Олар Мәсіхті күтті
“Халық Мәсіхтің келуін күтіп жүргендіктен, Жақия туралы: — Мәсіх осы емес пе екен?— деп ойлады” (ЛҰҚА 3:15).
1. Қойшыларға бір періште нені хабарлады?
ТҮН. Қойшылар түзде отарларын күзетіп жатыр. Кенет Ехобаның періштесі пайда болып, айналаның бәрі жарқырап кеткенде, олардың зәре-құты қалмады. Періштенің не дегеніне құлақ түрші: “Қорықпаңдар! Мен жұрттың бәріне зор қуаныш әкелетін ізгі хабарды жариялауға келдім. Бүгін Дәуіттің қаласында Құтқарушыларың Мәсіх Ие дүниеге келді”. Сосын, ол қойшыларға нәрестені жақын маңдағы бір қалашықта ақырда жатқан жерінен табатындарын айтты. Сол уақытта “қалың қол іспетті көп періште пайда болды да, Құдайды мадақтап: — Заңғар көктегі Құдай мадақталсын! Жер бетіндегі оның ықыласына ие болғандардың арасында тыныштық орнасын!— деді” (Лұқа 2:8—14).
2. “Мәсіх” деген сөз нені білдіреді және кімнің Мәсіх болатынын қалай анықтауға болар еді?
2 Әрине, қойшылар яһуди болғандықтан, “Мәсіх” сөзі “Құдайдың Майланғаны” дегенді білдіретінін білетін (Мыс. ш. 29:5—7). Алайда олар періште айтқан нәрестенің Ехоба тағайындаған Мәсіх екеніне қалай көздерін жеткізіп, мұны өзгелерге дәлелдей алар еді? Бұл үшін Еврей жазбаларындағы пайғамбарлықтарды зерттеп, олардың сол баланың өмірінде орындалған-орындалмағанын тексеру керек-тін.
Неге жұрт Мәсіхті күтіп жүрді?
3, 4. Даниял 9:24, 25-тегі пайғамбарлық қалай орындалды?
3 Біраз жылдар өткен соң Жақия уағыздай бастады. Оның сөздерін естіп, істерін көрген кейбіреулер оны Мәсіх екен деп ойлады (Лұқа 3:15 оқы). Соған қарағанда кейбір адамдар Мәсіхке қатысты айтылған жетпіс апта жайындағы пайғамбарлықтың мәнін дұрыс түсінсе керек. Демек, олар Мәсіхтің қашан келетінін анықтай алған. Сол пайғамбарлықта былай делінген: “Иерусалимді қалпына келтіру туралы пәрмен шыққаннан бастап Әмірші Мәсіхке дейін жеті мәрте жетілік пен алпыс екі жетілік өтеді” (Дан. 9:24, 25). Киелі кітап зерттеушілері бұл жетіліктердің, немесе апталардың, жеті күннен емес, жеті жылдан тұратынымен келіседі. Мысалы, бір аудармада бұл тармақ: “70 жылдық апталар өтеді”,— деп тәржімеленген (“Revised Standard Version”).
4 Бүгінде Ехобаның қызметшілері келесі жайтты біледі: Даниял 9:25-тегі 69 апта, немесе 483 жыл, б. з. б. 455 жылы парсы патшасы Артаксеркс Нехемияға Иерусалимді қалпына келтіруге рұқсат берген кезден басталады (Нех. 2:1—8). 483 жыл өткен соң, яғни б. з. 29 жылы, назареттік Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, киелі рухпен майланды. Осылайша ол Мәсіх болды (Мат. 3:13—17)a.
5. Біз қандай пайғамбарлықтарды қарастырамыз?
5 Мәсіхтің туылуы, нәресте кезі мен қызметіне қатысты айтылған әрі Исаның өмірінде орындалған басқа да пайғамбарлықтарды қарастырайық. Бұл Құдайдың пайғамбарлық сөзіне деген сенімімізді нығайтады. Сондай-ақ Исаның көптен күткен Мәсіх болғанына көзімізді жеткізе түседі.
Исаның нәресте кезіне қатысты пайғамбарлықтар
6. Жаратылыс 49:10-дағы пайғамбарлықтың қалай орындалғанын түсіндір.
