6-ТАРАУ
Степан “Құдайдың ықыласы мен күшіне ие болған”
Степанның Жоғары кеңестің алдында қалай өжет куәлік бергенінен үйренейік
Елшілердің істері 6:8—8:3 негізделген
1—3. а) Степан қандай жағдайға тап болды, бірақ ол қорықты ма? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
СТЕПАН сот алдында тұр. Иерусалимдегі ғибадатханаға жақын жердегі даңғырадай залда Жоғарғы кеңестің 71 мүшесі жиналған. Жартылай шеңбер құрай отырған олар Степанды ортаға алып, соттап жатыр. Жоғарғы кеңестің өте ықпалды бұл төрешілері Исаның осы шәкіртін оқты көздерімен атып, мүлдем жақтыртпай отыр. Негізі, бұл сотты жинаған — бас діни қызметкер Қаяпа. Осыдан бірнеше ай ғана бұрын дәл осы адамның төрелігімен Жоғарғы кеңес Иса Мәсіхті өлімге кескен болатын. Осындай адамдардың алдында тұрған Степанның бойында қорқыныш бар ма?
2 Осы сәтте соттағылар Степанның жүзінен бір таңғаларлық нәрсені байқады. Степаннан көз алмай қарап тұрған олар “оның бет-жүзі періштенікіндей екенін көрді” (Ел. іс. 6:15). Періштелер адамдарға Ехобаның хабарын жеткізетіндіктен, еш қорықпайды, олардың бойында тыныштық пен сабырлық бар. Степанның жүзінен де сондай тыныштық пен сабырлық сезіледі. Мұны тіпті оны иттің етінен жек көріп тұрған төрешілер де байқады. Степанның қорықпай, сабырлы болуына не себеп?
3 Бұл сұрақтың жауабынан мәсіхшілердің алары көп. Алдымен Степанның осы қиын жағдайға қалай тап болғанын білейік. Бұған дейін ол сенімін қалай қорғаған? Одан біз қандай тәлім-тәрбие аламыз?
“Олар кейбіреулерді айдап салды” (Ел. іс. 6:8—15)
4, 5. а) Неге Степан қауымға керемет демеу болған? ә) Қай мағынада Степан “Құдайдың ықыласы мен күшіне ие болды”?
4 5-тараудан білгеніміздей, Степан жаңа құрылған қауым үшін керемет демеу болған. Ол ас үлестіруге тағайындалған жеті кісінің арасында болды. Сол істе елшілерге кішіпейілділікпен қуана қолдау көрсетті. Құдай Степанға әртүрлі сый дарытқанын ескерсек, оның кішіпейілділігіне одан сайын сүйсінесің. Елшілердің істері 6:8-ден кейбір елшілер сияқты оның да “таңғажайып кереметтер мен белгілер көрсетіп жүргенін” оқимыз. Сондай-ақ ол жерден Степанның “Құдайдың ықыласы мен күшіне ие болғанын” білеміз. Бұны қалай түсінуге болады?
5 “Құдайдың ықыласына ие болған” деп аударылған грек сөзі “ақкөңіл, мейірбан” деп те аударылады. Степан мейірімді, жұмсақ мінезімен өзгелерді баурап алатын. Ол үлкен сенімділікпен сөйлеген. Сондықтан тыңдаушыларының көбісі оның шын жүректен сөйлеп жатқанына әрі айтқан шындықтары шынымен пайдалы екеніне көздері жеткен. Ол Құдайдың күшіне ие болған жан еді, себебі Ехобаның рухының әсер етуіне кішіпейілділікпен жол берген. Сый-қабілеттеріне бола ол тәкаппарланып кеткен жоқ. Қайта, бар мадақты Ехобаға жаудырған және өзі уағыздаған адамдардың қамын шын көңілден ойлаған. Ендеше, қарсыластардың не үшін оның көзін құртқысы келгені айтпаса да түсінікті.
6—8. а) Қарсыластар Степанға қандай екі айып тақты? ә) Степанның үлгісін қарастырғаны бүгінгі мәсіхшілер үшін неге пайдалы?
