз керек.
Мәсіхшілер және осы дүние
4. Шындыққа кімдер қол жеткізе алады және оны қабыл алғандарға қандай міндет жүктеледі?
4 Шәкірттері жөнінде Иса Мәсіх Ехобаға былай деп дұға етті: “Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық” (Жохан 17:17). Ехобаға қызмет етіп, Оның есімі мен Патшалығын жариялау үшін, олар Оған бағышталады, немесе осы дүниеден бөлінеді (Матай 6:9, 10; 24:14). Барлық адамдар ие болмағанымен, Ехобаның шындығы — ұлтына, нәсіліне, мәдениетіне қарамастан, іздеген адамдардың барлығы ие бола алатын сый болып табылады. Елші Петір былай деген болатын: “Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды” (Елшілердің істері 10:34, 35).
5. Не себепті мәсіхшілерді жиі қудалайды?
5 Мәсіхшілер Киелі кітаптағы шындықты өзгелерге жариялайды, алайда оларды барлық жерде бірдей жақсы қабылдай бермейді. Иса былай деп ескерткен болатын: “Жұрт сендерді азаптап, өлтіру үшін ұстап береді. Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады” (Матай 24:9). Осы тармаққа түсініктеме берген Ирландтық діни қызметкер Джон Коттер 1817 жылы былай деп жазған еді: “Уағыздау арқылы адамдардың өмірін өзгерткісі келген әрекеттері үшін оларға риза болмақ түгілі, шәкірттерді [мәсіхшілерді] жек көрген және күнәларын әшкерелегені үшін оларды қудалаған”. Бұндай қудалаушылар ‘өздерін құтқаратын шындықты жақсы көрмей, жүрегіне жолатпайды’. Сол себепті “Құдай оларды өтірікке иланып, түзу жолдан оп-оңай адасатын қылып қояды. Сонымен шындыққа сенбей, әділетсіздікке құмартқандардың бәрі сотталатын болады” (2 Салониқалықтарға 2:10—12).
6. Мәсіхшілер не нәрсені қаламауы керек?
6 Осы зұлым дүниеде тұрып жатқан мәсіхшілерге елші Жохан былай деп ескертеді: “Осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер!.. Осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы, мал-мүлікке мастануы Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған” (1 Жохан 2:15, 16). “Бәрі” деуімен Жохан барлық нәрсені қамтып отыр. Сол себепті бізді шындықтан бұрып алып кетуі мүмкін осы дүние ұсынып отырған ешнәрсені де қаламауымыз керек. Жоханның кеңесіне ден қойғанымыздың өмірімізге әсері зор болады. Қалайша?
7. Шындықты білгендері ақ жүрек адамдарға қалай әсер етеді?
7 2001 жылы Ехоба Куәгерлері дүние жүзі бойынша ай сайын жеке адамдарға да, топқа да Құдайдың нені талап ететініне үйретіп, төрт жарым миллионнан астам Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізді. Нәтижесінде 263 431 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Бұл жаңа шәкірттер шындықтың нұрын жоғары бағалап, осы дүниеде кең тараған жаман орта мен Құдайға ұнамсыз, өнегесіз өмір салтынан бас тартты. Олар шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де, Ехобаның мәсіхшілер үшін орнатқан нормаларын ұстануға әрі қарай да күш салуда (Ефестіктерге 5:5). Шындық сендер үшін де бағалы ма?
Ехоба бізге қамқорлық көрсетеді
8. Өмірімізді өзіне арнағанымызға Ехоба қалай қарайды және ‘ең бастысы Оның Патшалығының қамын ойлағанымыз’ не себепті даналық болып табылады?
8 Кемшіліктерімізге қарамастан Ехоба мейірімділікпен өмірімізді Өзіне арнауымызға мүмкіндік беріп, бейнелеп айтқанда иіліп бізге жақындап отыр. Оның тәлімінің арқасында бізде жоғары мақсаттар мен ниеттер пайда болып отыр (Забур 112:6—8). Сондай-ақ Ехоба Өзімен жеке қарым-қатынаста болуымызға мүмкіндік беріп, егер ‘ең бастысы Оның Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылсақ’ бізге қамқор болуды уәде етеді. Егер осылай етіп, өзіміздің рухани күйімізді сақтайтын болсақ, ‘бұлардың [ең қажетті заттардың] бәрін қосып беремін’ деп уәде етеді (Матай 6:33).
9. “Адал да саналы қызметші” деген кім және осы “қызметші” арқылы Ехоба қалай бізге қамқорлық көрсетіп отыр?