6 Мәсіх Исраилдің Яһуда руынан шығуы тиіс. Өлім аузында жатқан рубасы Жақып балаларына батасын бергенде, былай пайғамбарлық етті: “Қолынан оның патша таяғын ешкім тартып алмайды, Биліктің белгісі Яһуданың әулетінде берік орнайды, Ал соңында Шило келеді, Халықтар Оған мойынсұнатын болады!” (Жар. 49:10 сілт.). Бұрынырақта біраз яһуди ғалымдары бұл сөздерді Мәсіхпен байланыстырған. Яһуда руынан шыққан Дәуіт патшадан бастап патша таяғы (патшалық билік) мен биліктің белгісі (билік ету құзыры) сол рудың еншісінде болған. “Шило” сөзі “оның шын Иесі” дегенді білдіреді. Құдай Яһуда тағында отырған соңғы патша Седекияға патшалық билігін тартып алып, оны заңды иесіне беретінін айтқан. Осылайша “Шило” Яһуда руынан шыққан соңғы әрі мәңгілік патша болмақ еді (Езек. 21:26, 27). Седекиядан кейін Дәуіттің әулетінен шыққан Исаға ғана осындай уәде берілді. Иса туылмас бұрын Жәбірейіл періште Мәриямға: “Ехоба оған арғы атасы Дәуіттің тағын сыйлайды. Ол Жақыптың әулетіне мәңгілік бойы Патша ретінде билік етеді. Оның Патшалығының шегі болмайды”,— деген (Лұқа 1:32, 33). Демек, Яһуда мен Дәуіттің ұрпағы Иса Шило болып табылады (Мат. 1:1—3, 6; Лұқа 3:23, 31—34).
7. Мәсіхтің туылуына қатысты пайғамбарлық қалай орындалды?
7 Мәсіх Бетлехемде туылады. Миха пайғамбар Яһуданың шағын қаласы Бетлехем-Ефратадан Исраилдің билеушісі шығатынын жазған (Миха 5:2). Мәсіх Бетлехем қаласында, кезінде Ефрата деп аталса керек, туылу тиіс еді. Ал Исаның анасы Мәриям мен өгей әкесі Жүсіп Назаретте тұрған, бірақ Рим императорының бұйрығымен тіркеуден өту үшін олардың Бетлехемге баруына тура келді. Осылайша, тап пайғамбарлықта айтылғандай, Иса б. з. б. 2 жылы Бетлехемде дүниеге келді (Мат. 2:1, 5, 6).
8, 9. Мәсіхтің туылуына және содан кейін орын алатын оқиғаға қатысты не пайғамбарлық етілген еді?
8 Мәсіх пәк қыздан туылады (Ишая 7:14 оқы). Мұнда пәк қыздың ұл туатыны жазылған. Киелі рухтың жетелеуімен Матай Иса туылғанда Ишая 7:14-тегі пайғамбарлықтың орындалғанын жазған. Матай мен Лұқа өздерінің ізгі хабарларында Құдайдың киелі рухының әсерімен Мәриямның бойына бала біткенде, оның пәк қыз болғанын айтқан (Мат. 1:18—25; Лұқа 1:26—35).
9 Мәсіх туылғаннан кейін нәрестелер жаппай өлтіріледі. Мысыр перғауыны еврейлердің жаңа туған ер балаларын Ніл өзеніне лақтыруға жарлық берген еді (Мыс. ш. 1:22). Еремия 31:15, 16-дағы пайғамбарлықта осыған ұқсас жағдай болатыны жазылған. Онда Рахиланың “дұшпан жеріне” әкетілген ұлдарын жоқтап зар еңіреп жатқаны суреттелген. Рахиланың даусы Рамаққа, Иерусалимнің солтүстігіндегі Буниямин аймағына, дейін естіліп жатты. Матай Еремияның сөздері Ирод патша Бетлехемдегі екі жасқа дейінгі ұл балалардың бәрін өлтіруді бұйырғанда орындалғанын көрсетті (Матай 2:16—18 оқы). Сол аймақтың тұрғындары адам айтқысыз қайғыға батты!
10. Ошия 11:1-дегі сөздер Исаның өмірінде қалай орындалды?