6 Степанға қарсы шығып, онымен сөз таластырған адамдар болды. Бірақ ол “даналық пен рухқа кенеліп сөйлегендіктен, оған ешкім қарсы тұра алмады”a. Сонда ашуға булыққан олар Мәсіхтің осы бір жазықсыз ізбасарына жала жабу үшін “кейбіреулерді айдап салды”. Сондай-ақ Степанды Жоғарғы кеңеске күштеп апару үшін халықты, ақсақалдар мен дін мұғалімдерін “желіктірді” (Ел. іс. 6:9—12). Қарсыластар Степанға екі айып тақты: оны Құдайға және Мұсаға тіл тигізді деді. Сонда қалай?
7 Айып тағушылардың айтуынша, Степан “осы қасиетті жерге”, яғни Иерусалимдегі ғибадатханаға қарсы сөйлеп, Құдайға тіл тигізді (Ел. іс. 6:13). Сондай-ақ олар Степан Мұсадан қалған дәстүрлерді өзгертіп, Мұса Заңына қарсы сөйледі, осылай Мұсаға тіл тигізді деп айыптады. Мұндай айыптар ауыр қылмыс болып есептелетін. Себебі ол заманда яһудилер ғибадатханаға, Мұса Заңындағы ұсақ-түйек жайттарға және оған қосылған көптеген ауызша заңдарға үлкен мән берген. Сондықтан мұндай айыптар Степанды өлімге лайық қауіпті қылмыскер етіп көрсетті.
8 Өкініштісі, бүгінде де діндар адамдар Құдай қызметшілерінің өмірін қиындату үшін осылай жалған айыптар тағып жатады. Олар кейде Ехоба куәгерлерін қуғындау үшін үкімет басындағыларды арандатады. Бізге де жалған айып тағып, жала жапса, не істеген жөн? Степан бізге осы жағынан өлшеусіз үлгі қалдырды.
“Даңққа бөленген Құдай” жайлы батыл куәлік берді (Ел. іс. 7:1—53)
9, 10. Сыншылар Степанның сөйлеген сөзі туралы не дейді және біз нені есте ұстауымыз керек?
9 Осы тараудың басында айтылғандай, Жоғарғы кеңестің мүшелері Степанды айыптап жатқанда, жүзінде періштенікіндей тыныштық пен сабырлық болды. Сонда Қаяпа Степанға қарап: “Осылар рас па?”— деп сұрады (Ел. іс. 7:1). Енді сөз кезегі Степанға тиді. Ол өткір де әсерлі баяндама айтты.
10 Кейбір сыншылар Степан ұзақ сөз сөйлесе де, өзіне тағылған айыптарға сол күйі жауап бермеген деп айтады. Бірақ, ақиқатында, ол ізгі хабарды керемет “қорғап сөйледі”, әрі бізге осы жағынан тамаша өнеге қалдырды (Пет. 1-х. 3:15). Ұмытпасақ, Степанды ғибадатханаға қарсы сөйлеп Құдайға тіл тигізді және Заңға қарсы сөйлеп Мұсаға тіл тигізді деп айыптаған еді. Степан жауабында Исраил халқының тарихындағы үш кезеңге шолу жасап, кейбір ойларға ерекше екпін түсіріп өтті. Қазір сол үш кезеңге жеке-жеке тоқталып кетейік.
11, 12. а) Степанның Ыбырайым жайлы айтқаны неге ұтымды болды? ә) Степан баяндамасында неге Жүсіп туралы айтты?
11 Әулетбасылар дәуірі (Ел. іс. 7:1—16). Степан сөзін Ыбырайымнан бастады. Яһудилер Ыбырайымды сенімі үшін қадір тұтатын. Осы маңызды ортақ жайтты тілге тиек етіп, Степан “даңққа бөленген Құдайдың” Ыбырайымға алдымен Месопотамияда көрінгенін айтты (Ел. іс. 7:2). Ол Уәде етілген жерде жатжерлік ретінде тұрып жатты. Сол уақытта ғибадатхана да, Мұса Заңы да болған жоқ. Олай болса, Құдайға адал болу үшін ғибадатхана я заңдар жинағы қажет деп тұрып алу ақылға қона ма?!
12 Содан кейін Степан Ыбырайымның ұрпағы Жүсіп туралы айтты. Жүсіпті де яһудилер қатты сыйлайтын. Степан Жүсіпті туған бауырлары — исраилдің рубасылары — көре алмай, қуғындап, құлдыққа сатып жібергенін естеріне салды. Алайда Құдай Жүсіп арқылы исраилдіктерді аштықтан аман алып қалды. Степан Жүсіп пен Иса Мәсіхтің арасындағы ұқсастықты көре білгені хақ. Десе де тыңдаушылары әрі қарай тыңдамай қоймас үшін, ол бұл ұқсастыққа тоқталып жатпады.