9 Иса Мәсіх он екі елшісін таңдап алып, “Құдайдың рухани Исраил халқы” аталған майланған мәсіхшілердің қауымының негізін қалады (Ғалаттықтарға 6:16; Аян 21:9, 14). Кейінірек ол ‘шындықты тірек, таяныш секілді жоғары көтеріп ұстайтын Құдайдың қауымы’ деп аталды (1 Тімотеге 3:15). Иса ол қауымның мүшелерін “адал да саналы қызметші” ретінде суреттеді. Бұл адал қызметшілерге мәсіхшілердің “ас-суларын уақтылы үлестіріп беру” міндеті жүктелетінін айтты (Матай 24:3, 45—47; Лұқа 12:42). Ас-сусыз біз аштан өлеміз. Сол сияқты рухани ас-сусыз да біз әлсіреп, рухани өлеміз. Сол себепті ‘адал да саналы қызметшінің’ болғаны, Ехобаның бізге қамқорлық көрсетіп отырғанының тағы бір дәлелі. “Қызметші” арқылы беріліп отырған рухани ас-суды әрдайым жоғары бағалайық (Матай 5:3).
10. Жиналыстарға әрдайым қатысқанымыз біз үшін неліктен маңызды?
10 Рухани тамақтануға — Киелі кітапты жеке зерттеу, сондай-ақ өзге де мәсіхшілермен байланыста болып, қауым кездесулеріне бару жатады. Алты ай, тіпті алты апта бұрын не ішіп-жегендеріңді нақты естеріңе түсіре аласыңдар ма? Түсіре алмасаңдар керек. Дегенмен де, ішіп-жегендерің күш-қуаттарыңды сақтау үшін қажет еді. Сондай-ақ содан бері де сендер тура сондай тағамдарды ішіп-жеген болсаңдар керек. Мәсіхшілер кездесулері арқылы қамтамасыз етіліп отырған рухани ас-су жайында да солай деуге болады. Жиналыста естіген нәрсеміздің бәрін бірдей есімізге түсіре алмауымыз әбден мүмкін. Сондай-ақ бір мәліметті бір емес бірнеше рет естіген болармыз. Дегенмен де, бұл рухани күйіміз үшін өте маңызды рухани ас-су болып табылады. Біз барлық уақытта да қауым жиналыстарында пайдалы рухани ас-сумен уақтылы қамтамасыз етілеміз.
11. Мәсіхшілер жиналысына келгенде, барлығымыздың қандай жауапкершіліктеріміз бар?
11 Мәсіхшілердің жиналыстарына келгеніміз де, бізге белгілі бір міндеттер жүктейді. Мәсіхшілерге қауымдағы бауырластарына “сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге” қозғау салып, ‘бір-бірін жігерлендіруге’ кеңес беріледі. Мәсіхшілердің кездесулерінің барлығына да дайындалғанымыз, келгеніміз және қатысқанымыз өзіміздің сенімімізді нығайтады, сондай-ақ өзгелерді жігерлендіреді (Еврейлерге 10:23—25). Жас балалардың тамақ талғағыш болатыны сияқты, кейбіреулерді рухани тамақтану үшін, үнемі жігерлендіріп отыру қажет болуы мүмкін (Ефестіктерге 4:13). Осындай адамдардың рухани толысқан мәсіхші болулары үшін керек кезінде жігерлендіріп отыру — сүйіспеншіліктің белгісі. Рухани толысқан мәсіхшілер жөнінде елші Пауыл былай деп жазған болатын: “Тек рухани кемеліне келгендер ғана “қатты тағамдарды” жей алады. Байыппен ойлауға дағдыланғандықтан да олар жақсы мен жаманды айыра біледі” (Еврейлерге 5:14).
Рухани күйіміздің қамын ойлау
12. Шындық жолында қалуымыз үшін кім жауапты? Түсіндіріп беріңдер.
12 Өмірлік серігіміз немесе ата-анамыз шындық жолында қалуға жігерлендіруі мүмкін. Сол сияқты қауым ақсақалдары да қарамағындағы отардың бөлігі ретінде бізге қамқорлық көрсетеді (Елшілердің істері 20:28). Алайда шындық жолында берік болуымыз үшін, бірінші кезекте кім жауапты? Әрине, қандай жағдайға тап болсақ та, өзіміз жауаптымыз. Шотландияда болған мына бір оқиғаға көңіл аударайықшы.
13, 14. Қозымен болған жағдайдан көргеніміздей, қажетті рухани көмек алу үшін не істеуіміз керек?
13 Көгалда біраз қозылар жайылып жүреді. Біреуі отардан бөлініп кетіп, абайсызда төбешіктің арғы бетіне құлап кетеді. Ол жараланбайды, бірақ қорқып қалады және қайтып жоғары көтеріле алмайды. Сонда ол аянышты үнмен маңырай бастайды. Оны естіген анасы бақташы келіп, қозыны жоғары шығарғанша, үздіксіз маңырайды.