10 Мәсіх исраилдіктер іспетті, Мысырдан шақырып алынады (Ошия 11:1). Ирод өзінің қанқұйлы жарлығын шығармас бұрын, бір періште Жүсіп пен Мәриямға Исаны алып Мысырға қашулары керектігін айтты. Олар “Ирод қайтыс болғанға дейін сол жерде тұрақтады. Осылайша Ехобаның өз пайғамбары [Ошия] арқылы “ұлымды Мысырдан шақырып алдым” деген сөздері орындалды” (Мат. 2:13—15). Әрине, туылуы мен нәресте кезіне қатысты пайғамбарлықтардың орындалуына Исаның өзі еш әсер ете алмас еді.
Мәсіх өз қызметін бастады
11. Қалай Мәсіхтің алдынан жол дайындалды?
11 Мәсіхтің алдында жол дайындалатын болады. Малахи “Ілияс пайғамбар” адамдардың жүрегін Мәсіхтің келуіне дайындайтынын алдын ала айтқан (Малахи 4:5, 6 оқыb). Исаның өзі “Ілиястың” шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия екенін айтқан (Мат. 11:12—14). Ал Марқа Жақияның қызметі арқылы Ишаяның пайғамбарлығы орындалғанына көңіл бөлді (Ишая 40:3; Мар. 1:1—4). Иса Жақияға өзінің алдынан жол дайындауды тапсырған жоқ. Бұл — кімнің Мәсіх болатынын анықтау үшін Құдайдың еркімен жасалған іс.
12. Қандай тапсырма кімнің Мәсіх екенін анықтауға көмектесті?
12 Құдай берген тапсырма кімнің Мәсіх екенін анықтауға көмектеседі. Өзі туып-өскен Назарет қаласындағы мәжілісханада Иса Ишая пайғамбардың шиыршығын алып, келесі сөздерді оқыды: “Ехоба маған өз рухын қондырды, өйткені ол мені кедейлерге ізгі хабарды жариялауға тағайындап, тұтқындарға бостандық алатынын, зағиптарға көздері ашылатынын жария етуге жіберді. Сондай-ақ қысым көргендерді азат етуге және Ехобаның ықыласына ие болатын уақыт туралы жариялауға жіберді”. Өзі Мәсіх болғандықтан, Ишаяның сөздерін өзіне қатыстырып Иса: “Бүгін өздерің естіген осы сөздер орындалды”,— деді (Лұқа 4:16—21).
13. Исаның қызметіне қатысты Ишая нені алдын ала айтқан?
13 Мәсіхтің Ғалилеяда қызмет ететіні алдын ала айтылған. Ишая “Забулон мен Нафталим мекені, бөтен ұлттар тұратын Ғалилеяға” қатысты былай деген: “Ғұмыр кешкен бұл халық қараңғыда енді бір ғаламат Нұрды көреді, Түнек басқан елде тұратындарға таңның шапағы сәулесін төгеді!” (Ишая 9:1, 2). Иса өзінің қызметін Ғалилея аймағындағы Қапарнаумнан бастаған. Ол Забулон мен Нафталим аумағында да тәлім берді, осылайша сол аймақтарға шындықтың нұры төгілді (Мат. 4:12—16). Ғалилеяда Иса адамды ойландыруға талпындыратын Таудағы уағызын айтқан, елшілерін таңдаған, алғашқы кереметін жасаған, сондай-ақ қайта тірілгеннен кейін 500-ге жуық шәкіртіне де сол жерде көрінген болса керек (Мат. 5:1—7:27; 28:16—20; Мар. 3:13, 14; Жох. 2:8—11; Қор. 1-х. 15:6). “Забулон мен Нафталимның мекенінде” уағыз айтуымен Иса Ишаяның пайғамбарлығын жүзеге асырды. Әрине, Иса Патшалық туралы ізгі хабарды Исраил елінің басқа да жерлерінде уағыздаған.
Мәсіхке қатысты басқа да пайғамбарлықтар
14. Забур 77:2-дегі сөздер қалай орындалды?
14 Мәсіх астарлы әңгімелер, яки мысалдар, келтіріп сөйлейді. Забур жыршысы Асаф: “Астарлы әңгімелерді айтамын”,— деген (Заб. 77:2). Мұның Исаға қатысты айтылған пайғамбарлық екенін біз қайдан білеміз? Бұл Матайдың сөздерінен көрінеді. Исаның Патшалықты қыша дәніне және ашытқыға теңегенін айтқан соң, Матай былай деді: “[Иса] оларға мысалсыз ештеңе де айтпады. Осылай келесі пайғамбарлық орындалды: — Мысалдар келтіре отырып, аузымды ашамын. Дүниенің негізі қаланғаннан бері жасырын болып келген нәрселерді жариялаймын” (Мат. 13:31—35). Иса астарлы әңгімелерді, яки мысалдарды, қолданып шебер тәлім беретін.