13. Степан Мұса туралы айтуымен өзіне тағылған айыптың негізсіз екенін қалай көрсетті және ол қандай негізгі ойды ашты?
13 Мұсаның дәуірі (Ел. іс. 7:17—43). Степан баяндамасында Мұсаға көбірек тоқталды. Мұнысы өте дұрыс болды. Неге десек, Жоғарғы кеңестегілердің көпшілігі Киелі жазбалардағы Мұсаның кітаптарынан басқа ешбір кітапты мойындамаған саддукейлер еді. Сондай-ақ олар Степанды Мұсаға тіл тигізді деп айыптаған. Степан Мұсаны және Заңды терең құрметтейтінін білдіріп, олардың таққан айыптары негізсіз екенін көрсетті (Ел. іс. 7:38). Ол Мұса құтқаруға тырысқан адамдардың да одан бас тартқанын айтып өтті. Ол кезде Мұса 40 жаста еді. Арадан 40 жылдан аса уақыт өткен соң да халық талай рет Мұсаға қарсы шықтыb. Осыларды айта келе, Степан баяндамасының негізгі тақырыбын ашты: Құдай халқы Ехоба басқару үшін тағайындаған жетекшілерден қайта-қайта бас тартқан.
14. Степан Мұсаның мысалына сүйеніп, қандай ойға назар аударды?
14 Степан тыңдаушыларына Мұсаның: “Құдай сендер үшін бауырларыңның арасынан мен сияқты бір пайғамбар шығарады”,— деген сөзін келтірді. Ол пайғамбар кім еді және оны халық қалай қабылдамақ еді? Степан бұған баяндамасының соңында ғана жауап беруді ұйғарды. Ол тыңдаушыларының назарын басқа бір маңызды ойға бұрды. Ехоба Мұсаға жанып тұрған бұтаның қасында сөйлегенде, сол жер киелі болды. Демек, Мұса кез келген жердің киелі бола алатынын түсінді. Ендеше, Ехобаға ғибадатты Иерусалимдегі ғибадатхана іспетті жалғыз ғимаратпен шектеп қойған дұрыс па? Көрейік.
15, 16. а) Степанның киелі шатыр жайлы айтқаны не үшін маңызды болды? ә) Ол Сүлейменнің ғибадатханасы жайлы не айтты?
15 Киелі шатыр мен ғибадатхана дәуірі (Ел. іс. 7:44—50). Степан соттағыларға бұрын Иерусалимде ғибадатхана болмағанын айтты. Оған дейін халық киелі шатырда ғибадат еткен еді. Оны Мұса Құдайдың бұйрығымен көшіп-қонуға ыңғайлы, шатыр іспетті жасаған. Олай болса, ғибадатхана киелі шатырдан анағұрлым артық деп айтуға кімнің дәті барады? Ол жерде Мұсаның өзі ғибадат етті емес пе?!
16 Кейінірек Сүлеймен Иерусалимде ғибадатхана салған кезде айтқан дұғасында бір маңызды ой айтты. Степан сол ойға назар аударып: “Алла Тағала адам қолымен соғылған үйлерде тұрмайды”,— деді (Ел. іс. 7:48; Шеж. 2-ж. 6:18). Ехоба өзінің ой-ниетін жүзеге асыру үшін ғибадатхананы қолдануы мүмкін, бірақ ол оған байланып қалмаған. Сондықтан Құдайға құлшылық ету үшін міндетті түрде адам соққан ғимарат керек деу ақылға қонбас еді. Степан сөзінің соңында Ишая кітабынан үзінді келтіріп, күшті дәлел айтты: “Көк — менің тағым, ал жер — табан тіренішім. Сонда маған қандай үй тұрғызбақсыңдар? Менің тұрағым қайда болмақ? Бәрі де менің қолыммен жаратылды емес пе?— дейді Ехоба” (Ел. іс. 7:49, 50; Ишая 66:1, 2).
17. Степанның сөзінен: а) айыптаушылардың көзқарасы дұрыс емес екені қалай көрінді? ә) оған тағылған айыптардың негізсіз екені қалай көрінді?