14 Оқиғаның барысына көңіл аударыңдаршы: қозы көмекке шақырды, оның зарына анасы да қосылды, ал қамқор бақташы болса, оны құтқару үшін шұғыл әрекет етті. Егер өте жас жануар мен оның анасы қауіпті сезіп, шұғыл көмекке шақырған болса, рухани мағынада шалыс басқан, немесе Шайтанның дүниесінің тарапынан кездейсоқ қауіпке ұшыраған кезімізде, біз де солай етуіміз керек емес пе? (Жақып 5:14, 15; 1 Петір 5:8). Иә, әсіресе жас болғандықтан немесе шындыққа жаңадан келгендіктен тәжірибеміз аз болса, солай етуіміз керек.
Құдайдың басшылығы бақытқа жеткізеді
15. Мәсіхшілер қауымымен қатынаса бастаған бір әйел кісі қандай сезімге бөленді?
15 Киелі кітапты түсінгеннің және оның шындықтың Құдайына қызмет ететін адамдарға сыйлайтын жан тыныштығының қаншалықты маңызды екенін қарастырайықшы. Өмір бойы ағылшын шіркеуіне барып жүрген жетпіс жастағы әйел Ехоба Куәгерімен Киелі кітапты зерттеуге келіседі. Көп уақыт өтпей-ақ, Құдайдың есімі — Ехоба екенін біледі және Патшалық Сарайда көпшіліктің атынан, шын жүректен айтылатын дұғаның соңында айтылатын “Аумин” деген сөзге қосылады. Зор сезім билеген ол кісі былай деді: “Сендер үшін Құдай адам баласынан тым алыс емес, керісінше, жандарыңдағы қымбат достарың сияқты. Мен бұрындары ешқашан Құдаймен мұндай жақындықты сезінген емеспін”. Терең ықылас білдірген ол кісі, шындықтан алған алғашқы әсерін ешқашан ұмытпайтын болса керек. Сол сияқты біз де алғаш қабылдаған кезімізде, шындықтың біз үшін қандай бағалы болғандығын ешқашан ұмытпалық!
16. а) Егер ақша табу өмірдегі ең басты мақсатымыз болса, не нәрсеге ұшырауымыз мүмкін? ә) Шынайы бақытқа қалай қол жеткізуімізге болады?
16 Көп адамдар ақшамыз көп болса, әлдеқайда бақытты болар едік деп ойлайды. Алайда, егер ақша табу өмірдегі ең басты мақсатымыз болса, “көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар” болуымыз мүмкін (1 Тімотеге 6:10). Ойлап қараңдаршы: қаншама адамдар лоторея билеттерін сатып алады және жолым бола ма деген ниетпен казиноға немесе қаржы биржасында ақшаларын судай шашады. Солардың ішінде аз ғана адам ұтысқа қол жеткізуде. Олардың өздері жиі кездейсоқ тапқан байлықтың бақытқа жеткізбейтініне көздері жетуде. Ехобаның еркін орындап, Оның киелі рухының басшылығымен және періштелерінің көмегімен, мәсіхшілердің қауымымен тығыз байланыста жұмыс істеу арқылы ғана баянды бақытқа жетуге болады (Забур 1:1—3; 83:5, 6; 88:16). Осылай етер болсақ, күтпеген баталарға ие боламыз. Осындай баталарға ие болу үшін сендер шындықты жеткілікті бағалайсыңдар ма?
17. Петірдің тері илеуші Шимонның үйінде тұрғанынан, оның ой қалпы жөнінде не білеміз?
17 Елші Петірдің басынан өткен оқиғаға көңіл аударайықшы. Ол б. з. 36 жылы миссионерлік сапармен Сарон жазығына барған еді. Ол Лүддада тоқтап, сал болып жатқан Еней деген кісіні сауықтырады да, әрі қарай портты қала Иоппеге жүріп кетеді. Сол жерде Табитаны қайта тірілтеді. Елшілердің істері 9:43-те: “Петір бірнеше күн Иоппеде Шимон есімді тері илеушінің үйінде тұрып қалды”,— делінген. Сөз арасында айтылып кеткен бұл мәліметтен, сол қалада уағыз айтқан кезінде, Петірдің адамдарды алаламағанын көреміз. Қалайша? Киелі кітапты зерттеуші Фредерик Фаррар былай дейді: “Ешқандай [Мұсаның] ауызша заңын қатаң ұстанып, бұлжытпай орындайтын адам тері илеушінің үйінде тұруға келіспес еді. Бұл кәсіппен шұғылданатындар күнделікті әр түрлі жануарлардың терісімен және өлексесімен, сондай-ақ керекті өзге де шикізаттармен жұмыс істеуі керек еді, сол себепті заңды қатаң ұстанатын адамдардың көз алдында мұндай адам таза емес, жеркенішті есептелетін”. Тіпті “теңіз жағасында” орналасқан Шимонның үйі тері илейтін зауытқа тым жақын орналаспағанымен, Фаррардың айтуынша, Шимон “заңшылдар жеркенішпен қарайтын, сол себепті онымен айналысқан адам өзінің адамгершілік қасиетін төмен санайтын” кәсіппен айналысқан еді (Елшілердің істері 10:6).
