18-тарау
Жақияның төмендеп, Исаның жоғарылауы
ИСА мен шәкірттері б. з. 30 жылындағы құтқарылу мейрамынан кейін Иерусалимнен кетеді де, бірақ Ғалилеядағы өз үйлеріне қайтпай, Яһудеяға барып, адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізіп жүреді. Жақияның шомылдыру рәсімінен өткізіп жүргеніне бір жылдай болды, әрі шәкірттері әлі күнге дейін өзімен бірге.
Адамдарды шомылдыру рәсімінен Исаның өзі емес, оның басшылығымен шәкірттері өткізуде. Олардың өткізіп жатқан шомылдыру рәсімінің мәнісі тура Жақиянікі сияқты — Құдайдың Заң келісіміне қарсы жасаған күнәлары үшін яһудилердің өкінгендігін бейнелейді. Алайда Иса қайта тірілгеннен кейін, шәкірттеріне мағынасы жағынан басқа шомылдыру рәсімін өткізуді бұйырады. Бүгінде мәсіхшілердің шомылдыру рәсімі адамның өзін Ехоба Құдайға қызмет етуге бағыштағанын көрсететін белгі болып табылады.
Қазір Исаның қызметінің алғашқы кезеңі. Жақия да, Иса да тәубаға келгендерді үйретіп, шомылдыру рәсімін өткізіп жатыр. Мұны олар бір-бірінен тәуелсіз істеуде. Жақияның шәкірттерін қызғаныш билеп: “Ұстаз... өзіңіз куәлік берген Адам шомылдыру рәсімін орындауда. Жұрттың бәрі де Соған барып жатыр”,— деп шағым жасады.
Бірақ Жақия еш қызғанған жоқ, керісінше, Исаның жетістігіне қуанып, шәкірттерінің де қуанғанын қалады. Ол: “Мен Мәсіхтің Өзі емеспін, тек Оның алдынан жіберілген хабаршысы ғанамын” деп айтқаныма сендер өздерің куәсіңдер”,— деп шәкірттерінің естеріне салды. Осыдан кейін: “Қалыңдығы бар кісі — күйеу жігіт қой. Ал күтіп тұрған досы оның даусын естіп, қуанады. Қазір менің қуанышым қойныма сыймай тұр”,— деп жақсы көрнекі мысал келтірді.
Жақия, Күйеу жігіттің досы ретінде, осыдан жарты жылдай уақыт бұрын өз шәкірттерін Исаға таныстырғанда қуанған еді. Жақияның шәкірттерінің кейбіреулері Мәсіхтің көктегі қалыңдық тобын білдіретін майланған мәсіхшілердің қатарына қосылды. Жақия өз шәкірттерінің де Исаның артынан ергенін қалады, өйткені оның мақсаты — Мәсіхтің қызметі жемісті болу үшін жағдай жасау. Ол былай деп түсіндірді: “Ол жоғарылауы, ал мен төмендеуім керек”.
Бұрын осы Жақияның да шәкірті болған Исаның Жохан деген жаңа шәкірті Исаның тегі мен оның адамзатты құтқарудағы маңызды рөлі жайында былай деп жазады: “Көктен келген Ол бәрінен де ұлы... Әкесі Ұлын сүйіп, Оның қолына бар билікті тапсырған. Құдайдың рухани Ұлына сенушілер мәңгілік өмірге ие. Ал Оны тыңдамағандар шын өмірді көрмей, Құдайдың төніп тұрған қаһарына ұшырайды”.
Жақия өз қызметінің төмендейтіндігін айтқаннан кейін, көп ұзамай оны Ирод патша тұтқынға алды. Ирод өзінің бауыры Філіптің жұбайы Иродияны өзіне әйелдікке алған еді. Осы теріс іс-әрекетін барша халықтың алдында әшкерелегені үшін, ол Жақияны түрмеге жапты. Мұны естіген Иса Яһудеяны тастап, шәкірттерімен бірге Ғалилеяға аттанды. Жохан 3:22—29, 30 (ЖД), 31—4:3; Елшілердің істері 19:4; Матай 28:19; 2 Қорынттықтарға 11:2; Марқа 1:14; 6:17—20.
▪ Иса өлмей тұрғандағы оның басшылығымен болған шомылдыру рәсімінің мән-мағынасы қандай? Ол қайта тірілгеннен кейінгісі ше?
▪ Жақия шәкірттерінің жасаған шағымының орынсыз екендігін қалай көрсетті?
▪ Жақия неге түрмеге жабылды?