17 Степанның Жоғарғы кеңес алдында айтқан ойларынан айыптаушылардың көзқарасы дұрыс емес екенін шебер көрсеткенін аңғарамыз. Ол Ехобаның бейімделгіш екенін әрі ниетін түрлі жолдармен жүзеге асыра алатынын көрсетті. Құдай қандай да бір жағдайға я салт-дәстүрге байланбаған. Иерусалимдегі әдемі ғибадатхана мен Мұса Заңынан келіп шыққан салт-дәстүрлерді қастерлейтін адамдар Заң мен ғибадатхананың шын мақсатын ұқпаған. Степан мынадай бір маңызды сұрақты көтерді деуге болады: Заң мен ғибадатхананы қастер тұтудың ең жақсы жолы Ехобаға мойынсұну емес пе? Степанның айтқан сөздері өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды, себебі ол Ехобаға барынша мойынсұнатын.
18. Степанға қай жағынан еліктесек болады?
18 Біз Степанға қарап бой түзей аламыз. Ол Жазбаларды бес саусақтай білген. Біз де “шындық сөзін дұрыс үйрету” үшін Киелі кітапты тыңғылықты зерттеуіміз керек (Тім. 2-х. 2:15). Степанның мейірбандылығы мен ілтипаттылығын да үлгі ете аламыз. Тыңдармандары қанша өштесіп отырса да, ол ортақ тақырып тауып, олар қадір тұтатын нәрселер жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ оларды “ақсақалдар” деп атап, құрмет танытты (Ел. іс. 7:2). Біздің де Құдай Сөзіндегі шындықтарды “жұмсақтықпен әрі зор құрметпен” айтқанымыз маңызды (Пет. 1-х. 3:15).
19. Степан Ехобаның үкімін Жоғарғы кеңеске қалай батыл жеткізді?
19 Алайда адамдарды ренжітіп аламыз деп қорқып, Құдай Сөзіндегі шындықтарды айтпай қоймаймыз. Құдайдың үкімдерін де еш жұмсартпай, батыл жеткіземіз. Степан — осы тұрғыдан да бізге үлгі-өнеге. Ол қаншама дәлел келтірсе де, бұл Жоғарғы кеңестегі тасжүрек төрешілерге еш әсер етпегенін түсінді. Сондықтан баяндамасының соңында киелі рухтың қозғауымен олардың Жүсіптен, Мұсадан және басқа да пайғамбарлардан бас тартқан ата-бабаларына ұқсайтынын батыл айтты (Ел. іс. 7:51—53). Шындығында, Жоғарғы кеңестің мүшелері Мұса мен өзге де пайғамбарлар алдын ала айтып кеткен Мәсіхті өлтірді. Осылай олар Мұса Заңы бойынша ең ауыр қылмысты жасады.
“Ием Иса, өмірімді өз қолыңа табыстадым” (Ел. іс. 7:54—8:3)
20, 21. Степанның сөздері Жоғарғы кеңеске қалай әсер етті және Ехоба Степанды қалай қайраттандырды?
20 Степанның бұлтартпас шындықты айтқаны төрешілердің қаһарын қайнатты. Олар өз-өзін ұстай алмай, түрлерін тыжырайтып, тістерін қайрады. Сонда адалдықты ту еткен Степан дәл Иесі Иса сияқты еш аяушылық көрмейтінін іші сезсе керек.
21 Степанға өзін күтіп тұрған ауыр сынаққа төтеп беру үшін батыл жүрек қажет болды. Ехобаның сол кезде көрсеткен аяны оны қайраттандырғаны анық. Аянда ол Құдайдың салтанаты мен Ехобаның оң жағында тұрған Исаны көрді. Ол аянда не көргенін айтқанда, төрешілер құлақтарын жауып алды. Не үшін? Ілгеріректе Иса дәл осы соттың алдында тұрып, өзінің Мәсіх екенін әрі жақында Әкесінің оң жағына отыратынын айтқан болатын (Мар. 14:62). Степан көрген аян Исаның айтқан сөздері шын екенін растады. Сайып келгенде, Мәсіхке қиянат жасап, өлтірген осы Жоғарғы кеңестің мүшелері! Ал енді болса Степанды таспен атқылап өлтірмекшіc.
22, 23. Степанның өлімі қай жағынан Иесінікіне ұқсас болды және бүгінгі мәсіхшілер Степан сияқты не нәрсеге сенімді?