18, 19. а) Петір неліктен өзіне берілген аянды түсінбей аңырап қалды? ә) Петір күтпеген жерден қандай баталарға ие болды?
18 Адамдарды алаламайтын Петір қонақжайлық танытқан Шимонның үйінде қалды және сол үйде күтпеген жерден Құдайдан нұсқау алды. Ол аян көріп, аянда оған еврейлердің заңы бойынша таза емес саналатын жануарларды жеу бұйрылды. Алғашында Петір: “ешқашан да арам тамақ жеген емеспін”,— деп бас тартты. Алайда ол “Құдай тазалағанды арам деп айтпа!” — дегенді үш мәрте естіді. Петірдің не себептен ‘көрген аянының нені білдіретінін түсіне алмағандығы’ түсінікті (Елшілердің істері 10:5—17; 11:7—10).
19 Бұның алдыңғы күні елу шақырым жердегі Кесарияда, Корнел есімді басқа ұлттық кісінің де аян көргенін Петір білген жоқ еді. Ехобаның періштесі Корнелге қызметшілерін тері илеуші Шимонның үйіне жіберіп, Петірді тауып алуды бұйырды. Корнел қызметшілерін Шимонның үйіне жұмсады да, Петір оларға ілесіп, Кесарияға келді. Онда ол Корнелге және оның туыстары мен достарына уағыз айтты. Нәтижесінде, олар Патшалықтың мұрагерлері ретінде киелі рухты қабылдаған, сүндеттелмеген басқа ұлттардың арасынан шыққан, алғашқы сенушілер болды. Петірдің сөзін естіген адамдардың барлығы сүндеттелмегеніне қарамастан, шомылдыру рәсімінен өтті. Осылайша еврейлердің көз алдында таза емес саналған, өзге ұлттардан шыққан адамдардың мәсіхшілер қауымына мүше болуларына жол ашылды (Елшілердің істері 10:1—48; 11:18). Шындықты бағалағаны және соның арқасында Ехобаның басшылығын ұстанып, сеніміне сай әрекет еткені үшін, Петірге қандай ерекше мүмкіндік берілген десеңдерші!
20. Шындықты өмірімізде бірінші орынға қоятын болсақ, Құдайдан қандай қолдау көреміз?
20 Петір бізді былай деп шақырады: ‘Бір-бірімізге шындықты сүйіспеншілікпен айтып, қауымның Басы Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілгейміз’ (Ефестіктерге 4:15). Иә, егер шындықты өмірімізде бірінші орынға қойып, Ехобаның киелі рухы арқылы қадамымызға бағыт беруіне мүмкіндік беретін болсақ, қазірдің өзінде теңдессіз бақытқа бөленеміз. Ізгі хабарды уағыздау ісімізде бізді киелі періштелердің қолдап отырғанын да ұмытпайық (Аян 14:6, 7; 22:6). Ехоба бұйырған істі атқаруда осындай қолдауға ие болып, қандай құрмет көрудеміз десеңдерші! Адалдығымызды сақтасақ, шындықтың Құдайы — Ехобаны мәңгі дәріптей аламыз. Одан артық не бар? (Жохан 17:3).
Не нәрсе білдік?
• Неліктен көп адамдар шындықты қабылдамайды?
• Мәсіхшілер Шайтанның дүниесіндегі нәрселерге қалай қараулары керек?
• Жиналыстарға деген көзқарасымыз қандай болуы керек және неліктен?
• Өзіміздің рухани күйіміздің қамын жеуге байланысты бізге қандай міндет жүктелген?
[32-беттегі карта/сурет]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
ҰЛЫ ТЕҢІЗ
Кесария
САРОН ЖАЗЫҒЫ
Иоппе
Лүдда
Иерусалим
[Сурет]
Құдайдың басшылығына мойынсұнғандықтан Петір күтпеген баталарға ие болды
[Түпдерек]
Map: Mountain High Maps® Copyright © 1997 Digital Wisdom, Inc.