15. Ишая 53:4-тегі пайғамбарлық қалай орындалды?
15 Мәсіх науқастарды емдейді. Ишая: “Шынында Құдайдың Қызметшісі біздің қасіретімізді Өзіне алды, біздің ауруларымызды өз мойнымен көтерді”,— деп пайғамбарлық етті (Ишая 53:4). Иса Петірдің қайын енесін сауықтырған соң, көптеген басқа адамдарды да науқастарынан айықтырған. Осы жайттарды айта келе, Матай: “Осылайша Ишая пайғамбар арқылы айтылған мына сөздер орындалды: — Ол бізді қасіретіміз бен ауруларымыздан арылтты”,— деді (Мат. 8:14—17). Бұл — Исаның адамдарды сауықтырған көп жағдайлардың бірі ғана.
16. Ишая 53:1-дегі сөздердің Исаға қатысты айтылғанын елші Жохан қалай көрсетті?
16 Мәсіхтің бар игі істеріне қарамастан, оған адамдардың бәрі бірдей сенбейді (Ишая 53:1 оқы). Осы пайғамбарлықтың қалай орындалғанына нұсқап, елші Жохан былай деген: “Көз алдарында көптеген кереметтер жасаса да, олар Исаға сенген жоқ. Осылайша Ишая пайғамбардың келесі сөздері орындалды: — Ехоба, біз естіген хабарға кім сенді? Ехоба құдіретін кімге көрсетті?” (Жох. 12:37, 38). Елші Пауылдың қызметінің барысында да Иса Мәсіх туралы ізгі хабарға сенгендер көп болмады (Рим. 10:16, 17).
17. Забур 68:5-тегі сөздер қалай орындалды?
17 Мәсіхті еш себепсіз жек көретін болады (Заб. 68:5). Елші Жохан Исаның сөздерін келтіріп, былай деп жазды: “Егер мен араларында басқа ешкім жасамаған кереметтерді жасамасам, күнәлары үшін айыпты болмас еді. Бірақ олар кереметтерімді көргенмен, мені де, Әкемді де жек көреді. Алайда Жазбалардағы “Олар мені еш себепсіз жек көрді” деген сөздер орындалу үшін осылай болды” (Жох. 15:24, 25). Інжілде Исаны әсіресе яһуди дінбасылары жек көргенінің дәлелі жетіп артылады. Бұған қоса, Мәсіх: “Осы дүниенің сендерді жек көруіне еш себеп жоқ. Ал мені жек көреді, себебі мен оның істерінің зұлым екенін айтып куәлік етемін”,— деген (Жох. 7:7).
18. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
18 Бірінші ғасырдағы ізбасарлары Исаның Мәсіх екеніне кәміл сенген, себебі оның өмірінде Еврей жазбаларындағы Мәсіхке қатысты айтылған пайғамбарлықтар орындалған еді (Мат. 16:16). Өзіміз көргендей, олардың кейбірі назареттік Исаның нәресте кезінде және қызметінің барысында орындалды. Келесі мақалада Мәсіхке қатысты басқа да пайғамбарлықтарды қарастырамыз. Солар жайлы дұға ете отырып ой жүгірткеніміз Исаның көктегі Әкеміз Ехоба тағайындаған Мәсіх екеніне деген сенімімізді нығайтады.
[Сілтемелер]
a “Жетпіс аптаға” қатысты пайғамбарлық жайында көбірек мәліметті “Киелі кітап үйретеді” кітабының 197—199 беттерінен табуға болады.
b Малахи 4:5, 6: “Міне, Жаратушы Иенің күні туар алдында Мен сендерге теңдесі жоқ әрі жан шошырлық Ілия әулиені жіберемін. Мен барған соң жерді қарғыспен қиратпауым үшін ол әкелерінің мейірімін балаларына, балаларының мейірімін әкелеріне қайтарады”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Исаның туылуына қатысты қандай пайғамбарлықтар орындалды?
• Қалай Мәсіхтің алдынан жол дайындалды?
• Ишая кітабының 53-тарауындағы пайғамбарлық сөздер қалай орындалды?