22 Степан тура Иесі сияқты өлді. Оның да жүрегінде тыныштық болды, Ехобаға толық сенім артты және өзін өлтіргендер үшін кешірім сұрады. Ол әлі де аянда Ехобаның қасында тұрған Исаны көріп тұрғандықтан болар: “Ием Иса, өмірімді өз қолыңа табыстадым”,— деді. Исаның “қайта тірілу және өмір — менмін” деген жігерлі сөздері Степанның жадында жаңғырып тұрғаны шүбәсіз! (Жох. 11:25). Содан соң ол қатты дауыспен Құдайға: “Ехоба, оларды бұл күнәлары үшін жауапқа тарта көрме!”— деді де, өлім ұйқысына кетті (Ел. іс. 7:59, 60).
23 Осылай Степан Мәсіхтің ізбасарларының арасындағы сенімі үшін азапталып өлген алғашқы шәкірт болды. (48-ші беттегі “Степан Иса жайлы куәлік еткені үшін өлді” деген қоршауды қараңыз.). Өкініштісі, ол соңғысы да болған жоқ. Күні бүгінге дейін Ехобаның кейбір адал қызметшілері діни фанаттардың, саяси топтар мен өзге де қатыгез қарсыластардың қолынан жер құшуда. Бірақ бізде де Степандікіндей сенімділік бар. Әкесі Исаға орасан зор билік бергендіктен, ол — қазір көкте Патша. Оған адал ізбасарларын қайта тірілтуге ештеңе де кедергі бола алмайды (Жох. 5:28, 29).
24. Степанның азапталып өлуіне Саулдың қандай қатысы болды және сол адал шәкірттің өлімі басқа мәсіхшілерге қалай әсер етті?
24 Степанды таспен атқылап жатқанда, Саул есімді жас жігіт қарап тұрды. Ол да Степанның өлімін мақұлдады, тіпті оған тас лақтырып жатқандардың киімдерін күзетіп тұрды. Содан көп ұзамай ол мәсіхшілерді аяусыз қудалауға кірісті. Бірақ Степанның өлімі өзге мәсіхшілерді тек қамшылай түспесе, жасытқан жоқ. Олар “ақырына дейін адал, Степан сияқты жеңімпаз боламыз” деп нық бекінді. Әлгі Саул деген жігіт кейіннен Исаның шәкірті болып, көбінесе Пауыл деген атпен танылды. Кейін ол Степанның өліміне қатысқаны үшін қатты өкінді (Ел. іс. 22:20). Онысы дұрыс болмағанын түсініп: “Бұрын Құдайға тіл тигізуші, қудалаушы, арсыз болдым”,— деді (Тім. 1-х. 1:13). Пауыл Степанды, оның Жоғарғы кеңесте айтқан баяндамасын ешқашан ұмытпаса керек. Өйткені Пауылдың кейбір баяндамалары мен хаттарында Степан қозғаған ойлар кездеседі (Ел. іс. 7:48; 17:24; Евр. 9:24). Уақыт өте Пауыл “Құдайдың ықыласы мен күшіне ие болған” Степанның сенімі мен өжеттілігіне толықтай еліктеген. Ал біз ше, еліктейміз бе?
a Қарсыластардың кейбірі “Азаттық мәжілісханасынан” болған. Олар бір кездері римдіктер тұтқынға алып, кейін босатылған құлдар немесе құлдықтан босап яһуди дінін қабылдағандар болса керек. Ал басқа біреулері Киликиядан болған. Саул да Киликияның Тарс қаласынан шыққан. Бірақ Степанға қарсы тұра алмаған киликиялықтардың арасында оның болған-болмағаны белгісіз.
b Степанның сөздерінен Киелі кітаптың басқа еш жерінде кездеспейтін мәліметтерді табамыз. Мысалы, Мұсаның Мысырда білім алғанын, Мысырдан қашып кеткенде қанша жаста болғанын және Мадиян жерінде қанша уақыт тұрғанын.
c Шамасы, Рим заңы бойынша, Жоғарғы кеңестің өлім жазасына кесуге құқығы болмаған (Жох. 18:31). Не болған күнде де, Степанның өлімі әділ жазадан гөрі, өшіккен тобырдың кісі өлтіру қылмысына көбірек ұқсайды.